Барқытбел балуандары

25.07.2016 4998
Елден шыққан атақты балуандар

Барқытбел балуандары 28 Маусым 2016 Тарбағатай төсінде дүрілдеген атақты балуандар Иісбай, Шиғара, Ығылан секілді күрес майталмандарының есімдері ұлт спортының тарихында сақталады Еліміздің шығысындағы Тарбағатай өңірі батыр мен байға, балуан мен серіге, әнші мен күйшіге кенде емес. Қашан да елдің атын шығаратын ерлердің өнері ұрпақ жадында. Бұл орайда Барқытбел атанған ежелгі таудың етегіндегі елден шыққан атақты балуандарды таныстырмақпыз. 

Иісбай балуан (1912-1959) 

Тарбағатай балуандық өнерінің үш алыбының бірі, даңқты балуан, қара күшті асқан иесі, ұлттық спорт қайраткері Иісбай Бүкібайұлы 1912 жылы Тарбағатай ауданының Маңырақ қыстағында дүниеге келген. Жас Иісбайдың нағашы атасы Қыдырмолда Жаншайұлы да өз заманында ешкімді бет қаратпаған айтулы балуан болыпты. Иісбай 13 жасынан бастап күреске түсіп, боз кілемде белдесудің сан алуан қырын танытып, жеңістерге жете бастайды.  Ауыл арасында басталған оның күрес жолы әр түрлі жиын-тойларда, ду-думандарда көрініп, ел аузына ертерек аты ілінеді. Кейіннен Семей шаһарында ұйымдастырылған ұлы жарыста 100 келіден артық салмақта арысқа түсіп, түгелін ұтады. Сол сайыста Тарбағатай балуандары Шиғара, Ығылан да қатысып, жеңіске жетіп елге абыройлы келеді.  Иісбай балуан 1942 жылы Екінші Дүниежүзілік соғысқа аттанып, көзіне зымыранның жарылғыш жарықшағы тиіп, ауыр жараланады. Соғыс жағдайында жасалған ота 1943 жылы елге аман оралады. Алғашында аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, аудандық тұтынушылар одағы басқармасының бастығы, республикалық зат дайындау министрлігінің өкілі, аудандық жол жөндеу мекемесінің бастығы қызметтерін атқарған.  Семейдегі әйгілі жарыста тарбағатайлық балуандарды іздеп келген қыз-келіншектермен сөз қағысуы, әсіресе, Күлпаш атты келіншекпен айтысы ел жадында. Төлеубек Құнафиянов есімді ақсақалдың айтуынша, Иісбайға қарата Күлпаш:  Сыңар көзбен алыстан түйе жігіт,  Адаспай қалай келдің тойды біліп?  Жеріңде түйе көп деп естуші едім,  Тепеңдеп келдің бе екен бура мініп?! – деп қағытқанда Иісбай:  Серісі мен өз елімнің Иісбаймын,  Білгенге өзім духи, иіс маймын.  Қартайып қалған кәрі байтал түгіл,  Семейдің қызына да қиыспаймын.  Ажары оң көзімнің сол көзімде,  Алланың не қылса да еркі өзінде.  Көзімді ойнап жүріп шығарғам жоқ,  Ендеше пысқырмаймын бұл сөзіңе! – деп іле жауап қайтарыпты. Балуан ғана емес, ақындықтан да кенде болмаған Иісбай балуанның қасиеттері осындай мысалдардан көрінеді.  Иісбай балуан Бүкібайұлы 1959 жылы 47 жасында мезгілсіз дүниеден өтті. Қызы Клара Иісбаева – Тарбағатай ауданынан шыққан қайраткер қыздардың бірі, ауданның құрметті азаматы. Иісбай балуанның есімі қазақ спортының тарихында мәңгі сақталады. 

Шиғара балуан (1917-1994) 

Шиғара балуан 1917 жылы Тарбағатай ауданының Шорға елді мекеніне қарасты Ұялы деген жерде дүниеге келген. Балуанның азан шақырып қойған аты Оспанбек болған. Ата-баба дәстүрі бойынша жеңгелері нақты есімін атамай, «Шиғара» деген лақап ат қойған. 16-17 жасынан бастап балуандыққа түсіп, қазақ тойы күрессіз өткен бе, ел арасындағы әр алуан жиын-тойларда талай жүлде алып, алып күштің иесі атана бастайды.  Тарбағатай ауданының 30 жылдығына орай Ақжар ауылының Түменбай қыратында ұйымдастырылған алыптар айқасына қатысқан Шиғара балуанның өнерін тамашалаған ауыл қарттары әлі бар, көне тарих куәгерлері сөйлейді. Олардың айтуынша, балуан аяғының үлкен башпаймен балақтан қысып алып, іліп тастайтын не болмаса қос аяғын көктен келтіретін әдіс-тәсілдерін (подхват әдісі) қолданып қарсыласын қапыда басатын болған. Сол жарыста қарсыласын шақ келтірмеген жас қабыланның атағы ауданнан асып, көршілес елдерге, облысқа жайыла бастайды.  Жамбыл ақынның жүлдесіне орай Семей шаһарында ұйымдастырылған айтулы додаға да Шығыс Қазақстан облысы атынан қатысқан Шиғара балуан еліміздің түкпір-түкпірінен келген ең мықты балуандарды ойсырата жеңеді де, жеңістің ең биік тұғырынан көрінеді.  Соғыс өрті тұтанған жылдары балуанды сенімсіздікпен «байдың баласы» дегенді желеуді етіп, соғысқа алмайды, есесіне Лениногорскідегі ФЗО-да қалдырып, ауыр жұмысқа салады. Балуан өміріне қатысты мына бір деректі белгілі жаттықтырушы, балуан, ұстаз Орынбек Пұшпақбаев өзінің «Барқытбел баһадүрлері» атты кітабына кеңінен сипаттап жазады.  Көкпектінің Ақжайлауына Иісбай балуанмен күреске түспекке бойы екі метрге жуық, алып денелі кавказдық шешен жігіті іздеп келеді. Жергілікті тұрғындар оны Шиғара балуанның білетінін айтып жөн сілтейді. Иісбай балуанмен кездесу үшін алдымен өзімен күресуі керектігін, жеңсе баратынын айтады да, ақырында екеуі белдесуге шығады.  Дайындалған орын, келіскен уақытта екі балуан айқасып бір-бірін бірталай уақыт ала алмаса керек. Шешен жігіттің аңсаусыз бір қателігін сәтті пайдаланып кеткен Шиғара жеңіске жетеді. Кавказ балуаны да жеңілгенін мойындап, 100 сомды Шиғараның қалтасына салады, алайда қаракүл жағалы пальтоны қалтасындағы ақшасымен қосып, алыстан келген балуанның иығына жабады. Шиғара балуан кавказдыққа: «Саийда, енді Иісбай балуанмен кездеспей-ақ осы жерден қайтқаның жөн болар» деген деседі.  Өмірінің кейінгі жылдарында атақты Шиғара балуанды мал шаруашылығы маманы ретінде Көкпекті ауданының басшылары гурдуправ етіп тағайындайды. Бұл – өңір-өңірден атақты Семей ет комбинатына жеткізілетін малды ұры-қарыға алдырмай, бір санын кем қылмай, ой-шұңқырларға қалдрмай тегіс аман-есен апаруды қамтамасыз ету. Осы кездегі бір оқиғаны көзімен көрген Жолан есімді азамат былай дейді:  «Семей ет комбинатына Откормнан (қазіргі Тәуке ауылы) бес машинаға бірнеше бас ірі қара малын артып, жолға шықтық. Басшымыз – Шиғара балуан. Ол кісі менің машинама жайғасқан болатын. Жарма ауданынан асқан тұста бірінен бір мүйізді қарасан келгір секіріп кетті. Барлығымыз жабыла жүріп әрең дегенде ұстап, машинаға көтеріп қайта салдық. Ол кезде ызаға булыққан балуан ағамыздың қаһарлы жүзін көргенде айбарынан адам сескенердей еді. Бұлшық етін теуіп тұрған бұла күш терісіне сыймай, жарылуға шақ қалды. Шүйде тұсынан басталып, қос жауырынының арқа тұсына келгенде тарамдалып кететін жалын көрсеңіз, құдды бір ертегі әлеміндегі жалғыз көзді дию дерсіз. Алла тағала пендесін жаратқанда өн бойына осыншама ғаламатты қалай сыйдырған деп таң қаласың. «Алдарыңдағы малға ие бола алмаған әкелеріңнің аузын ұрайын өңшең...!» деді де, машинаның бортына секіріп шықты. Ондайы ойы әлгі сиырды байлап қояр деп ойлағамыз. Жоқ, олай болмады. Қос қолымен ұстап тұрып, арқа омыртқасын үзіп жіберді. Жан дауысы шыққан әлгі хайуан сол орында жатып қалды».  Шиғара (Оспанбек) Сыдықұлы – Тарбағатай балуандық өнерінің үш алыбының бірі, теңдессіз күш иесі атанған балуан, мал шаруашылығының қайраткер азаматы. Оның ұрпақтары қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті, Тарбағатай аудандарына тұрып жатыр. 

Шиғара балуан(1926-1960) 

Ығылан Әмірғалыұлы 1926 жылы Тарбағатай ауданының Шорға ауылында дүние есігін ашқан. Әмірғалы ата мен Жәми апаның шаңырағында ер жеткен Ығылан жастайынан қамқор, кішіпейіл, бауырмал болып өсіпті.  Көзін көрген жандардың айтуынша, жарыстан ұтқан жүлделерін елге тарататын қолы ашық, жоқ-жітікке қарайласқын ер мінезді, кез келген адамды ұлтына, нәсіліне қарамай бауырына тартатын кең пейілді жан екендігін аңыз ғып жеткізеді. Әсіресе Тарбағатайдың үш бірдей тарланы Иісбай, Шиғара балуандармен қыл өтпес дос болғанын мақтанышпен айтады. 1944 жылы соғысқа шақырылып, соғысқа бірге аттанған қарулас Жұмабай ақсақал: «Ығылан пойыз тоқтаған уақытта бірнеше ұлттың өкілдерімен күресіп, жол бойы бізді асырап барды. Жеңген кезде алған тамақтарын қасындағыларға теңдей етіп бөліп тарататын. Бір вагон адам Ығыланды сол үшін көкке көтеріп, аспанға лақтыратын», – деп әңгімелейді.  Соғыстан денсаулығына байланысты аман-есен оралған Ығылан жағдайын жақсартып, күреске қайта ден қояды. Алаңға шыққанда жанары ұшқын атып, ширыға түсетін қағілез балуан ә дегеннен-ақ тобықтан шалып, қарсыласын шаң қаптыратын әдісті жетік меңгеріпті. Шапшаң қимыл мен ұстаған жерінен айырылмайтын қаттылық оның жеңіске жетуіне жол ашатын да тұратын.  Ығылан балуан өзінен жасы үлкен аға балуандармен бірге Семейдегі үлкен додаға да, Тарбағатай төсінде өткен айтулы жарысқа да қатысып, жүлделі орындар ұтып алған. Тіпті 1957 жылы науқастанып жүрген елге белгілі Иісбай балуан Ығыланмен күреске түсіп, жеңіліп қалады. Дей тұрғанмен, аға балуан Ығыланды «бас балуан» деп атап, батасын береді. Кейін 1959 жылы Өскемен қаласында өткен Қаз ССР-інің 40 жылдық торқалы тойында қарсыластарын түгел жапырып бас балуан атағын иеленіп қайтады.  Алайда атақты балуанның өмірі қысқа болды, 1960 жылы не-бары 34 жасында кенеттен өмірден озды.  Осылайша Тарбағатай төсінде дүрілдеген атақты балуандар Иісбай, Шиғара, Ығылан секілді күрес майталмандарының есімдері ұлт спортының тарихында сақталады. Амангелді Рақышев, ағайынды Сайхановтар, Совет Қаленов, Тоқан Базарханов, Сейдолла Қалиев, Зарып Закиров, Аманжол Кәкібаев, т.б. балуандар республикалық, халықаралық деңгейде танылып, аға буынның даңқты жолын жалғады. 


Заңғар Кәрімхан