«Бекіре-2015» жедел-профилактикалық іс-шарасы анықтаған заң бұзушылықтар

08.06.2016 3978
Жедел-профилактикалық іс-шара

Ішкі істер министрлігі Орал-Каспий бассейні аумағында браконьерлік пен балық және балық өнімінің заңсыз айналымы фактілерін анықтау және жолын кесуге бағытталған «Бекіре» жедел профилактикалық іс-шарасын өткізді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы ІІМ Баспасөз қызметі хабарлады.

Іс-шараны өткізуге Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстары ІІД-нің және Батыс өңірінің көліктегі полициясының, сондай-ақ ҰҚК-нің Шекара қызметінің, Табиғатты қорғау прокуратурасының және балық қорғау органдарының күштері мен құралдары жұмылдырылды.

Жедел-профилактикалық іс-шара шеңберінде заңсыз балық аулау, сатып алу, сату фактілерін ашу, балық және балық өнімдерін көлік құралдарымен тасымалдауға жол бермеуге ерекше көңіл бөлінді.

Мысалы, Маңғыстау облысы ІІД табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері Ақтау қаласында 1982 ж.т. жергілікті тұрғынының басқаруындағы «Дэу-Нексия» автокөлігін ұстады, одан заңсыз тасымалдаған 119 кг бекіре тұқымдас балық тәркіленді.

Маңғыстау облысы ІІД табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері «Ақтау-Форт-Шевченко» тас жолы бойында «Хюндай-Сантафе» автокөлігін тізгіндеген, 1980 жылы туған Ақтау қаласының тұрғынын ұстады. Ол  Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген 43,7 кг «Құтым» балығын заңсыз тасығаны үшін қолға түсті. Келтірілген зиян сомасы 9 млн. теңгеден асады.

Көліктегі ІІД-нің Атырау стансасындағы КІІб-нің полиция қызметкерлері «Атырау-Маңғышлақ» бағытымен жүретін поезда 1973 жылы туған  жергілікті тұрғыны заңсыз 10 кг қара уылдырықты әкетпек болғанын анықтап, тоқтатты. Бұл фактілер бойынша материалдар ҚК-нің 339-бабы бойынша СДТТБТ тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Жалпы іс-шаралар нәтижесі бойынша 529 құқық бұзушылық, оның ішінде 443 – заңсыз балық аулау, 10 – сатып алу мен сату, 76 – балық және балық өнімдерін тасымалдау фактілері анықталды.

529 құқық бұзушы ұсталды, олардан 24,7 тоннадан астам балық, оның ішінде 1,6 тонна бекіре тұқымдас балық және 14 кг. уылдырық алынды.

СДТТБТ-ға 160 қылмыстық құқық бұзушылық фактісі тіркелді. 430 астам әкімшілік хаттама толтырылды, 2,8 миллион тенгеге жуық әкімшілік айыппұл өндірілді. Анықталған табиғатты қорғау заңнамасын бұзушылық фактілері бойынша келтірілген зиян сомасы 9,5 миллионнан астам теңгені құрады.


Әзірлеген Айша КЕРЕЙ

 

Ұқсас материалдар