Қазақтың халық жұмбақтары

21.11.2014 71271
Қазақтың халық жұмбақтары

Қазақтың халық жұмбақтары

(Кіріспе)

Жұмбақ — халық шығармаларының ішіндегі ең ескі түрінің бірі және барлық жұрттың фольклорына ортақ түр. Әуелгі туысы арғы, ерте заман болғанымен, жұмбақ бергі заманда да, тіпті бүгінгі біздің дәуірімізде де керекті қасиетін жойған жоқ.

 

Қай кезді алсақ та, жұмбақ өткір, ұшқыр сөз есебінде халық арасында бағалы болған. жұмбақты халықтың өзге тапқырлық сөздері қатарында саяси құрал есебінде тап жауына қарсы қолданған орындар да аз емес.

 

Сырт қарағанда, соңғы уақыттарда жазба әдебиет күшеюімен қатар, "Жұмбақ азайған шығар, жаңадан жасалмайтын шығар" деген ойлар болушы еді. Анығында бұл теріс боп шықты. Жұмбақ қазақ халқының арасында да және Союздың барлық басқа халықтарының арасында да әлі күнге тыңнан туып, молайып, дамып келеді.

 

Олай болса, халықтың жұмбақ деген фольклор қорын жинап басып, тексеріп тану — ғылымдық зор міндет болады.

 

Бұрынғы халық нені жұмбақ еткен, қазірдегі халықтың көзін тартып, көңілін бөлген заттары не? Осы жайларын салыстырып қарағанда, мән-мазмұнын ғылым жолымен түсініп алуға да үлкен мағына бар.

Жалпы, жұмбақты сөз образының кілті есебінде тануға болады. Жұмбақ ақындықтың ұрығы — дәні тәрізді. Бұл жақтарынан тексеріп тану да ғылымдық міндет.

 

Қазақ жұмбақтарын ертеде П.М. Мелиоранский, А.В. Васильев, А. Лютшь, А. Алекторов, Ә. Диваев сияқты ғалымдар әр кезде жинап, газет-журналдарда жариялаған. Бұл жұмыстарды 1930 жылдардың орта кезінде біздің белгілі филолог ғалымымыз, қазақ мәдениетінің көрнекті кайраткері Сәрсен Аманжолов (1902—1958) ғылыми түрге келтіріп, 1940 жылы жинақ етіп шығарды.

 

Бұл шынында қазақ жұмбақтарын жинап, зерттеудегі алғашқы маңызды еңбек.

 

Одан бері Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл мен әдебиет институтында жұмбақтардың жаңа үлгілері, әсіресе социалистік салт-сана, тұрмысқа, техниканың дамуына байланысты жұмбақтар мол жиналып отыр.

 

Қазақ жұмбақтарының жинақ болып, толықтырылып, екінші рет баспа жүзіне шығуы — біздің әдебиетіміз бен ғылымымызға қосылатын құнды қазына екендігі даусыз.

 

Бұл жинақты қазақ тіліндегі жұмбақтардың түрін көрсете алатын кітап етуге тырыстық, сондықтан да барлық жұмбақтарды мазмұндарына қарап тақырыптық жіктерге бөлдік.

 

Бұл жинақтағы тақырыптар: аспан, жер, хайуан, адам, т. т., барлығы 20 тақырып.

 

Сондай тақырыптардың ішінде баяғы ескі замандағы шыққан жұмбақтармен қатар бүгінгі колхозшы, жұмысшы, оқушы жұртшылығымыздың жас-кәрісі шығарған жаңа техника, жаңа тіршілік жайындағы жұмбақтар да аралас келеді.

 

Қазақ жұмбақтарының алғашқы бір тобы осылайша, қолда бары іріктеліп бір жинақ боп шықса, кейінгі келесі топтары аудан-ауданнан жиналған қалпынша басылса дұрыс болады. Ол кезде ғылым жолымен әр саладан салыстыра отырып зерттеуге мүмкіндік көбейеді.

 

Енді біраз сөзбен бұрынғы ескі жұмбақ деген фольклордың қандай жайды сөз қылатынын айтып өтейік.

 

Жалпы алғанда, жұмбақ адамның дүние тану жолындағы ойының, қиялының шамасын білдіреді.

 

Жұмбақтың көлеміне кіретін заттар: табиғат жайы, адамның денесі, хайуанат пен есімдік, бақташы, егінші елдің еңбек процесі, еңбек құралы, техника жайы сияқтылар болады.

 

Жұмбақтар еңбекші халықтың өміріне, тұрмысына жанасатын жақтарынан қана алады. Жанды затты алса, өзімен көп кездесетін қасқыр, түлкі, қоян тәрізді алынады. Малдың төрт түлігі бірдей көп айтылады. Ұсақ жәндіктер, паразиттер, шыбын-шіркей сияқтылар және солармен адамның алысуы айтылады.

 

Жыртқыш аңның кейбірі қой малына қастық ететін қылығымен алынады.

 

Жұмбақтың кейде бір емес, бірнеше нәрсені санап, кеңірек қамтып келетіні де бар. Бірақ бұл ұдайы кездесетін жай емес. Көбінесе жұмбақ, жалпылап айтқанда, жекелеп, бөлшектеп және дәлдеп тұрып айтуды тәуір көреді.

 

Шаруашылық түрлері мен заттарды бас-басына анықтап атап айтқанда, соның әрқайсысының ұсақ бөлім-бөлшектеріне де айрықша көңіл бөледі. Мысалға сиырды алсақ: жұмбақ сиырдың өзін сөз қылумен қатар, мүйізін де, сүтін де, емшегін де айрықша жеке-жеке сөз қылады.

 

Төсек астында төрт бауырсақ.

(Сиырдың емшегі)

 

Жұмбақ өзге фольклорға қарағанда бітімі бөлек, ерекше затты, деректі сөз. Сол деректілікке сүйенетіндіктен, жұмбақ әр заттың жаңағыдай бөлім-бөлшектеріне көбірек көз салады. Халық өзінің күнделікті жағдайындағы бар заттарды көбірек жұмбақ етеді. Мысалы, ауылдағы шаруаның қолына ұстайтын аспап-құралының ішінде жұмбақ етілмейтіні жоқ. Және неше саққа мінгізіп, неше алуан етіп жұмбақтайды. Сол ретте ер-тұрман, әбзел, қауға, құдық, арба, шана сияқтылар талай-талай жұмбақ етіледі.

 

Кішкене ғана тостаған,

Лақтырып мені тастаған.

(Үзеңгі)

 

Ізі бар, қадамы жоқ аяғының,

Тимейді ұшы жерге таяғының.

Қос қолды хайуанға арта салып,

Салады әуезіне баяғының.

(Арба)

 

Мұның барлығы да өте деректі нәрселер. Осы сияқты адамның өзін жұмбақ еткенде де құр "адам" деп, кесек тұлғасын бір-ақ алып, айтып қоймайды. Оны бар мүшелерін түгел санап, жеке-жеке жұмбақ етеді.

 

Ал енді, мен берейін жұмбақ сайлап,

Дүлдүлді сахараға қойдым байлап;

Бұлбұл құс отырады үйде сайрап,

Бір гауһар қолымызда тұрған жайнап.

Жел соқса, жанып кетер өрттей қаулап,

Ақылпаз болсаң асқан, терең болжап,

Не нәрсе осы айтқаным, мәнісін тап?

Шешуі:

Болғанда ақыл дарияң, кеудең — дүлдүл,

Күңіреніп сайрап тұрған тілің — бұлбұл.

Қойыныңнан шыққан гауһар екі кезің,

Соққан жел — дауылпаздай айтқан сөз дүр.

Дарияның жанып өткен құрақтары —

Адамның қатты шыққан ашуы дүр.

 

Жұмбақ өзінің сөз қылған затын әр алуан түрде суреттейді. Кейде нәрсені көзге көрінген көрінісіне қарап сипаттаса, кейде сол нәрсенің құлаққа естілетін дыбысына қарай бейнелейді.

 

Қараша тауым қарлы болды,

Бір жауса кетпейтұғын зәрлі болды.

(Шаштың ағаруы)

 

Бұл — түске қарап айтқаны. Ал:

Әуеден күбі түсті,

Күбінің түбі түсті —

 

дегені — күннің күркіреуін дыбыс белгісімен суреттегені.

 

Жұмбақтың көп кездесетін тағы бір ерекшелігі — заты жақын нәрселерді қосарлап, парлап айту. Қол мен аяқ, қыс пен жаз, күн мен түн, күн мен ай деген сияқты.

 

Біреудің бір ұлы бар және қызы,

Біледі ол екеуін дүниежүзі.

Ұйықтайды ұлы түнде, қызы — күндіз,

Жүргенде білінбейді басқан ізі.

(Күн мен ай)

 

Дүние тану жолдарын еңбегіне байланыстырып, осыдан барып қорытынды жасайтын халық, көп жұмбақты нәрселердің неден істеліп, неден пайда болғанын айтуға арнайды.

 

Барлық халықтардың жұмбақ атаулысында әсіресе айқын көрінетін бір ерекшелік: нәрселерді қызметіне қарай сипаттауы болады.

 

Әй, керемет бір ит бар,

Үй бағады, үрмейді,

Аяғы жоқ, жүрмейді,

Ұлықсатсыз ол иттен

Адам үйге кірмейді.

(Құлып)

 

Әсіресе осы ерекшелігі адамның өз мүшелерін жұмбақ етуде көп байқалады.

 

Бір нәрсенің қайдан пайда болғанын, неден істелгенін айтып және өзінің не міндет атқарып, не жұмысқа арналғанын көрсету арқылы жұмбақ сол нәрселердің барлық жайын баян етеді. Нәрсенің барлық болмысының диалектикасын білдіреді.

 

Есікте жасауыл бар екі катар,

Барғанда ұрып-соғып қан қақсатар.

Ол адам жәбірленіп тұрғанында,

Біреу кеп ар жағынан әрі тартар.

Азып-арып онан соң қинар жанын,

Кездіріп талай өзен, сайдың бәрін.

Ләззатын сол сайлары алып қалып,

Шығарып тастайды екен ғазиз тәнін.

(Тамақ, асқазан)

 

Кейде осы реттен жұмбақ бір нәрсенің тіршілігіндегі барлық ұзын жолын әдемі баян етеді. Мысалы: адамның өмірін:

 

Таңертең төрт аяқпен,

Түсте екі аяқпен,

Кешке үш аяқпен жүреді, —

(Еңбектеу, жастық, кәрілік)

 

деп суреттейді.

 

Осындай жұмбақтың сөз қылған жайларын алсақ, ол, бірден, нәрсені анықтап атап айтады, екінші, қайдан шыққан нәсілін айтады, үшінші, оның атқаратын міндетін айтады, болмысының диалектикасын баяндайды және жұмбақ нәрселерді қосып, парлап, бір-біріне жасайтын қарым-қатынасы арқылы суреттейді. Осы жайлардың барлығын ақындық сөзбен, теңеу, салыстырумен келтіреді.

 

Жалпы, жұмбақ деген фольклор түрі қай жұртта болса да оншалық терең зерттеліп, жете танылған түр емес. Сондықтан бұндағы қоғамдық сырды, мазмұнды орнымен толық бағалаған еңбектер жоқтың қасы.

 

Ал анығында, ескі жұмбақтың өзіне қарасақ та, солардың көпшілігін шығарушы, айтушы еңбек иесі екені ап-айқын тұр. Бақташы, егінші, неше алуан кәсіпшілер өздерінің күндегі айналысып жүрген заттарын сөз қылады.

 

Халықтың жұмбақ ішіндегі сөз қылған заттары әрдайым бірқалыпты, қатып тұрған зат болмайды. Бір нәрсені істеуші, бір міндетті атқарушы, үнемі қозғалыс, қимыл, әрекет үстіндегі заттар болады. Бұнда да көп мағына бар екені даусыз.

 

Дүниені еңбек арқылы танитын еңбек адамы өзінің бұйым заттарын да, маңайдағы жанды-жансыз дүниені де осындай әрекеті арқылы таниды. Сол арқылы еске алады. Бұл жағынан қарағанда, бірталай жұмбақтар адамның табиғат, тіршілік жөніндегі бұрынғы ескі түсінігі мен кейінгі замандардағы кең ақылға байланысты түсінігінің екі арасындағы айырмыштарды көрсетеді. Көп елдердің ай, жұлдыз, жер мен көк жайындағы ертелі-соңғы жұмбақтарын қарасақ, баяғы заманнан бері қарай адам баласының жалпы тарихы басып өткен әлденеше шаруашылық, қоғамдық сатылардың ізін байқаймыз.

 

Бір кезде айды айғырға, жұлдызды үйірге теңесе, тағы бір жұмбақта: "Көп бауырсақ ішінде бір қалаш" дейді, немесе: "Жабық астында жарты күлше" дейді, кейде айды "сары поднос" деп те жұмбақтайды. Бұл бір мысалдың өзі де қазақ халқының тіршілігіндегі шаруашылық сатыларын білдіреді.

 

Кейде осымен қатар табиғат көріністерін адамның өз тіршілігіндегі туысқандық, қандастық жігімен салыстыру да кездеседі. Ондайда әке мен бала, шеше мен қыз, аға мен қарындас, ұл мен қыз деген сияқты егіз екі жайлар қосарланып жүреді. Жоғарыда күн мен айды бір ұл, бір қызбен шендестіру осының мысалы.

 

Бұрынғы кездегі қоғамдық тіршіліктің сорақы белгілеріне мысқыл, мазақ сөздерді көп айтатын сыншыл, сергек ойлы халық кейде дін иелерін де қатты мазақтайды.

 

Қу ағаштың басында

Құтырған адам айқайлайды.

 

Бұл — азан айтқан мәзіңді ажуалау. Зат атаулының барлығын еңбек жағдайымен, еңбекке байланысты бітім-тегімен байланыстыра қарайтын халық, жұмбақ атаулының мазмұнын өзі шешіп береді. Жұмбақтың қоғамдық, тарихтық, мәдениеттік негізін сол еңбекке байланысты болған іргесіне, төркініне қарап талқылау керек.

 

Көп елдің жұмбақтарында ұқсас келетін түрі де бар. Ол бұрынғы өткен шақтағы шаруашылық, қоғамдық құрылыстары ұқсас болғандықтан. Сонымен қатар бүгінгі жаңа жұмбақтардың ішіндегі теңеу, салыстырулардың ұқсас кеп отыратыны тағы бар. Мысалы, жаңа жұмбақтарда трактор мен паровозды өгізге, тұлпарға теңестіру, аэропланды құс деп сыпаттау халықтар тіршілігіндегі шаруашылық іргенің бір негізге құрылғандығынан.

 

Қай елдің тарихын алсақ та, жұмбақтың бұрынғы кездерде өзінше үлкен орын алғанын байқаймыз.

 

Кейде бүкіл бір ертек жұмбақтан туады. Әңгімелі әсем жыр, дастан атаулының талайының жұмбаққа соғып келетіні болады. Ертеде ердің даналығын, жүйріктігін жұмбақпен сынау машық болған. Ескі грек жұртының атақты Эдип жайындағы қайғылы дастаны Сфинкстің жұмбағынан басталады.

 

Бұрын қазақта күйеу таңдаған дана қыз жұмбағын шешкен кісіге тием деп серт береді. Бертін келе жұмбақ қазақ ақындарының айтыс өлеңінен көп-көп орын алатын болған. Мәселен, Әсет пен Рысжанның, Нұржан мен Сапарғалидың айтыстары жұмбақтасу түрінде жырланған.

 

Жалпы, жұмбақ деген сөз түрін халықпен бірге, сол халықтан шыққан ақындардың көп пайдаланатынын көреміз.

 

Жұмбақтың ішіндегі ақындық, көбінесе, едәуір күшті ақындық болады. Сондықтан ақындар жұмбақ үлгісімен жыр айтуды әдейі таңдамалы есебінде қолданады.

 

Қазақ ақындарының жұмбақты жақсы бағалауы арқасында біздің көп жұмбақтарымыз өлең боп айтылады. Жұмбағы ғана өлең емес, шешуі де өлеңмен келетін жұмбақтар осы жинақтың ішінде де толып жатыр. Жұмбақ халық сүйетін, көпке жайылғыш сөз болғандықтан, бұл түрді қанаушы таптың пайдаланғысы келгені де бар. Олар өз мүддесі үшін, халықты алдау үшін дін, құдай, көк өгіз, пайғамбар, патша, сұлтан, төре деген сияқтыларды көп тықпалады.

 

Біздің уақытымызда жұмбақ өз бағасын жойған жоқ. Жұмбақты мектеп балалары тілге ұста болу мақсатымен оқиды, жаттайды. Жастар ойын-сауық кештерінде әлі де ермек етеді. Ата-ананың жас балаға беретін тәрбиесінде де баланың ойын тапқырлыққа баулу үшін де жұмбақтың көп пайдасы бар. Жалпы Одақ көлемінде шығатын газет пен бірталай журналдарда жұмбақтың көп орын алатыны бар.

 

де әлі күнге қадірлі екенін көрсетеді. Оның тағы бір зор белгісі бізде Октябрь революциясынан бері қарай шыққан жұмбақтың санынан әсіресе айқын көрінеді.

 

Тіпті бүгінгі қала мен колхоз тіршілігінде көпке мәлім, көпке жәрдемші болған өнер туындысының аталмай қалғаны жоқ деуге де болады. Бұл жай жұмбақтың қазір де ерекше қаулап өсіп, молайып келе жатқанын көрсетеді.

 

Социалистік дәуірдегі советтік халық әдебиетін, фольклор түрлерін бұрынғыдан анағұрлым дамытып, өсіре түсетіндігіне бұл жұмбақтар мысалы өте бір айқын, даусыз айғақ.

 

Жоғарыда айтылған ғылымдық негізгі ерекшеліктерінен басқа, бізде жұмбақтардың өлеңді түрі көп. Бұл жай қазақ жұмбақтарының поэзиялық бітімін айрықша зор проблема ретінде зерттеп, талдауды қажет етеді.

 

Біз бұл жайдағы тексерулер мен қорытынды пікірлерді қазақ тіліндегі жұмбақтар көбірек жиылып, молырақ басылуымен қатар жүргізбекпіз.

Мұхтар Әуезов

Ұқсас материалдар