Балуандарға ат беру дәстүрін жаңғырту керек

13.03.2014 2643
Биыл «Қазақстан Барысы» жобасының төртінші маусымы. Осыған байланысты қазақтың балуандық өнерін зерттуші Елемес Әлімхановтан кейбір көкейде жүрген сұрақтардың жауабын білген едік.

Биыл «Қазақстан Барысы» жобасының төртінші маусымы. Осыған байланысты қазақтың балуандық өнерін зерттуші Елемес Әлімхановтан кейбір көкейде жүрген сұрақтардың жауабын білген едік.

El.kz: «Қазақстан Барысы» додасының өтіп жатқанына осымен төртінші жыл. Бірақ, әлі күнге дейін жарыстың атауына шүйлігетіндер көп. Кейбіреулер «Көкбөрі тұрғанда мысықтектес барыстың қажеті қанша?» десе, бірі «Түйе палуан» деген нағыз осы додаға қатысты атау емес пе?» деген пікірде. Осыған өз ойыңызды айтсаңыз...


Е.Әлімханов: «Түйе палуан» деп қойса артық емес. Бірақ, біз қазақ күресін қайта жаңғыртып, өлгенді тірілтіп, өшкенді қайта маздатып жатқандықтан «Қазақстан Барысы» деп жаңа жобаны қолға алғанымыздың еш ағаттығы жоқ. Оның үстіне барыс сөзі де бізге жат емес. «Ер Төстік» ертегісіндегі Таусоғар балуанға ешкім тең келмеген соң, ол бір тауды көтеріп алып, елге күшін көрсетеді. Сонда:
... Ей, Ер Төстік шырағым.
Батыр ең БАРЫС жүректі,
Түспейсің бе күреске,
Түрініп жеңді – білекті,
Алысарсың, жығарсың,
Алқымынан сығарсың, – дейтін жыр жолдары бар. Мысалға келтірер болсақ, бұл ғана емес. «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты!» дейді ақындардың ақыны Мағжан. Қайраты тасыған жастарды жолбарысқа теңеп тұр. Ұлттық спортқа тек қазақ күресі ғана жатпайды. Сондықтан алдағы уақытта арлан, арыстан дейтін сөздерді басқа төл өнерлерімізді насихаттағанда қоса жатар.


El.kz: «Қазақстан Барысы-2013» додасының жартылай финалында үлкен дау туындады. Ержан Шынкеев пен Бейбіт Ыстыбаевтың белдесуіне қатысты түрлі пікірлер айтылуда. Әділетсіздік орнады, әділ-қазылар жарысты Ержан Шынкеевке жығып берді, төрешілер қазақ күресінің ережелерімен толық таныс емес...


Е.Әлімханов:  Өкінішке қарай, осындай келеңсіздік орын алды. Бірақ, бұл жарыстың ұйымдастырылу деңгейіне көлеңке түсірмеуі тиіс. «Қазақстан Барысы» додасы жыл сайын қанат жайып, еліміздегі ең үлкен жобаға айналып келе жатыр. Қазақ күресін қайта жаңғыртып жатқан азаматтарға мың алғыс!
Ал, әлгі жартылай финалға байланысты маман ретінде айтарым, қазақ күресінің ережелерін жетілдіру қажет. Ережелердің әлі күнге дейін бір қалыпқа түспеуі – төрешілердің әлсіздігін де көрсетеді. Олардың еш кінәсі жоқ, қайта біздер үшін үлкен мәселенің шеті көрінді. Мен осы жарыстан көп дүниені дәптеріме түртіп алдым. Осы мәселелерді зерттеп, жауабын тауып, қазақ күресінің ережелерін толықтай түсуге барымды саламын.
Тағы бір айтарым, халықтан асқан төреші жоқ. Тарихта да халықтың даусына салып, төрелік жасаған тұстар болған. Бірақ, мәселе басқада. Егер бұл футбол болса, халықтың дені оның ержелерімен таныс болғандықтан, көпе-көрнеу әділетсіздіктің болғандығын немесе төрешінің дұрыс шешім шығарғандығын айтып отырады. Ал, қазақ күресіне келгенде ережесін қарапайым халық тұрмақ, төрешілердің өзі нақты түйін жасай алмай отыр. Сондықтан, алдағы жарыстарда мұндай олқылықтарға жол бермеуге тиістіміз. «Қазақстан Барысында» төрелік еткендердің дәрежесін түсіруімізге болмайды, себебі бұл жағдайға қазақ күресі ережелерінің әлсіздігі басты себеп болып отыр.


El.kz:  Үшінші орынға талас кезінде Бейбіт Ыстыбаевтың бозкілемге шықпай қоюына байланысты не айтасыз? Бұл дұрыс па, бұрыс па?


Е.Әлімханов: Тарихта белдесуге шықпай қалған тұстар болған. Бірақ, денсаулығына байланысты, мерзімінен кешігіп қалуына байланысты. Ал, Бейбіт Ыстыбаев секілді саналы түрде белдесуден бас тартқан балуанды бұрын-соңды кездестірген емеспін.
Жеке пікірімді білгіңіз келсе, Ыстыбаев белдесуге шығып, өнерін көрсеткені дұрыс еді. Жарысты тамашалауға келген қаншама жанкүйерді, теледидардың арғы бетінде отырған миллиондаған көрерменді сыйлап, белдесуден бас тартпауы қажет деп санаймын. Спорттың сиқыры сол, мықты да сүрінеді, әлсіз де алып жығады. Әділетсіздік Олимпиада ойындарында да көпе-көрнеу жүріп жатады, сондықтан жалғастырғаны абзал-тын.


El.kz:  Балуандар неге өздеріне ат қойып алған? Оларға ат беріп, аспанға көтеретін халық емес пе? Осындай да пікірлер бар....


Е.Әлімханов:  Балуандарға жеке жасырын ат беру дәстүрі болған. Күресетін балуанның кім екенін жария етпес үшін, көбіне беттерін бояп немесе бетперде (маска) кигізген. Жеңген балуан қарсыласының маскасын шешуі арқылы өзінің жеңгенін мойындатқан. Қажымұқанның бір өзін «Батрак-Акмолинский», «Қара маска», «Черный Иван», «Маханура», «Алыпсоқ», «Шидем-Купинский», «Черный замук», бала кезінде «Ұлтанқұл» дегенін білеміз. Бұл аттардың барлығын оның күшіне тамсанып, өнеріне тәнті болған халық пен жарысты ұйымдастырушылар беріп отыр. Егер халық сүйікті балуандарына ат қойып, абыройын асқақтатамыз десе, ешқандай сөкеттігі жоқ. Қайта нұр үстіне нұр болар еді.

Елемес Әлімханов Италиялық "FOROITALICO" университеті ректоры Пауло Парисимен


El.kz:  Балуандардың белдесіп болған соң бір-бірінің басынан аттап кете баруы әдепсіздік пе?


Е.Әлімханов:  Негізі балуандардың дені халықтың мақтауын алған, аңғалдау, ұрда-жық мінезді, дүр келетінін ескергеніміз жөн. ХХ ғасырдың бас кезіне дейін балуандық салмақ дәрежесіне немесе жас ерекшеліктеріне қарай бөлінбей «күш атасын танымас», «бастан аттау» сияқты тәртіптер болған. Мен осы туралы кітабымда да көптеген мысалдар келтірдім.
«Бастан аттау» қазақ халқының көне ырымдарының бірі. Негізгі мағынасы – бір адамның екінші адамның басынан аттау арқылы «күш» алуы, бұл түсінік бойынша жеңілген адамның «күші» жеңген адамға өтеді. «Арқаның атақты Сегіз серісі айбарланып тұрған Қоқан хандығының балуаны Ғафурды бірден бас салды. Белбеуінен сығымдай қысқан беті екі рет үйіріп алды да жата қалып қара дәуді басынан асыра лақтырды. Сәл кеудесінен басып тұрып Сегіз сері Ғафур мықтының басынан аттап кете барды», – деген үзінді бастан аттау дәстүрінің болғандығын көрсетеді. Күресу кезінде жеңген балуан жығылған балуанның «басынан аттауы» өзінің талассыз жеңгендігінің дәлелі ретінде саналған. «Күш менікі, жеңіліс сенікі» деп бабалар бір-бірінің басынан аттап жататын», – дейді 90 жастағы менің анам Зәбира Көшбаева.


El.kz:  Әр облыстан екі балуанның финалдық кезеңге шығуы рушылдықты, жершілдікті ушықтырып жатыр дейді.


Е.Әлімханов:  Мен жеке басым ондайды байқаған жоқпын. Финалдық кезеңге шыққан балуандардың барлығы мықты, егер іріктеу ойындарын республикалық дейгейде өткізер болсаңыз да сайдың тасындай осы жігіттер жиналуы мүмкін. Ертеде ел арасында қазақ күресінің жазылмаған ережесі қатаң сақталып отырған. Күресетін балуан өз атынан ғана емес, өз руының немесе бүкіл бір елдің атынан белдесуге шығатын болған. Бір балуанға болысу үшін пойызбен арнайы келіп жатқан жанкүйерлерді көрдім. Басқа облыстан келсе де Бейбіт Ыстыбаевқа, Ұлан Рысқұлға болысып жатқандар да бар. Сондықтан, жершілдікті, рушылдықты ушықтырады деген таяз түсініктен ада болуымыз қажет. Балуандар әр облыстан келгенмен, бар қазаққа ортақ балуандық өнерді дәріптеп жатыр. Ең бастысы да осы.


El.kz:  Әңгімеңізге рахмет!

Ұқсас материалдар