"Бестас" ойыны!

30.06.2014 23646
Көшпелі қазақ халқының бірнеше ғасырлар бойы қаймағы бұзылмастан жалғасып келе жатқан ұлттық спорт ойындарының бірі – «Бестас» ойыны.

Көшпелі қазақ халқының бірнеше ғасырлар бойы қаймағы бұзылмастан жалғасып келе жатқан ұлттық спорт ойындарының бірі – «Бестас» ойыны. Зерттеуші ғалымдардың айтуынша бұл ойын еңбек құралдары ағаш, тас, сүйек болып келетін ғасырларда пайда болған. Бестас ойыны жас талғамайды, мұны еңбектеген баладан бастап, еңкейген қартқа дейін ойнай береді.

Ендеше ойынды қалай ойнауға болатындығын біле жүріңіздер және өздеріңіздің балаларыңызға үйретіңіздер дегім келеді. Өзіміздің ұлттық спорт ойындарымызды дамыту өз қолымызда!

Бестас ойыны 5 адам топ құрап ойнайды. Ойынға қойдың құмалағынан үлкендеу 5 домалақ тас немесе асық пайдаланылады.

Ойынның мазмұны:

Ойнаушылар ең алдымен, кім-кімнен кейін ойнайтынын өздері анықтайды. Ол үшін ойыншылар кезекпен бес тасты тобымен жоғары лақтырып, қолдың сыртымен тосып алады да, тағы да лақтырып, қолдың сыртымен тосып алады да, тағы да лақтырып, қолдың сыртымен тосып алады да, тағы да лақтырып, алақанмен қаршып ұстайды. Қаршып ұстау дегеніміз –тасты қолды еңкейте жоғарыдан төмен қарай қағып алу. Лақтырылған бес тасты қолдың сыртымен тосып алу және қаршып алу кезінде бірнеше тас жерге түсіп кетуі мүмкін. Кім көп тас қаршып алса, сол бірінші ойнау кезегіне ие болады.

Бірінші кезек алған ойыншы бестас ойынының шартын бұзып алғанға дейін ойнайды. Одан кейін екінші кезектегі, ол тоқтаған соң, үшінші кезектегі ойыншы ойнайды. Ойын осылай жалғаса береді.

Тастарды қаршып қағып алу кезінде басқа тастарды қозғалтуға болмайды және қақпа тасты түсіріп алмауы керек. Ойыншы ойынның шартын бұзғанға дейін ойнай береді. Тек ойынның шарты бұзылған жағдайда ғана келесі ойыншы кезек алады. Ал келесі кезек келгенде ойнаушылардың қай-қайсысы болсын, ойынды өзінің бұрынғы тоқтаған жерінен жалғастырады.

Ойын мынадай жүйелермен орындалады:

  1. Бірлік. Бес тасты жерге иіріп тастаған соң, біреуін қақпатас етіп жоғары лақтыра отырып қалғанын бір-бірлеп қағып алады.
  2. Екілік. Тастарды жерге иіріп тастап, жердегі төрт тасты екі-екіден қағып алады.
  3. Үштік. Үш тасты бірге, бір тасты жеке қағып алады.
  4. Төрттік. Мұнда алақандағы бес тастың ішінен қақпатас етіп жоғары лақтырып, ол қайта түскенше төрт тасты жерге қойып үлгереді де, тағы лақтырып, жердегі тастың төртеуін қайта жинап алып қақпатасты қағып алады.
  5. Жалақ. Ойында үш немесе бес жалақ болады. Қақпатасты жоғары биіктікте лақтырып жіберіп, сұқ саусақпен жерді үш немесе бес рет «жалатып»үлгеру керек.Үш рет жалау немесе бір рет жалау ойыншылардың өзара келісулері бойынша белгіленеді.
  6. Алақан. Қақпатасты лақтыра отырып, қалған төрт тасты бір-бірлеп екінші қолдың алақанына жинайды.
  7. Төрт бұрыш. Төрт тасты жерге қойып, яғни, төрт бұрыш жасап қойып, содан соң қақпатасты биіктікте лақтырып, тастардың төртеуін де жинап қағып алу керек. Төртбұрыштың үлкендігі ойыншылардың өзара келісулері бойынша белгіленеді.
  8. Арттан тастау. Ойынның бұл түрінде жерден бірінші тасты қағып алған соң, екінші тасты қағып алу үстінде бірінші тасты қолдың артынан жерге тастау керек. Үшінші тасты қағып алу үстінде екінші тас арттан тасталады.Бәрін тастап болған соң, жердегі тастарды соңынан тұтас жинап қағып алу керек.
  9. Үндемес. Бестас ойынының бұл түрінің шарты бойынша қақпатасты қағып алғанда, ол алақандағы басқа тасқа соғылмауы керек. Ойынның шарты бойынша үндеместі ойнаған кезде ойыншының өзі де үндемей отыруы керек. Ал басқа ойыншылар ойынның осындай жағдайын пайдаланып, үндеместі ойнап отырған ойыншыны күлдіруге тырысады. Ойыншы күліп жіберсе, ол сол арада ойнауын тоқтатуға тиіс болады. Себебі, ойын шарты бойынша дыбыс шығарса ойын шарты бұзылады.
  10. Сарт-сұрт. Ойынның бұл түрінде бірлік ойыны сияқты қақпатас қағып алынады. Бірақ қақпатас пен жерден алынған тастың бір-біріне соғылғаны құлаққа естілуі керек. Себебі, ойын шарты бойынша дыбыс шығарса ойын шарты бұзылады.
  11. Қаршу. Ойыншы бес тасты жерге иіріп тастап, қақпастасын қолына алып, қалған төрт тасты бір-бірлеп қаршып қағып алады.
  12. Нәби. Ойынның бұл түрінде сол қолдың бас бармағы мен сұқ саусағын жерге тірей қақпа жасап ұстайды да, оң қолымен сол қолдың сыртынан бес тасты алдыға қарай иіріп тастап, қақпа тасты қолына алады. Ал басқа ойыншылар жердегі төрт тастың бірін нәби(ата) сайлайды. Нәби ойыншылардың өзара келісулері бойынша не алдыңғы, не арт жақта жатқан тастардың бірі болады. Ойыншы нәбидің ең соңында, яғни басқа тастарды қақпадан өткізіп болғаннан кейін ғана өткізеді. Ойынның шарты бойынша басқа тастарды нәбиге тигізіп алмай, бір-бірлеп өткізу керек.

Ұқсас материалдар