Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ: "Факс аппаратын сатып алып, өз үйіме орнатқан бақытты күн әлі есімде!

25.06.2014 3701
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, республикалық басылымдардың Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі ретінде «Жас Алаш», «Жас қазақ», «Айқын», «Үш қиян», «Алтын орда» секілді газеттерде қызмет еткен.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, республикалық басылымдардың Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі ретінде «Жас Алаш», «Жас қазақ», «Айқын», «Үш қиян», «Алтын орда» секілді газеттерде қызмет еткен.

Соңғы жылдары түбегейлі өзгерістер болып кетпесе, Астана мен Алматыдан басқа жерде журналист болудың қызығы мен шыжығын бір кісідей білетін сияқтымын.

«Меншікті тілші» қызметіне алғаш кіріскен, жалпы журналист ретінде бағым ашылып, рахаттана, ләззат ала қызмет еткен кезім – 1998-2004 жылдар арасында республикалық «Жас Алаш» газетінде меншікті тілші болған уақытым. Редактор Нұртөре Жүсіп еді. Жазған мақала-хабар, ақпараттарым екі күннің бірінде бір әрпі өзгермей шығып жататын. Жалпы, Қазақстанның батыс өңірі газетті ең көп оқитын, мерзімді басылымдарға жақсы жазылатын аймақ саналады. Ал, «Жас Алаштың» даңқы сол жылдары тіпті дүркіреп тұрды. Шын мәнінде халықтық басылым еді. Осындай мықты газеттің тілшісі болғандықтан, біздің де абыройымыз жаман болған жоқ. Басшылар «Жас Алаштың» сынына ерекше шамшыл еді. Газеттің кей саны (облыс басшысын сынаған мақала жарияланған) Оралға жетпей, жолдан жоғалып кеткен оқиғалар да болды... Компьютер жоқ кезде мақаланы қолмен жазып, «Қазақтелекомнан» факспен жіберетінбіз. Тарифі удай қымбат байланыстың әр секундын санап, жіберген мақалаң «анық көрінсе екен» деп қылпылдап тұратынбыз. Факс аппаратын сатып алып, өз үйіме орнатқан бақытты күн әлі есімде.

2002 жылы «Жас Алаштың» 80 жылдығы тұсында газет қызметкерлері бүкіл Қазақстанды аралап, ел-жұртпен кездескен сәті есте қалды. Газет пен оқырманды жақындастырған мықты шара еді.

Әділін айту керек, «Жас Алаш» газетінің сол кезеңдегі абырой-беделінде бас редакторы Нұртөре аға Жүсіптің көп еңбегі бар деп ойлаймын. Нұрекең қалыптастырған ұжым, творчестволық атмосфера ерекше ашық-жарқын еді. Біз секілді қиырдағы тілшілерін жиі жинап, қонақ үйге орналастырып, төредей төрге шығарып қоятыны өз алдына, елде жүргенде де редакторымыздың қамқорлығын анық сезінетінбіз. Олай дейтінім – меншікті тілшінің артынан сөз көп ереді, сені айналып өткісі, сыртыңнан сатып жібергісі келетіндер де табылады. Бірақ, Нұрекең бір де бір рет «сен туралы осындай әңгіме бар» деген емес.

Меншікті тілшінің күнде араласатын ұжымы, ортасы болмайтыны қиын екенін ақтөбелік әріптесіміз жазыпты. Ол рас. Оның үстіне «облысымыздың жақсысын асырып, жаманын жасырудың орнына айдаладағы оңтүстіктің газетіне жариялап, туған жеріңді масқаралап жатырсың» деп кінәлап, сені сатқынға балайтындар да табылады. Бірақ өз басым «Жас Алаштың» Батыс Қазақстан облысындағы тілшісі ғана емес, Батыс Қазақстан облысының «Жас Алаштағы» тілшісімін» деп сезініп, қызмет еттім.

Әрине, қазір көп жағдай өзгерді. Республикалық басылым да көбейді, оқырман онға бөлінді, тасқа басылған сөзге Құдайдай сенетін жұрттың да қарасы азайды. Мұның бәрі тілші қызметінің мәртебесін түсірді. Дегенмен, оқырманына адал қызмет ететін басылым болса, әлі де көптің махаббаты көл болуы оңай. Ол үшін меншікті тілшілерін жақсы сайлап, барынша тәуелсіз болатындай жағдайын жасап, қияндағы қызметкеріне қорған бола алатын редактор керек-ақ. Әйтпесе, облыстан келген сын мақаланы шығармай ұстап тұрып, сыртыңнан жергілікті басшылармен сауда жасайтын пысықтарға тап болсаңыз, Құдай сақтасын. Редакторы сыртынан сатып жіберетін тілшінің беделі қайдан болсын?!

Сөз орайы келген соң айта кетейін, бүгінде бірқатар республикалық басылымдар облыстардың бюджетінен «мемлекеттік тапсырыс» ретінде қаржы алады. Бұл дегеніңіз – әлгі басылым бетінде артық-ауыс әңгіме айтылып қоймасын деген ауызбастырық қой. Халыққа, оқырманына арқа сүйемеген басылымның болашағы жоқ деп ойлаймын.

Қазіргі найзағайдай жылдам ақпарат заманында жоғарыда айтылған кейбір ойларым көнеріп, ескіріп қалған болуы да мүмкін. Жалпы, республикалық басылымдардың басшылары әр қиырдан меншікті тілші іздей қалса, менің кеңесім: жастарға басымдық беріңіздер! Жастың бойында жалын көп, алды-артын ойламайтын батыл, көргенін жазады. Біз сияқты қырықтан асқандардың отбасы бар, көңіл жықпас тамыр-танысы да көп. Ал меншікті тілшінің стихиясы – жауынгер журналистика ғой.

Мейрамдарыңыз құтты болсын, әріптестер! 

Ұқсас материалдар