Алтай

04.12.2012 29825
  Алтай, Алтай тау жүйесі – Азия құрлығының орта тұсындағы таулы өлке. Ұзындығы батыстан шығысқа қарай 2000 км-ге созылып жатыр. Алтай солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай Батыс Сібір ойпатынан Гоби жазығына дейін жан-жаққа таралған. Оңтүстіктегі табиғи шекарасы Қара Ертіс өзені мен Зайсан көлі, ал батыс бөлігі Сарыарқадан Қалба жотасы арқылы бөлінеді. Солтүстік-шығыста Шығыс Алтайдың Шапшалы жотасы Батыс Саянмен жалғасады. Алтайдың өзіне тән орографиялық ерекшеліктері бар. Оның жоталары мен қыраттарының биіктігі, сондай-ақ олардың бағыттары жер бедеріне ерекше сипат береді. Алтайдың ең биік және қатты тілімденген жоталары – Қатын, Оңтүстік және Солтүстік Шуй, Оңтүстік Алтай, Сарымсақты, Сайлүгім, Чихачев, т.б. Олардың орташа биіктігі 3000 м-ден асады. Мұнда альпі типтес жер бедері басым. Тау беткейлері өте тік, құзды, шыңды, шатқалды, жартасты келеді. Тау жүйесінің ең биік шыңы – Ақтау (Мұзтау) (4056 м). Осы тұстан бастап таулар жан-жаққа біртіндеп аласарады. Орташа биіктігі 1500 – 2000 м таулардың үсті жадағай, тегіс, тек кей жерлері ғана дөңес, ал беткейлері тік келеді (мысалы, Шабанбай таулары, Қоржынтау (Холзун), Тегерек (Тигирец), Үлбі, Ануй жоталары, т.б.). Орталық және Оңтүстік Алтайдың басты жоталары мен тау тізбектері негізінен ендік бағытта, ал Батыс және Солтүстік тау жоталары оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай, кейбірі бойлық бағытта созылған. Алтай тауларына ұзын, кейде кең дала деп аталатын тектоникалық тауаралық ойыстар (Шуй, Құрай, Ойман, Абай, Нарын далалары) мен үстіртті жазықтар тән (Үкөк, Ұлаған, Чулышман, Жайдақ, т.б.). Олар ел қоныстанып, мал жаюға өте қолайлы. Алтай тауларының қазақстандық бөлігі геологиялық тұрғыдан төрт ауданға бөлінеді: Кенді Алтай, Таулы Алтай, Оңтүстік Алтай және Қалба жотасы. Онда қорғасын, мырыш, мыс, темір, алтын, күміс, вольфрам, молибден, қалайы, тантал, ниобий, сынап, т.б. металдық кентастар, тас көмір, қоңыр көмір, жанғыш тақтатастар, асыл және әшекей тастар, құрылыс материалдары мол. Бұлардың ішінде аса маңыздысы – Шығыс Қазақстанның түсті металлургия базасын құрайтын полиметалл кентастары. Алтайдың климаты тым континентті. Қысы суық әрі ұзақ. Қаңтар айының орташа температурасы тауаралық ойыстарда −27 – 30ӘС, тау етектері мен жазық жерлерінде −13 – 16ӘС. Ең суық орташа температура Марқакөл көлінің маңында (− 27,6ӘС). Алтайдың ең жылы шілде айының орташа температурасы 18 – 20ӘС, ал 1000 – 1500 м биіктікте ол 14 – 16ӘС-тан аспайды. Ең жоғары температура Зайсан қазан шұңқырында (40ӘС-қа дейін). Жер биіктігі артқан сайын, температура инверсиясының нәтижесінде, қысқы температура төмендеп отырады. Сондықтан тауда қыста жылы, жазда салқын, далалар мен жазықтарда қыста суық, жазда ыстық болып келеді. Ылғалды, желге ашық жатқан Батыс және Солтүстік-шығыс Алтайда жауын-шашын мөлшері 1200 мм-ге жетеді (кей жерлерде 2000 мм). Алтайдың шығысы мен оңтүстігінде жауын-шашын мөлшері 200 – 300 мм (Шуй даласында 100 мм), ал Зайсан қазан шұңқырында 150 мм шамасында. Жауын-шашын көбінесе көктем мен күз айларында жауады. Өзен бойы мен тауаралық ойыстарды қуалай соғатын тұрақты жел жазда сирек байқалады. Қыста батыстан суық әрі қарлы-боранды «құбыла желі», оңтүстіктен жылы «Алтай желі» соғады. Ауа райы Алтайда «құбыла желінен» кейін ашық, аязды болып келсе, «Алтай желінен» кейін онда бұлтты әрі жылы болып, қар жауады. Алтай тауларының өзендері тығыз орналасқан. Таулардың өте қатты тілімденген жоталары Обь, Енисей, Ертіс өзендерінің су айрығы болып табылады. Басты өзендері – Ертіс салалары: Қаба, Қалжыр, Күршім, Нарын, Бұқтырма, Үлбі, Оба; Обь салалары: Ануй, Песчанка, Қатын, Бия; Енисей салалары: Абакан мен Монғолиядағы Қобда өзендері де Алтай тауларынан басталады. Алтай өзендері суы мол, ағыны қатты және түгелдей дерлік су энергиясы қорына бай болып келеді. Өзендер негізінен мамыр – маусым айларында тасиды және қар, жаңбыр, еріген мұздық суларымен толығады. Алтай тауларының өзендерінде 70-тен астам сарқырамалар мен 3500-дей үлкенді-кішілі көлдер бар. Олардың ең ірілері – тектоникалық ойыстардағы Алтынкөл, Марқакөл, Қаражал, Қамысжал, ал қалғандары – негізінен мұздықтар еруіне байланысты моренаның бөгенінен пайда болған ұсақ көлдер. Алтай тауларында 1000-нан астам мұздықтар бар. Олардың жалпы ауданы 89,3 км2-ге жуық. Негізгі мұздықтар орталығы болып Шуй жоталары мен Тобын – Богдо – Ола тау торабы саналады. Алтайдың ең биік шыңы – Ақтаудың (Мұзтаудың) төңірегінде 6 ірі мұздық бар, олардың ең ірісі – Ақбұлақ өзенінің бастауындағы Беріел (Барель) мұздығы. Алтайда өте айқын ажыратылатын тік белдеулі ландшафт жүйесі қалыптасқан. Солтүстік және батыс тау етектерінің 400 – 700 м биіктігінде шалғынды, әр түрлі өсімдіктер мен астық тұқымдасты дала, ал 1200 – 1700 м биіктікте жусанды-бетегелі дала қалыптасқан. Бұл таулы дала белдеуін қара және ашық қоңыр топырақ көмкерген. Көп жерлерінде бұта (итмұрын, үшқат, тобылғы, қараған, т.б.), ал өзен мен бұлақ бойларында тал, қайың, мойыл өседі. Таулы-орманды белдеу Алтайдың 70% аумағын алып жатыр. Мұнда жалпақ жапырақты орман өседі. Орталық және оңтүстік Алтайдың 2200 – 2500 м биіктігін қылқанды орман (самырсынды-балқарағайлы) қамтыған. Одан жоғары биік таулы альпілік белдеуде субальпілік бұталар мен шалғындар өскен. Шығыс және солтүстік-шығыс бөлігін таулы тундра, одан жоғары жағын жартастар, тас қорымдар, қар алаңдары мен мұздықтар алып жатыр. Топырағы қара сұр, күлгін болып келеді. Алтайда шөлейтке, далаға, орманға және биік тауларға тән жануарлар кездеседі. Дала жануарларынан: қасқыр, көртышқан, саршұнақ, терісаяқ; орман жануарларынан: қоңыр аю, марал, солтүстік бұғысы, елік, күдір, сілеусін, барыс, бұлғын, құндыз, тиін, боршатышқан, сасық күзен, қоян, түлкі; биік тау жануарларынан: суыр, шақылдақ, таутеке; құстардан: ұлар, құр, шауқарға, тоқылдақ, үнді қазы, шіл, кекілік, үкі, сауысқан, қарға, байғыз, көкек, торғай, бөдене, тарғақ, су торғай, т.б. мекендейді. Ал жазда мекен ететіндерден тырна, сары ала қаз, үйрек, т.б. бар. Үлкен өзендерінде бекіре, тайман, алабұға, ал кішігірім өзендерінде хариус кездеседі.

 

Алтай, Алтай тау жүйесі – Азия құрлығының орта тұсындағы таулы өлке. Ұзындығы батыстан шығысқа қарай 2000 км-ге созылып жатыр. Алтай солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай Батыс Сібір ойпатынан Гоби жазығына дейін жан-жаққа таралған. Оңтүстіктегі табиғи шекарасы Қара Ертіс өзені мен Зайсан көлі, ал батыс бөлігі Сарыарқадан Қалба жотасы арқылы бөлінеді. Солтүстік-шығыста Шығыс Алтайдың Шапшалы жотасы Батыс Саянмен жалғасады.

Алтайдың өзіне тән орографиялық ерекшеліктері бар. Оның жоталары мен қыраттарының биіктігі, сондай-ақ олардың бағыттары жер бедеріне ерекше сипат береді. Алтайдың ең биік және қатты тілімденген жоталары – Қатын, Оңтүстік және Солтүстік Шуй, Оңтүстік Алтай, Сарымсақты, Сайлүгім, Чихачев, т.б. Олардың орташа биіктігі 3000 м-ден асады. Мұнда альпі типтес жер бедері басым. Тау беткейлері өте тік, құзды, шыңды, шатқалды, жартасты келеді. Тау жүйесінің ең биік шыңы – Ақтау (Мұзтау) (4056 м). Осы тұстан бастап таулар жан-жаққа біртіндеп аласарады. Орташа биіктігі 1500 – 2000 м таулардың үсті жадағай, тегіс, тек кей жерлері ғана дөңес, ал беткейлері тік келеді (мысалы, Шабанбай таулары, Қоржынтау (Холзун), Тегерек (Тигирец), Үлбі, Ануй жоталары, т.б.). Орталық және Оңтүстік Алтайдың басты жоталары мен тау тізбектері негізінен ендік бағытта, ал Батыс және Солтүстік тау жоталары оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай, кейбірі бойлық бағытта созылған. Алтай тауларына ұзын, кейде кең дала деп аталатын тектоникалық тауаралық ойыстар (Шуй, Құрай, Ойман, Абай, Нарын далалары) мен үстіртті жазықтар тән (Үкөк, Ұлаған, Чулышман, Жайдақ, т.б.). Олар ел қоныстанып, мал жаюға өте қолайлы.

Алтай тауларының қазақстандық бөлігі геологиялық тұрғыдан төрт ауданға бөлінеді: Кенді Алтай, Таулы Алтай, Оңтүстік Алтай және Қалба жотасы. Онда қорғасын, мырыш, мыс, темір, алтын, күміс, вольфрам, молибден, қалайы, тантал, ниобий, сынап, т.б. металдық кентастар, тас көмір, қоңыр көмір, жанғыш тақтатастар, асыл және әшекей тастар, құрылыс материалдары мол. Бұлардың ішінде аса маңыздысы – Шығыс Қазақстанның түсті металлургия базасын құрайтын полиметалл кентастары.

Алтайдың климаты тым континентті. Қысы суық әрі ұзақ. Қаңтар айының орташа температурасы тауаралық ойыстарда −27 – 30ӘС, тау етектері мен жазық жерлерінде −13 – 16ӘС. Ең суық орташа температура Марқакөл көлінің маңында (− 27,6ӘС). Алтайдың ең жылы шілде айының орташа температурасы 18 – 20ӘС, ал 1000 – 1500 м биіктікте ол 14 – 16ӘС-тан аспайды. Ең жоғары температура Зайсан қазан шұңқырында (40ӘС-қа дейін). Жер биіктігі артқан сайын, температура инверсиясының нәтижесінде, қысқы температура төмендеп отырады. Сондықтан тауда қыста жылы, жазда салқын, далалар мен жазықтарда қыста суық, жазда ыстық болып келеді. Ылғалды, желге ашық жатқан Батыс және Солтүстік-шығыс Алтайда жауын-шашын мөлшері 1200 мм-ге жетеді (кей жерлерде 2000 мм). Алтайдың шығысы мен оңтүстігінде жауын-шашын мөлшері 200 – 300 мм (Шуй даласында 100 мм), ал Зайсан қазан шұңқырында 150 мм шамасында. Жауын-шашын көбінесе көктем мен күз айларында жауады. Өзен бойы мен тауаралық ойыстарды қуалай соғатын тұрақты жел жазда сирек байқалады. Қыста батыстан суық әрі қарлы-боранды «құбыла желі», оңтүстіктен жылы «Алтай желі» соғады. Ауа райы Алтайда «құбыла желінен» кейін ашық, аязды болып келсе, «Алтай желінен» кейін онда бұлтты әрі жылы болып, қар жауады.

Алтай тауларының өзендері тығыз орналасқан. Таулардың өте қатты тілімденген жоталары Обь, Енисей, Ертіс өзендерінің су айрығы болып табылады. Басты өзендері – Ертіс салалары: Қаба, Қалжыр, Күршім, Нарын, Бұқтырма, Үлбі, Оба; Обь салалары: Ануй, Песчанка, Қатын, Бия; Енисей салалары: Абакан мен Монғолиядағы Қобда өзендері де Алтай тауларынан басталады. Алтай өзендері суы мол, ағыны қатты және түгелдей дерлік су энергиясы қорына бай болып келеді. Өзендер негізінен мамыр – маусым айларында тасиды және қар, жаңбыр, еріген мұздық суларымен толығады. Алтай тауларының өзендерінде 70-тен астам сарқырамалар мен 3500-дей үлкенді-кішілі көлдер бар. Олардың ең ірілері – тектоникалық ойыстардағы Алтынкөл, Марқакөл, Қаражал, Қамысжал, ал қалғандары – негізінен мұздықтар еруіне байланысты моренаның бөгенінен пайда болған ұсақ көлдер. Алтай тауларында 1000-нан астам мұздықтар бар. Олардың жалпы ауданы 89,3 км2-ге жуық. Негізгі мұздықтар орталығы болып Шуй жоталары мен Тобын – Богдо – Ола тау торабы саналады. Алтайдың ең биік шыңы – Ақтаудың (Мұзтаудың) төңірегінде 6 ірі мұздық бар, олардың ең ірісі – Ақбұлақ өзенінің бастауындағы Беріел (Барель) мұздығы.

Алтайда өте айқын ажыратылатын тік белдеулі ландшафт жүйесі қалыптасқан. Солтүстік және батыс тау етектерінің 400 – 700 м биіктігінде шалғынды, әр түрлі өсімдіктер мен астық тұқымдасты дала, ал 1200 – 1700 м биіктікте жусанды-бетегелі дала қалыптасқан. Бұл таулы дала белдеуін қара және ашық қоңыр топырақ көмкерген. Көп жерлерінде бұта (итмұрын, үшқат, тобылғы, қараған, т.б.), ал өзен мен бұлақ бойларында тал, қайың, мойыл өседі. Таулы-орманды белдеу Алтайдың 70% аумағын алып жатыр. Мұнда жалпақ жапырақты орман өседі. Орталық және оңтүстік Алтайдың 2200 – 2500 м биіктігін қылқанды орман (самырсынды-балқарағайлы) қамтыған. Одан жоғары биік таулы альпілік белдеуде субальпілік бұталар мен шалғындар өскен. Шығыс және солтүстік-шығыс бөлігін таулы тундра, одан жоғары жағын жартастар, тас қорымдар, қар алаңдары мен мұздықтар алып жатыр. Топырағы қара сұр, күлгін болып келеді.

Алтайда шөлейтке, далаға, орманға және биік тауларға тән жануарлар кездеседі. Дала жануарларынан: қасқыр, көртышқан, саршұнақ, терісаяқ; орман жануарларынан: қоңыр аю, марал, солтүстік бұғысы, елік, күдір, сілеусін, барыс, бұлғын, құндыз, тиін, боршатышқан, сасық күзен, қоян, түлкі; биік тау жануарларынан: суыр, шақылдақ, таутеке; құстардан: ұлар, құр, шауқарға, тоқылдақ, үнді қазы, шіл, кекілік, үкі, сауысқан, қарға, байғыз, көкек, торғай, бөдене, тарғақ, су торғай, т.б. мекендейді. Ал жазда мекен ететіндерден тырна, сары ала қаз, үйрек, т.б. бар. Үлкен өзендерінде бекіре, тайман, алабұға, ал кішігірім өзендерінде хариус кездеседі.

Ұқсас материалдар