Балуан шолақ

09.11.2012 4659
Соңғы редакциялау: 16 қазан 2012 Балуан шолақ, Нұрмағамбет Баймырзаұлы (1864, Ақмола обл. Еңбекшілдер ауд. —  1919, Ақмола обл. Тасты өз. бойы) — атақты палуан, әнші, композитор, ақын. Әкесі Баймырза ағаш шебері болған. Б. Ш. ән-күйге жасынан құмар болып өседі. Жас кезінде оң қолының саусақтары үсіген ол, кейін күш-қажыры толысып, палуандығы танылған кезде Б. Ш. атанады. Б. Ш. 14 жасынан бастап күреске түсіп, ат құлағында ойнаған спортшы болған, шауып келе жатқан ат үстінде әр түрлі күрделі жаттығуларды шебер орындаған. Мыс., жүйткіп келе жатқан ат үстінде түрегеліп, не басымен тұруы, аттың бауырынан өтуі, бір аяғын үзеңгіге қыстырып, шалқалап жатып шабуы бойындағы жойқын күшті, ептілікті шебер игере алатындығын, қазақтың далалық цирк өнерінің іргетасын қалағандығын айғақтайды. Көкшетау қ-ндағы үлкен жиындарда 51 пұт (830 кг-дай) кірдің тасын көтеріп, дүйім жұртты таң қалдырған. 1899 ж. орыс палуаны Иван Кореньмен күресіп, оның қабырғасын сындырғанда Б. Ш. 35-те  еді. Мұның үстіне  Б. Ш. ән-күйге жасынан құмар  болады. Бертін келе, жігіт шағында Б. Ш.  осы екі өнерді қатар дамытады. Әке-шешесі  қайтыс болған соң, Ғаникей деген қызға үйленген Б. Ш. ел аралап, салдық  құрады және жалғыз-жарым жүрмей, маңына әнші-күйші, палуан, өнерлі жастарды жинайды. Топ құрып, “ансамбль” болып сауық құру Б. Ш-тың дәстүріне айналған. Өзі ұстаз тұтқан Біржан сал, Ақан сері әндерінің тамаша орындаушысы әрі  насихатшысы болды. Олардың әнші-композиторлық дәстүрін берік  ұстанып, кейін өзі де ән шығарады. Бұл тұрғыдан  алғанда, Б. Ш. қазақтың әншілік өнерін өрістетуге үлкен үлес қосқан композитор. Көкшетау, Қарқаралы, Қараөткел,  Сарысу бойындағы елдерді  (Жаңаарқа, Нұра)  түгел  аралаған. Б. Ш. Баянауыл, Семейде болады, Арқаның әндерін Жетісуға жеткізеді.  Осы  сапарында Кенен Әзірбаев Б. Ш-тың  көптеген әндерін үйреніп, халыққа таратады. Б. Ш-тың  “Ащылы-айырық”, “Балуан Шолақ”, “Желдірме”,  “Дікілдек”, “Көкшетау”,  “Қосалқа”, “Қос барабан”, “Қос перне”, “Құлан кісінес”, “Кенже қоңыр” сияқты әндері бар. Оның халық арасына кеңінен тараған әндері — “Ғалия” мен “Сентябрь”. “Ғалия” нәзік сезім дүниесін, мөлдір махаббатты шеберлікпен  сыршыл әуенде жырлаған ғашықтық лирикасы болса, “Сентябрь” бірден-ақ кең тыныспен асқақтата шырқалатын жігер-күшке толы қаһармандық ән. Тыңдаушыға оның мелодиясындағы батыл да өршіл қайрат бірден әсер етеді. Б. Ш-тың әндерін шебер орындаушылар Ж. Елебеков, М. Көшкімбаев, М. Тырбаев, Н. Әбішев, Қ.  Бабақов, Т. Арғынбаев, М. Қалапбергенов, К. Әзірбаев, И. Елібаев, М. Өтебаев, Ж. Кәрменов, Қ. Байбосынов, т.б. болды. Белгілі музыка зерттеушісі, фольклоршы А.В. Затаевич  ел арасындағы әншілерден Б. Ш-тың бірнеше әнін жазып алып, оларды “Қазақ халқының 1000 әні” (ғ79, 96, 176, 222,  228) мен “Қазақтың 500 ән-күйі” (ғ309) жинақтарына  енгізді. Алматыдағы спорт сарайы Б. Ш. есімімен аталады.                І. Жақанов, Ө. Жолымбетов Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 2-том    

Соңғы редакциялау:

16 қазан 2012

Балуан шолақ, Нұрмағамбет Баймырзаұлы (1864, Ақмола обл. Еңбекшілдер ауд. —  1919, Ақмола обл. Тасты өз. бойы) — атақты палуан, әнші, композитор, ақын. Әкесі Баймырза ағаш шебері болған. Б. Ш. ән-күйге жасынан құмар болып өседі. Жас кезінде оң қолының саусақтары үсіген ол, кейін күш-қажыры толысып, палуандығы танылған кезде Б. Ш. атанады. Б. Ш. 14 жасынан бастап күреске түсіп, ат құлағында ойнаған спортшы болған, шауып келе жатқан ат үстінде әр түрлі күрделі жаттығуларды шебер орындаған. Мыс., жүйткіп келе жатқан ат үстінде түрегеліп, не басымен тұруы, аттың бауырынан өтуі, бір аяғын үзеңгіге қыстырып, шалқалап жатып шабуы бойындағы жойқын күшті, ептілікті шебер игере алатындығын, қазақтың далалық цирк өнерінің іргетасын қалағандығын айғақтайды. Көкшетау қ-ндағы үлкен жиындарда 51 пұт (830 кг-дай) кірдің тасын көтеріп, дүйім жұртты таң қалдырған. 1899 ж. орыс палуаны Иван Кореньмен күресіп, оның қабырғасын сындырғанда Б. Ш. 35-те  еді. Мұның үстіне  Б. Ш. ән-күйге жасынан құмар  болады. Бертін келе, жігіт шағында Б. Ш.  осы екі өнерді қатар дамытады. Әке-шешесі  қайтыс болған соң, Ғаникей деген қызға үйленген Б. Ш. ел аралап, салдық  құрады және жалғыз-жарым жүрмей, маңына әнші-күйші, палуан, өнерлі жастарды жинайды. Топ құрып, “ансамбль” болып сауық құру Б. Ш-тың дәстүріне айналған.

Өзі ұстаз тұтқан Біржан сал, Ақан сері әндерінің тамаша орындаушысы әрі  насихатшысы болды. Олардың әнші-композиторлық дәстүрін берік  ұстанып, кейін өзі де ән шығарады. Бұл тұрғыдан  алғанда, Б. Ш. қазақтың әншілік өнерін өрістетуге үлкен үлес қосқан композитор. Көкшетау, Қарқаралы, Қараөткел,  Сарысу бойындағы елдерді  (Жаңаарқа, Нұра)  түгел  аралаған. Б. Ш. Баянауыл, Семейде болады, Арқаның әндерін Жетісуға жеткізеді.  Осы  сапарында Кенен Әзірбаев Б. Ш-тың  көптеген әндерін үйреніп, халыққа таратады. Б. Ш-тың  “Ащылы-айырық”, “Балуан Шолақ”, “Желдірме”,  “Дікілдек”, “Көкшетау”,  “Қосалқа”, “Қос барабан”, “Қос перне”, “Құлан кісінес”, “Кенже қоңыр” сияқты әндері бар. Оның халық арасына кеңінен тараған әндері — “Ғалия” мен “Сентябрь”. “Ғалия” нәзік сезім дүниесін, мөлдір махаббатты шеберлікпен  сыршыл әуенде жырлаған ғашықтық лирикасы болса, “Сентябрь” бірден-ақ кең тыныспен асқақтата шырқалатын жігер-күшке толы қаһармандық ән. Тыңдаушыға оның мелодиясындағы батыл да өршіл қайрат бірден әсер етеді. Б. Ш-тың әндерін шебер орындаушылар Ж. Елебеков, М. Көшкімбаев, М. Тырбаев, Н. Әбішев, Қ.  Бабақов, Т. Арғынбаев, М. Қалапбергенов, К. Әзірбаев, И. Елібаев, М. Өтебаев, Ж. Кәрменов, Қ. Байбосынов, т.б. болды. Белгілі музыка зерттеушісі, фольклоршы А.В. Затаевич  ел арасындағы әншілерден Б. Ш-тың бірнеше әнін жазып алып, оларды “Қазақ халқының 1000 әні” (ғ79, 96, 176, 222,  228) мен “Қазақтың 500 ән-күйі” (ғ309) жинақтарына  енгізді. Алматыдағы спорт сарайы Б. Ш. есімімен аталады.

               І. Жақанов,

Ө. Жолымбетов
Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 2-том

 

 

Ұқсас материалдар