"Қожанасыр" қарт

19.11.2013 3700
Оны кейбіреулер "аңшы қарт" деп атап кеткен, ал енді біреулер "Қожанасыр" дейді. Ол - болмысында тым қызық жаратылған, әр сәттік қимылы өзгелерден оқшауланып тұратын кісі. Жасы алпысты алқымдаған бұл адамның әдеті де өзгешелеу: тұйық мінезді, тау құлап жатса да терс етпей жүреді: енді бірде сол салмақты қалпынан тез өзгеріп, сәл нәрсеге шарт-шұрт ашуланатыны бар. Таң ала көбіңнен қара кешке дейін тыным жоқ. Тірлік қамдаймын деп, тірлік қамдайтын тек өзіндей-ақ, елден бұрын оянып алады. Киінгені де қызық, алдымен әбден тозған, әр жерінің шүберегі жалбыраған, жазы-қысы тастамайтын мақталы шалбарын киеді. Сонан соң неше жылғы тер сіңген кәстумін иығына іледі. Оның артынан өзі ерекше ұнататын қоңыр сырмалы күпәйкесін киеді де, белін әскер белдікпен қынай буынады. Шәрбектің әскерден келген баласынан ат пен түйедей көріп қалап алған әскер белдігі әрі түймесі, әрі буынар белдігі... Киініп болды дегенше қарбалас тірліктің басталғаны. Әуелі қорада қамаулы тұрған он шақты уақ малды тысқа шығарады, жалғыз сауын сиырын бас жібінен жетелеп, тыстағы ағаш қазыққа әкеп байлайды. Сосын кепенің төбесіне тырмысып шығып бір-екі бау жоңышқа тастауы керек. Оны уақ малға, сиырдың алдына, сосын қорада қалған есегіне бөліп салады. Енді астауға су құйып, жем илеу басталады, сиырды сауатын кезде алдына қоюы керек. Әйтпесе қарасан келгірдің саудыра қоюы екіталай. Бұл кезде Бүбіжан үйден шығып үлгермесе, қайтадан кепеге кіреді. Малдың қиын күреп, тезірек далаға шығарып тастауды ойлайды. Шелегін білегіне іліп алып, үйден Бүбіжан шығып келе жатады. -          Бассаңшы жылдамырақ!.. Күн тал түс болды ғой... -          Ойпырмо-о-о-й-й! Біреу қуып келе ме, түге, жұрт әлі ұйқысынан оянған да жоқ... -  Осылай десіп алады да, Бүбіжан сиырдын сауырына жармасады. Қарекең бұзауды бас жібінен ұстап тұрып, сауынның тезірек бітуін тағатсыздана күтеді. Сиыр сауылып болады. Шал енді уақ малды шықпырта қуып, өріске беттетеді. Бұзауды емізіп алып, орнына байлайды. Сиырдың алдына бір уыс жоңышқа тастайды да, сонсоң барып беті-қолын жуып, үйге шай ішуге кіреді. Мұнан кейінгі тірліктің  өзі де бір қызық! Шайға тойып алып, қайта белді мықтап буынады да, иыққа көне мылтығы "он алтыны" іледі. Қалтасына оқтаулы патрондарды салып алып, сиырдын, бас жібін босатады да, есекке ерін салып, қонжиып отырып алады. Қарекең өмірі есекке дұрыс отырып көрген адам емес, ылғи да сол жағына қисайып, жанамалай жарбиып алады да, әнін айтып, шоқытып жүре береді. Асылы, жұрттың  "қожанасыр" деуі де осыдан шығар! Қара есек те Қарекеңнің  сырына қанық. Қисық отырды деп кирелендеп, қырыстанбай-ақ, "ықы!" десе болды, тарта береді. Жүрісі де бөлек, қаз-қаз басады деуге де, жорға жүріс деуге де келмейтін бөлек желіс. Жұрт оны "Қожанасырдың есегі" дейді, ал енді біреулер "Қарабай торы" деп атайды, қара есекті неге олай дейді екен?..  Жалғыз сиырды алдына салып алады да, сонау-у көз ұшында мұнартқан Ақтөбені бетке алады. Жолай, өзінен екі-үш жас кіші болса да, бет пішіні мұның қасында егде, ересек көрінетін, мыжырайған, жақ терісі шалбарланып тұратын Әзілбек досының үйінің қасынан өтетін әдеті. Ол тыста жүрсе айқайға басып: - Әй, қақбас!.. - дейді. Ал, анау: -          Тапқан екенсің қақбасты! Өзің қақбас! - деп шыж-быж болып қалады. Қарекең ынты-шынтысымен қарқылдап күліп өте береді. Ақтөбенің баурайына та­қай бере сиырды тастайды да, сонау таудан сылдырай ағып келетін Қайнар дейтін өзенді жағалай, кұс атуға шығады. Қайнардың екі қапталы өмірі үйрексіз болған емес, ауылдағы талай үлкенді-кішілі аң құмар адамдар осы жерде аңшылық құрады. Міне, Қайнарды бойлап жүріп келе жатыр, астындағы есегі әзер ілбиді, бірақ соның өзі жақсы, асыққанда қайда бармақ. Қылт еткенді қағьш тастайтын кәнігі аңщылардай мылтығын кезеніп алған. Есегі мылтық даусына әбден үйреніп кеткен, былқ етпейді. Дәл алдынан бір топ қасқалдақ дүркірей ұшты. Қарекең атуға шақ қалып барып, өзін-өзі тежеді, "он алтыға" қашықтау жер екен. Бір он шақты метр беріден ұшқанда, шүріппені басып-ақ жіберер ме еді. Аз-мұз өкінгендей болды да, артынан қолын бір-ақ сілтеді. Тағы да өзенді бойлай, алға жылжыды. Ойланып келе жатыр, бұл оның соңғы кезде ойлап тапқан әдеті. Аң аулау, құс атуды сылтау етіп шығады да, ылғи бір әр қилы ойлармен кеңес құруды кәсіп етіп алыпты. Дәл қазір өз жанұясы туралы ойланды. Жанұя демекші, қазір үйелмелі-сүйелмелі алты баласы бар. Ең үлкен екі қызын бой жеттіріп, құтты орындарына қондырып жіберді. Енді, міне, ұлы - Байтаны да азамат болды. Көптен бері ойлағаны: "Бір қолды-аяқтай келін түсіріп, соның қолынан сүт қатқан шай ішсем" деп жүруші еді. Осы кеше ғана сол ойыньң кұлталқаны шықты. Ауданнан баласына ала қағаз келіпті, әскерге шақыртқан көрінеді. Сонда алып кетпесе неғылсын. Сол­дат болса, екі жылдан соң ғана оралады. Қандай көп уақыт!..  Қазіргі бар уайымы да сол... Жанары жалғыз нүктеге қадала кетті. Тіктене қарап еді, жалғыз нүкте бірте-бірте көбейіп бара жатыр. Сөйтсе жағада жайылып жүрген бір топ үйрек екен. Дереу мылтығын кезеп, аузын солай қарай бағыттады. Әні, көздеп тұр, көздеп тұр... қазір атылуға тиіс, сұқ саусағы шүріппеге тисе бітіп жатыр. Жоқ, бәрі керісінше болды, мылтықтың басы төмен сылқ түсті. Бұл кәрі жүректің үйректерді аяғаны, атқысы келмегені. Сөйтті де, есегін тебініп қалып, ілгері жүре берді. Әлгіндегі топ үйрек сонда барып, тысырды сезе салып, пыр-пыр етіп, қанаттарын суылдатып, ұшып бара жатты. "Мыжырайған жаман аңшыны алдап соқтық деп мәз боп бара жатқан шығарсындар", - деді Қарекең үйректердің соңынан тесіле қарап тұрып,- сол жаман шалдың кәрі жүрегі сендерді ешбір жамандыққа қиғысы келмейтінің білсеңдер ғой...". Қарабай осыдан әріге асқысы келмей, кері бұрылып, ауылға бет түзеді. Осы кезде: - Уа, Қареке!.. Қареке-е!.. - деген айғай естілді соңынан дейін уақ малды бағатын қойшы екен. - Қареке, қанжыға қанды болсын! Бірнәрсе атып ала алдыңыз ба?.. Бұрылып қарап еді, көк есекті бас-көзге төпеп келе жатқан Кәкен - Осы әлгінде бір топ үйректің дәл үстінен түсіп, басып салуға шақ қалдым да, бишараларды көңілім қимады. Өмір сүрсінші дедім. Әйтпесе кемі екеуін орнында қалдыратыным сөзсіз еді... - Ой-й, Қареке-ай!.. - деп ренжи тіл қатты Кәкен. - Енді ыңғайы келіп тұрған нәрсені бостан-босқа жібергеніңіз не? Көңілшектік аңшыларға тән қасиет емес қой. Аздап қатты болған да мақұл. Әйтпесе... - Жарайды, жарайды!.. Сен-ақ аңшы бола ғой, ақылың да өзіңе, басқаң да өзіңе. Мен "аңшы Қарабай" атанбай-ақ қойдым... - Қарекең қара есекті бүйірге теуіп қалып, тартып кетті. "Қожанасыр десе қожанасыр" деп, Кәкен қалды... "...Адам біткен ақылды. Мен былай етіп ем десең" дереу теріске шығарады. Сонсон, бас салып өз ойын бастайды, сен қажет етесің бе, жоқ па - онымен бір тиын шаруалары болса кәні. Алпыс жылдан астам уақыт өмір сүріп, ешкімге білгішсінген кезім жоқ еді, ешбірінен ақыл да сұрамап едім... Ой, тәйір алғырлар-ай!.." Шалдың есекке өмірінде бірінші рет түзу отырып, екі бүйірге тепкілеп келе жатып ойлаған ойлары осытын...

Оны кейбіреулер "аңшы қарт" деп атап кеткен, ал енді біреулер "Қожанасыр" дейді.

Ол - болмысында тым қызық жаратылған, әр сәттік қимылы өзгелерден оқшауланып тұратын кісі. Жасы алпысты алқымдаған бұл адамның әдеті де өзгешелеу: тұйық мінезді, тау құлап жатса да терс етпей жүреді: енді бірде сол салмақты қалпынан тез өзгеріп, сәл нәрсеге шарт-шұрт ашуланатыны бар.

Таң ала көбіңнен қара кешке дейін тыным жоқ. Тірлік қамдаймын деп, тірлік қамдайтын тек өзіндей-ақ, елден бұрын оянып алады. Киінгені де қызық, алдымен әбден тозған, әр жерінің шүберегі жалбыраған, жазы-қысы тастамайтын мақталы шалбарын киеді. Сонан соң неше жылғы тер сіңген кәстумін иығына іледі. Оның артынан өзі ерекше ұнататын қоңыр сырмалы күпәйкесін киеді де, белін әскер белдікпен қынай буынады.

Шәрбектің әскерден келген баласынан ат пен түйедей көріп қалап алған әскер белдігі әрі түймесі, әрі буынар белдігі...

Киініп болды дегенше қарбалас тірліктің басталғаны. Әуелі қорада қамаулы тұрған он шақты уақ малды тысқа шығарады, жалғыз сауын сиырын бас жібінен жетелеп, тыстағы ағаш қазыққа әкеп байлайды. Сосын кепенің төбесіне тырмысып шығып бір-екі бау жоңышқа тастауы керек. Оны уақ малға, сиырдың алдына, сосын қорада қалған есегіне бөліп салады.

Енді астауға су құйып, жем илеу басталады, сиырды сауатын кезде алдына қоюы керек. Әйтпесе қарасан келгірдің саудыра қоюы екіталай. Бұл кезде Бүбіжан үйден шығып үлгермесе, қайтадан кепеге кіреді.

Малдың қиын күреп, тезірек далаға шығарып тастауды ойлайды.

Шелегін білегіне іліп алып, үйден Бүбіжан шығып келе жатады.

-          Бассаңшы жылдамырақ!.. Күн тал түс болды ғой...

-          Ойпырмо-о-о-й-й! Біреу қуып келе ме, түге, жұрт әлі ұйқысынан оянған да жоқ... -  Осылай десіп алады да, Бүбіжан сиырдын сауырына жармасады. Қарекең бұзауды бас жібінен ұстап тұрып, сауынның тезірек бітуін тағатсыздана күтеді.

Сиыр сауылып болады. Шал енді уақ малды шықпырта қуып, өріске беттетеді. Бұзауды емізіп алып, орнына байлайды. Сиырдың алдына бір уыс жоңышқа тастайды да, сонсоң барып беті-қолын жуып, үйге шай ішуге кіреді.

Мұнан кейінгі тірліктің  өзі де бір қызық! Шайға тойып алып, қайта белді мықтап буынады да, иыққа көне мылтығы "он алтыны" іледі. Қалтасына оқтаулы патрондарды салып алып, сиырдын, бас жібін босатады да, есекке ерін салып, қонжиып отырып алады. Қарекең өмірі есекке дұрыс отырып көрген адам емес, ылғи да сол жағына қисайып, жанамалай жарбиып алады да, әнін айтып, шоқытып жүре береді. Асылы, жұрттың  "қожанасыр" деуі де осыдан шығар!

Қара есек те Қарекеңнің  сырына қанық. Қисық отырды деп кирелендеп, қырыстанбай-ақ, "ықы!" десе болды, тарта береді. Жүрісі де бөлек, қаз-қаз басады деуге де, жорға жүріс деуге де келмейтін бөлек желіс. Жұрт оны "Қожанасырдың есегі" дейді, ал енді біреулер "Қарабай торы" деп атайды, қара есекті неге олай дейді екен?..

 Жалғыз сиырды алдына салып алады да, сонау-у көз ұшында мұнартқан Ақтөбені бетке алады. Жолай, өзінен екі-үш жас кіші болса да, бет пішіні мұның қасында егде, ересек көрінетін, мыжырайған, жақ терісі шалбарланып тұратын Әзілбек досының үйінің қасынан өтетін әдеті. Ол тыста жүрсе айқайға басып:

- Әй, қақбас!.. - дейді. Ал, анау:

-          Тапқан екенсің қақбасты! Өзің қақбас! - деп шыж-быж болып қалады. Қарекең ынты-шынтысымен қарқылдап күліп өте береді. Ақтөбенің баурайына та­қай бере сиырды тастайды да, сонау таудан сылдырай ағып келетін Қайнар дейтін өзенді жағалай, кұс атуға шығады. Қайнардың екі қапталы өмірі үйрексіз болған емес, ауылдағы талай үлкенді-кішілі аң құмар адамдар осы жерде аңшылық құрады.

Міне, Қайнарды бойлап жүріп келе жатыр, астындағы есегі әзер ілбиді, бірақ соның өзі жақсы, асыққанда қайда бармақ. Қылт еткенді қағьш тастайтын кәнігі аңщылардай мылтығын кезеніп алған. Есегі мылтық даусына әбден үйреніп кеткен, былқ етпейді. Дәл алдынан бір топ қасқалдақ дүркірей ұшты. Қарекең атуға шақ қалып барып, өзін-өзі тежеді, "он алтыға" қашықтау жер екен. Бір он шақты метр беріден ұшқанда, шүріппені басып-ақ жіберер ме еді. Аз-мұз өкінгендей болды да, артынан қолын бір-ақ сілтеді.

Тағы да өзенді бойлай, алға жылжыды. Ойланып келе жатыр, бұл оның соңғы кезде ойлап тапқан әдеті. Аң аулау, құс атуды сылтау етіп шығады да, ылғи бір әр қилы ойлармен кеңес құруды кәсіп етіп алыпты.

Дәл қазір өз жанұясы туралы ойланды. Жанұя демекші, қазір үйелмелі-сүйелмелі алты баласы бар. Ең үлкен екі қызын бой жеттіріп, құтты орындарына қондырып жіберді. Енді, міне, ұлы - Байтаны да азамат болды. Көптен бері ойлағаны: "Бір қолды-аяқтай келін түсіріп, соның қолынан сүт қатқан шай ішсем" деп жүруші еді. Осы кеше ғана сол ойыньң кұлталқаны шықты. Ауданнан баласына ала қағаз келіпті, әскерге шақыртқан көрінеді. Сонда алып кетпесе неғылсын. Сол­дат болса, екі жылдан соң ғана оралады. Қандай көп уақыт!..

 Қазіргі бар уайымы да сол...

Жанары жалғыз нүктеге қадала кетті. Тіктене қарап еді, жалғыз нүкте бірте-бірте көбейіп бара жатыр. Сөйтсе жағада жайылып жүрген бір топ үйрек екен. Дереу мылтығын кезеп, аузын солай қарай бағыттады. Әні, көздеп тұр, көздеп тұр... қазір атылуға тиіс, сұқ саусағы шүріппеге тисе бітіп жатыр. Жоқ, бәрі керісінше болды, мылтықтың басы төмен сылқ түсті. Бұл кәрі жүректің үйректерді аяғаны, атқысы келмегені. Сөйтті де, есегін тебініп қалып, ілгері жүре берді. Әлгіндегі топ үйрек сонда барып, тысырды сезе салып, пыр-пыр етіп, қанаттарын суылдатып, ұшып бара жатты. "Мыжырайған жаман аңшыны алдап соқтық деп мәз боп бара жатқан шығарсындар", - деді Қарекең үйректердің соңынан тесіле қарап тұрып,- сол жаман шалдың кәрі жүрегі сендерді ешбір жамандыққа қиғысы келмейтінің білсеңдер ғой...".

Қарабай осыдан әріге асқысы келмей, кері бұрылып, ауылға бет түзеді. Осы кезде:

- Уа, Қареке!.. Қареке-е!.. - деген айғай естілді соңынан дейін уақ малды бағатын қойшы екен.

- Қареке, қанжыға қанды болсын! Бірнәрсе атып ала алдыңыз ба?.. Бұрылып қарап еді, көк есекті бас-көзге төпеп келе жатқан Кәкен

- Осы әлгінде бір топ үйректің дәл үстінен түсіп, басып салуға шақ қалдым да, бишараларды көңілім қимады. Өмір сүрсінші дедім. Әйтпесе кемі екеуін орнында қалдыратыным сөзсіз еді...

- Ой-й, Қареке-ай!.. - деп ренжи тіл қатты Кәкен. - Енді ыңғайы келіп тұрған нәрсені бостан-босқа жібергеніңіз не? Көңілшектік аңшыларға тән қасиет емес қой. Аздап қатты болған да мақұл. Әйтпесе...

- Жарайды, жарайды!.. Сен-ақ аңшы бола ғой, ақылың да өзіңе, басқаң да өзіңе. Мен "аңшы Қарабай" атанбай-ақ қойдым... - Қарекең қара есекті бүйірге теуіп қалып, тартып кетті. "Қожанасыр десе қожанасыр" деп, Кәкен қалды...

"...Адам біткен ақылды. Мен былай етіп ем десең" дереу теріске шығарады. Сонсон, бас салып өз ойын бастайды, сен қажет етесің бе, жоқ па - онымен бір тиын шаруалары болса кәні. Алпыс жылдан астам уақыт өмір сүріп, ешкімге білгішсінген кезім жоқ еді, ешбірінен ақыл да сұрамап едім... Ой, тәйір алғырлар-ай!.."

Шалдың есекке өмірінде бірінші рет түзу отырып, екі бүйірге тепкілеп келе жатып ойлаған ойлары осытын...