Қазыбек би Келдібекұлы

04.12.2012 2402
ҚАЗЫБЕК БИ Келдібекұлы (1667, Сыр бойы – 1764, қазіргі Қарағанды обл. Қарқаралы ауд. Теректі бұлағындағы қыстау, бұрынғы деректерде 1665 – 1765) – қазақ халқының 17 – 18 ғ-лардағы үш ұлы биінің бірі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Орта жүз арғын тайпасының қаракесек руына кіретін болатқожа атасынан шыққан. Арғы аталары Шаншар абыз, Бұлбұл, өз әкесі Келдібек есімдері елге белгілі әділ билер болған. Ел аузындағы әңгіме-аңыздар мен биден жеткен шешендік сөздер оның өз заманында білімді де жетелі, халықтың ауыз әдебиеті мен салт-дәстүр, рәсімдерін, ата жолы заңдарын мейлінше мол меңгерген, озық ойлы, әділ де көреген, батыл да батыр адам болғандығын айқын аңғартады. Әділдігі мен алғырлығы үшін Тәуке хан Қазыбекті Орта жүздің Бас биі еткен.  Қ. бидің жастық шағы мен бүкіл саналы өмірі қазақ елінің өз ішінде рулық-тайпалық алауыздықтар мен хандық билікке таластың неғұрлым өршіген, көрші мемлекеттердің көз тігуі жиілеп, Жоңғар шапқыншылығы үдей түскен кезеңге тап келді. Ел аузындағы аңыз-әңгімелерге қарағанда, ол Тәуке ханның белгілі би-батырлары бастаған елшілігіне атқосшы болып алғаш рет қалмақ қоңтайшысы Цэван-Рабданға барғанында 14 жаста екен. Қылышынан қан тамған қаһарлы қалмақ ханының алдында қазақ билері жасқаншақтық танытып, күмілжіңкіреп қалған сәтте жасөспірім Қазыбек: «Дат, тақсыр!» – деп жұлқынып алға шығып, айтқан сөздерінен бас алыспақ батырлықты да, ынтымаққа шақырған ізгілікті де аңғарған қалмақ ханы әділдікке жығылып, өжеттігі мен шешендігіне риза болып: «Дауысың қаздың дауысындай екен, бұдан былай сенің есімің Қаз дауысты Қазыбек болсын», – деген. Елшілік жау қолындағы 90 тұтқынды шабылған мал, тоналған мүлігімен шашау шығармай қайтарып алып, елге олжалы оралған.  1718 ж. әз Тәуке қайтыс болғаннан кейін жоңғар шапқыншылығы бұрынғыдан да үдей түсті. Ел «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» нәубетіне ұшырап, қатты күйзеліске түскен осы кезеңде Қазыбек би Сәмеке, Әбілмәмбет хандардың, Барақ Батыр, Абылай сұлтандардың арасын жарастыруға күш салды, оларды өзара ынтымаққа шақырды. И.И. Неплюев, Д.Гладышев сияқты Ресей үкіметінің шенеуніктері арқылы орыс патшасымен достық қарым-қатынас орнатуды жақтады. Ол 1731 ж. орыс патшалығына бодан болған Әбілқайыр ханға айтарлықтай қолдау көрсетті. 1741 ж. Орск қамалына аттанған Орта жүз ханы Әбілмәмбет пен Абылай сұлтанға хат жазып, Арғын тайпасының атынан ант беруге әзір екенін білдірген. Осы жылы Сары-манжы бастаған ойраттардың отыз мың қолдық әскері Орта жүз иеліктеріне тұтқиылдан шабуыл жасап, Абылай сұлтан тұтқынға түсіп қалғанда Қ. би Абылайды құтқару үшін қолдан келген барлық дипломаттық айла-әрекеттерін жасап баққан, орыс комиссиясының бастығы Неплюевпен келісімді жеделдете түскен. Ауызекі әңгімелерде 1742 ж. ерте көктемде Қазыбектің Қалдан-Серенге өзінің де барғандығы айтылады. 1743 ж. Абылай тұтқыннан босап, қазақтың 33 қаласы Әбілмәмбет ханға қайтарылып берілген. Би бұдан кейін де орыс патшалығынан қол үзген жоқ. 1762 ж. екінші ұлы мемлекет Цин империясының елшілерін қабылдамай, сыйлықтарын алудан бас тартып, Абылай сұлтанға Қытай боғдыханынан іргені аулақ салуға кеңес берген. Қазыбек мемлекет істерімен қатар ру аралық, сұлтандар арасындағы кикілжің тартыстарға да әділ билігін айтып отырған.  Қ. бидің артында кейінгі ұрпаққа жарық жұлдыздай жол көрсетіп, жөн-жоба сілтейтін көптеген өнегелі өсиет сөздер қалды. Олар ел жадында құрандай жатталып, қалауы бұзылмаған саф алтындай таза күйінде бүгінгі ұрпаққа жеткен. Сондықтан Қ. биден бізге жеткен мұра халық қазынасының алтын қорынан лайықты орын алған. Би 18 ғ-дың 40-жылдарының басында Сыр бойынан Арқаға қарай ауа көшіп, Ұлытау, Қарқаралы өңірін қоныс қылып, Семізбұғы тауының беткейлерін жайлаған. Би қыс түсе Семізбұғы тауының етегіндегі Теректі қыстағында 97 жасында дүниеден өткен. Марқұмның мәйітін Бекболат оңаша киіз үйде төрт ай сақтап, көктем шыға Түркістандағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесіне апарып жерлеген, басына құлпытас орнатқан. Қазыбектен: Бекболат, Қазымбет, Базаргелді, Барқы, Сырымбет есімді бес ұл, Маңқан (Қамқа) деген бір қыз туған. Қазыбек ұрпақтары ата-баба жолын қуып, сөз ұстаған парасатты әділ қазылар атанған. Қазыбек бидің қайраткерлік қызметі мен шешендік өнері туралы А.И. Левшин, Ш.Уәлиханов, Ш.Маржани, Б.Адамбаев, Н.Төреқұлов, т.б. зерттеулері сақталған. Жазушы С.Сматаевтің «Елім-ай» романында кемеңгер бидің келісімді тұлғасы жасалған. Қарағанды обл-нда бір ауданға, Алматы, Шымкент қ-ларында көшелерге би есімі берілген, ел ордасы – Астанада ескерткіш орнатылған. Қазыбек бидің әдеби мұрасы әр жылдарда баспадан жарық көрген шешендік сөздер жинақтарына енгізілген.  

ҚАЗЫБЕК БИ Келдібекұлы (1667, Сыр бойы – 1764, қазіргі Қарағанды обл. Қарқаралы ауд. Теректі бұлағындағы қыстау, бұрынғы деректерде 1665 – 1765) – қазақ халқының 17 – 18 ғ-лардағы үш ұлы биінің бірі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Орта жүз арғын тайпасының қаракесек руына кіретін болатқожа атасынан шыққан. Арғы аталары Шаншар абыз, Бұлбұл, өз әкесі Келдібек есімдері елге белгілі әділ билер болған. Ел аузындағы әңгіме-аңыздар мен биден жеткен шешендік сөздер оның өз заманында білімді де жетелі, халықтың ауыз әдебиеті мен салт-дәстүр, рәсімдерін, ата жолы заңдарын мейлінше мол меңгерген, озық ойлы, әділ де көреген, батыл да батыр адам болғандығын айқын аңғартады. Әділдігі мен алғырлығы үшін Тәуке хан Қазыбекті Орта жүздің Бас биі еткен. 

Қ. бидің жастық шағы мен бүкіл саналы өмірі қазақ елінің өз ішінде рулық-тайпалық алауыздықтар мен хандық билікке таластың неғұрлым өршіген, көрші мемлекеттердің көз тігуі жиілеп, Жоңғар шапқыншылығы үдей түскен кезеңге тап келді. Ел аузындағы аңыз-әңгімелерге қарағанда, ол Тәуке ханның белгілі би-батырлары бастаған елшілігіне атқосшы болып алғаш рет қалмақ қоңтайшысы Цэван-Рабданға барғанында 14 жаста екен. Қылышынан қан тамған қаһарлы қалмақ ханының алдында қазақ билері жасқаншақтық танытып, күмілжіңкіреп қалған сәтте жасөспірім Қазыбек: «Дат, тақсыр!» – деп жұлқынып алға шығып, айтқан сөздерінен бас алыспақ батырлықты да, ынтымаққа шақырған ізгілікті де аңғарған қалмақ ханы әділдікке жығылып, өжеттігі мен шешендігіне риза болып: «Дауысың қаздың дауысындай екен, бұдан былай сенің есімің Қаз дауысты Қазыбек болсын», – деген. Елшілік жау қолындағы 90 тұтқынды шабылған мал, тоналған мүлігімен шашау шығармай қайтарып алып, елге олжалы оралған. 
1718 ж. әз Тәуке қайтыс болғаннан кейін жоңғар шапқыншылығы бұрынғыдан да үдей түсті. Ел «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» нәубетіне ұшырап, қатты күйзеліске түскен осы кезеңде Қазыбек би Сәмеке, Әбілмәмбет хандардың, Барақ Батыр, Абылай сұлтандардың арасын жарастыруға күш салды, оларды өзара ынтымаққа шақырды. И.И. Неплюев, Д.Гладышев сияқты Ресей үкіметінің шенеуніктері арқылы орыс патшасымен достық қарым-қатынас орнатуды жақтады. Ол 1731 ж. орыс патшалығына бодан болған Әбілқайыр ханға айтарлықтай қолдау көрсетті. 1741 ж. Орск қамалына аттанған Орта жүз ханы Әбілмәмбет пен Абылай сұлтанға хат жазып, Арғын тайпасының атынан ант беруге әзір екенін білдірген. Осы жылы Сары-манжы бастаған ойраттардың отыз мың қолдық әскері Орта жүз иеліктеріне тұтқиылдан шабуыл жасап, Абылай сұлтан тұтқынға түсіп қалғанда Қ. би Абылайды құтқару үшін қолдан келген барлық дипломаттық айла-әрекеттерін жасап баққан, орыс комиссиясының бастығы Неплюевпен келісімді жеделдете түскен. Ауызекі әңгімелерде 1742 ж. ерте көктемде Қазыбектің Қалдан-Серенге өзінің де барғандығы айтылады. 1743 ж. Абылай тұтқыннан босап, қазақтың 33 қаласы Әбілмәмбет ханға қайтарылып берілген. Би бұдан кейін де орыс патшалығынан қол үзген жоқ. 1762 ж. екінші ұлы мемлекет Цин империясының елшілерін қабылдамай, сыйлықтарын алудан бас тартып, Абылай сұлтанға Қытай боғдыханынан іргені аулақ салуға кеңес берген.
Қазыбек мемлекет істерімен қатар ру аралық, сұлтандар арасындағы кикілжің тартыстарға да әділ билігін айтып отырған. 
Қ. бидің артында кейінгі ұрпаққа жарық жұлдыздай жол көрсетіп, жөн-жоба сілтейтін көптеген өнегелі өсиет сөздер қалды. Олар ел жадында құрандай жатталып, қалауы бұзылмаған саф алтындай таза күйінде бүгінгі ұрпаққа жеткен. Сондықтан Қ. биден бізге жеткен мұра халық қазынасының алтын қорынан лайықты орын алған.
Би 18 ғ-дың 40-жылдарының басында Сыр бойынан Арқаға қарай ауа көшіп, Ұлытау, Қарқаралы өңірін қоныс қылып, Семізбұғы тауының беткейлерін жайлаған. Би қыс түсе Семізбұғы тауының етегіндегі Теректі қыстағында 97 жасында дүниеден өткен. Марқұмның мәйітін Бекболат оңаша киіз үйде төрт ай сақтап, көктем шыға Түркістандағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесіне апарып жерлеген, басына құлпытас орнатқан. Қазыбектен: Бекболат, Қазымбет, Базаргелді, Барқы, Сырымбет есімді бес ұл, Маңқан (Қамқа) деген бір қыз туған. Қазыбек ұрпақтары ата-баба жолын қуып, сөз ұстаған парасатты әділ қазылар атанған. Қазыбек бидің қайраткерлік қызметі мен шешендік өнері туралы А.И. Левшин, Ш.Уәлиханов, Ш.Маржани, Б.Адамбаев, Н.Төреқұлов, т.б. зерттеулері сақталған. Жазушы С.Сматаевтің «Елім-ай» романында кемеңгер бидің келісімді тұлғасы жасалған. Қарағанды обл-нда бір ауданға, Алматы, Шымкент қ-ларында көшелерге би есімі берілген, ел ордасы – Астанада ескерткіш орнатылған. Қазыбек бидің әдеби мұрасы әр жылдарда баспадан жарық көрген шешендік сөздер жинақтарына енгізілген.
 

Ұқсас материалдар