Дешті қыпшақ

09.11.2012 35443
Соңғы редакциялау 17 қазан 2012   Дешті қыпшақ, Қыпшақ даласы — 11 — 16 ғ-ларда қолданылған тарихи-географиялық ұғым. Сол кездегі араб және парсы жазбаларында Сырдарияның төменгі сағасы мен Балқаш к-нен Дунай жағалауына дейінгі ұлан-байтақ дала “Дешт-и-Кипчак” деп аталған. Ол алғаш парсы ақыны Насир-и Хұсраудың дастанында (1030 ж.) аталады. Одан бұрын Дешті Қимақ, Оғыз даласы деп аталған. Бұл өңірде 11 ғ-дың басында қыпшақтардың саяси жағынан күшеюіне байланысты этногр. өзгерістер болды. Соның нәтижесінде 10 ғ-да өмір сүрген географтар (Истахри, ибн әл-Хаукал) Оғыздар даласы (Мафаззат әл-гузз) деп атаған ұлан-байтақ жер енді Д. Қ. атымен белгілі бола бастады. Тіпті, Д.Қ. “Оғыздар даласы” алып жатқан жерден де кең аймақты қамтыды. 11 ғ-дың 1-ширегінде қыпшақтар Сырдария бойындағы жабғулар мемлекетіне күйрете соққы берді. Сонымен қатар Ертіс бойын қоныстанған Қимақ мемлекетінің жері де қыпшақтардың билігіне көшті. 11 ғ-дың ортасында қыпшақтар Еділдің оң жақ бетіне өтіп, орыс жылнамаларында (1054) половцы деген атпен белгілі бола бастады. Ал Бат. Еуропа мен Византия шежірелерінде куман немесе коман деп аталды. Орыс жылнамаларында “Қыпшақ даласы” деп шығыста Еділге, батыста Днепрге дейін созылып жатқан жерлерді атаған. Іс жүзінде қыпшақтар қонысы Карпат тауларының орманды бөктерлеріне дейін жеткені тарихи деректерден мәлім. 11 ғ-дың аяғында қыпшақтар Византияның Дунайдағы шептеріне ілігіп, 12 ғ-дың орта шенінде олар Дунайдан әрі батыстағы жерлерді түпкілікті қоныстанған. Сонымен қатар, қыпшақтар Қырымның далалық бөлігін, одан әрі шығыста Еділдің құяр саласы мен Саксин төңірегін де мекендеген. Қыпшақтардың саксин тобы деп аталған ерекше тобы орыс далаларын қоныстанған. Д. Қ-тың ұшы-қиырсыз кең жеріндегі саяси билік қыпшақтардың қолында болып, оларға көптеген этн. топтар бағынған. Қыпшақтардың осылай өз жерін ұлғайтуын олардың батысқа қарай жаппай қоныс аударуы деп түсінуге болмайды. Олар осы кең алқапты тегіс мекендеген. Қыпшақтардың Ертіс пен Дунай арасындағы ұлан-ғайыр жерді мекендегеніне қарамастан, сол кездегі тарихи шығармаларда осы жердің жалпы “Қыпшақ даласы” екенін білдіретін бірыңғай анықтама берілмеген. Мәселен, орыс жылнамалары бұл ұғымды шығыста Еділге дейінгі жерлер үшін қолданса, ал мұсылман авторлары Еділден Ертіске дейінгі жерді Д. Қ. деп атаған. “Қыпшақ даласы” деген кең ұғым тек Шыңғыс хан шапқыншылығынан кейін жиі қолданыла бастады. Плано Карпини (1246) мен Рубрук (1253 — 55) саяхатынан кейін қыпшақ жерінің шын мәнісінде ұшы-қиырсыз екені белгілі бола бастады. Армян патшасы Гетум (1307) қыпшақтардың қонысы шығыста Хорезм патшалығы, одан әрі Ертіске дейін созылатынын айтып, таңдана жазған. 11 — 12 ғ-ларда Д. Қ-тың бір бөлігі саналған Қазақстан жерінде қыпшақтардың бірнеше тәуелсіз иеліктері болған. Сол мезгілде қыпшақтар Хорезм мемлекетімен тығыз қарым-қатынаста болды. Хорезм билеушілері өзінің солт. пен шығыстағы шекараларына жақын орналасқан Д. Қ. тайпаларының күшеюінен қорқып әрі оларды жаулап алу мақсатымен қыпшақтардың бірігуіне бөгет жасауға тырысты. Бұл ретте олар әр түрлі айла-шарғы қолданып бақты. Кейбір қыпшақ тайпаларына хорезмшаҝтар көшіп қонатын жер беріп, өз жағына тартса, қарсы шыққандарын күшпен бағындырмақ болды. Осы кезде Д. Қ. Батыс және Шығыс иеліктер болып екіге бөлінді: Алтай тауынан Еділге дейінгі жерлерді иеленген Шығыс қыпшақ хандығы немесе Шығыс Д. Қ. және Еділден Дунайға дейінгі аралықты алып жатқан Батыс қыпшақ саяси бірлестігі немесе Батыс Д. Қ. 1215 — 16 ж. Хорезм шаҝы Мұхаммед Арал т-нің солт-н мекендейтін мұсылман дініне кірмеген қыпшақтарға қарсы жорыққа шықты. Осы жорық кезінде Хорезм әскерлері Кумак пен Жарлы өзендерінің (Солт.-батыс Қазақстан) алабында қыпшақтарға қашып бара жатқан меркіттерді қуалаған Бату әскерлерімен бірінші рет ұрысқаны мәлім. Хорезмшаҝтар шекараға жақын орналасқан қыпшақ тайпаларымен қатар, орталығы Сығанақта болған қыпшақтармен де толассыз шайқас жүргізіп отырған. Алып Қара Ұранның баласы Қыран (немесе Қадыр-Буку хан) 12 ғ-дың аяғында Сығанақты билеп тұрған. Хорезм шаҝы Мұхаммедтің анасы Туркан хатун Қыран ханның қызы болған. Қыпшақ билеушілерінің ала ауыздығын пайдаланған хорезмшаҝтар 13 ғ-дың басында Сығанақ иеліктерін қол астына қаратты. Ал бұдан бұрын Маңғыстауды мекендеген языр тайпалары тобымен бірге көшіп-қонып жүрген қыпшақтар да Хорезмге тәуелділігін мойындаған болатын. Дегенмен, Хорезмнен алыста жайлаған қыпшақ тайпалары өз тәуелсіздігін сақтап қалды. Д. Қ-ты мекендеген тайпалардың Шыңғыс хан шапқыншылығына дейінгі шаруашылығы біркелкі болмады. Олар, негізінен, көшпелі мал шаруашылығымен айналысты. Сонымен қатар егін салып, сауда және қолөнер кәсібімен шұғылданды. Қолөнер мен сауда, әсіресе, Ертіс, Орт. Қазақстан, Сырдария және Еділ бойларында орналасқан қалаларда едәуір өріс алды. Д. Қ. арқылы өтетін көптеген керуен жолдары Қырым мен Орт. Азияны Алтай, Оңт. Сібір және Русьпен байланыстырып, осы аймақтарда сауда-саттықтың өркендеуіне ықпал етті. Д. Қ. тайпаларының арасында ислам дінінің әсері айтарлықтай болмады. Олар, көбінесе, аруақ пен тәңірге сиынып, шамандық нанымдарды ұстанды. Қыпшақ билеушілерінің өкімет билігі үшін өзара қырқысуы және Хорезм мемлекетінің іштей әлсіреуі Батудың Д. Қ-ты тез арада әрі оңай басып алуына бірден-бір себеп болды. Батудың 1236 — 42 жылдардағы әскери жорықтарының нәтижесінде ұлан-байтақ Д. Қ. пен оның маңындағы жерлерде үлкен мемлекет пайда болды. Ол Шығыс мәліметтерінде Жошы ұлысы, ал орыс жылнамаларында Алтын Орда деген атпен белгілі. Дегенмен, соңғы атаудың қалай шыққаны осы уақытқа дейін белгісіз болып келді. Алтын Орданың құрамына солт. пен солт.-шығыста — орыс князьдіктері мен Бұлғар мемлекеті, оңт-те — Қырым мен оның жағалауындағы қалалар, Кавказдың Дербентке, ал кейде Бакуге дейінгі бөлігі кіретін. Солт. Хорезм мен Үргеніш қ. осы Алтын Ордаға қарайтын. Оның батыстағы шекарасы Днестр өз-нен әрі қарай созылып жатса, шығыста Бат. Сібір мен Сырдарияның төм. сағасына дейін жетті. Шыңғыс хан әулетінің салтына сай Бату ұлыстарды өзінің аға-інілерінің үлесіне бөліп берді. Олар өзіне берілген жерлерді дербес басқарғанымен, Алтын Орда (астанасы Сарай) хандарына тәуелді болды. Дегенмен, олар уақыт озған сайын бұл тәуелділіктен құтылып, өзіне берілген жерлерді жеке-дара билей бастады. Соның нәтижесінде, 14 ғ-дың өзінде-ақ Жошы ұлысының бірлігін сақтап қалу қиынға соқты. Алтын Орда хандарынан іргесін бөлу бағыты, әсіресе, Мүбәрәк Қожаның тұсында (1320 — 44) етек алды. Ол Сығанақта өз атынан ақша шығарып, Сарай хандарынан өзінің біржола тәуелсіздігін жариялады. 14 ғ-дың орта шенінен бастап Алтын Орданың өз ішінде тақ үшін қырқыс көбейді. Ал 60-жылдары Сарайда жылына үш-төрт хан ауысып отырды. Өкімет билігі үшін болған осындай талас-тартыстардың салдарынан, бұрын күшті мемлекет болған Алтын Орда жеке-жеке иеліктерге бөлініп кетті. Оны қалпына келтіремін деушілердің бірі Тоқтамыс болды. Алайда елдің өндіргіш күштерінің қирауы, толассыз ұрыстар кезінде оның байлығының тоналуы әрі Әмір Темірдің бірнеше рет жасаған жорықтары салдарынан Алтын Орда күшті мемлекеттер санатынан шығып қалды. Өкімет билігі үшін күрес қайта жанданды. Бұл тұста Едіге жеңіп шығып, Алтын Орданың іс жүзіндегі ханы болды. Едіге мен Қадірбердіден (1491 ж.ө.) соң Алтын Орда жеке мемлекет ретінде өмір сүруден қалып, бірнеше бөліктерге бөлінді. Оның орнында Астрахан, Қазан, Қырым хандықтары пайда болды. Ал Шығыс Д. Қ-та Көшпелі өзбектер мемлекеті орнады. 15 ғ-дың 2-жартысында Көшпелі өзбектер мемлекетінің жерінде Қазақ хандығы құрылды. Шығыс авторлары Алтын Орда деген атаудың баламасы ретінде қолданған Д. Қ. 16 ғ-дан бастап осы жерде құрылған хандықтардың өз атымен аталды. Көшпелі шаруашылық және осыған сәйкес көшпелі тұрмыс Алтын Орда мемлекетінің өмірінде елеулі рөл атқарды. Мал өсіруге қолайлы жерлер елді билеп тұрған Шыңғыс хан әулеті тұқымдарына бөлініп берілетін. Олар бұл жерлердің толық қожасы болатын да, халықтан алым-салық жинау, өз қарамағындағы адамдарды түрлі жұмыстарға жегу ісін жүзеге асыратын. Алтын Орда тек көшпелі емес, сонымен қатар жартылай отырықшы да мемлекет болды. Себебі оның құрамына енген Бұлғар, Қырым, Солт. Кавказ, Хорезмде егіншілік пен қолөнер кәсібі едәуір дережеде дамыды. Осы иеліктерден жиналатын алым-салық Қарақорымда отырған ұлы хандар мен Шыңғыс хан әулетінен шыққан басқа да ханзадалар арасында бөліске түсетін. Егіншілікпен айналысқан халықтан қалан салығы алынатын да, көшпелілерден копчур салығы (олардың малының бір проценті есебінде) жиналатын. Қолөнер мен сауданың негізгі орталықтары болып саналған Кафа (Феодосия), Судак, Керчь, Азов, Үргеніш, Бұлғар, Биляр, т.б. қ-лар Алтын Орда дәуіріне дейін-ақ белгілі болатын. Жаңа билеушілердің сауда-саттықты кеңейтуге бағытталған шаралары мен жеңілген елдерден қолөнер шеберлерінің көптеп әкелінуі Д. Қ-та жаңа қалалардың пайда болуына және өркендеуіне себепші болды. Алтын Орда астанасы Сарай да осы кезде салынған. Мемлекет ішінде тыныштық орнап, сауда мен қолөнердің өркендеуіне жағдай жасалған кезде бұл қалалар да гүлдене бастайтын. Ал өкімет билігі үшін қырқыс, талас-тартыс тұсында отырықшылық пен қала тіршілігінің дамуына мүмкіндік болмайтын. Әсіресе, Әмір Темір жорықтарынан соң Алтын Орда қалаларының көпшілігі қирап, талқандалды. Д. Қ. қалалары сауда мен қолөнердің орталығы болумен бірге, бұларда ислам діні де тарады. Бату шапқыншылығына дейін-ақ ене бастаған ислам діні Алтын Ордада Берке хан тұсында (1256 — 66) күшейе түсті. Ибн Халдунның айтуынша, ол өз иелігінде мешіттер мен медреселер салдырып, ғұлама ғалымдарды маңына жинаған. Алтын Орда халқының арасында ислам дінін одан әрі тарату ісі Өзбек хан дәуірінде (1312 — 42) біршама қолға алынды. Алтын Орда билеушілері исламды барынша кең уағыздауға тырысты. Бірақ, ислам билеушілер мен қала халқы арасында тарағанымен, көшпелі жұртқа айтарлықтай әсерін тигізе алмады. Олар бұдан кейін де бірнеше ғасыр бойы шамандық әдет-ғұрыптардың ауқымынан ұзамады. Алтын Орданың этн. құрамы әр түрлі болды. Оны билеп тұрған төрелердің саны өте аз еді, сондықтан олар жергілікті халықпен араласып, кейінірек тіпті өз тілін де жоғалтты. 14 ғ-да Жошы ұлысында әдеби түрік тілі қалыптасты, оның құрамында ежелгі қыпшақ және оғыз тілдерінің элементтері едәуір болды. Сондықтан да Алтын Ордамен сауда-саттық жасаған венециялық көпестердің пайдалануы үшін қыпшақ сөздігі “Кодекс Куманикустың” шығарылуы да жайдан-жай емес. Италиялық автор Франческо Пеголотти өзінің “Сауда ісі” деген кітабында Алтын Ордаға баратын саудагерлерге өздерімен бірге қыпшақ тілін білетін аудармашы алып жүру қажеттігі туралы кеңес берген. Жошы ұлысының этн. құрамында Еділ бойы мен Қырымды бұрыннан мекендеген аландар, хазарлар, еврейлер де болатын. “Бахр әл-Асрардың” авторы Бату әскерлерінің құрамында арғын, оғыз, найман, буйрак, ойрат, қарлұқ, құсшы, үйсін, мың, қоңырат, керейт, барлас тайпаларының болғанын айтады. Рашид әд-Диннің мәлімдеуіне қарағанда, Жошы ұлысының төрт мың адамнан құралған әскері салджиют, кингит және кушан тайпаларынан тараған адамдар болған. Тоқты хан (1290 — 1312 ж. билік құрған) жасақтары қатарында орыстар, черкестер, қыпшақтар, мажарлар, қияттар, т.б. болған. Ал Ноғай әскерлерінің ішінде маңғыттар да кездеседі. Алтын Орданы мекендеген тайпалар ішінде алчи-татар деген атпен белгілі тайпа да ұшырасады. Әбілғазының келтірген деректеріне қарағанда, Бату хан Шығ. Еуропаға жасаған жорығынан оралғаннан кейін інісі Орда Еженге жеке ұлыс беріп, байри, құсшы, найман, қарлұқ тайпаларын оның қол астына қаратқан. “Маджму ат-тауарихтың” авторы Ахсикенти Тоқтамыс ханға бас июге ризалық білдірген 32 тайпа туралы сөз еткенімен, олар қай тайпа екенін атап көрсетпейді. Алтын Орданы 15 ғ-да мекендеген тайпалардың құрылымы туралы мәліметтер біршама толығырақ. Дегенмен, олардың 14 ғ-дың соңғы кезеңінен бастап Өзбек ұлысы деп атала бастаған Шығыс Д. Қ-қа қатысы көбірек. Осы мәліметтерді қорыта айтқанда, Өзбек ұлысын мына төмендегі тайпалар мен рулар мекендеген: маңғыт, ішкімаңғыт, жалайыр, қоңырат, арғын, найман, қыпшақ, қалмақ, дүрман, үйсін, қият, керейт, қарлұқ, құсшы, кенегес, барақ, күрлеуіт, ішкі масит, бурқут, мекрит, тама, сулдуз, нукуз, тубай, шынбай, отаршы, сихиут, шункарлы, шадбаклы, шұбырған, каанбайлы, иджан, куйун (құйын), барін, таймас, туман, жеті-мың, ұйғыр, татар, мажар, башқұрт, чат, аз, таңғұт, джуркун, өкірек найман, адгу, ішкі-байри, адлу-оғлы, т.б. Жоғарыда аталған тайпалар мен рулардың көпшілігі кейінірек Орт. Азия мен Қазақстандағы түркі халықтарының құрамына еніп, олардың этн. негізі болды. Сондықтан Шығыс Д. Қ. жерін қоныстанған тайпалар мен рулардың құрамын жете тексеру Қазақстан тарихнамасы үшін маңызды мәселеге айналып отыр. Б. Көмеков Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 3-том

Соңғы редакциялау

17 қазан 2012

 

Дешті қыпшақ, Қыпшақ даласы — 11 — 16 ғ-ларда қолданылған тарихи-географиялық ұғым. Сол кездегі араб және парсы жазбаларында Сырдарияның төменгі сағасы мен Балқаш к-нен Дунай жағалауына дейінгі ұлан-байтақ дала “Дешт-и-Кипчак” деп аталған. Ол алғаш парсы ақыны Насир-и Хұсраудың дастанында (1030 ж.) аталады. Одан бұрын Дешті Қимақ, Оғыз даласы деп аталған. Бұл өңірде 11 ғ-дың басында қыпшақтардың саяси жағынан күшеюіне байланысты этногр. өзгерістер болды. Соның нәтижесінде 10 ғ-да өмір сүрген географтар (Истахри, ибн әл-Хаукал) Оғыздар даласы (Мафаззат әл-гузз) деп атаған ұлан-байтақ жер енді Д. Қ. атымен белгілі бола бастады. Тіпті, Д.Қ. “Оғыздар даласы” алып жатқан жерден де кең аймақты қамтыды. 11 ғ-дың 1-ширегінде қыпшақтар Сырдария бойындағы жабғулар мемлекетіне күйрете соққы берді. Сонымен қатар Ертіс бойын қоныстанған Қимақ мемлекетінің жері де қыпшақтардың билігіне көшті. 11 ғ-дың ортасында қыпшақтар Еділдің оң жақ бетіне өтіп, орыс жылнамаларында (1054) половцы деген атпен белгілі бола бастады. Ал Бат. Еуропа мен Византия шежірелерінде куман немесе коман деп аталды. Орыс жылнамаларында “Қыпшақ даласы” деп шығыста Еділге, батыста Днепрге дейін созылып жатқан жерлерді атаған. Іс жүзінде қыпшақтар қонысы Карпат тауларының орманды бөктерлеріне дейін жеткені тарихи деректерден мәлім. 11 ғ-дың аяғында қыпшақтар Византияның Дунайдағы шептеріне ілігіп, 12 ғ-дың орта шенінде олар Дунайдан әрі батыстағы жерлерді түпкілікті қоныстанған. Сонымен қатар, қыпшақтар Қырымның далалық бөлігін, одан әрі шығыста Еділдің құяр саласы мен Саксин төңірегін де мекендеген. Қыпшақтардың саксин тобы деп аталған ерекше тобы орыс далаларын қоныстанған. Д. Қ-тың ұшы-қиырсыз кең жеріндегі саяси билік қыпшақтардың қолында болып, оларға көптеген этн. топтар бағынған. Қыпшақтардың осылай өз жерін ұлғайтуын олардың батысқа қарай жаппай қоныс аударуы деп түсінуге болмайды. Олар осы кең алқапты тегіс мекендеген. Қыпшақтардың Ертіс пен Дунай арасындағы ұлан-ғайыр жерді мекендегеніне қарамастан, сол кездегі тарихи шығармаларда осы жердің жалпы “Қыпшақ даласы” екенін білдіретін бірыңғай анықтама берілмеген. Мәселен, орыс жылнамалары бұл ұғымды шығыста Еділге дейінгі жерлер үшін қолданса, ал мұсылман авторлары Еділден Ертіске дейінгі жерді Д. Қ. деп атаған. “Қыпшақ даласы” деген кең ұғым тек Шыңғыс хан шапқыншылығынан кейін жиі қолданыла бастады. Плано Карпини (1246) мен Рубрук (1253 — 55) саяхатынан кейін қыпшақ жерінің шын мәнісінде ұшы-қиырсыз екені белгілі бола бастады. Армян патшасы Гетум (1307) қыпшақтардың қонысы шығыста Хорезм патшалығы, одан әрі Ертіске дейін созылатынын айтып, таңдана жазған.

11 — 12 ғ-ларда Д. Қ-тың бір бөлігі саналған Қазақстан жерінде қыпшақтардың бірнеше тәуелсіз иеліктері болған. Сол мезгілде қыпшақтар Хорезм мемлекетімен тығыз қарым-қатынаста болды. Хорезм билеушілері өзінің солт. пен шығыстағы шекараларына жақын орналасқан Д. Қ. тайпаларының күшеюінен қорқып әрі оларды жаулап алу мақсатымен қыпшақтардың бірігуіне бөгет жасауға тырысты. Бұл ретте олар әр түрлі айла-шарғы қолданып бақты. Кейбір қыпшақ тайпаларына хорезмшаҝтар көшіп қонатын жер беріп, өз жағына тартса, қарсы шыққандарын күшпен бағындырмақ болды. Осы кезде Д. Қ. Батыс және Шығыс иеліктер болып екіге бөлінді: Алтай тауынан Еділге дейінгі жерлерді иеленген Шығыс қыпшақ хандығы немесе Шығыс Д. Қ. және Еділден Дунайға дейінгі аралықты алып жатқан Батыс қыпшақ саяси бірлестігі немесе Батыс Д. Қ. 1215 — 16 ж. Хорезм шаҝы Мұхаммед Арал т-нің солт-н мекендейтін мұсылман дініне кірмеген қыпшақтарға қарсы жорыққа шықты. Осы жорық кезінде Хорезм әскерлері Кумак пен Жарлы өзендерінің (Солт.-батыс Қазақстан) алабында қыпшақтарға қашып бара жатқан меркіттерді қуалаған Бату әскерлерімен бірінші рет ұрысқаны мәлім. Хорезмшаҝтар шекараға жақын орналасқан қыпшақ тайпаларымен қатар, орталығы Сығанақта болған қыпшақтармен де толассыз шайқас жүргізіп отырған. Алып Қара Ұранның баласы Қыран (немесе Қадыр-Буку хан) 12 ғ-дың аяғында Сығанақты билеп тұрған. Хорезм шаҝы Мұхаммедтің анасы Туркан хатун Қыран ханның қызы болған. Қыпшақ билеушілерінің ала ауыздығын пайдаланған хорезмшаҝтар 13 ғ-дың басында Сығанақ иеліктерін қол астына қаратты. Ал бұдан бұрын Маңғыстауды мекендеген языр тайпалары тобымен бірге көшіп-қонып жүрген қыпшақтар да Хорезмге тәуелділігін мойындаған болатын. Дегенмен, Хорезмнен алыста жайлаған қыпшақ тайпалары өз тәуелсіздігін сақтап қалды. Д. Қ-ты мекендеген тайпалардың Шыңғыс хан шапқыншылығына дейінгі шаруашылығы біркелкі болмады. Олар, негізінен, көшпелі мал шаруашылығымен айналысты. Сонымен қатар егін салып, сауда және қолөнер кәсібімен шұғылданды. Қолөнер мен сауда, әсіресе, Ертіс, Орт. Қазақстан, Сырдария және Еділ бойларында орналасқан қалаларда едәуір өріс алды. Д. Қ. арқылы өтетін көптеген керуен жолдары Қырым мен Орт. Азияны Алтай, Оңт. Сібір және Русьпен байланыстырып, осы аймақтарда сауда-саттықтың өркендеуіне ықпал етті. Д. Қ. тайпаларының арасында ислам дінінің әсері айтарлықтай болмады. Олар, көбінесе, аруақ пен тәңірге сиынып, шамандық нанымдарды ұстанды. Қыпшақ билеушілерінің өкімет билігі үшін өзара қырқысуы және Хорезм мемлекетінің іштей әлсіреуі Батудың Д. Қ-ты тез арада әрі оңай басып алуына бірден-бір себеп болды. Батудың 1236 — 42 жылдардағы әскери жорықтарының нәтижесінде ұлан-байтақ Д. Қ. пен оның маңындағы жерлерде үлкен мемлекет пайда болды. Ол Шығыс мәліметтерінде Жошы ұлысы, ал орыс жылнамаларында Алтын Орда деген атпен белгілі. Дегенмен, соңғы атаудың қалай шыққаны осы уақытқа дейін белгісіз болып келді. Алтын Орданың құрамына солт. пен солт.-шығыста — орыс князьдіктері мен Бұлғар мемлекеті, оңт-те — Қырым мен оның жағалауындағы қалалар, Кавказдың Дербентке, ал кейде Бакуге дейінгі бөлігі кіретін. Солт. Хорезм мен Үргеніш қ. осы Алтын Ордаға қарайтын. Оның батыстағы шекарасы Днестр өз-нен әрі қарай созылып жатса, шығыста Бат. Сібір мен Сырдарияның төм. сағасына дейін жетті. Шыңғыс хан әулетінің салтына сай Бату ұлыстарды өзінің аға-інілерінің үлесіне бөліп берді. Олар өзіне берілген жерлерді дербес басқарғанымен, Алтын Орда (астанасы Сарай) хандарына тәуелді болды. Дегенмен, олар уақыт озған сайын бұл тәуелділіктен құтылып, өзіне берілген жерлерді жеке-дара билей бастады. Соның нәтижесінде, 14 ғ-дың өзінде-ақ Жошы ұлысының бірлігін сақтап қалу қиынға соқты. Алтын Орда хандарынан іргесін бөлу бағыты, әсіресе, Мүбәрәк Қожаның тұсында (1320 — 44) етек алды. Ол Сығанақта өз атынан ақша шығарып, Сарай хандарынан өзінің біржола тәуелсіздігін жариялады.

14 ғ-дың орта шенінен бастап Алтын Орданың өз ішінде тақ үшін қырқыс көбейді. Ал 60-жылдары Сарайда жылына үш-төрт хан ауысып отырды. Өкімет билігі үшін болған осындай талас-тартыстардың салдарынан, бұрын күшті мемлекет болған Алтын Орда жеке-жеке иеліктерге бөлініп кетті. Оны қалпына келтіремін деушілердің бірі Тоқтамыс болды. Алайда елдің өндіргіш күштерінің қирауы, толассыз ұрыстар кезінде оның байлығының тоналуы әрі Әмір Темірдің бірнеше рет жасаған жорықтары салдарынан Алтын Орда күшті мемлекеттер санатынан шығып қалды. Өкімет билігі үшін күрес қайта жанданды. Бұл тұста Едіге жеңіп шығып, Алтын Орданың іс жүзіндегі ханы болды. Едіге мен Қадірбердіден (1491 ж.ө.) соң Алтын Орда жеке мемлекет ретінде өмір сүруден қалып, бірнеше бөліктерге бөлінді. Оның орнында Астрахан, Қазан, Қырым хандықтары пайда болды. Ал Шығыс Д. Қ-та Көшпелі өзбектер мемлекеті орнады. 15 ғ-дың 2-жартысында Көшпелі өзбектер мемлекетінің жерінде Қазақ хандығы құрылды. Шығыс авторлары Алтын Орда деген атаудың баламасы ретінде қолданған Д. Қ. 16 ғ-дан бастап осы жерде құрылған хандықтардың өз атымен аталды.

Көшпелі шаруашылық және осыған сәйкес көшпелі тұрмыс Алтын Орда мемлекетінің өмірінде елеулі рөл атқарды. Мал өсіруге қолайлы жерлер елді билеп тұрған Шыңғыс хан әулеті тұқымдарына бөлініп берілетін. Олар бұл жерлердің толық қожасы болатын да, халықтан алым-салық жинау, өз қарамағындағы адамдарды түрлі жұмыстарға жегу ісін жүзеге асыратын. Алтын Орда тек көшпелі емес, сонымен қатар жартылай отырықшы да мемлекет болды. Себебі оның құрамына енген Бұлғар, Қырым, Солт. Кавказ, Хорезмде егіншілік пен қолөнер кәсібі едәуір дережеде дамыды. Осы иеліктерден жиналатын алым-салық Қарақорымда отырған ұлы хандар мен Шыңғыс хан әулетінен шыққан басқа да ханзадалар арасында бөліске түсетін. Егіншілікпен айналысқан халықтан қалан салығы алынатын да, көшпелілерден копчур салығы (олардың малының бір проценті есебінде) жиналатын. Қолөнер мен сауданың негізгі орталықтары болып саналған Кафа (Феодосия), Судак, Керчь, Азов, Үргеніш, Бұлғар, Биляр, т.б. қ-лар Алтын Орда дәуіріне дейін-ақ белгілі болатын. Жаңа билеушілердің сауда-саттықты кеңейтуге бағытталған шаралары мен жеңілген елдерден қолөнер шеберлерінің көптеп әкелінуі Д. Қ-та жаңа қалалардың пайда болуына және өркендеуіне себепші болды. Алтын Орда астанасы Сарай да осы кезде салынған. Мемлекет ішінде тыныштық орнап, сауда мен қолөнердің өркендеуіне жағдай жасалған кезде бұл қалалар да гүлдене бастайтын. Ал өкімет билігі үшін қырқыс, талас-тартыс тұсында отырықшылық пен қала тіршілігінің дамуына мүмкіндік болмайтын. Әсіресе, Әмір Темір жорықтарынан соң Алтын Орда қалаларының көпшілігі қирап, талқандалды. Д. Қ. қалалары сауда мен қолөнердің орталығы болумен бірге, бұларда ислам діні де тарады. Бату шапқыншылығына дейін-ақ ене бастаған ислам діні Алтын Ордада Берке хан тұсында (1256 — 66) күшейе түсті. Ибн Халдунның айтуынша, ол өз иелігінде мешіттер мен медреселер салдырып, ғұлама ғалымдарды маңына жинаған. Алтын Орда халқының арасында ислам дінін одан әрі тарату ісі Өзбек хан дәуірінде (1312 — 42) біршама қолға алынды. Алтын Орда билеушілері исламды барынша кең уағыздауға тырысты. Бірақ, ислам билеушілер мен қала халқы арасында тарағанымен, көшпелі жұртқа айтарлықтай әсерін тигізе алмады. Олар бұдан кейін де бірнеше ғасыр бойы шамандық әдет-ғұрыптардың ауқымынан ұзамады.

Алтын Орданың этн. құрамы әр түрлі болды. Оны билеп тұрған төрелердің саны өте аз еді, сондықтан олар жергілікті халықпен араласып, кейінірек тіпті өз тілін де жоғалтты. 14 ғ-да Жошы ұлысында әдеби түрік тілі қалыптасты, оның құрамында ежелгі қыпшақ және оғыз тілдерінің элементтері едәуір болды. Сондықтан да Алтын Ордамен сауда-саттық жасаған венециялық көпестердің пайдалануы үшін қыпшақ сөздігі “Кодекс Куманикустың” шығарылуы да жайдан-жай емес. Италиялық автор Франческо Пеголотти өзінің “Сауда ісі” деген кітабында Алтын Ордаға баратын саудагерлерге өздерімен бірге қыпшақ тілін білетін аудармашы алып жүру қажеттігі туралы кеңес берген. Жошы ұлысының этн. құрамында Еділ бойы мен Қырымды бұрыннан мекендеген аландар, хазарлар, еврейлер де болатын. “Бахр әл-Асрардың” авторы Бату әскерлерінің құрамында арғын, оғыз, найман, буйрак, ойрат, қарлұқ, құсшы, үйсін, мың, қоңырат, керейт, барлас тайпаларының болғанын айтады. Рашид әд-Диннің мәлімдеуіне қарағанда, Жошы ұлысының төрт мың адамнан құралған әскері салджиют, кингит және кушан тайпаларынан тараған адамдар болған. Тоқты хан (1290 — 1312 ж. билік құрған) жасақтары қатарында орыстар, черкестер, қыпшақтар, мажарлар, қияттар, т.б. болған. Ал Ноғай әскерлерінің ішінде маңғыттар да кездеседі. Алтын Орданы мекендеген тайпалар ішінде алчи-татар деген атпен белгілі тайпа да ұшырасады. Әбілғазының келтірген деректеріне қарағанда, Бату хан Шығ. Еуропаға жасаған жорығынан оралғаннан кейін інісі Орда Еженге жеке ұлыс беріп, байри, құсшы, найман, қарлұқ тайпаларын оның қол астына қаратқан. “Маджму ат-тауарихтың” авторы Ахсикенти Тоқтамыс ханға бас июге ризалық білдірген 32 тайпа туралы сөз еткенімен, олар қай тайпа екенін атап көрсетпейді. Алтын Орданы 15 ғ-да мекендеген тайпалардың құрылымы туралы мәліметтер біршама толығырақ. Дегенмен, олардың 14 ғ-дың соңғы кезеңінен бастап Өзбек ұлысы деп атала бастаған Шығыс Д. Қ-қа қатысы көбірек. Осы мәліметтерді қорыта айтқанда, Өзбек ұлысын мына төмендегі тайпалар мен рулар мекендеген: маңғыт, ішкімаңғыт, жалайыр, қоңырат, арғын, найман, қыпшақ, қалмақ, дүрман, үйсін, қият, керейт, қарлұқ, құсшы, кенегес, барақ, күрлеуіт, ішкі масит, бурқут, мекрит, тама, сулдуз, нукуз, тубай, шынбай, отаршы, сихиут, шункарлы, шадбаклы, шұбырған, каанбайлы, иджан, куйун (құйын), барін, таймас, туман, жеті-мың, ұйғыр, татар, мажар, башқұрт, чат, аз, таңғұт, джуркун, өкірек найман, адгу, ішкі-байри, адлу-оғлы, т.б. Жоғарыда аталған тайпалар мен рулардың көпшілігі кейінірек Орт. Азия мен Қазақстандағы түркі халықтарының құрамына еніп, олардың этн. негізі болды. Сондықтан Шығыс Д. Қ. жерін қоныстанған тайпалар мен рулардың құрамын жете тексеру Қазақстан тарихнамасы үшін маңызды мәселеге айналып отыр.

Б. Көмеков

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 3-том