Балқаш экологиясы

18.02.2014 18145
Балқаш экологиясы — Балқаш көлі алабындағы табиғи ресурстарды (әсіресе, су қорларын) тиімсіз пайдаланудың нәтижесінде Қазақстанның оңт.-шығыс аймағында 20 ғ-дың аяғында қалыптасқан табиғи, әлеуметтік және экономикалық жағдай. Оны негізгі 2 себеп тудырды. Ішкі себеп — Қапшағай су электр стансасының салынуына байланысты (1970) Іле өз. арнасының бөгелуі.

Балқаш экологиясы — Балқаш көлі алабындағы табиғи ресурстарды (әсіресе, су қорларын) тиімсіз пайдаланудың нәтижесінде Қазақстанның оңт.-шығыс аймағында 20 ғ-дың аяғында қалыптасқан табиғи, әлеуметтік және экономикалық жағдай. Оны негізгі 2 себеп тудырды. Ішкі себеп — Қапшағай су электр стансасының салынуына байланысты (1970) Іле өз. арнасының бөгелуі. Оған дейін Балқаш к-нің экол. тепе-теңдігін көлге құятын өзендер суы мен көл айдынынан буланған ылғал мөлшерінің тұрақтылығы қамтамасыз ететін. Жыл сайын көл алабындағы 15,0 км3 су қорының 11,9 км3-і (80%) Іле өз-мен келсе, қалған 3,0 км3 су көлдің батыс бөлігінен шығыс бөлігіне ығысатын. 1970 — 85 жылдардағы Балқаш к-не құятын өзендер суының жалпы ағыны 14,9 км3-ден 11,8 км3-ге кеміді, яғни, көл жылына шамамен 3,0 км3 су жоғалтып отырды. Көл алабынан алынатын су мөлш. жылына 7,0—8,0 км3-ке дейін өсті (1-сурет), оның 6,5 км3 суы егін суаруға, Қапшағай және басқа да бөгендерді толтыруға жұмсалды. Булануға кететін шығыны жылына 2,0 км3-ге жетті. Осы себептерден 1970 жылдан су деңгейі күрт төмендеді. 1986 жылдың аяғында көл деңгейінің абс. биікт. 340,54 м болды. Көл деңгейінің құлдырау жылд. жылына 15,6 см-ге жетті, бұл көрсеткіш 1908 — 46 жылдардағы төмендеу жылдамдығынан (9,2 см/жыл) біршама жоғары. Іле өз. атырауындағы батпақты-сулы алаптардың 2/3 бөлігі қысқарды. Қапшағай СЭС-і іске қосылған соң, тасқын су шығыны 1600 — 1800 м3/с-тен 700—800 м3/с-ке дейін төмендеді. Электр стансасы қажетіне байланысты    су ағыны жылдам өзгеретін (0—1000 м3/с) болды. СЭС-тен төмен қарай өзен тасындылары (судағы қатты заттар) тоқтап, олар толығымен Қапшағай бөгенінде шөгетін болды. 1986 жылдың аяғында Балқаш к-не құятын Іле өз-нің тармақтарынан Шұбарқұнан, Иір, Базарбай және Қалған Іле ғана қалды. Су шығынының 90%-і тек Иір тармағымен қосылған Қоғалы тармағына жинақталып, бір арнаға айналды. Кезінде суы арнасына симай жататын Жиделі тармағы шөгіндіге тола бастады. Көлдің оңт. жағалауындағы балықтардың уылдырық шашу аймағы түгелдей жойылып, атыраудағы 15 көл жүйелерінен тек 4—5-і ғана қалды. Осының салдарынан жыл сайын ауланатын балық мөлш. 17—18 мың т-дан 10 — 11 мың т-ға дейін төмендеп, балық сапасы да нашарлады. Мыс., бұрын негізінен сазан ауланатын болса, кейін ауланатын балықтың 90%-ін табан, жайын, көксерке, т.б. құрады (1997). Ал, аты әйгілі көкбас, Балқаш қарабалығы 1970 жылдан бері кездеспейтін болды (2-сурет). 1980 жылдан бастап көлдегі балықтар судағы пестицидтер мөлшерінің көбеюінен жаппай фибриалды саркома (қатерлі ісік жаралары) кеселімен ауыра бастады. Көл суының минералд. күрт өсті (3-сурет). Балқаш металлургия кәсіпорындарының өндіріс қалдықтарының әсерінен суда ауыр металдар (мыс, мырыш, қорғасын, кадмий, т.б.) мен күкірт оксидтерінің мөлшері көбейді. Балқаш алабынан атмосфераға түсетін әр түрлі газдардың көлемі жылына 250 мың т-ға жетті. Бұл газдар көл бетінен буланған ылғалмен қосылып, жерге қайтадан қышқыл жаңбыр болып жауады. Жауын-шашынның минералд. 3 еседен астам өсті. Құрғап қалған аумақтардан көтерілген шаң-тозаңның әсері биік таулы аймақтардағы мұздықтардың еріп, ұсақтануына әкелді. Мыс., 1974 жылдан бері Іле Алатауындағы аум. 1 км2-ден астам 86 ірі мұздықтың 6-уы ғана қалды. 1980 — 90 ж. Іле —  Балқаш табиғи-шаруашылық жүйелеріне кешенді ғыл. зерттеулер жүргізіліп, олардың қорытындысы бойынша берілген  ұсыныстарға сәйкес, Қапшағай бөгенінің деңгейі 10 м-ге төмендетілді, сөйтіп көлемі 2 есеге (28 км3-дің орнына 14,5 км3) кеміді де, жер суаруға алынатын су мөлшерінің өсуі тоқтатылды. Осы шаралар Балқаш к-нің деңгейін тұрақтандырғанмен, су сапасы жылдан-жылға нашарлады. Сыртқы себеп — Балқаш алабындағы су қорының жартысына жуығы Қытай мемлекетінің аумағында қалыптасады. Бұл — халықар. деңгейде реттелетін мәселе.

Ж. Достайұлы

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 2-том