Қазақстанның көркемөнері

04.12.2012 2613
  Қазақстанның көркемөнері Республиканың 15 жылдық өсуін, табыстарын атағанда көркемөнер саласы да өзінің Октябрьден туып, бүгінгідей көрнекті белге шыққан жайларын айтпай тұра алмайды. Рушылдық, феодалдық, жабайыға жақын бақташылық күйі ескі ғасырдың көп ғасырлық шөліндей боп артта қалды. Ленин партиясы өзінің дана, ұлы жолды ұлт саясаты арқылы кешегі құлдық отарын бүгін 15-ақ жыл ішінде мәдениетті, күшті республикаға айналдырды. Әсіресе, өлкеміздің Мирзоян жолдас бастаған басшылығы мәдениет жұмысына мейлінше көп көңіл бөлді. Қуанышты тойымыздың зор мағынасы әр саладағы табыстарымызды көрмеге салып, бұрын кім едік, енді қандай өріске жетіп отырмыз деген жәйларды салыстырып саралаумен ажарланбақ. Бас-басына атап айтсақ, ең алдымен, бізде биыл 10 жасқа толып отырған мемлекеттік драма театры бар2. Бізде алдыңғы қатардағы ірі мәдениетті елдерде туатын үлкен операға қарай ауысып, өсіп, толып келе жатқан Қазақстан музыка театры бар. Облыс басы сайын бір-бір жап-жақсы облыстық театрлар қалыптасып келе жатыр. Олардың ішінде әсіресе, Шығыс Қазақстанның жолдас Бекұлы Орынбек бастаған драмалық театры мейлінше өсіп, толып қалған, қатардағы көрнекті театрдың бірі боп отыр. Өнер қайраткерлерінің кадрын әзірлеу ісі де — біздегі әсіресе өнімді, көңілді боп келе жатқан қызықты істің бірі. Алматы қаласындағы музыка-драма техникумы қазір табанын нық басқан, ірі білім, шын мамандық дүкені боп нығайып отыр. Бүгінгі драма, музыка театры — барлық облыстық, өндірістік театрларға ертең оқымысты, білімді өнерпаздардың ірі күштерін қосатын үзілмес қоры. Осы сияқты бір үлкен сенімді дүкен — Мәскеу мен Ленинградтың жоғарғы дәрежелі өнерпаздар институттарының жанынан ашылған мастерскойларымыз3, биылғы жылы бұрынғы драма актерін әзірлейтін мастерскойлардан басқа Мәскеу консерваториясының жанынан кейін қазақ операсының әншісі боп шығатын бір топ оқып, өсіп, әзірленіп жатқан дәмелі білімпаз жастардың қатарына Ленинградтың балеттік школында былтырдан оқып, тәрбиеленіп жатқан бір топ жас балаларды да қосу керек. Осы соңғы саналған мастерскойлар мен жеке топтар түбінде бір мезгілдік қана болмай, әрдайым лек-легімен келіп, осы бүгінгі сияқты қалыптарын жоймай, үрдіс істеп тұратын болу керек. Әзірше Одақтық үлкен мамандық мектептерінде оқып жатқан жастардың ішінен артисі де, режиссері, суретшісі де тұтас шығатын болады. Бұлар түбінде бірнеше топ-топ боп оқу бітіріп келгенде бір-бір театрды қолды-қолына ала-ала тұра қалатын әзір коллективтер болады. Соңғы жылдардағы қазақ өнерінің бір ірі жолға басқан жаңалығы — енді Қазақстандағы өнерпаздар жалғыз Қазақстан көлемінде, қазақ тыңдаушысының ортасында ғана қалмай, Одақтық, дүниелік майданға шыға бастады. Бұл — екі жолмен жүріп келеді: біріншіден, қазақ күштері көпке мәлімденіп, үлкен жолға шыға бастаса, екіншіден. біздің көркемөнерлік істерімізге алдыңғы қатар орыс өнерпаздарының қатынасып, ат салысуы күшейіп келеді. Қазір біздің сахна-драмалық істеріміз, ән-күйіміздің көркемделіп өсуі, би өнеріміздің барлығы да жалғыз қазақ күшімен істелмейді. Осы аталған мамандықтардың Одаққа аты шыққан ірі адамдары: ірі композитор, ірі режиссер, ірі биші, суретшісі сияқтының барлығы да бізбен істесіп, Қазақстанның көркемөнер ісіне анықтап жегіліп отыр. Қазақтың өз әнші, күйшілерінің өнерлері былтырдан бастап пластинкаға түсіп, жақсы ән, жақсы күй дегеннің барлығы, атақты әнші жігіт, әнші әйел артистеріміздің үндері бүкіл Одаққа, бүкіл дүниеге тарайтындай мүмкіншілік алып отыр. Осы сияқты ғасырлар бойы қазақ ортасы, қазақы қазаннан аспай жүрген домбыра, қобыз және ұмытылып бара жатқан сыбызғы ән-күй аспаптары да енді жаңа сапа, жаңа түрге көшіп, тәжірибе ретінде бас құрап, қазақ оркестрі деген жаңа оркестр жасап отыр. Бірақ біздің бұны демеп, сүйеп, көтермелеуіміз — "не шығар екен, қаншалық өріске бара алар екен" деген және "халық аспаптары сол халық қолына ажарланған және сапа тапқан, өскелеңдеген түрде барсын" деген тәжірибе сияқты нәрселер. Болмаса қазақтың ендігі жаңа үлкен көркемөнерінің жалғыз аспаптары осы болсын дегендік емес. Бүгінгі Қазақстан көркемөнерінің жалпы беталысы, тәжірибе, ізденулерінің ішіндегі бір ерекше жақсы, дұрыс бағыты — біз ешбір салада да мынау қазақтікі еді, мынау қазақтікі емес еді деп, біріне-бірі жабысып, бірінен бойды қашық ұстамаймыз. Ол би-балет өнері болсын, үлкен музыка болсын, қолданатын музыка аспабының жайы болсын, я театрдың сахналық түрлері, ерекшеліктері турасында болсын — бәріне де халық қорын, тарихи мұраларымызды пайдаланып ажарлаумен қатар, әсіресе, алдыңғы қатар өнерлі елдердің интернационалдық мәдениет қорынан мейлінше іркілмей пайдаланамыз. Көсеміміз Лениннің ескі мәдениет мұраларын оқы, біл деген ұранын біз сияқты мәдениет жолында кенжелеп, артта қалған еңбекші ел, әсіресе, айрықша ескеріп, жүзеге молынан асыруға міндетті. Сондықтан қазақ домбыра оркестрі тәжірибе ретінде өз ісін істеп келе жатса, сонымен қатар, алдыңғы қатар үлкен өнерімізді аспаптарға сүйеп көркейтеміз. Бүгінгі мәдениетті көркемөнер орындарымыздың барлығы да осы тәжірибемен түзу өріс алып келеді. Енді осы саналған ірі-ірі өнер белгілерінің алдында тұрған осу проблемаларын да айта кету қажет. Сол ретте алдымен мемлекеттік драма театрын алсақ, бұл әзірше біздегі жалпы еңбекші, төңкерісші жұртшылықты төңкеріс бағытындағы ұлы салт-санаға баулитын үлкен тәрбие орны болуға міндетті. Ол, бір жағы, ірі мәдени салт-саналық шарттарға жарап тұратын үлкен репертуарды, үлкен пьесаларды керек етеді. Екінші, сондай шығармалардың терең суретті ірі тип кейіптерін көңілдегідей ғып, үлгілі ғып жетер өрісіне жеткізе шығаратын үлкен актер күшін тілейді. Драма театры өзінің он жылдық дәуірінде Елубайдай, Қалыбек, Серкедей ірі талантты халық артисі, еңбегі сіңген артистерді шығарып, өсіріп отыр. Осылардың қатарына қосылған жастан өскен Қапан, Камал. Шәкен, Жақтайлар, Сейфолла, Сұлтандар да театрдың бүгінгі сатысына олқы күш емес. Соңғылардың бәрінде де оқысақ, білсек білім тереңдетіп, тез дамысақ деген жолынан талап өте күшті. Бірақ осымен қатар драма театрының актер күшін алғанда қатты ақсататын бір мәселе — әйел күштерінің орасан кемділігі. Бұрыннан белгілі дәрежеде мәдениеттенген әйел ішіндегі бас актриса Мәлике болмаса, немесе бастан өсіп келе жатқан Қатира, Сабира болмаса, әйел күші өте сұйқыл. Жоқтың қасы. Бүкіл республикадағы бірден-бір мемлекеттік театрға жалғыз Мәлике тұлға бола ала ма? Онан соңғы үлкен бір кемшілік, театрдың ең алдыңғы қатар актерлерінен бастап, барлық жаңа күштеріне шейін қарасақ, он жыл жасаған тірліктің ішінде әлі күнге бірде-бір мамандық білім алған адам жоқ. Барлық жас өзінен-өзі шұқынып, әйтеуір тімтініп, ізденіп көрейікші дегені болмаса, сонымен азды-көпті үстірт мағлұмат құрау болмаса, бұл күнге шейін театр ылғи актердің самородок боп тууын дәметіп, бәрінің де туысына зорлап келеді. Бірақ жұрттың бәрі Щепкин, жұрттың бәрі Елубай, Серке, Қалыбек бола бере ала ма? Олардың өзін алсақ та мәдениетті ірі театрдың барлық шартын орындап бере алмайды. Үйткені, ендігі біздің мәдениетті зритель қоятын шарттың көбі кейде бұлардың да қолынан келуі қиын. Шама шарқынан тысқарырақ боп түсетін кездері бар. Олай болса бұл күштердің көбін дұрыстап оқытып өсіруге, барлық ірі театрлардың үлгілерін көрсетіп өсіруге міндеттіміз. Осы қатарлы үлкен-үлкен проблемалары бар көрнекті, қызықты дүкеніміздің бірі — ән-күй театры. Әзірше ол көруші жұртшылыққа ұдайы қызғылықты, ыстық, тәтті-дәмді боп, жарқ-жұрқ етіп жалтылдап, мәз-майрам қып келе жатыр. Ол алғаш ашылған уағында момын ғана атпен студия боп қана қалыптана бастап еді. Алғашқы адымы "Айман —Шолпан" тәуір боп өткен соң ол театр атын алып, батыл қимылдай бастады. Бірақ бұл күнге шейін әлі де ол бір эксперимент — тәжірибе театрының үлгісі екені даусыз. Рас, ол мін емес. Кей уақытта кейбір театрдың тіпті барлық қалпы, мазмұны, түрі де сол эксперименттік негізінен жүріп отыратыны да болады. Мүмкін, тіпті, біздің музыка театрымызға бірнеше жылға шейін, әлде тіпті қазақтың шын мағынадағы операсы туған соң да өз бетінде осындай эксперимент боп жүре беру де қажет болар. Олай болса бұл театр проблемаларын әзіргі сол эксперименттік бетінен белгілеу шарт. Осы жағынан қарасақ, бүгін әзірлеп жатқан "Жалбырды" сөз қылмай қоя тұрып, "Айман-Шолпаннан" "Қыз Жібекке" шейін жүрген жолын алғанда, қаншалық үлкен жаңғыру, өрлеп-өсу бар, соны көрейік. Бұл екеуінің арасындағы айырмасы — соңғысында ән көбейе түскен, би молайған, бірақ екеуінің де жасалу, қалыптану негізі бар. Бұл театрдың эксперименттік бір ерекшелігі — қазақтың ескі тарихынан қалған ән мұрасын түгел пайдалану ғой. Ол өз бетінде, жекеше алғанда дұрыс негіз болсын. Бірақ, тегінде, осыны ғана арқандаулы қазығындай біліп, қайта-қайта тебіндеп, бар жұрт қала берсе дұрыс бола ма? Эксперименттік іздену, үсті-үстіне түр табу қайда? Қазақ әнінің мол екені рас, оны бүгінгі жұртшылықтың сүйетіні, бағалайтыны рас. Бірақ соған қарап, ән-күй театры әрбір постановкесін ылғи сол ел әндерінің қанатына артып, сол әнге арналған көруші ықыласын өздеріне қорек қып жүре беруге бола ма? Бұл тым оңайлау жол болғанмен де, қаншаға барады? Ал зәуі, қазақ әнінің көп қорының баршасын сол театрдың өзі шиырлап тастаған күн болса, онда қайтеді? Оның да таусылатын күні болмай ма? Жоқ, әлі де ән көп, талайға жетеді дей береміз бе? Ол бірақ ізденуден қорғаншақтап, оңайды, әзір асты жағалай беруіміз болмас па? Ескі әннің жаңаша жазылған операға кіретін орны да бар. Бірақ оған қарап не постановка қойсақ, соның бәрінде де "мынау жердің өлеңдерінде, драмалық күйіне пәленше ән дәл келеді" деп, ылғи ән монтажын жасай беруіміз көп іздену боп шыға ма? Бел ауыртпай ғана ауырдың асты, жеңілдің үстімен жүре беру болмас па екен? Ескі тарихтан алған "Айман-Шолпан", "Қыз Жібекке" пайдаланған бірқалыпты ескі әндермен көтеріліс, төңкеріс я бүгінгі бір мазмұн, монтаждап алған ән-күйде екінші мазмұн боп отырса жол ма? Осы жайларды ән-күй театры мықтап ескеріп, өзінің эксперименты ылғи қайталақтай беретін бір негіз, бір машыққа құрмай, шамасы келгенше шығармашылдық, ізденгіштік қарекеттерін күшейтуге міндетті. Алғаш бастаған тәжірибелерден енді ілгері қарай бір секіріп түсетін мезгіл болды. Мұхтар Әуезов

 

Қазақстанның көркемөнері

Республиканың 15 жылдық өсуін, табыстарын атағанда көркемөнер саласы да өзінің Октябрьден туып, бүгінгідей көрнекті белге шыққан жайларын айтпай тұра алмайды.

Рушылдық, феодалдық, жабайыға жақын бақташылық күйі ескі ғасырдың көп ғасырлық шөліндей боп артта қалды. Ленин партиясы өзінің дана, ұлы жолды ұлт саясаты арқылы кешегі құлдық отарын бүгін 15-ақ жыл ішінде мәдениетті, күшті республикаға айналдырды. Әсіресе, өлкеміздің Мирзоян жолдас бастаған басшылығы мәдениет жұмысына мейлінше көп көңіл бөлді. Қуанышты тойымыздың зор мағынасы әр саладағы табыстарымызды көрмеге салып, бұрын кім едік, енді қандай өріске жетіп отырмыз деген жәйларды салыстырып саралаумен ажарланбақ.

Бас-басына атап айтсақ, ең алдымен, бізде биыл 10 жасқа толып отырған мемлекеттік драма театры бар2. Бізде алдыңғы қатардағы ірі мәдениетті елдерде туатын үлкен операға қарай ауысып, өсіп, толып келе жатқан Қазақстан музыка театры бар. Облыс басы сайын бір-бір жап-жақсы облыстық театрлар қалыптасып келе жатыр. Олардың ішінде әсіресе, Шығыс Қазақстанның жолдас Бекұлы Орынбек бастаған драмалық театры мейлінше өсіп, толып қалған, қатардағы көрнекті театрдың бірі боп отыр. Өнер қайраткерлерінің кадрын әзірлеу ісі де — біздегі әсіресе өнімді, көңілді боп келе жатқан қызықты істің бірі. Алматы қаласындағы музыка-драма техникумы қазір табанын нық басқан, ірі білім, шын мамандық дүкені боп нығайып отыр. Бүгінгі драма, музыка театры — барлық облыстық, өндірістік театрларға ертең оқымысты, білімді өнерпаздардың ірі күштерін қосатын үзілмес қоры. Осы сияқты бір үлкен сенімді дүкен — Мәскеу мен Ленинградтың жоғарғы дәрежелі өнерпаздар институттарының жанынан ашылған мастерскойларымыз3, биылғы жылы бұрынғы драма актерін әзірлейтін мастерскойлардан басқа Мәскеу консерваториясының жанынан кейін қазақ операсының әншісі боп шығатын бір топ оқып, өсіп, әзірленіп жатқан дәмелі білімпаз жастардың қатарына Ленинградтың балеттік школында былтырдан оқып, тәрбиеленіп жатқан бір топ жас балаларды да қосу керек. Осы соңғы саналған мастерскойлар мен жеке топтар түбінде бір мезгілдік қана болмай, әрдайым лек-легімен келіп, осы бүгінгі сияқты қалыптарын жоймай, үрдіс істеп тұратын болу керек. Әзірше Одақтық үлкен мамандық мектептерінде оқып жатқан жастардың ішінен артисі де, режиссері, суретшісі де тұтас шығатын болады. Бұлар түбінде бірнеше топ-топ боп оқу бітіріп келгенде бір-бір театрды қолды-қолына ала-ала тұра қалатын әзір коллективтер болады.

Соңғы жылдардағы қазақ өнерінің бір ірі жолға басқан жаңалығы — енді Қазақстандағы өнерпаздар жалғыз Қазақстан көлемінде, қазақ тыңдаушысының ортасында ғана қалмай, Одақтық, дүниелік майданға шыға бастады. Бұл — екі жолмен жүріп келеді: біріншіден, қазақ күштері көпке мәлімденіп, үлкен жолға шыға бастаса, екіншіден. біздің көркемөнерлік істерімізге алдыңғы қатар орыс өнерпаздарының қатынасып, ат салысуы күшейіп келеді. Қазір біздің сахна-драмалық істеріміз, ән-күйіміздің көркемделіп өсуі, би өнеріміздің барлығы да жалғыз қазақ күшімен істелмейді. Осы аталған мамандықтардың Одаққа аты шыққан ірі адамдары: ірі композитор, ірі режиссер, ірі биші, суретшісі сияқтының барлығы да бізбен істесіп, Қазақстанның көркемөнер ісіне анықтап жегіліп отыр.

Қазақтың өз әнші, күйшілерінің өнерлері былтырдан бастап пластинкаға түсіп, жақсы ән, жақсы күй дегеннің барлығы, атақты әнші жігіт, әнші әйел артистеріміздің үндері бүкіл Одаққа, бүкіл дүниеге тарайтындай мүмкіншілік алып отыр.

Осы сияқты ғасырлар бойы қазақ ортасы, қазақы қазаннан аспай жүрген домбыра, қобыз және ұмытылып бара жатқан сыбызғы ән-күй аспаптары да енді жаңа сапа, жаңа түрге көшіп, тәжірибе ретінде бас құрап, қазақ оркестрі деген жаңа оркестр жасап отыр. Бірақ біздің бұны демеп, сүйеп, көтермелеуіміз — "не шығар екен, қаншалық өріске бара алар екен" деген және "халық аспаптары сол халық қолына ажарланған және сапа тапқан, өскелеңдеген түрде барсын" деген тәжірибе сияқты нәрселер. Болмаса қазақтың ендігі жаңа үлкен көркемөнерінің жалғыз аспаптары осы болсын дегендік емес. Бүгінгі Қазақстан көркемөнерінің жалпы беталысы, тәжірибе, ізденулерінің ішіндегі бір ерекше жақсы, дұрыс бағыты — біз ешбір салада да мынау қазақтікі еді, мынау қазақтікі емес еді деп, біріне-бірі жабысып, бірінен бойды қашық ұстамаймыз. Ол би-балет өнері болсын, үлкен музыка болсын, қолданатын музыка аспабының жайы болсын, я театрдың сахналық түрлері, ерекшеліктері турасында болсын — бәріне де халық қорын, тарихи мұраларымызды пайдаланып ажарлаумен қатар, әсіресе, алдыңғы қатар өнерлі елдердің интернационалдық мәдениет қорынан мейлінше іркілмей пайдаланамыз. Көсеміміз Лениннің ескі мәдениет мұраларын оқы, біл деген ұранын біз сияқты мәдениет жолында кенжелеп, артта қалған еңбекші ел, әсіресе, айрықша ескеріп, жүзеге молынан асыруға міндетті. Сондықтан қазақ домбыра оркестрі тәжірибе ретінде өз ісін істеп келе жатса, сонымен қатар, алдыңғы қатар үлкен өнерімізді аспаптарға сүйеп көркейтеміз. Бүгінгі мәдениетті көркемөнер орындарымыздың барлығы да осы тәжірибемен түзу өріс алып келеді.

Енді осы саналған ірі-ірі өнер белгілерінің алдында тұрған осу проблемаларын да айта кету қажет. Сол ретте алдымен мемлекеттік драма театрын алсақ, бұл әзірше біздегі жалпы еңбекші, төңкерісші жұртшылықты төңкеріс бағытындағы ұлы салт-санаға баулитын үлкен тәрбие орны болуға міндетті. Ол, бір жағы, ірі мәдени салт-саналық шарттарға жарап тұратын үлкен репертуарды, үлкен пьесаларды керек етеді. Екінші, сондай шығармалардың терең суретті ірі тип кейіптерін көңілдегідей ғып, үлгілі ғып жетер өрісіне жеткізе шығаратын үлкен актер күшін тілейді. Драма театры өзінің он жылдық дәуірінде Елубайдай, Қалыбек, Серкедей ірі талантты халық артисі, еңбегі сіңген артистерді шығарып, өсіріп отыр. Осылардың қатарына қосылған жастан өскен Қапан, Камал. Шәкен, Жақтайлар, Сейфолла, Сұлтандар да театрдың бүгінгі сатысына олқы күш емес. Соңғылардың бәрінде де оқысақ, білсек білім тереңдетіп, тез дамысақ деген жолынан талап өте күшті. Бірақ осымен қатар драма театрының актер күшін алғанда қатты ақсататын бір мәселе — әйел күштерінің орасан кемділігі. Бұрыннан белгілі дәрежеде мәдениеттенген әйел ішіндегі бас актриса Мәлике болмаса, немесе бастан өсіп келе жатқан Қатира, Сабира болмаса, әйел күші өте сұйқыл. Жоқтың қасы. Бүкіл республикадағы бірден-бір мемлекеттік театрға жалғыз Мәлике тұлға бола ала ма?

Онан соңғы үлкен бір кемшілік, театрдың ең алдыңғы қатар актерлерінен бастап, барлық жаңа күштеріне шейін қарасақ, он жыл жасаған тірліктің ішінде әлі күнге бірде-бір мамандық білім алған адам жоқ. Барлық жас өзінен-өзі шұқынып, әйтеуір тімтініп, ізденіп көрейікші дегені болмаса, сонымен азды-көпті үстірт мағлұмат құрау болмаса, бұл күнге шейін театр ылғи актердің самородок боп тууын дәметіп, бәрінің де туысына зорлап келеді. Бірақ жұрттың бәрі Щепкин, жұрттың бәрі Елубай, Серке, Қалыбек бола бере ала ма? Олардың өзін алсақ та мәдениетті ірі театрдың барлық шартын орындап бере алмайды. Үйткені, ендігі біздің мәдениетті зритель қоятын шарттың көбі кейде бұлардың да қолынан келуі қиын. Шама шарқынан тысқарырақ боп түсетін кездері бар. Олай болса бұл күштердің көбін дұрыстап оқытып өсіруге, барлық ірі театрлардың үлгілерін көрсетіп өсіруге міндеттіміз.

Осы қатарлы үлкен-үлкен проблемалары бар көрнекті, қызықты дүкеніміздің бірі — ән-күй театры. Әзірше ол көруші жұртшылыққа ұдайы қызғылықты, ыстық, тәтті-дәмді боп, жарқ-жұрқ етіп жалтылдап, мәз-майрам қып келе жатыр. Ол алғаш ашылған уағында момын ғана атпен студия боп қана қалыптана бастап еді. Алғашқы адымы "Айман —Шолпан" тәуір боп өткен соң ол театр атын алып, батыл қимылдай бастады. Бірақ бұл күнге шейін әлі де ол бір эксперимент — тәжірибе театрының үлгісі екені даусыз. Рас, ол мін емес. Кей уақытта кейбір театрдың тіпті барлық қалпы, мазмұны, түрі де сол эксперименттік негізінен жүріп отыратыны да болады. Мүмкін, тіпті, біздің музыка театрымызға бірнеше жылға шейін, әлде тіпті қазақтың шын мағынадағы операсы туған соң да өз бетінде осындай эксперимент боп жүре беру де қажет болар.

Олай болса бұл театр проблемаларын әзіргі сол эксперименттік бетінен белгілеу шарт. Осы жағынан қарасақ, бүгін әзірлеп жатқан "Жалбырды" сөз қылмай қоя тұрып, "Айман-Шолпаннан" "Қыз Жібекке" шейін жүрген жолын алғанда, қаншалық үлкен жаңғыру, өрлеп-өсу бар, соны көрейік. Бұл екеуінің арасындағы айырмасы — соңғысында ән көбейе түскен, би молайған, бірақ екеуінің де жасалу, қалыптану негізі бар. Бұл театрдың эксперименттік бір ерекшелігі — қазақтың ескі тарихынан қалған ән мұрасын түгел пайдалану ғой. Ол өз бетінде, жекеше алғанда дұрыс негіз болсын. Бірақ, тегінде, осыны ғана арқандаулы қазығындай біліп, қайта-қайта тебіндеп, бар жұрт қала берсе дұрыс бола ма? Эксперименттік іздену, үсті-үстіне түр табу қайда? Қазақ әнінің мол екені рас, оны бүгінгі жұртшылықтың сүйетіні, бағалайтыны рас. Бірақ соған қарап, ән-күй театры әрбір постановкесін ылғи сол ел әндерінің қанатына артып, сол әнге арналған көруші ықыласын өздеріне қорек қып жүре беруге бола ма? Бұл тым оңайлау жол болғанмен де, қаншаға барады? Ал зәуі, қазақ әнінің көп қорының баршасын сол театрдың өзі шиырлап тастаған күн болса, онда қайтеді? Оның да таусылатын күні болмай ма? Жоқ, әлі де ән көп, талайға жетеді дей береміз бе? Ол бірақ ізденуден қорғаншақтап, оңайды, әзір асты жағалай беруіміз болмас па? Ескі әннің жаңаша жазылған операға кіретін орны да бар. Бірақ оған қарап не постановка қойсақ, соның бәрінде де "мынау жердің өлеңдерінде, драмалық күйіне пәленше ән дәл келеді" деп, ылғи ән монтажын жасай беруіміз көп іздену боп шыға ма? Бел ауыртпай ғана ауырдың асты, жеңілдің үстімен жүре беру болмас па екен? Ескі тарихтан алған "Айман-Шолпан", "Қыз Жібекке" пайдаланған бірқалыпты ескі әндермен көтеріліс, төңкеріс я бүгінгі бір мазмұн, монтаждап алған ән-күйде екінші мазмұн боп отырса жол ма? Осы жайларды ән-күй театры мықтап ескеріп, өзінің эксперименты ылғи қайталақтай беретін бір негіз, бір машыққа құрмай, шамасы келгенше шығармашылдық, ізденгіштік қарекеттерін күшейтуге міндетті. Алғаш бастаған тәжірибелерден енді ілгері қарай бір секіріп түсетін мезгіл болды.

Мұхтар Әуезов

Ұқсас материалдар