Ғылым және ғылыми мекемелері

08.11.2012 9849
  Соңғы редакциялау: 22 қазан 2012 жыл Ғылым және ғылыми мекемелері. Қазақстанда ғылыми ой-пікірдің тууы ежелгі замандардан бастау алады. Археол. зерттеулер мен жазба деректер бізге Жетісуда, Орт. және Шығ. Қазақстанда 6 – 8, 9 – 11 ғ-ларда-ақ болған ежелгі қалалар мен қоныстар мәдениеті туралы деректер береді. Бұл мәдениеттің иелері өз көркемөнерін, қолөнерін және жазуын жасаған жергілікті түркі тайпалары: оғыздар, қарлұқтар, қимақтар, қыпшақтар еді. Орта Азия мен Қазақстанның 8 – 11 ғ-ларда араб халифатына кіруіне байланысты өлкеде ислам діні таралып, мәдени өмірде араб мәдениетінің ықпалы күшейе түсті. Бат. Еуропадағы латын тілі сияқты араб тілі халифат аумағында халықар. әмбебап тілге айналды. Алайда жергілікті мәдениет пен тіл сақталып қалды. Араб мәдениетін жасауға және дамытуға халифаттың бір кездегі арабтар жаулап алған елдерінен шыққан көптеген талантты ғалымдары барынша белсене қатысты. Орта ғасырлардағы қалалар өздерінің базарларымен және қолөнершілерімен ғана емес, сонымен бірге ақындарымен, ғалымдарымен, суретшілерімен, бай кітапханаларымен, оқу орындарымен де дүние жүзіне мәлім болды. Қалалардың арасында Үндістан мен Қытайдан Еуропаға қатынайтын “Жібек жолы” деп аталатын сауда керуен жолының геогр. және экон. жағынан аса маңызды торабында, Орта Азия мен Қазақстанның отырықшылық-егіншілік аудандарының түйіскен жерінде орналасқан Отырар (Фараб) қ. ерекше көзге түсті. Отырар кітапханасы қолжазба кітап қорының байлығы жағынан Египеттегі Александрия кітапханасынан кейінгі аса ірі кітап қоймасы болды. Отырарда ұлы ғалым Әбу Наср әл-Фараби дүниеге келді. Ол аса зор ғыл. мұра – жүзден астам ірі еңбектер қалдырды. Орта Азия мен Қазақстан қалаларынан Әбу Райхан әл-Бируни, Әбу Абдаллаһ әл-Хорезми, Әбу Әли ибн Сина, Әбу Жафар ат-Туси, Рудаки (860 – 941) және басқа көптеген ғалымдар шықты. Хорезмимен бірге әйгілі астрон. кестелерді жасауға қатысқан астроном әрі математик –Ғаббас әл-Жәуһари (9 ғ-дың 1 жартысы), сондай-ақ, оның замандастары – Ысқақ әл-Фараби және 40 мың сөзден тұратын араб тілінің түсіндірме сөздігін жасаушы Исмаил әл-Жауһари әл-Фараби танымал болды. Ертіс жағалауында қимақтар арасынан географ әрі тарихшы Жанах ибн Хақан Қимақи (т.-ө. ж. белгісіз) шықты. 10 – 11 ғ-ларда қазіргі Қазақстан аумағында өмір сүрген Қарахан әулеті мемлекетінде тамаша ақын әрі ойшыл Жүсіп Баласағұни өз шығармаларын жазды, оның 1069 ж. жазылған “Құтадғу білік” кітабы  дүние жүзінің көптеген елдеріне тарады және оны ғалымдар бүгінге дейін зейін қоя зерттеуде. Ортағасырлық өркениеттің дамуында Ежелгі Грекия мәдениетінің елеулі ықпалы болғаны сөзсіз. Шығыстың озық ойшылдарының ғылым мен мәдениетке қосқан баға жетпес үлесін сол кездің өзінде-ақ Еуропа ғалымдары да мойындаған болатын, мұны 10 – 12 ғ-ларда Шығыс ғалымдары мен ақындары кітаптарының Францияда, Италияда, Испанияда және Еуропаның басқа да елдерінде аударылып кеңінен таралғандығы да дәлелдейді. Олар: Ибн Синаның (Авиценна) “Медицина каноны”, әл-Хорезмидің “Алгебрасы мен теңдеуі”, Ибн Рушдтің (1126 – 98), т.б. еңбектері. Орта Азия мен Қазақстандағы ғылым мен мәдениеттің 9 – 11 ғ-лардағы дамуы туралы айта келіп, орыс шығыстанушысы Н.И. Конрад ғыл. тәжірибеге “Шығыстың дәуірлеуі” деген терминді енгізді. Қазіргі Қазақстан аум-нда ғылым мен мәдениет қарама-қайшы және шектеулі түрде дамыды. Бұл өлкенің Жоңғар және басқа сұрапыл шапқыншылықтарға ұшырауы оның жағдайын мүлде қиындата түсті. 16 ғ-дағы ғалым Мұхаммед Хайдар Дулаттың “Тарих-и Рашиди” деген еңбегі нағыз шыншыл да айқын шығарма болды, оның мәні күні бүгінге дейін жойылған жоқ. 17 ғ-дағы автор – Қыдырғали Жалайыридің “Жамиғ ат-Тауарих” деген шежірелер жинағы да назар аударарлық бірегей еңбек, бұл жинақ 13 – 15 ғ-лардағы қазақ халқының тарихы мен этнографиясының аса қызғылықты деректемесі болып табылады және ол қазіргі қазақ тіліне өте жақын тілде жазылған. 17 ғ-дың соңы – 18 ғ-дың басынан бастап Ресейдің және Батыс Еуропаның бірқатар елдерінің ғалымдары Қазақстан аумағы мен халқын, оның тарихын, мәдениетін, тұрмысы мен салтын зерттей бастады. Осы өлкені алғашқы зерттеушілердің бірі орыс картографы С.У. Ремезов болды, ол “Сібір халықтары және олардың шекаралары туралы сипаттама” деген еңбек жазып қалдырды. 18 ғ-дың алғашқы ширегінде Қазақстанда И.Д. Бухгольцтың (т.-ө. ж. б.), С.Лихаревтың, И.Унковскийдің (т.-ө. ж. белгісіз) және басқа ғалымдардың экспедициясы зерттеу жұмыстарын жүргізді. Олар Ертіс өз-нің алабын Зайсан к-не дейін, Тарбағатай тауының және Жетісу Алатауының сілемдерін зерттеді. А.Бекович-Черкасскийдің ғыл. экспедициясы Арал т-н және Каспий т-нің аумағын картаға түсірді, сондай-ақ қазақ халқы туралы кейбір этногр. мәліметтер жинады. Қазақстан Ресейге қосылғаннан кейін (1731) оны ғыл. тұрғыда зерттеу ісі неғұрлым кең түрде және жедел қарқынмен қолға алынды. 1725 ж. құрылған Ресей ҒА Қазақстан өлкесін геогр., геол. және этногр. тұрғыда зерттеу үшін 1733 жылдың өзінде-ақ экспедиция ұйымдастырды. 1733 жылдан 1771 жылға дейін Бат. Қазақстанға академияның көптеген экспедициясы келіп қайтты, бұл экспедицияларды С.П. Крашенинников (1711 – 1755), И.Г. Гмелин (1709 – 1755), И.И. Лепехин, П.С. Паллас, И.П. Фальк, П.И. Рычков, т.б. басқарды. Орынбор тұрақты экспедициясы құрылды, оған И.К. Кирилов, П.И. Рычков, В.Н. Татищев (1686 – 1750) сияқты белгілі орыс ғалымдары жетекшілік жасады. “Ерте заманнан бергі Ресей тарихы”, т.б. еңбектерінде В.Н. Татищев қазақтардың тарихына зор көңіл бөлді, олардың этногр. тегі, тұрмысы, мәдениеті мен әдет-ғұрпы жөніндегі мәселелерді тұңғыш рет ғыл. әдебиетте баяндауға талпынды. Рычков, Паллас, И.И. Георги, Фальк, И.Г. Андреев, Г.И. Спасский, Н.Я. Бичурин, С.Б. Броневский, В.И. Даль (1801 – 1872), А.И. Левшинөздерінің еңбектерінде қазақтардың тарихын, материалдық және рухани өмірін егжей-тегжейлі баяндады. Өлке тарихына декабристер, сондай-ақ орыстың ұлы ақыны А.С. Пушкин де зор көңіл бөлді. Қазақтардың тарихы жөнінде “Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ ордалары мен далаларының сипаттамасы” деген (1832) үш бөлімнен тұратын тұңғыш іргелі еңбек жазған А.И. Левшинді Ш.Ш. Уәлиханов қазақ халқының Геродоты деп атады, ал оның монографиясын ғылым үшін қымбат қазына деп бағалады.   Белгілі орыс ғалымдары П.П. Семенов-Тян-Шанский, Н.М. Пржевальский, Г.Н. Потанин өлкені зерттеуге ғана емес, сонымен бірге Қазақстанда 19 ғ-дың 2-жартысы мен 20 ғ-дың басында демокр. ғыл. ойдың қалыптасуына да зор үлес қосты. Осы аса ірі ғалымдар, сондай-ақ В.В. Григорьев, Н.Ф. Костылецкий, Е.П.Михаэлис, П.Е. Маковецкий, А.А. Блек қазақтың ағартушы-демократтары – Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, АбайҚұнанбаевтардың рухани өсіп-толысуына тікелей ықпал етті. Ресей Федерациясының шалғайдағы отары – Қазақстан 20 ғ-дың басында бірте-бірте капиталистік қатынастар аясына тартыла бастады. Алайда патриархаттық-феод. қатынастардың үстемдігі, патша өкіметінің езілген халықтарды әдейі мешеулік пен қараңғылықта ұстаған отаршылдық саясаты, шын мәнінде, қазақтарды әлеум. және ұлттық прогреске жеткізетін жолды жауып тастады. 20 ғ-дың басында қазақ балаларының басым көпшілігі әрі дегенде тек ауыл медресесінде ғана оқи алды, мұндағы оқу балаларға діни аяттарды жаттатумен ғана шектелді. Қазақ жерінде 1916 ж. қарсаңында небары бірнеше орыс және орыс-қазақ мектебі ғана болды. Оларда 19370 қазақ баласы оқыды. Ресей ҒА-ның, басқа ведомстволардың ғалымдары Бат. Қазақстанға ара-тұра келіп қайтқанына қарамастан Қазақстан тұтас алғанда 1917 ж. Қазан төңкерісіне дейін ғыл. тұрғыдан терең зерттелмей жатты, ал оның қойнауы табиғи шикізат қорларына бай болатын. 1920 ж. акад. И.М. Губкинніңбасшылығымен әрі тікелей қатысуымен Жайық-Ембі мұнайлы ауданын зерттеу ісі ұйымдастырылды. 1920 ж., сондай-ақ, Қарағанды көмір алабын, Екібастұз көмір алабын зерттеу, этногр. және археол. экспедициялардың барлау жұмыстары басталды. Түбірінен қайта жабдықтау көзделген негізгі 8 экон. ауданның қатарында Түркістан да болды. 1919 ж. Қырғыз (Қазақ) ревкомы штабының жанынан тарихи-статист. бөлім құрылып, ол 1920 ж. ғыл. комиссия (кейін ҚазАКСР Халық ағарту комиссариатының Академиялық орт. болып қайта құрылды) ретінде Қырғыз (Қазақ) ревкомының ағарту бөлімі құрамына енді. 1920 ж. Ресей ҒА-ның Табиғи өндіргіш күштерді зерттеу жөніндегі тұрақты комиссиясы жанынан Қазақстанның жер қойнауын, өсімдіктері мен жануарларын, жалпы табиғатын, сондай-ақ, мәдениетін, тұрмысын, тілін, этн. процестерді кешенді түрде зерттеу үшін бірқатар тұрақты және маусымдық экспедициялық отрядтар құрды. Қазақстандағы алғашқы мемл. ғыл. мекемелер, негізінен, а. ш-мен байланысты болды. Олар: Өлкелік өсімдік қорғау ст. (1924), Тыңайтқыш және агроном.-топырақтану ғыл.-зерт. ин-ты (1926), 1925 ж. Санитариялық-бактериол. ин-т ашылды. Алматы Бас геол. к-тінің және Түсті металдар ин-тының бөлімшелері жұмыс істей бастады. Одақтас және автон. республикалардың табиғи қорларын зерттеу жөнінде құрылған ерекше к-т 1920 жылдың басында-ақ Қазақстанды кешенді зерттеу жөнінде шаралар белгіледі. 1927 ж. республиканың табиғи ресурстарын кешенді түрде зерттеу жөнінде КСРО ҒА-ның қазақстандық экспедициясы құрылып, оны акад. А.Е. Ферсман басқарды. 1932 жылдың КСРО ҒА-ның қазақстандық экспедициясы отрядтарының негізінде дербес 8 экспедиция ұйымдастырылды. 1932 ж. қарсаңында республикада 10-нан астам ғыл.-зерт. ин-ты мен тәжірибе ст., жүздеген тірек пунктері, лаб-лар мен ауа райын зерттеу ст-лары, бірсыпыра геол. барлау ұйымдары болды. ҚазАКСР Мемл. жоспарлау комиссиясы жанындағы экон. зерт. ин-ты, а. ш-н қайта құру, қой ш., сойыстық мал ш., топырақтану, құрылыс ин-ттары сол кездегі ірі ғыл. мекемелердің қатарына жатады. Сол жылдары геологтар А.А. Гапеев пен Д.Н. Бурцев Қарағанды алабында жаңа көмір кен орындарын ашты. М.П. Русаков, Қ.И. Сәтбаев, Р.А. Борукаев Қоңыратта, Жезқазғанда және Бозшакөлде мыс кен орындарын барлады. Республика ғылымын дамытуда қол жеткен табыстардың нәтижесінде және ғыл.-зерт. жұмыстарын ұйымдастыруды жақсарту және оларды үйлестіру мақсатында Кеңес үкіметінің және КСРО ҒА төралқасының шешімі бойынша 1932 ж. 8 наурызда КСРО ҒА-ның Қазақстандық базасы құрылды. Онда небары зоология және ботаника секторлары жұмыс істеді. 1935 ж. құрамында қазақ тілі мен әдебиеті, халық шығармашылығы секторлары бар Қазақ ұлттық мәдениеті ғыл.-зерт. ин-ты база қарамағына берілді, сол жылдары Алматыда Ботаника бағының негізі қаланды. Медицина ғылымы дамыды. 1933 ж. Мал ш. ин-ты, 1935 ж. Егіншілік ин-ты, Мал дәрігерлік және а. ш. экономикасы ин-ттары құрылды. А. ш. тәжірибе ст-ларының тұтас жүйесі пайда болды. Мамандандырылған ин-ттар – а. ш-н механикаландыру және электрлендіру, су ш., орман ш., өсімдік қорғау, жеміс-жүзім ш., астық ш. ин-ттары ұйымдастырылды. 1940 ж. Бүкілодақтық а. ш. ғылымдары академиясының (ВАСХНИЛ) Қазақ бөлімшесі құрылып, оған республиканың а. ш. саласындағы ғыл.-зерт. мекемелеріне басшылық ету және олардың жұмысын үйлестіру міндеті жүктелді. Совет 1938 ж. КСРО ҒА-ның Қазақстандық базасы Қазақ бөлімшесі болып қайта құрылды. Бөлімше президиумын акад. А.Д. Архангельский басқарды. Бөлімше ұйымдастырылғаннан кейін ғыл.-зерт. ин-ттарының жүйесі жедел қарқынмен дами бастады. 1939 ж. бөлімше жанынан топырақтану және география секторлары құрылды. Қарағандыда Ботаника бағының негізі қаланды. 1941 ж. Тіл, әдебиет және тарих ин-тының лингвистика бөлімі, 1940 ж. Геологиялық ғылымдар институты ұйымдастырылды. КСРО ҒА-ның Қазақ бөлімшесінде 2-дүниежүз. соғыс басталар алдында 100-ге жуық ғыл. қызметкер, олардың ішінде 3 ғыл. докт., 14 ғыл. канд. жұмыс істеді. Соғыс жылдары республикаға еліміздің көптеген ғыл. мекемелері мен жоғары оқу орындары көшіп келді. Есімі бүкіл әлемге әйгілі ғалымдар – И.П. Бардин, Л.С. Берг, В.И.Вернадский, Н.Ф. Гамалея (1859 – 1949), И.И. Мещанинов, Н.Д. Зелинский, Л.И. Мандельштам (1879 – 1944), Н.В. Цицин (1898 – 1980), С.Г. Струмилин (1877 – 1974), А.М. Панкратова, А.Е. Фаворский (1860 – 1945), С.Е. Малов, В.Г. Фесенков (1889 – 1972), Г.А. Тихов (1875 – 1960), Б.А. Воронцов-Вельяминов (1904 ж.т.), т.б. осында қызмет етті. Оралдың, Бат. Сібірдің және Қазақстанның ресурстарын Отан қорғау ісіне жұмылдыру жөніндегі КСРО ҒА-ның комиссиясы іске кірісті, оны акад. В.Л. Комаров (1869 – 1945) басқарды. Ғалымдар қорғаныстық және халық ш. маңызы бар ұсыныстар жасап, оларды өндіріске енгізді, қара металдар, молибден, вольфрам, марганец кентастарының, т.б. шикізат ресурстарының мол қорын ашты. Адамдарға қан құю қызметі ұйымдастырылды, жұқпалы жараларды жедел емдеу әдістері кеңінен қолданылды. 1942 ж. Астрономия және физика, Химия-металлургия ин-ттары құрылды. 1943 ж. топырақтану-ботаника, зоология және тропиктік аурулар ин-ттары құрылды. 1942 – 45 ж. КСРО ҒА Қазақ бөлімшесінің ғыл. мекемелері негізінде мамандандырылған химия, металлургия және кен байыту, отқа төзімді материалдар мен құрылыс материалдары, зоология ин-ттары ұйымдастырылды. 1945 ж. Тарих, археология және этнография, Кен ісі, Топырақтану ин-ттары, Математика және механика секторы жұмыс істей бастады (қ. Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы).  Қазақстан Республикасы мемл. тәуелсіздігін алғаннан кейінгі жылдар ішінде (1991 – 2003) ғыл.-тех. саланы ұйымдастыруды реформалау жобалары бойынша үлкен жұмыстар атқарылды, ғылым мен техника және елдің мемл. ғыл.-тех. саясатын мемл. басқарудың негізі қаланды. 1991 жыл еліміздің ұлттық жетістігі есебіндегі отандық ғылым дамуының жаңа кезеңі басталғандығымен ерекшеленді. Қазақстанның құқықтық меншігіне 100-ден астам жалпы одақтық мемл. ғыл.-тех. мекемелер өткендіктен ғылымды мемл. қолдаудың маңыздылығы күрт өсті. Жаңа жағдайларға байланысты қысқа мерзім ішінде мемл. ғыл.-тех. саясатты айқындау қажеттілігі туындады, елдің ғыл.-тех. күш-қуатын сақтап қалу мен одан әрі дамыту үшін ғыл.-тех. саланы мемл. басқарудың тиімді құрылымын қалыптастыру мәселесі туындады. Қазақстан Республикасы Жоғ. Кеңесінің 1992 жылғы 15 қаңтардағы қаулысымен “Қазақстан Республикасының ғылым және ғылыми-техника саясаты туралы” Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Осы жылы ҚР Президентінің “Экономикалық реформалар жағдайында Қазақстан Республикасы мемл. басқару органдарының іс-қимылдары мен ұйымдастыруын жетілдіру” туралы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Ғылым және жаңа технология мин. құрылды. Министрлікке мынадай міндеттер жүктелінді: республиканың ғыл.-тех. саласының дамуы жолында мемл. саясат жүргізу; ғыл. және ғыл.-пед. кадрлар даярлау жұмыстарын үйлестіру; ғыл.-технол. салада халықар. ынтымақтастықты ұйымдастыру. 2000 ж. қайта құрылған ҚР Білім және ғылым мин. – ғылым мен ғыл.-тех. саладағы іс-әрекеттерді жүзеге асыратын, респ. бюджет есебінен қаржыландырылатын ғыл.-зерттеу бағдарламаларына үйлестіретін бірыңғай мемл. өкілетті орган болып табылады. Министрлікке білім және ғылым мен техника саласында бірыңғай мемл. саясатты қалыптастыру мен жүзеге асыру, кепілдік етілген көлемде ақысыз білім алуды мемл. оқу орындарында қажетті жағдайлармен қамтамасыз ету, ғылым мен техниканы дамытудың басым бағыттарына қорларды шоғырландыру, сондай-ақ, ғыл. және пед. кадрларды аттестациялау мен даярлау міндеті жүктелген. Министрлік қарамағында әр түрлі бағыттағы 130 ғыл. мекеме бар. Ғыл. зерттеулерді ҚР Президенті ұсынған “Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі қалыптасуы мен дамуы стратегиясы” аясында халықтың рухани мәдениетін түлетуге, сондай-ақ республикадағы өзге де әлеум.-экон., экол. және ғыл.-тех. мәселелерге байланысты өзекті мәселелерді шешуге бағыттауға ерекше назар аударылды. Ғылымды ұйымдастыруды жетілдіру мен ғыл.-тех. потенциалды дамыту, ғыл.-тех. саланы мемл. басқарудың бірыңғай жүйесін жасау Қазақстан Республикасының егемендік жолындағы стратегиялық қадамдары болды. Осы мақсатта мемлекет көлемінде ұлттық ғыл. орталықтар құру, академиялық ғылымдарды реформалау, жоғары оқу орындарының ғыл. потенциалын арттыру, республика аймақтарында ғыл. зерттеулерді дамыту, ғылымды ұйымдастырудың жаңа формаларын мемл. қолдау, халықар. ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне байланысты жұмыстар жүргізілді. Қазақстан Республикасы Мин. Каб-нің 1993 жылғы 22 қаңтардағы “Қазақстан Республикасында ғылым мен ғылыми-техникалық бағдарламаларды қаржыландыру және жоспарлауды жетілдіру шаралары туралы” Қаулысы бойынша ғыл.-тех. және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар (ҒТТКЖ) мен ғыл.-тех. бағдарламаларды респ. бюджеттен қаржыландыру тәртібі айқындалды. Ғылым және жаңа технология мин. жанынан Ғылым қоры ұйымдастырылды. 1993 жылдан бастап мемл. бюджеттен қаржыландырылатын ғыл.-тех. бағдарламалар мен жобаларды мемл. ғыл.-тех. сараптау енгізілді. Республикада өткізілетін ашық тәжірибелік-конструкторлық және жобалық-технол. жұмыстар мен олар бойынша есеп беру құжаттарын мемл. тіркеудің бірыңғай тәртібі бекітілді. Осылай, ҒТТКЖ-ді қаржыландыруды бағдарламалық-мақсатты әдіске көшірудің нормативтік-құқықтық негізі жасалды. Республика ғыл.-тех. саласы жүргізген жұмыстардың қорытындылары 1998 ж. ақпанда Астана қ-ндағы көрмеде көрсетілді. Елде машина жасау, атом өнеркәсібі мен энергетиканы дамыту жөнінде мемл. бағдарламалардың жобалары жасалды. Республика тау-кен металлургиясы кешенін дамытудың тұжырымдамасы жасалды. Түрлі мақсаттағы жоғары тиімді катализаторлар, қоңыр және тас көмір, тақта тасты сұйылтып қайта өңдеу кезінде алынатын синтет. мұнай мен оны өңдейтін шағын з-ттар жобалары жасалды. Астық пен күріштің жаңа сорттары шығарылды. Түрлі пайдалы қазбаларды іздеу мен өндірудің және ұтымды пайдаланудың тиімділігі жоғары әдістері мен тәсілдері анықталды. Әр түрлі үлгідегі аспаптар – жылу және электр есептегіштер, жылу энергиясын, ыстық және суық суды есептеу аспаптары мен қызметкерлерді жедел мед. куәландыру, т.б. аппараттары өндіріске енгізілді. Алғаш рет отандық компьютерлер мен бірқатар өндірістік және тұрмыстық мақсаттағы электрондық құрылғылар шығарылды. 1998 жылдың соңына дейін 30 шағын кәсіпорын мен өндірістер ұйымдастырылды. Республика ғалымдары мемл. басқару процестерін қамтамасыз етуге белсенді үлес қосты: көне дәуірлерден бастап бүгінгі күнге дейінгі қазақ философиясының тарихы, шығыс пен батыс мәдениеті ықпалдасуы контексінде жаңа философия мен ғылым методологиясы, Қазақстан Республикасындағы конституциялық процестің дамуы, еуроазиялық интеграция, геосаясат, демогр. даму болжамы жасалды. Каспий т-нің құқықтық мәртебесі, аймақтардың өндірістік күштер құрылымын оңтайландыру мен халықты тіршіліктік қамтамасыз ету жүйесі, М.Әуезов шығармаларының 50 томдық академиялық толық жинағын дайындау мақсатында көптеген ғыл.-зерттеу жұмыстары атқарылды. ҚР Үкіметі жанынан іргелі және қолданбалы ғылым мен техниканы дамытудың мемл. басымдылықтарына және болжам жасауға жауапты консультативті-кеңес органы болып саналатын Жоғары ғыл.-тех. комиссия (ЖҒТК) құрылды. ҚР Үкіметінің 1998 жылғы 14 сәуірдегі “Академик Қ.И. Сәтбаевты мәңгі есте қалдыру туралы” Қаулысына сәйкес 1999 ж. бірқатар мерейтойлық шаралар өткізілді. Қ.И. Сәтбаевтың туғанына 100 жыл толу мерекесі ЮНЕСКО қолдауымен өткізілетін мерейтойлар санатына қосылды. 1999 ж. 15 – 23 сәуір аралығында Париждегі ЮНЕСКО бас пәтерінде аса көрнекті ғалым, акад. Қ.И. Сәтбаевтың 100 жылдығына арналған халықар. ғыл. симпозиум өтті. Симпозиумда “Қазақстан ғылымы өткен шақтан болашаққа” деген атпен көрме ашылып, “Қазақстандағы ғылыми ой-пікірлер тарихы”; “Қ.И. Сәтбаев – көрнекті ғылым ұйымдастырушысы”; “Қазақстанның геологиялық ресурстары”, “Минералдық шикізаттарды өңдеу” және “Ауыл шаруашылық ғылымдарының жетістіктері” деп аталатын бөлімдер жұмыс істеді. Сондай-ақ “Қазақстан және ғарыш”, “Ядролық физика”, “Қазіргі заманғы байланыс құралдары”, “Өмір сапасы”, “Қазақстан республикасындағы жоғары білім”, “Перспективті ғылыми жобалар” деп аталатын тақырыптарда материалдар қойылды. 1999 ж. 26 маусым мен 1 шілде аралығында Будапештте ЮНЕСКО және Халықар. ғыл. қауымдастықтың бастамасымен “21 ғасырдағы ғылым. Жаңа міндеттер” тақырыбына дүниежүз. конференция өтті. 2000 ж. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен ғыл.-тех. саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге және ғыл.-тех. потенциалдың қалыптасуына бағытталған, экономика мен оның қорларының қазіргі заманғы инновациялық талаптарына жауап беретін ҚР-ның ғылым және ғыл.-тех. саясатының тұжырымдамасы мақұлданды. Қазақстан Республикасы Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдауымен, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның бірлесуі арқылы Астана мен Алматы қ-нда 2000 ж. 11 – 14 мамыр аралығында “Үшінші мыңжылдық ғылымы” атты халықар. конференция өткізілді. Түркістан қ-ның 1500 жылдығын тойлау шеңберінде 20 – 21 қазанда “Қазақстан мен Түркі әлемінің рухани тарихындағы Түркістан және Қожа Ахмет Иасауи” халықар. ғыл.-практик. конференциясы өткізіліп, оның жұмысына Қазақстан мен таяу және алыс шет елдерден келген 200-ден астам ғалымдар мен мамандар қатысты. ЮНЕСКО шеңберінде атап өтілген бұл шараның соңы Париждегі ЮНЕСКО бас пәтерінде Қазақстан делегациясының қатысуы арқылы өткізілген “Түркістанға 1500 жыл” деп аталатын дөңгелек столмен аяқталды. 2001 ж. 2 ақпанда Алматы қ-нда білім және ғылым қызметкерлерінің съезі өтіп, онда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев баяндама жасады. Президент өз баяндамасында Қазақстан үшін елдің әлеум.-экон., рухани дамуы факторында отандық ғылымды қайта құрудың өмірлік маңызы бар екендігін атап көрсетті. ҚР-ның 2001 ж. 12 шілдеде қабылданған “Ғылым туралы” Заңы ғылымды басқаруды одан әрі жетілдірудің, инновация мен зерттеу процестерін ұйымдастырудың, кадрлар даярлаудың, отандық ғылымды әлемдік ғыл. қауымдастыққа интеграциялаудың негізін қалаушы құжат болды. Бұл заң ғылым және ғыл.-тех. іс-әрекеттер саласындағы қоғамдық қатынастарды үйлестіруге бағыттала отырып, мемл. ғыл.-тех. саясаттың принциптері мен негізгі мақсаттарын, оны жүзеге асыратын мемл. өкілетті органдарды айқындайды және нарықтық қатынас жағдайындағы ғылымның жаңа ұйымдық формасының дамуын, ғылым саласындағы субъектілердің міндеттері мен құқықтарын белгілейді. Ғыл.-зерттеу ин-ттарының материалдық-тех. базасын нығайту мақсатында, ғыл. зерттеулер үшін бірегей құрал-жабдықтар сатып алуға, ғыл. мекемелерді қазіргі заманғы компьютерлік техникамен жарақтандыруға бағытталған “Ғылыми мекемелерге құрал-жабдықтар сатып алуды республикалық деңгейде қаржыландыру” туралы жаңа бюджеттік бағдарламаға сәйкес алғаш рет қаржы бөлінді. Соңғы жылдардағы ғалымдар жүргізген ғыл. зерттеулер отандық ғылым мен технологияның бәсекелестік мүмкіндіктерін жоғары көтеретін жаңа іргелі білімге бағытталынып келеді. Ғылыммен тығыз байланысты өндірістердің қалыптасуы үшін ғыл. базалардың құрылуы табиғи және минералды ресурстарды ұтымды пайдалану, жаңа материалдар мен препараттар жасау, техногендік қалдықтарды қайта өңдеуге тарту, тау-кен металлургиясы кешенінің тұрақты жұмыс істеуі мен тиімділігін көтеру, молекулалық және клеткалық биология нәтижелерін биотехнологияда, медицинада, а. ш-нда қолдану, денсаулық және тамақтану сапасы, телекоммуникация мен байланыстың қазіргі заманғы жүйесін құру, атом энергетикасын дамыту сияқты қажетті шаралардан тұрады. Қазіргі уақытта 36 ғылыммен тығыз байланысты өндірістерге арналған конструкторлық-жобалық және тех.-құжаттық жұмыстар дайын. Отандық технологияны пайдалану негізінде жылына 15 млрд. доллардан астам өнім беретін деңгейге жетуге мүмкіндігі бар елдегі химия және мұнай химиясы өнідірістері мен мұнай, газ және көмір өңдеу бойынша бәсекеге қабілетті және тиімді құрылыстарды кеңейту мен жаңарту көзделінуде. Тәуелсіздік жылдарындағы кезең ғылымды ұйымдастыру мен ғыл. шығармашылық процесті басқарудың жаңа тәсілдерін енгізу, ғалымдар іс-әрекетіне қолайлы жағдай туғызу, ғыл. кадрлардың жаңа буынын даярлау, білім мен ғылымды интеграциялаудың барынша оңтайлы жүйесін іздестірумен сипатталады. Қазақстанның аграрлық ғылымын басқару түрлері бірнеше рет өзгеріске ұшырады. 1941 ж. В.И. Ленин атынд. Бүкілодақтық а. ш. ғылымдары академиясының (ВАСХНИЛ) Қазақ бөлімшесі құрылды, ол 1957 – 62 жылға дейін Қазақ а. ш. ғылымдар академиясы деп аталды. Кейін агр. саладағы ғыл.-зерттеу ин-ттары А. ш. мин-нің (1962 – 71) және ВАСХНИЛ-дің Шығыс бөлімшесінің (1971 – 90) құзырында болды. Қазақстан Президентінің 1990 жылғы 14 желтоқсандағы жарлығына сәйкес ВАСХНИЛ-дың Шығыс бөлімшесі мен респ. және одақтық бағыныстағы ғыл.-зерттеу мекемелері негізінде қайтадан Қазақ а. ш. ғылымдар академиясы құрылды. 1996 ж. Қазақ а. ш. ғылымдар академиясының базасы негізінде Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық агр. зерттеулер орт. (ҚР ҰААЗО) құрылып, оған елдің агроөндірістік кешенін ғыл. зерттеулермен қамтамасыз ету міндеті жүктелді. Жалпы алғанда ҚР агр. ғылым жүйесінде 3372 инж.-тех. және ғыл. кадрлар қызмет етеді, 1383 ғыл. қызметкердің ішінде 130 ғылым докт., 540 ғылым канд. бар (2002). Агроөндірістік кешенді ғыл. зерттеулермен қамтамасыз ету мәселелерімен 29 ин-т, олардың екі филиалы, 18 а. ш., орман және малдәрігерлік ст-лар, 38 тәжірибелік-эксперименттік кәсіпорындар, респ. а. ш. ғыл. кітапханасы, “Бастау” ғыл. басылым редакциясы, сондай-ақ, елдің бірқатар жоғары оқу орындары айналысады. Агр. ғылымдар орталықтарының негізгі міндеттері: агроөнеркәсіп кешені саласында ғыл.-тех. прогресті жеделдетуге бағытталған іргелі және қолданбалы зерттеулерді жүргізу; агроөнеркәсіп кешеніндегі экон. реформалардың ғыл. негіздерін жасау; жоғары өнім беретін өсімдіктердің сорттары мен гибридтерін, жануарлар тұқымдарын алу; а. ш. жануарларының, өсімдіктері мен микроорганизмдерінің құнды гендік қорын сақтау, дамыту және қолдану; а. ш. өнімдерін өндіру, өңдеу және сақтау үшін ресурс үнемдейтін жаңа технологиялар, машиналар мен құрал-жабдықтар жасау; ауыл, орман, су және балық ш-н кешенді механикаландыру, электрлендіру мен автоматтандыру үшін машиналар жүйесін қалыптастыру, техника мен қалпына келтірілетін энергия көздерін тиімді пайдалану әдістерін жасау; а. ш-нда табиғи ресурстарды тиімді пайдаланудың ғыл. негіздерін жасау; агроөнеркәсіп кешенінің барлық салалары бойынша жоғары білікті ғыл. кадрлар даярлауды ұйымдастыру; тәжірибелік-эксперименттік кәсіпорындарда а. ш. дақылдарының жаңа сорттары мен гибридтерін (будандарын), жаңа технологияларды, машиналар мен құрал-саймандарды өндірістік сынақтан өткізу; а. ш. дақылдарынының жоғары өнімді тұқымдарын, жануарлар тұқымдары мен тұқымдық топтарын көбейту және өткізу; ғыл. жетістіктер мен білімдерді насихаттау және тарату. Жоғарыда аталған бағдарламаларды жүзеге асыру шеңберінде соңғы жылдары а. ш. ғыл. мекемелері өндіріске төмендегідей негізгі ұсыныстар енгізді: агроөнеркәсіп кешенін экон. дағдарыстан шығару іс-шаралары ұсынылған; шаруа қожалықтарының аймақтық үлгілері жасалып, оларды дамытуды мемл. қолдау шаралары ұсынылды; а. ш. дақылдарының 193 сорты мен гибриді жасалып, мемл. сынақтан өтті, 277-сі мемл. сынақтан өтуде; қазақстандық сұрыптаудың жоғары сапалы сұрыптамалары пайдаланылып, ел аймақтары бойынша тұқым өсіруді ұйымдастыру құрылымы жасалды; жыл сайын дәнді дақылдардың 25 мың т, майлы өсімдіктердің 800 – 900 т, көп жылдық өсімдіктердің 450 – 500 т, картоптың 4,5 – 5,0 мың т сапалы тұқымдары өндіріліп, сатылады; а. ш. жануарларының 14 жаңа типі, түрлері мен тұқымдары өсіріліп сынақтан өткізілді; ауылда болып жатқан өзгерістерді ескере отырып, жануарларды тұқымдық аудандастырудың жаңа жоспары құрылды; мал ш. салаларында малдәрігерлік жағдайды жақсарту мақсатында 10 вакцина, 9 диагностикум және 3 емдік препарат жасалды; ин-ттардың тәжірибелік-эксперименттік кәсіпорындарында елде бар а. ш. өсімдіктері, жануарлары мен микроорганизмдерінің гендік қоры сақталған; 35 жаңа машиналар мен қондырғы, тракторлар мен комбайндардың агрегаттары мен бөлшектерін қалпына келтіру бойынша 14 технол. процесс, технол.-жөндеу құралдарының 15 үлгісі, жиналған астықты өңдеуге арналған 14 технол. жабдық жасалып, сынақтан өткізіліп, өндіріске ұсынылды; өсімдік ш-н кешенді механикаландыруға арналған машиналар жүйесі ұсынылды; машина-технол. ст-ларды (МТС) ұйымдастыру бойынша ұсыныстар берілді; жергілікті шикізат негізінде емдік-сауықтыру қасиеттері бар 5 жаңа тағам өнімі, сыра мен шараптың 3 жаңа түрін өндіру технологиясы жасалды; халықар. талаптарға сәйкес тамақ өнімдері мен шикізаттың негізгі түрлеріне Қазақстанның 42 стандарты жасалып бекітілді; зерттеу нәтижелеріне Қазақстан Республикасының 173 патенті және 58 авторлық куәлігі берілген. 2002 ж. желтоқсан айында Қазақстан Үкіметінің қаулысымен ҚР Ұлттық академиялық агр. зерттеулер орт. таратылып, оның қарамағындағы ғыл.-зерттеу ин-ттары шаруашылық жүргізу құқығындағы ғыл.-өндірістік орталықтар мен ғыл.-зерттеу ин-ттары болып қайта ұйымдастырылды. Ж.Сыдықов, Б.Жұматаев Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 5-том  

 

Соңғы редакциялау:

22 қазан 2012 жыл

Ғылым және ғылыми мекемелері. Қазақстанда ғылыми ой-пікірдің тууы ежелгі замандардан бастау алады. Археол. зерттеулер мен жазба деректер бізге Жетісуда, Орт. және Шығ. Қазақстанда 6 – 8, 9 – 11 ғ-ларда-ақ болған ежелгі қалалар мен қоныстар мәдениеті туралы деректер береді. Бұл мәдениеттің иелері өз көркемөнерін, қолөнерін және жазуын жасаған жергілікті түркі тайпалары: оғыздар, қарлұқтар, қимақтар, қыпшақтар еді. Орта Азия мен Қазақстанның 8 – 11 ғ-ларда араб халифатына кіруіне байланысты өлкеде ислам діні таралып, мәдени өмірде араб мәдениетінің ықпалы күшейе түсті. Бат. Еуропадағы латын тілі сияқты араб тілі халифат аумағында халықар. әмбебап тілге айналды. Алайда жергілікті мәдениет пен тіл сақталып қалды. Араб мәдениетін жасауға және дамытуға халифаттың бір кездегі арабтар жаулап алған елдерінен шыққан көптеген талантты ғалымдары барынша белсене қатысты. Орта ғасырлардағы қалалар өздерінің базарларымен және қолөнершілерімен ғана емес, сонымен бірге ақындарымен, ғалымдарымен, суретшілерімен, бай кітапханаларымен, оқу орындарымен де дүние жүзіне мәлім болды. Қалалардың арасында Үндістан мен Қытайдан Еуропаға қатынайтын “Жібек жолы” деп аталатын сауда керуен жолының геогр. және экон. жағынан аса маңызды торабында, Орта Азия мен Қазақстанның отырықшылық-егіншілік аудандарының түйіскен жерінде орналасқан Отырар (Фараб) қ. ерекше көзге түсті. Отырар кітапханасы қолжазба кітап қорының байлығы жағынан Египеттегі Александрия кітапханасынан кейінгі аса ірі кітап қоймасы болды. Отырарда ұлы ғалым Әбу Наср әл-Фараби дүниеге келді. Ол аса зор ғыл. мұра – жүзден астам ірі еңбектер қалдырды. Орта Азия мен Қазақстан қалаларынан Әбу Райхан әл-БируниӘбу Абдаллаһ әл-ХорезмиӘбу Әли ибн СинаӘбу Жафар ат-Туси, Рудаки (860 – 941) және басқа көптеген ғалымдар шықты. Хорезмимен бірге әйгілі астрон. кестелерді жасауға қатысқан астроном әрі математик –Ғаббас әл-Жәуһари (9 ғ-дың 1 жартысы), сондай-ақ, оның замандастары – Ысқақ әл-Фараби және 40 мың сөзден тұратын араб тілінің түсіндірме сөздігін жасаушы Исмаил әл-Жауһари әл-Фараби танымал болды. Ертіс жағалауында қимақтар арасынан географ әрі тарихшы Жанах ибн Хақан Қимақи (т.-ө. ж. белгісіз) шықты. 10 – 11 ғ-ларда қазіргі Қазақстан аумағында өмір сүрген Қарахан әулеті мемлекетінде тамаша ақын әрі ойшыл Жүсіп Баласағұни өз шығармаларын жазды, оның 1069 ж. жазылған “Құтадғу білік” кітабы  дүние жүзінің көптеген елдеріне тарады және оны ғалымдар бүгінге дейін зейін қоя зерттеуде. Ортағасырлық өркениеттің дамуында Ежелгі Грекия мәдениетінің елеулі ықпалы болғаны сөзсіз. Шығыстың озық ойшылдарының ғылым мен мәдениетке қосқан баға жетпес үлесін сол кездің өзінде-ақ Еуропа ғалымдары да мойындаған болатын, мұны 10 – 12 ғ-ларда Шығыс ғалымдары мен ақындары кітаптарының Францияда, Италияда, Испанияда және Еуропаның басқа да елдерінде аударылып кеңінен таралғандығы да дәлелдейді. Олар: Ибн Синаның (Авиценна) “Медицина каноны”, әл-Хорезмидің “Алгебрасы мен теңдеуі”, Ибн Рушдтің (1126 – 98), т.б. еңбектері. Орта Азия мен Қазақстандағы ғылым мен мәдениеттің 9 – 11 ғ-лардағы дамуы туралы айта келіп, орыс шығыстанушысы Н.И. Конрад ғыл. тәжірибеге “Шығыстың дәуірлеуі” деген терминді енгізді. Қазіргі Қазақстан аум-нда ғылым мен мәдениет қарама-қайшы және шектеулі түрде дамыды. Бұл өлкенің Жоңғар және басқа сұрапыл шапқыншылықтарға ұшырауы оның жағдайын мүлде қиындата түсті. 16 ғ-дағы ғалым Мұхаммед Хайдар Дулаттың Тарих-и Рашиди” деген еңбегі нағыз шыншыл да айқын шығарма болды, оның мәні күні бүгінге дейін жойылған жоқ. 17 ғ-дағы автор – Қыдырғали Жалайыридің “Жамиғ ат-Тауарих” деген шежірелер жинағы да назар аударарлық бірегей еңбек, бұл жинақ 13 – 15 ғ-лардағы қазақ халқының тарихы мен этнографиясының аса қызғылықты деректемесі болып табылады және ол қазіргі қазақ тіліне өте жақын тілде жазылған. 17 ғ-дың соңы – 18 ғ-дың басынан бастап Ресейдің және Батыс Еуропаның бірқатар елдерінің ғалымдары Қазақстан аумағы мен халқын, оның тарихын, мәдениетін, тұрмысы мен салтын зерттей бастады. Осы өлкені алғашқы зерттеушілердің бірі орыс картографы С.У. Ремезов болды, ол “Сібір халықтары және олардың шекаралары туралы сипаттама” деген еңбек жазып қалдырды. 18 ғ-дың алғашқы ширегінде Қазақстанда И.Д. Бухгольцтың (т.-ө. ж. б.), С.Лихаревтың, И.Унковскийдің (т.-ө. ж. белгісіз) және басқа ғалымдардың экспедициясы зерттеу жұмыстарын жүргізді. Олар Ертіс өз-нің алабын Зайсан к-не дейін, Тарбағатай тауының және Жетісу Алатауының сілемдерін зерттеді. А.Бекович-Черкасскийдің ғыл. экспедициясы Арал т-н және Каспий т-нің аумағын картаға түсірді, сондай-ақ қазақ халқы туралы кейбір этногр. мәліметтер жинады. Қазақстан Ресейге қосылғаннан кейін (1731) оны ғыл. тұрғыда зерттеу ісі неғұрлым кең түрде және жедел қарқынмен қолға алынды. 1725 ж. құрылған Ресей ҒА Қазақстан өлкесін геогр., геол. және этногр. тұрғыда зерттеу үшін 1733 жылдың өзінде-ақ экспедиция ұйымдастырды. 1733 жылдан 1771 жылға дейін Бат. Қазақстанға академияның көптеген экспедициясы келіп қайтты, бұл экспедицияларды С.П. Крашенинников (1711 – 1755), И.Г. Гмелин (1709 – 1755), И.И. Лепехин, П.С. Паллас, И.П. Фальк, П.И. Рычков, т.б. басқарды. Орынбор тұрақты экспедициясы құрылды, оған И.К. Кирилов, П.И. Рычков, В.Н. Татищев (1686 – 1750) сияқты белгілі орыс ғалымдары жетекшілік жасады. “Ерте заманнан бергі Ресей тарихы”, т.б. еңбектерінде В.Н. Татищев қазақтардың тарихына зор көңіл бөлді, олардың этногр. тегі, тұрмысы, мәдениеті мен әдет-ғұрпы жөніндегі мәселелерді тұңғыш рет ғыл. әдебиетте баяндауға талпынды. Рычков, Паллас, И.И. Георги, Фальк, И.Г. Андреев, Г.И. Спасский, Н.Я. Бичурин, С.Б. Броневский, В.И. Даль (1801 – 1872), А.И. Левшинөздерінің еңбектерінде қазақтардың тарихын, материалдық және рухани өмірін егжей-тегжейлі баяндады. Өлке тарихына декабристер, сондай-ақ орыстың ұлы ақыны А.С. Пушкин де зор көңіл бөлді. Қазақтардың тарихы жөнінде “Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ ордалары мен далаларының сипаттамасы” деген (1832) үш бөлімнен тұратын тұңғыш іргелі еңбек жазған А.И. Левшинді Ш.Ш. Уәлиханов қазақ халқының Геродоты деп атады, ал оның монографиясын ғылым үшін қымбат қазына деп бағалады.

 

Белгілі орыс ғалымдары П.П. Семенов-Тян-Шанский, Н.М. Пржевальский, Г.Н. Потанин өлкені зерттеуге ғана емес, сонымен бірге Қазақстанда 19 ғ-дың 2-жартысы мен 20 ғ-дың басында демокр. ғыл. ойдың қалыптасуына да зор үлес қосты. Осы аса ірі ғалымдар, сондай-ақ В.В. Григорьев, Н.Ф. Костылецкий, Е.П.Михаэлис, П.Е. Маковецкий, А.А. Блек қазақтың ағартушы-демократтары – Уәлиханов, Ы.АлтынсаринАбайҚұнанбаевтардың рухани өсіп-толысуына тікелей ықпал етті. Ресей Федерациясының шалғайдағы отары – Қазақстан 20 ғ-дың басында бірте-бірте капиталистік қатынастар аясына тартыла бастады. Алайда патриархаттық-феод. қатынастардың үстемдігі, патша өкіметінің езілген халықтарды әдейі мешеулік пен қараңғылықта ұстаған отаршылдық саясаты, шын мәнінде, қазақтарды әлеум. және ұлттық прогреске жеткізетін жолды жауып тастады. 20 ғ-дың басында қазақ балаларының басым көпшілігі әрі дегенде тек ауыл медресесінде ғана оқи алды, мұндағы оқу балаларға діни аяттарды жаттатумен ғана шектелді. Қазақ жерінде 1916 ж. қарсаңында небары бірнеше орыс және орыс-қазақ мектебі ғана болды. Оларда 19370 қазақ баласы оқыды. Ресей ҒА-ның, басқа ведомстволардың ғалымдары Бат. Қазақстанға ара-тұра келіп қайтқанына қарамастан Қазақстан тұтас алғанда 1917 ж. Қазан төңкерісіне дейін ғыл. тұрғыдан терең зерттелмей жатты, ал оның қойнауы табиғи шикізат қорларына бай болатын. 1920 ж. акад. И.М. Губкинніңбасшылығымен әрі тікелей қатысуымен Жайық-Ембі мұнайлы ауданын зерттеу ісі ұйымдастырылды. 1920 ж., сондай-ақ, Қарағанды көмір алабынЕкібастұз көмір алабын зерттеу, этногр. және археол. экспедициялардың барлау жұмыстары басталды. Түбірінен қайта жабдықтау көзделген негізгі 8 экон. ауданның қатарында Түркістан да болды. 1919 ж. Қырғыз (Қазақ) ревкомы штабының жанынан тарихи-статист. бөлім құрылып, ол 1920 ж. ғыл. комиссия (кейін ҚазАКСР Халық ағарту комиссариатының Академиялық орт. болып қайта құрылды) ретінде Қырғыз (Қазақ) ревкомының ағарту бөлімі құрамына енді. 1920 ж. Ресей ҒА-ның Табиғи өндіргіш күштерді зерттеу жөніндегі тұрақты комиссиясы жанынан Қазақстанның жер қойнауын, өсімдіктері мен жануарларын, жалпы табиғатын, сондай-ақ, мәдениетін, тұрмысын, тілін, этн. процестерді кешенді түрде зерттеу үшін бірқатар тұрақты және маусымдық экспедициялық отрядтар құрды.

Қазақстандағы алғашқы мемл. ғыл. мекемелер, негізінен, а. ш-мен байланысты болды. Олар: Өлкелік өсімдік қорғау ст. (1924), Тыңайтқыш және агроном.-топырақтану ғыл.-зерт. ин-ты (1926), 1925 ж. Санитариялық-бактериол. ин-т ашылды. Алматы Бас геол. к-тінің және Түсті металдар ин-тының бөлімшелері жұмыс істей бастады. Одақтас және автон. республикалардың табиғи қорларын зерттеу жөнінде құрылған ерекше к-т 1920 жылдың басында-ақ Қазақстанды кешенді зерттеу жөнінде шаралар белгіледі. 1927 ж. республиканың табиғи ресурстарын кешенді түрде зерттеу жөнінде КСРО ҒА-ның қазақстандық экспедициясы құрылып, оны акад. А.Е. Ферсман басқарды. 1932 жылдың КСРО ҒА-ның қазақстандық экспедициясы отрядтарының негізінде дербес 8 экспедиция ұйымдастырылды. 1932 ж. қарсаңында республикада 10-нан астам ғыл.-зерт. ин-ты мен тәжірибе ст., жүздеген тірек пунктері, лаб-лар мен ауа райын зерттеу ст-лары, бірсыпыра геол. барлау ұйымдары болды. ҚазАКСР Мемл. жоспарлау комиссиясы жанындағы экон. зерт. ин-ты, а. ш-н қайта құру, қой ш., сойыстық мал ш., топырақтану, құрылыс ин-ттары сол кездегі ірі ғыл. мекемелердің қатарына жатады. Сол жылдары геологтар А.А. Гапеев пен Д.Н. Бурцев Қарағанды алабында жаңа көмір кен орындарын ашты. М.П. Русаков, Қ.И. Сәтбаев, Р.А. Борукаев Қоңыратта, Жезқазғанда және Бозшакөлде мыс кен орындарын барлады. Республика ғылымын дамытуда қол жеткен табыстардың нәтижесінде және ғыл.-зерт. жұмыстарын ұйымдастыруды жақсарту және оларды үйлестіру мақсатында Кеңес үкіметінің және КСРО ҒА төралқасының шешімі бойынша 1932 ж. 8 наурызда КСРО ҒА-ның Қазақстандық базасы құрылды. Онда небары зоология және ботаника секторлары жұмыс істеді. 1935 ж. құрамында қазақ тілі мен әдебиеті, халық шығармашылығы секторлары бар Қазақ ұлттық мәдениеті ғыл.-зерт. ин-ты база қарамағына берілді, сол жылдары Алматыда Ботаника бағының негізі қаланды. Медицина ғылымы дамыды. 1933 ж. Мал ш. ин-ты, 1935 ж. Егіншілік ин-ты, Мал дәрігерлік және а. ш. экономикасы ин-ттары құрылды. А. ш. тәжірибе ст-ларының тұтас жүйесі пайда болды. Мамандандырылған ин-ттар – а. ш-н механикаландыру және электрлендіру, су ш., орман ш., өсімдік қорғау, жеміс-жүзім ш., астық ш. ин-ттары ұйымдастырылды. 1940 ж. Бүкілодақтық а. ш. ғылымдары академиясының (ВАСХНИЛ) Қазақ бөлімшесі құрылып, оған республиканың а. ш. саласындағы ғыл.-зерт. мекемелеріне басшылық ету және олардың жұмысын үйлестіру міндеті жүктелді. Совет 1938 ж. КСРО ҒА-ның Қазақстандық базасы Қазақ бөлімшесі болып қайта құрылды. Бөлімше президиумын акад. А.Д. Архангельский басқарды. Бөлімше ұйымдастырылғаннан кейін ғыл.-зерт. ин-ттарының жүйесі жедел қарқынмен дами бастады. 1939 ж. бөлімше жанынан топырақтану және география секторлары құрылды. Қарағандыда Ботаника бағының негізі қаланды. 1941 ж. Тіл, әдебиет және тарих ин-тының лингвистика бөлімі, 1940 ж. Геологиялық ғылымдар институты ұйымдастырылды. КСРО ҒА-ның Қазақ бөлімшесінде 2-дүниежүз. соғыс басталар алдында 100-ге жуық ғыл. қызметкер, олардың ішінде 3 ғыл. докт., 14 ғыл. канд. жұмыс істеді. Соғыс жылдары республикаға еліміздің көптеген ғыл. мекемелері мен жоғары оқу орындары көшіп келді. Есімі бүкіл әлемге әйгілі ғалымдар – И.П. Бардин, Л.С. Берг, В.И.Вернадский, Н.Ф. Гамалея (1859 – 1949), И.И. Мещанинов, Н.Д. Зелинский, Л.И. Мандельштам (1879 – 1944), Н.В. Цицин (1898 – 1980), С.Г. Струмилин (1877 – 1974), А.М. Панкратова, А.Е. Фаворский (1860 – 1945), С.Е. Малов, В.Г. Фесенков (1889 – 1972), Г.А. Тихов (1875 – 1960), Б.А. Воронцов-Вельяминов (1904 ж.т.), т.б. осында қызмет етті. Оралдың, Бат. Сібірдің және Қазақстанның ресурстарын Отан қорғау ісіне жұмылдыру жөніндегі КСРО ҒА-ның комиссиясы іске кірісті, оны акад. В.Л. Комаров (1869 – 1945) басқарды. Ғалымдар қорғаныстық және халық ш. маңызы бар ұсыныстар жасап, оларды өндіріске енгізді, қара металдар, молибден, вольфрам, марганец кентастарының, т.б. шикізат ресурстарының мол қорын ашты. Адамдарға қан құю қызметі ұйымдастырылды, жұқпалы жараларды жедел емдеу әдістері кеңінен қолданылды. 1942 ж. Астрономия және физика, Химия-металлургия ин-ттары құрылды. 1943 ж. топырақтану-ботаника, зоология және тропиктік аурулар ин-ттары құрылды. 1942 – 45 ж. КСРО ҒА Қазақ бөлімшесінің ғыл. мекемелері негізінде мамандандырылған химия, металлургия және кен байыту, отқа төзімді материалдар мен құрылыс материалдары, зоология ин-ттары ұйымдастырылды. 1945 ж. Тарих, археология және этнография, Кен ісі, Топырақтану ин-ттары, Математика және механика секторы жұмыс істей бастады (қ. Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы).  Қазақстан Республикасы мемл. тәуелсіздігін алғаннан кейінгі жылдар ішінде (1991 – 2003) ғыл.-тех. саланы ұйымдастыруды реформалау жобалары бойынша үлкен жұмыстар атқарылды, ғылым мен техника және елдің мемл. ғыл.-тех. саясатын мемл. басқарудың негізі қаланды. 1991 жыл еліміздің ұлттық жетістігі есебіндегі отандық ғылым дамуының жаңа кезеңі басталғандығымен ерекшеленді. Қазақстанның құқықтық меншігіне 100-ден астам жалпы одақтық мемл. ғыл.-тех. мекемелер өткендіктен ғылымды мемл. қолдаудың маңыздылығы күрт өсті. Жаңа жағдайларға байланысты қысқа мерзім ішінде мемл. ғыл.-тех. саясатты айқындау қажеттілігі туындады, елдің ғыл.-тех. күш-қуатын сақтап қалу мен одан әрі дамыту үшін ғыл.-тех. саланы мемл. басқарудың тиімді құрылымын қалыптастыру мәселесі туындады. Қазақстан Республикасы Жоғ. Кеңесінің 1992 жылғы 15 қаңтардағы қаулысымен “Қазақстан Республикасының ғылым және ғылыми-техника саясаты туралы” Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Осы жылы ҚР Президентінің “Экономикалық реформалар жағдайында Қазақстан Республикасы мемл. басқару органдарының іс-қимылдары мен ұйымдастыруын жетілдіру” туралы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Ғылым және жаңа технология мин. құрылды. Министрлікке мынадай міндеттер жүктелінді: республиканың ғыл.-тех. саласының дамуы жолында мемл. саясат жүргізу; ғыл. және ғыл.-пед. кадрлар даярлау жұмыстарын үйлестіру; ғыл.-технол. салада халықар. ынтымақтастықты ұйымдастыру.

2000 ж. қайта құрылған ҚР Білім және ғылым мин. – ғылым мен ғыл.-тех. саладағы іс-әрекеттерді жүзеге асыратын, респ. бюджет есебінен қаржыландырылатын ғыл.-зерттеу бағдарламаларына үйлестіретін бірыңғай мемл. өкілетті орган болып табылады. Министрлікке білім және ғылым мен техника саласында бірыңғай мемл. саясатты қалыптастыру мен жүзеге асыру, кепілдік етілген көлемде ақысыз білім алуды мемл. оқу орындарында қажетті жағдайлармен қамтамасыз ету, ғылым мен техниканы дамытудың басым бағыттарына қорларды шоғырландыру, сондай-ақ, ғыл. және пед. кадрларды аттестациялау мен даярлау міндеті жүктелген. Министрлік қарамағында әр түрлі бағыттағы 130 ғыл. мекеме бар. Ғыл. зерттеулерді ҚР Президенті ұсынған “Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі қалыптасуы мен дамуы стратегиясы” аясында халықтың рухани мәдениетін түлетуге, сондай-ақ республикадағы өзге де әлеум.-экон., экол. және ғыл.-тех. мәселелерге байланысты өзекті мәселелерді шешуге бағыттауға ерекше назар аударылды. Ғылымды ұйымдастыруды жетілдіру мен ғыл.-тех. потенциалды дамыту, ғыл.-тех. саланы мемл. басқарудың бірыңғай жүйесін жасау Қазақстан Республикасының егемендік жолындағы стратегиялық қадамдары болды. Осы мақсатта мемлекет көлемінде ұлттық ғыл. орталықтар құру, академиялық ғылымдарды реформалау, жоғары оқу орындарының ғыл. потенциалын арттыру, республика аймақтарында ғыл. зерттеулерді дамыту, ғылымды ұйымдастырудың жаңа формаларын мемл. қолдау, халықар. ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне байланысты жұмыстар жүргізілді.

Қазақстан Республикасы Мин. Каб-нің 1993 жылғы 22 қаңтардағы “Қазақстан Республикасында ғылым мен ғылыми-техникалық бағдарламаларды қаржыландыру және жоспарлауды жетілдіру шаралары туралы” Қаулысы бойынша ғыл.-тех. және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар (ҒТТКЖ) мен ғыл.-тех. бағдарламаларды респ. бюджеттен қаржыландыру тәртібі айқындалды. Ғылым және жаңа технология мин. жанынан Ғылым қоры ұйымдастырылды. 1993 жылдан бастап мемл. бюджеттен қаржыландырылатын ғыл.-тех. бағдарламалар мен жобаларды мемл. ғыл.-тех. сараптау енгізілді. Республикада өткізілетін ашық тәжірибелік-конструкторлық және жобалық-технол. жұмыстар мен олар бойынша есеп беру құжаттарын мемл. тіркеудің бірыңғай тәртібі бекітілді. Осылай, ҒТТКЖ-ді қаржыландыруды бағдарламалық-мақсатты әдіске көшірудің нормативтік-құқықтық негізі жасалды.

Республика ғыл.-тех. саласы жүргізген жұмыстардың қорытындылары 1998 ж. ақпанда Астана қ-ндағы көрмеде көрсетілді. Елде машина жасау, атом өнеркәсібі мен энергетиканы дамыту жөнінде мемл. бағдарламалардың жобалары жасалды. Республика тау-кен металлургиясы кешенін дамытудың тұжырымдамасы жасалды. Түрлі мақсаттағы жоғары тиімді катализаторлар, қоңыр және тас көмір, тақта тасты сұйылтып қайта өңдеу кезінде алынатын синтет. мұнай мен оны өңдейтін шағын з-ттар жобалары жасалды. Астық пен күріштің жаңа сорттары шығарылды. Түрлі пайдалы қазбаларды іздеу мен өндірудің және ұтымды пайдаланудың тиімділігі жоғары әдістері мен тәсілдері анықталды. Әр түрлі үлгідегі аспаптар – жылу және электр есептегіштер, жылу энергиясын, ыстық және суық суды есептеу аспаптары мен қызметкерлерді жедел мед. куәландыру, т.б. аппараттары өндіріске енгізілді. Алғаш рет отандық компьютерлер мен бірқатар өндірістік және тұрмыстық мақсаттағы электрондық құрылғылар шығарылды. 1998 жылдың соңына дейін 30 шағын кәсіпорын мен өндірістер ұйымдастырылды. Республика ғалымдары мемл. басқару процестерін қамтамасыз етуге белсенді үлес қосты: көне дәуірлерден бастап бүгінгі күнге дейінгі қазақ философиясының тарихы, шығыс пен батыс мәдениеті ықпалдасуы контексінде жаңа философия мен ғылым методологиясы, Қазақстан Республикасындағы конституциялық процестің дамуы, еуроазиялық интеграция, геосаясат, демогр. даму болжамы жасалды. Каспий т-нің құқықтық мәртебесі, аймақтардың өндірістік күштер құрылымын оңтайландыру мен халықты тіршіліктік қамтамасыз ету жүйесі, М.Әуезов шығармаларының 50 томдық академиялық толық жинағын дайындау мақсатында көптеген ғыл.-зерттеу жұмыстары атқарылды.

ҚР Үкіметі жанынан іргелі және қолданбалы ғылым мен техниканы дамытудың мемл. басымдылықтарына және болжам жасауға жауапты консультативті-кеңес органы болып саналатын Жоғары ғыл.-тех. комиссия (ЖҒТК) құрылды. ҚР Үкіметінің 1998 жылғы 14 сәуірдегі “Академик Қ.И. Сәтбаевты мәңгі есте қалдыру туралы” Қаулысына сәйкес 1999 ж. бірқатар мерейтойлық шаралар өткізілді. Қ.И. Сәтбаевтың туғанына 100 жыл толу мерекесі ЮНЕСКО қолдауымен өткізілетін мерейтойлар санатына қосылды. 1999 ж. 15 – 23 сәуір аралығында Париждегі ЮНЕСКО бас пәтерінде аса көрнекті ғалым, акад. Қ.И. Сәтбаевтың 100 жылдығына арналған халықар. ғыл. симпозиум өтті. Симпозиумда “Қазақстан ғылымы өткен шақтан болашаққа” деген атпен көрме ашылып, “Қазақстандағы ғылыми ой-пікірлер тарихы”; “Қ.И. Сәтбаев – көрнекті ғылым ұйымдастырушысы”; “Қазақстанның геологиялық ресурстары”, “Минералдық шикізаттарды өңдеу” және “Ауыл шаруашылық ғылымдарының жетістіктері” деп аталатын бөлімдер жұмыс істеді. Сондай-ақ “Қазақстан және ғарыш”, “Ядролық физика”, “Қазіргі заманғы байланыс құралдары”, “Өмір сапасы”, “Қазақстан республикасындағы жоғары білім”, “Перспективті ғылыми жобалар” деп аталатын тақырыптарда материалдар қойылды. 1999 ж. 26 маусым мен 1 шілде аралығында Будапештте ЮНЕСКО және Халықар. ғыл. қауымдастықтың бастамасымен “21 ғасырдағы ғылым. Жаңа міндеттер” тақырыбына дүниежүз. конференция өтті. 2000 ж. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен ғыл.-тех. саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге және ғыл.-тех. потенциалдың қалыптасуына бағытталған, экономика мен оның қорларының қазіргі заманғы инновациялық талаптарына жауап беретін ҚР-ның ғылым және ғыл.-тех. саясатының тұжырымдамасы мақұлданды. Қазақстан Республикасы Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдауымен, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның бірлесуі арқылы Астана мен Алматы қ-нда 2000 ж. 11 – 14 мамыр аралығында “Үшінші мыңжылдық ғылымы” атты халықар. конференция өткізілді. Түркістан қ-ның 1500 жылдығын тойлау шеңберінде 20 – 21 қазанда “Қазақстан мен Түркі әлемінің рухани тарихындағы Түркістан және Қожа Ахмет Иасауи” халықар. ғыл.-практик. конференциясы өткізіліп, оның жұмысына Қазақстан мен таяу және алыс шет елдерден келген 200-ден астам ғалымдар мен мамандар қатысты. ЮНЕСКО шеңберінде атап өтілген бұл шараның соңы Париждегі ЮНЕСКО бас пәтерінде Қазақстан делегациясының қатысуы арқылы өткізілген “Түркістанға 1500 жыл” деп аталатын дөңгелек столмен аяқталды. 2001 ж. 2 ақпанда Алматы қ-нда білім және ғылым қызметкерлерінің съезі өтіп, онда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев баяндама жасады. Президент өз баяндамасында Қазақстан үшін елдің әлеум.-экон., рухани дамуы факторында отандық ғылымды қайта құрудың өмірлік маңызы бар екендігін атап көрсетті. ҚР-ның 2001 ж. 12 шілдеде қабылданған “Ғылым туралы” Заңы ғылымды басқаруды одан әрі жетілдірудің, инновация мен зерттеу процестерін ұйымдастырудың, кадрлар даярлаудың, отандық ғылымды әлемдік ғыл. қауымдастыққа интеграциялаудың негізін қалаушы құжат болды. Бұл заң ғылым және ғыл.-тех. іс-әрекеттер саласындағы қоғамдық қатынастарды үйлестіруге бағыттала отырып, мемл. ғыл.-тех. саясаттың принциптері мен негізгі мақсаттарын, оны жүзеге асыратын мемл. өкілетті органдарды айқындайды және нарықтық қатынас жағдайындағы ғылымның жаңа ұйымдық формасының дамуын, ғылым саласындағы субъектілердің міндеттері мен құқықтарын белгілейді. Ғыл.-зерттеу ин-ттарының материалдық-тех. базасын нығайту мақсатында, ғыл. зерттеулер үшін бірегей құрал-жабдықтар сатып алуға, ғыл. мекемелерді қазіргі заманғы компьютерлік техникамен жарақтандыруға бағытталған “Ғылыми мекемелерге құрал-жабдықтар сатып алуды республикалық деңгейде қаржыландыру” туралы жаңа бюджеттік бағдарламаға сәйкес алғаш рет қаржы бөлінді. Соңғы жылдардағы ғалымдар жүргізген ғыл. зерттеулер отандық ғылым мен технологияның бәсекелестік мүмкіндіктерін жоғары көтеретін жаңа іргелі білімге бағытталынып келеді. Ғылыммен тығыз байланысты өндірістердің қалыптасуы үшін ғыл. базалардың құрылуы табиғи және минералды ресурстарды ұтымды пайдалану, жаңа материалдар мен препараттар жасау, техногендік қалдықтарды қайта өңдеуге тарту, тау-кен металлургиясы кешенінің тұрақты жұмыс істеуі мен тиімділігін көтеру, молекулалық және клеткалық биология нәтижелерін биотехнологияда, медицинада, а. ш-нда қолдану, денсаулық және тамақтану сапасы, телекоммуникация мен байланыстың қазіргі заманғы жүйесін құру, атом энергетикасын дамыту сияқты қажетті шаралардан тұрады. Қазіргі уақытта 36 ғылыммен тығыз байланысты өндірістерге арналған конструкторлық-жобалық және тех.-құжаттық жұмыстар дайын. Отандық технологияны пайдалану негізінде жылына 15 млрд. доллардан астам өнім беретін деңгейге жетуге мүмкіндігі бар елдегі химия және мұнай химиясы өнідірістері мен мұнай, газ және көмір өңдеу бойынша бәсекеге қабілетті және тиімді құрылыстарды кеңейту мен жаңарту көзделінуде. Тәуелсіздік жылдарындағы кезең ғылымды ұйымдастыру мен ғыл. шығармашылық процесті басқарудың жаңа тәсілдерін енгізу, ғалымдар іс-әрекетіне қолайлы жағдай туғызу, ғыл. кадрлардың жаңа буынын даярлау, білім мен ғылымды интеграциялаудың барынша оңтайлы жүйесін іздестірумен сипатталады. Қазақстанның аграрлық ғылымын басқару түрлері бірнеше рет өзгеріске ұшырады. 1941 ж. В.И. Ленин атынд. Бүкілодақтық а. ш. ғылымдары академиясының (ВАСХНИЛ) Қазақ бөлімшесі құрылды, ол 1957 – 62 жылға дейін Қазақ а. ш. ғылымдар академиясы деп аталды. Кейін агр. саладағы ғыл.-зерттеу ин-ттары А. ш. мин-нің (1962 – 71) және ВАСХНИЛ-дің Шығыс бөлімшесінің (1971 – 90) құзырында болды. Қазақстан Президентінің 1990 жылғы 14 желтоқсандағы жарлығына сәйкес ВАСХНИЛ-дың Шығыс бөлімшесі мен респ. және одақтық бағыныстағы ғыл.-зерттеу мекемелері негізінде қайтадан Қазақ а. ш. ғылымдар академиясы құрылды. 1996 ж. Қазақ а. ш. ғылымдар академиясының базасы негізінде Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық агр. зерттеулер орт. (ҚР ҰААЗО) құрылып, оған елдің агроөндірістік кешенін ғыл. зерттеулермен қамтамасыз ету міндеті жүктелді. Жалпы алғанда ҚР агр. ғылым жүйесінде 3372 инж.-тех. және ғыл. кадрлар қызмет етеді, 1383 ғыл. қызметкердің ішінде 130 ғылым докт., 540 ғылым канд. бар (2002). Агроөндірістік кешенді ғыл. зерттеулермен қамтамасыз ету мәселелерімен 29 ин-т, олардың екі филиалы, 18 а. ш., орман және малдәрігерлік ст-лар, 38 тәжірибелік-эксперименттік кәсіпорындар, респ. а. ш. ғыл. кітапханасы, “Бастау” ғыл. басылым редакциясы, сондай-ақ, елдің бірқатар жоғары оқу орындары айналысады. Агр. ғылымдар орталықтарының негізгі міндеттері: агроөнеркәсіп кешені саласында ғыл.-тех. прогресті жеделдетуге бағытталған іргелі және қолданбалы зерттеулерді жүргізу; агроөнеркәсіп кешеніндегі экон. реформалардың ғыл. негіздерін жасау; жоғары өнім беретін өсімдіктердің сорттары мен гибридтерін, жануарлар тұқымдарын алу; а. ш. жануарларының, өсімдіктері мен микроорганизмдерінің құнды гендік қорын сақтау, дамыту және қолдану; а. ш. өнімдерін өндіру, өңдеу және сақтау үшін ресурс үнемдейтін жаңа технологиялар, машиналар мен құрал-жабдықтар жасау; ауыл, орман, су және балық ш-н кешенді механикаландыру, электрлендіру мен автоматтандыру үшін машиналар жүйесін қалыптастыру, техника мен қалпына келтірілетін энергия көздерін тиімді пайдалану әдістерін жасау; а. ш-нда табиғи ресурстарды тиімді пайдаланудың ғыл. негіздерін жасау; агроөнеркәсіп кешенінің барлық салалары бойынша жоғары білікті ғыл. кадрлар даярлауды ұйымдастыру; тәжірибелік-эксперименттік кәсіпорындарда а. ш. дақылдарының жаңа сорттары мен гибридтерін (будандарын), жаңа технологияларды, машиналар мен құрал-саймандарды өндірістік сынақтан өткізу; а. ш. дақылдарынының жоғары өнімді тұқымдарын, жануарлар тұқымдары мен тұқымдық топтарын көбейту және өткізу; ғыл. жетістіктер мен білімдерді насихаттау және тарату. Жоғарыда аталған бағдарламаларды жүзеге асыру шеңберінде соңғы жылдары а. ш. ғыл. мекемелері өндіріске төмендегідей негізгі ұсыныстар енгізді: агроөнеркәсіп кешенін экон. дағдарыстан шығару іс-шаралары ұсынылған; шаруа қожалықтарының аймақтық үлгілері жасалып, оларды дамытуды мемл. қолдау шаралары ұсынылды; а. ш. дақылдарының 193 сорты мен гибриді жасалып, мемл. сынақтан өтті, 277-сі мемл. сынақтан өтуде; қазақстандық сұрыптаудың жоғары сапалы сұрыптамалары пайдаланылып, ел аймақтары бойынша тұқым өсіруді ұйымдастыру құрылымы жасалды; жыл сайын дәнді дақылдардың 25 мың т, майлы өсімдіктердің 800 – 900 т, көп жылдық өсімдіктердің 450 – 500 т, картоптың 4,5 – 5,0 мың т сапалы тұқымдары өндіріліп, сатылады; а. ш. жануарларының 14 жаңа типі, түрлері мен тұқымдары өсіріліп сынақтан өткізілді; ауылда болып жатқан өзгерістерді ескере отырып, жануарларды тұқымдық аудандастырудың жаңа жоспары құрылды; мал ш. салаларында малдәрігерлік жағдайды жақсарту мақсатында 10 вакцина, 9 диагностикум және 3 емдік препарат жасалды; ин-ттардың тәжірибелік-эксперименттік кәсіпорындарында елде бар а. ш. өсімдіктері, жануарлары мен микроорганизмдерінің гендік қоры сақталған; 35 жаңа машиналар мен қондырғы, тракторлар мен комбайндардың агрегаттары мен бөлшектерін қалпына келтіру бойынша 14 технол. процесс, технол.-жөндеу құралдарының 15 үлгісі, жиналған астықты өңдеуге арналған 14 технол. жабдық жасалып, сынақтан өткізіліп, өндіріске ұсынылды; өсімдік ш-н кешенді механикаландыруға арналған машиналар жүйесі ұсынылды; машина-технол. ст-ларды (МТС) ұйымдастыру бойынша ұсыныстар берілді; жергілікті шикізат негізінде емдік-сауықтыру қасиеттері бар 5 жаңа тағам өнімі, сыра мен шараптың 3 жаңа түрін өндіру технологиясы жасалды; халықар. талаптарға сәйкес тамақ өнімдері мен шикізаттың негізгі түрлеріне Қазақстанның 42 стандарты жасалып бекітілді; зерттеу нәтижелеріне Қазақстан Республикасының 173 патенті және 58 авторлық куәлігі берілген. 2002 ж. желтоқсан айында Қазақстан Үкіметінің қаулысымен ҚР Ұлттық академиялық агр. зерттеулер орт. таратылып, оның қарамағындағы ғыл.-зерттеу ин-ттары шаруашылық жүргізу құқығындағы ғыл.-өндірістік орталықтар мен ғыл.-зерттеу ин-ттары болып қайта ұйымдастырылды.

Ж.Сыдықов, Б.Жұматаев

Дереккөзі: "Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 5-том

 

Ұқсас материалдар