Курск шайқасы

08.11.2012 7174
Соңғы редакциялау: 19 қазан 2012   Курск шайқасы – екінші дүниежүзілік соғыс кезінде шешуші рөл атқарған шайқастардың бірі. Ұрыс 1943 ж. 5 шілдеден 23 тамызға дейін созылып, екі жақтан 4 млн-нан аса адам, 69 мыңнан астам зеңбірек пен миномет, 13200-ден аса танк пен өздігінен жүретін қондырғы, 12 мыңға жуық ұшақ қатынасты. Гитлер әскери басшылығы “Цитадель” жоспары бойынша Орел – Курск және Белгород – Курск бағыттарында бірден күшті шабуылға шықты. Курск доғасындағы кеңес әскерлерін қоршауға алып, жойып жібермек болды. Кеңес әскерлері соғыс техникасы жағынан жаудан басым болғанымен, әдейі күні бұрын қорғанысқа көшу туралы тоқтамға келді. Мақсаты – шабуылға шыққан жауды қорғаныс ұрыстары арқылы әлсірету, одан кейін резервтегі күштердің көмегімен қарсы шабуылға шығып, дұшпанды біржолата жою еді. Шабуыл басталар алдында қорғаныс шептері, әсіресе, танкіге қарсы қорғаныс шептері бірнеше қатар етіп жетілдірілді. 5 шілдеде шабуылға шыққан жау әскерлері күшті бекіністерге тап болды. Кеңес жауынгерлерін үнемі авиация қолдады. 12 шілде күні Прохоровкада аса ірі танк шайқасы болып, оған екі жақтан 1100 танк пен өздігінен жүретін қондырғы және аса ірі авиация күштері қатыстырылды. Жау шабуылы тоқтатылды. 12 шілдеде қарсы шабуылға шыққан кеңес әскерлері неміс-фашист басқыншыларының қорғаныс шептерін бұзып өтіп, Орел-Курск бағытында жауға аса күшті соққы берді. 29 шілдеде Волхов, 4 тамызда Орел мен Белгород азат етілді. 5 тамызда кешке Мәскеуде тұңғыш рет Орел мен Белгородты азат ету құрметіне зеңбіректен салют берілді. Воронеж – Харьков т.ж. кесіп тасталды. Қоршауда қалу қаупінен сескенген жау әскерлері 23 тамызда Харьковты тастап шегініп кетті. Харьков азат етілген соң К. ш. аяқталды. К. ш. барысында гитлершілер 30 дивизиясынан немесе 500 мыңнан аса адамынан айрылды. Осының нәтижесінде Кеңес Армиясы барлық майдандарда толық басымдылыққа ие болды. К. ш-нда Воронеж майданы құрамындағы Қазақстанда жасақталған 72 және 73-гвардиялық дивизиялар асқан ерлік көрсетті. Орт. майдан құрамында шайқасқан 8-атқыштар дивизиясының 400-дей жауынгері орден-медальдармен марапатталды. К. ш-нда көрсеткен ерліктері үшін С.Д. Луганский, З.Хұсанов, А.Дәулетбеков ең жоғ. әскери марапат – Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. К. Аманжолов Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 5-том  

Соңғы редакциялау:

19 қазан 2012

 

Курск шайқасы – екінші дүниежүзілік соғыс кезінде шешуші рөл атқарған шайқастардың бірі. Ұрыс 1943 ж. 5 шілдеден 23 тамызға дейін созылып, екі жақтан 4 млн-нан аса адам, 69 мыңнан астам зеңбірек пен миномет, 13200-ден аса танк пен өздігінен жүретін қондырғы, 12 мыңға жуық ұшақ қатынасты. Гитлер әскери басшылығы “Цитадель” жоспары бойынша Орел – Курск және Белгород – Курск бағыттарында бірден күшті шабуылға шықты. Курск доғасындағы кеңес әскерлерін қоршауға алып, жойып жібермек болды. Кеңес әскерлері соғыс техникасы жағынан жаудан басым болғанымен, әдейі күні бұрын қорғанысқа көшу туралы тоқтамға келді. Мақсаты – шабуылға шыққан жауды қорғаныс ұрыстары арқылы әлсірету, одан кейін резервтегі күштердің көмегімен қарсы шабуылға шығып, дұшпанды біржолата жою еді. Шабуыл басталар алдында қорғаныс шептері, әсіресе, танкіге қарсы қорғаныс шептері бірнеше қатар етіп жетілдірілді. 5 шілдеде шабуылға шыққан жау әскерлері күшті бекіністерге тап болды. Кеңес жауынгерлерін үнемі авиация қолдады. 12 шілде күні Прохоровкада аса ірі танк шайқасы болып, оған екі жақтан 1100 танк пен өздігінен жүретін қондырғы және аса ірі авиация күштері қатыстырылды. Жау шабуылы тоқтатылды. 12 шілдеде қарсы шабуылға шыққан кеңес әскерлері неміс-фашист басқыншыларының қорғаныс шептерін бұзып өтіп, Орел-Курск бағытында жауға аса күшті соққы берді. 29 шілдеде Волхов, 4 тамызда Орел мен Белгород азат етілді. 5 тамызда кешке Мәскеуде тұңғыш рет Орел мен Белгородты азат ету құрметіне зеңбіректен салют берілді. Воронеж – Харьков т.ж. кесіп тасталды. Қоршауда қалу қаупінен сескенген жау әскерлері 23 тамызда Харьковты тастап шегініп кетті. Харьков азат етілген соң К. ш. аяқталды. К. ш. барысында гитлершілер 30 дивизиясынан немесе 500 мыңнан аса адамынан айрылды. Осының нәтижесінде Кеңес Армиясы барлық майдандарда толық басымдылыққа ие болды. К. ш-нда Воронеж майданы құрамындағы Қазақстанда жасақталған 72 және 73-гвардиялық дивизиялар асқан ерлік көрсетті. Орт. майдан құрамында шайқасқан 8-атқыштар дивизиясының 400-дей жауынгері орден-медальдармен марапатталды. К. ш-нда көрсеткен ерліктері үшін С.Д. Луганский, З.Хұсанов, А.Дәулетбеков ең жоғ. әскери марапат – Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.

К. Аманжолов

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 5-том