Орталық Казақстан археологиялық экспедициясы

08.11.2012 4285
Соңғы редакциялау: 24 қазан 2012 жыл ОРТАЛЫҚ КАЗАҚСТАН АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЭКСПЕДИЦИЯСЫ, төменгі палеолит ескерткіштерінен бастап ортағасырлық қалалар өркениеті ошақтарын зерттеді. Ол 1946 ж. ҚР ҒА-ның Тарих, археология және этнография ин-тында құрылған. Жетекшілері: 1946 – 75 ж. – Ә.Марғұлан, 1976 – 81 ж. – М.Қадырбаев, 1982 – 85 ж. – Ж.Құрманқұлов, 1986 – 89 ж. – С.Ақынжанов болды, 1990 жылдан – Ж.Құрманқұлов. Экспед. О. Қ. а. э. деп аталғанымен, Қазақстанның барлық аймақтарында жұмыс атқарды. Батыста Сарайшық қ-н, Сырдария өз. бойы мен Қаратаудың терістігінде орналасқан көптеген ортағасырлық қалаларды зерттеді. 1946 – 47 ж. барлау жұмыстарының нәтижесінде Сарысу өз-нің бойы мен оның Атасу, Манақа, Сары және Қара Кеңгір, Жезді, т.б. салалары және Нұра өз. бойынан адамзат тарихының әрбір кезеңінен қалған жүздеген тарихи ескерткіштер ашты. Оның ішінде әлемдік тарихқа енген Беғазы, Саңғыру, Айшырақ, Бұғылы І, ІІ, Ақсу-Аюлы, Ортау, Беласар сияқты қола дәуірі қорымдары, тастағы суреттер мен таңбалар, түркі-қыпшақ замандарының Ұлытау жеріндегі тас мүсін кешендері, қам кірпішпен әсемдеп өрілген қазақ мазарлары табылды. Сол сияқты ерте заманнан бастау алған Уанас, Хан жолы, Сарысу өз. бойымен жүретін керуен жолдарының бағыттары анықталды. Табылған ескерткіштер негізінде О. Қ. а. э. жетекшісі акад. Ә.Марғұлан 1948 ж. экспедиция алдына үш түрлі мақсат қойды: а) өңірдің отырықшы елді мекендер тарихын зерттеу (6 – 7 ғ-лар); ә) патриархалдық-рулық құрылыстың ыдырау кезеңіне жататын қола және ерте темір дәуірлерінің ескерткіштерін зерттеу, оның ішінде көне кен өндірісіне терең көңіл бөлу; б) адамзаттың көне дәуірлеріндегі палеолит пен неолит кезеңін зерттеу. Бұл мәселелер осы күнге дейін О. Қ. а. э. зерттеулерінің негізгі өзегі болып саналады. О. Қ. а. э. құрамында үш отряд құрылды. Қола дәуір ескерткіштерін зерттеу тобын Ә.Оразбаев, қола дәуірінен ерте темір дәуіріне өтпелі кезең ескерткіштерін Марғұлан, ал ерте темір дәуірі тайпаларының мәдениетін М.Қадырбаев зерттеді. Олармен бірге әр жылдары О. Қ. а. э. жұмысына әйгілі ғалымдар: Л.Кызласов, К.Ақышев, Г.Ц. Пацевич, А.Г. Максимова, Т.М. Сенигова, Г.В. Кушаев, Х.Алпысбаев, С.Жолдасбаев, Н.А. Аванесова, т.б. қатысты. О. Қ. а. э. ғалымдары 1954 – 55 ж. тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты Қазақстанның орт., солт. аймақтарын кең зерттеді. Бірқатар обалар қазылып, көптеген ескерткіштер картаға түсірілді. 1959 – 61 ж. Ертіс-Қарағанды каналы, 1972 ж. оның Қарағанды-Жезқазған бағыты зерттелді. 1963 жылға дейінгі ғыл. зерттеулер Қазақстан ҒА-ның Ш.Уәлиханов атынд. сыйлығын алған “Древняя культура Центрального Казахстана” (авторлары Марғұлан, Ақышев, Оразбаев, Қадырбаев) атты іргелі еңбекте жарияланды. Кітапта қола дәуірінің мерзімдік кезеңдері, басты белгілері, өзара сабақтастығы, қола дәуірінің ерте темір дәуіріне өтпелі кезеңінің, яғни Беғазы-Дәндібай мәдениетінің сипаттамасы, оған жалғас ерте темір дәуірінің Тасмола мәдениетінің ескерткіштері де толық ғыл. сипатталды. 1979 ж. Марғұлан Беғазы-Дәндібай мәдениетінің ескерткіштерін жеке кітап етіп шығарды. 1980 – 90 ж. О. Қ. а. э. (Қадырбаев, Ж.Құрманқұлов) Атасу өз. бойындағы және Қызылтау, Ортау, Ақтау аңғарларынан ондаған ескерткіш тауып, зерттеді. Кең көлемде ашылған Атасу, Мыржық, Ақ Мұстафа, Ақмая қоныстарынан б.з.б. 2-мыңжылдықтың орта кезінде металл балқытқан пештер мен металл өңдеген шеберханалар табылды. Осындай пеште­р Ұлытау ауд-ндағы қазіргі кезде зерттеліп жатқан Талдысай қонысынан да табылды. Жезқазған, Балқаш, Қарқаралы, Саяқ, т.б. өңірлерден ертеде кен өндірген көптеген орындар табылды. Ерте заманда кен қазу, металл балқыту істерінің тарихы, түркі-қыпшақ замандарының тас мүсіндері қойылған қоршаулар мен обалар, ғибадатханалар Марғұлан, Қадырбаев, Құрманқұлов, С.Жауымбаев, Л.Н. Ермоленко еңбектерінде жарық көрді. Сол сияқты О. Қ. а. э. жетістіктері Марғұланның көп томдық шығармалар жинағына енді. О. Қ. а. э. шын мәнінде Қазақстан археологиясының өсіп, шыңдалу мектебі болды. Қазіргі кезде О. Қ. а. э. жұмыстары халықар. дәрежеге көтерілді. Оның құрамында Италия, АҚШ, Ресей археолог мамандары еңбек етуде. Ж. Құрманқұлов Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 7-том

Соңғы редакциялау:

24 қазан 2012 жыл

ОРТАЛЫҚ КАЗАҚСТАН АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЭКСПЕДИЦИЯСЫ, төменгі палеолит ескерткіштерінен бастап ортағасырлық қалалар өркениеті ошақтарын зерттеді. Ол 1946 ж. ҚР ҒА-ның Тарих, археология және этнография ин-тында құрылған. Жетекшілері: 1946 – 75 ж. – Ә.Марғұлан, 1976 – 81 ж. – М.Қадырбаев, 1982 – 85 ж. – Ж.Құрманқұлов, 1986 – 89 ж. – С.Ақынжанов болды, 1990 жылдан – Ж.Құрманқұлов. Экспед. О. Қ. а. э. деп аталғанымен, Қазақстанның барлық аймақтарында жұмыс атқарды. Батыста Сарайшық қ-н, Сырдария өз. бойы мен Қаратаудың терістігінде орналасқан көптеген ортағасырлық қалаларды зерттеді. 1946 – 47 ж. барлау жұмыстарының нәтижесінде Сарысу өз-нің бойы мен оның Атасу, Манақа, Сары және Қара Кеңгір, Жезді, т.б. салалары және Нұра өз. бойынан адамзат тарихының әрбір кезеңінен қалған жүздеген тарихи ескерткіштер ашты. Оның ішінде әлемдік тарихқа енген Беғазы, Саңғыру, Айшырақ, Бұғылы І, ІІ, Ақсу-Аюлы, Ортау, Беласар сияқты қола дәуірі қорымдары, тастағы суреттер мен таңбалар, түркі-қыпшақ замандарының Ұлытау жеріндегі тас мүсін кешендері, қам кірпішпен әсемдеп өрілген қазақ мазарлары табылды. Сол сияқты ерте заманнан бастау алған Уанас, Хан жолы, Сарысу өз. бойымен жүретін керуен жолдарының бағыттары анықталды. Табылған ескерткіштер негізінде О. Қ. а. э. жетекшісі акад. Ә.Марғұлан 1948 ж. экспедиция алдына үш түрлі мақсат қойды: а) өңірдің отырықшы елді мекендер тарихын зерттеу (6 – 7 ғ-лар); ә) патриархалдық-рулық құрылыстың ыдырау кезеңіне жататын қола және ерте темір дәуірлерінің ескерткіштерін зерттеу, оның ішінде көне кен өндірісіне терең көңіл бөлу; б) адамзаттың көне дәуірлеріндегі палеолит пен неолит кезеңін зерттеу. Бұл мәселелер осы күнге дейін О. Қ. а. э. зерттеулерінің негізгі өзегі болып саналады. О. Қ. а. э. құрамында үш отряд құрылды. Қола дәуір ескерткіштерін зерттеу тобын Ә.Оразбаев, қола дәуірінен ерте темір дәуіріне өтпелі кезең ескерткіштерін Марғұлан, ал ерте темір дәуірі тайпаларының мәдениетін М.Қадырбаев зерттеді. Олармен бірге әр жылдары О. Қ. а. э. жұмысына әйгілі ғалымдар: Л.Кызласов, К.Ақышев, Г.Ц. Пацевич, А.Г. Максимова, Т.М. Сенигова, Г.В. Кушаев, Х.Алпысбаев, С.Жолдасбаев, Н.А. Аванесова, т.б. қатысты.

О. Қ. а. э. ғалымдары 1954 – 55 ж. тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты Қазақстанның орт., солт. аймақтарын кең зерттеді. Бірқатар обалар қазылып, көптеген ескерткіштер картаға түсірілді. 1959 – 61 ж. Ертіс-Қарағанды каналы, 1972 ж. оның Қарағанды-Жезқазған бағыты зерттелді. 1963 жылға дейінгі ғыл. зерттеулер Қазақстан ҒА-ның Ш.Уәлиханов атынд. сыйлығын алған “Древняя культура Центрального Казахстана” (авторлары Марғұлан, Ақышев, Оразбаев, Қадырбаев) атты іргелі еңбекте жарияланды. Кітапта қола дәуірінің мерзімдік кезеңдері, басты белгілері, өзара сабақтастығы, қола дәуірінің ерте темір дәуіріне өтпелі кезеңінің, яғни Беғазы-Дәндібай мәдениетінің сипаттамасы, оған жалғас ерте темір дәуірінің Тасмола мәдениетінің ескерткіштері де толық ғыл. сипатталды. 1979 ж. Марғұлан Беғазы-Дәндібай мәдениетінің ескерткіштерін жеке кітап етіп шығарды. 1980 – 90 ж. О. Қ. а. э. (Қадырбаев, Ж.Құрманқұлов) Атасу өз. бойындағы және Қызылтау, Ортау, Ақтау аңғарларынан ондаған ескерткіш тауып, зерттеді. Кең көлемде ашылған Атасу, Мыржық, Ақ Мұстафа, Ақмая қоныстарынан б.з.б. 2-мыңжылдықтың орта кезінде металл балқытқан пештер мен металл өңдеген шеберханалар табылды. Осындай пеште­р Ұлытау ауд-ндағы қазіргі кезде зерттеліп жатқан Талдысай қонысынан да табылды. Жезқазған, Балқаш, Қарқаралы, Саяқ, т.б. өңірлерден ертеде кен өндірген көптеген орындар табылды. Ерте заманда кен қазу, металл балқыту істерінің тарихы, түркі-қыпшақ замандарының тас мүсіндері қойылған қоршаулар мен обалар, ғибадатханалар Марғұлан, Қадырбаев, Құрманқұлов, С.Жауымбаев, Л.Н. Ермоленко еңбектерінде жарық көрді. Сол сияқты О. Қ. а. э. жетістіктері Марғұланның көп томдық шығармалар жинағына енді. О. Қ. а. э. шын мәнінде Қазақстан археологиясының өсіп, шыңдалу мектебі болды. Қазіргі кезде О. Қ. а. э. жұмыстары халықар. дәрежеге көтерілді. Оның құрамында Италия, АҚШ, Ресей археолог мамандары еңбек етуде.

Ж. Құрманқұлов

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 7-том

Ұқсас материалдар