Зоология

04.12.2012 28352
ЗООЛОГИЯ (зоо... және грек. logos – ілім) – жануарлар организмдерінің құрылысын, жеке дамуын, жүйеленімін (систематикасын), Жер бетінде таралуын, басқа организмдермен қарым-қатынасын, тіршілік ортасымен байланысын анықтайтын және тарихи даму заңдылықтарын зерттейтін ғылым; биология ғылымының бір саласы. Зоол. ғыл.-зерт. арқылы жануарлардың халық ш-ндағы рөлі анықталады. Олардың ішіндегі пайдалылары, а. ш. және орман ш-ның зиянкестері, түрлі аурулар таратушылары ажыратылады. З. зерттеу мақсатына байланысты бірнеше салаларға бөлінеді: жануарлар жүйеленімі, жануарлар морфологиясы, жануарлар анатомиясы, жануарлар эмбриологиясы, жануарлар гистологиясы, жануарлар физиологиясы, жануарлар генетикасы, жануарлар палеозоологиясы және зоогеография. Сондай-ақ зерттейтін объектілеріне қарай З-ның: протозоология, энтомология, ихтиология, герпетология, орнитология, териология бөлімдері бар. Жануарлар туралы мағлұматтар көне дәуірлерден белгілі. Ежелгі Қытай, Үндістан, т.б. елдерде жануарлар туралы кітаптар шығарылған. Дегенмен, З. ғылым ретінде алғаш Ежелгі Грекияда дамыған және ол Аристотель (б.з.б. 384–322) есімімен тығыз байланысты. Ол өз еңбектерінде тұңғыш рет жануарлар дүниесін жүйеге келтіріп, оларды қаны бар жануарлар және қаны жоқ жануарлар деп екі топқа бөлді. З-ның дамуына 16 ғ-дың аяғы – 17 ғ-дың басында ойлап табылған микроскоптың маңызы зор болды. Оны ойлап тапқан голландия ғалымы А.Левенгук (1632–1723) алғаш рет жануарлардың қан түйірлері мен қан капиллярларын сипаттап жазды. Левенгуктың басты жаңалығы – микроскоп арқылы су тамшыларын зерттеп, оның құрамында қарапайым жәндіктердің тіршілік ететінін ашуы болды. 17 ғ-дың аяғы және 18 ғ-дың басында жануарлар жүйеленімінің негізін ағылшын табиғат зерттеушісі Д.Рей жасады. Ол өзінің «Жануарларға жүйеленімдік шолу» (1693) атты кітабында жануарларды сыртқы белгілеріне қарай жіктеді. Мыс., сүтқоректілерді ол екі топқа: саусақты сүтқоректілер және тұяқты жануарлар деп бөлген. Одан кейін швед ғалымы К.Линней «Systema naturae» (1735) деген еңбегінде жануарлар мен өсімдіктерді жүйелеуде түр, туыс, класс деген зоол. атаулар ұсынды. 18 ғ-дың аяғы – 19 ғ-дың басында француз ғалымы Ж.Кювье жануарлардың салыстырмалы анатомиясы палеонтологияның негізін салды. Ал 1825 ж. француз зоологы А.Бленвиль жануарлар жүйеленіміне тип деген ұғымды енгізді. 19 ғ-да француз ғалымы Ж.Б.Ламарк тірі табиғаттың тарихи дамуын зерттеді. Оның «Зоология философиясы» (1809) деген еңбегінде органик. дүние эволюциясының ғыл. теориясы баяндалды. З-ның дамуына 19 ғ-дың 30-жылдары неміс биологтары М.Шлейден мен Т.Шван ашқан клеткалық теорияның үлкен әсері болды. Бұл теория клеткалық деңгейде тірі организмдердің біртұтас екендігін толық дәлелдеді. Ағылшын табиғат зерттеушісі Ч.Дарвиннің «Табиғи сұрыпталу жолымен түрлердің шығуы немесе тіршілік үшін күресте қолайлы өскен тұқымдардың сақталып қалуы» (1859) атты белгілі еңбегінен кейін З. ғылымы дамуының жаңа кезеңі басталды. 19 ғ-дың 2-жартысында неміс ғалымдары Э.Геккель мен Ф.Мюллер эволюция іліміне сүйене отырып, филогенетткалық З-ның негізі – биогенетикалық заңды ашты. Эвол. салыстырмалы эмбриологияның дамуы Ресей зоологтары И.И.Мечников, А.О.Ковалевскийдің еңбектерімен тығыз байланысты. Қазақстан жануарлары туралы алғашқы ғыл. жазба деректер Византия, Рим, Араб халифаты елшілерінің жолжазбалары мен Махмұт Қашқаридің «Түрік тілінің сөздігінде», «Кодекс Куманикусте» («Қыпшақ тілінің сөздігі») кездеседі. Қазақстанға 17 ғ-дың аяғы мен 18 ғ-дың басында келген географ-саяхатшылардың экспедициялық зерттеулерінің қорытындысы мен жеке мамандардың еңбектерінде де біздің өлкедегі жануарлар туралы деректер мол. Мыс., П.С.Паллас құс пен аңның 41 түріне, Э.А.Эверсман құстың 8 түріне сипаттама берген. Сондай-ақ Н.А.Северцовтің «Түркістан жануарларының таралуы», П.П.Сушкиннің «Қырғыз даласының құстары», Н.А.Зарудныйдың «Арал теңізі құстары», т.б. ғыл. еңбектері аңдар мен құстардың жаңа түрлерін ашып, хайуанаттардың геогр. таралуы мен биологиясын зерттеп білуде маңызы зор болды. 20 ғ-дың басында Л.С.Берг Арал т. мен Балқаш көлі балықтарын зерттеді. Алынған ғыл. мәліметтері оның үш томдық «КСРО және көрші елдер тұщы су балықтары» (1948–49) деген кітабына енді. Сондай-ақ республикамыздың жануарлар дүниесін зерттеуде КСРО ҒА-ның Зоол. ин-ты, Мәскеу мемл. ун-ті, т.б. жоғары оқу орындарының ғалымдары (К.И.Скрябин, Д.Н.Кашкаров, А.Л.Бродский, Б.С.Виноградов, В.А.Селевин, т.б.) үлкен үлес қосты. 20 ғ-дың 20-жылдары Жетісуда көрнекті ғалым В.Н.Шнитников көптеген коллекциялық материалдар жинады. Соның нәтижесінде ол «Жетісу сүтқоректілері» (1936) және «Жетісу құстары» (1949) атты ғыл. еңбектерін жариялады. 20 ғ-дың 30-жылдары Е.Н.Павловский, В.А.Догель, Б.Е.Быховский, т.б. белгілі ғалымдардың басшылығымен жануарлар паразиттері және олар тарататын ауру түрлерін кеңінен зерттеу қолға алынды. Соның нәтижесінде «Арал теңізі балықтарының паразиттері» (1934) және «Каспий теңізі балықтарының паразиттері» (1938) сияқты ғыл. еңбектер жарық көрді. 1924 ж. Алматыда Қазақ өсімдік қорғау ст-сы (қазіргі Қазақ өсімдік қорғау ғыл.-зерт. ин-ты) ашылып, онда а. ш. дақылдарына зиянын тигізетін кеміргіштерді зерттеп, оларға қарсы күрес жолдары анықталды. 1929 ж. ашылған обадан арылу ст-нда (қазіргі Қазақ карантиндік және зооноздық инфекциялар ғыл. орт.) қауіпті оба ауруын тарататын кеміргіштер мен олардың паразиттері зерттелді. Республикада жануарлар жөніндегі жүйелі зерттеулер КСРО ҒА-ның қазақстандық базасының құрамында Зоология секторы ашылғаннан кейін (1932) басталды. З. саласындағы іргелі ғыл.-зерттеулер 1943 ж. құрылған Зоология институтында жүргізілді. Қазақстанның зоолог-ғалымдарының көп жылдық ғыл.-зерт. жұмыстары: «Қазақстанның бауырымен жорғалаушылары», (1956), «Қазақстан құстары» (1–5 т., 1960–74), «Қазақстан тұяқты жануарларының ішкі паразит құрттары» (1–2 т., 1962–63), «Қазақстан сүтқоректілері» (1–4 т., 1969–85), «Қазақстан балықтары» (1–5 т., 1986–92), «Қазақстанның қызыл кітабы» (1996) сияқты іргелі еңбектерде қорытылған. Қазақстанда сүтқоректілер мен құстардың, бауырымен жорғалаушылар мен қосмекенділердің түрлері мен жалпы саны анықталды; кейбір топтарға жататын омыртқасыз жануарлардың фаунасы мен жүйеленімі, жабайы жануарларды халық ш-нда пайдаланудың ғыл. негіздері кеңінен зерттелді. Соңғы жылдары республикамызда жануарлар дүниесінің әртүрлілігін сақтау, оларды ұдайы өсіру және ұтымды пайдаланудың ғыл. жолдарын жасау, жануарлар мен адамның табиғи ошақты және паразиттік ауруларын болдырмау тәсілдерін іздестіру, жануарлар әлемінің кадастрін жасау жұмыстары Қазақстан ғалымдары Е.В.Гвоздев, Т.Досжанов, А.Бекенов, Э.И.Гаврилов, А.Ф.Ковшарь, И.Д.Митяев, Г.Уәлиева, Б.Шайкенов, Л.А.Бурделов, Д.Жатқанбаева, т.б-лардың басшылығымен жүргізілді. Сондай-ақ З. проблемалары ҚазҰУ мен облыс орт-ндағы ун-ттердің биология ф-ттерінде, мемл. қорықтар мен зоол. қорықшаларда, ұлттық табиғи саябақтарда зерттеледі.  