Қазақстанның мемлекеттік басқару және бизнес салаларындағы лоббизм

08.12.2015 5025
Қазақстанның мемлекеттік басқару және бизнес салаларындағы лоббизм

Жалпы Қазақстанда лоббизмді толықтай пайдалануды енгізу үшін міндетті заңдылық база құру қажет. Лоббистік  іс-әрекеттің  экономикаға  әсерін  түсіну  үшін  ең  алдымен бұл ұғымның мәнін жеткілікті түрде танып-білу керек. Лоббизмнің түбірі өте тереңде. Өйткені мұндай құбылыс адам табиғатымен сипатталады. Яғни белгілі бір экономикалық ынталандыруға лайықты, сөзі өтімді адамдар және мемлекет қайраткерлерінің тобы осы немесе басқа субъектілерге қолдау көрсетеді.

Біздің   елде   лоббизм,   өз   мүддесін   көздеу   мәселесін   жетілдірілген, өркениетті жағдайда деп атауға болмайды. Кәсіпкерлер өз мүддесін қорғауда кез келген амалдарды қолданады. Қазақстанда лоббизм бұрынғы кеңестік кеңес дәстүрі бойынша атқарушы билік кабинеттерінде және коридорда жүргізіледі. Қазақстандағы лоббизмді бірнеше деңгейге бөлуге болады:

- Аймақтық лоббизм;

- Қаржы-өнеркәсіптік лоббизм;

- Шетелдік лоббизм;

- Үкіметтік емес ұйымдар лоббизмі.

Кейбір   сарапшылар   президенттік   лоббизм   президенттік   билік   басым елдерде көп салаларда қолданылады деп санайды. Өйткені, президент барлық басқаруды жүзеге асырады. Оның бұйрығы бойынша президенттің парламенттік өкілі болады    және    үкімет   президенттің    жарлығы    бойынша    құрылады. Қабылданған тактика бойынша бұл өз кезегінде жұмыс әдісі, ықпал етуші құрылымның тиімділігі жақсы ұйымдастырылған, президенттің және атқарушы биліктің мүддесін қорғауды нәтижелі түрде жүзеге асыру болып табылады. Бұл жүйенің  тиімді  жақтары  –  беделді,  өкілетті  қолдау  және  қолдану, шенеуніктердің  кәсіпқойлығы,  шешім  қабылдауда  арнайы  білім  мен біліктіліктің болуы, Парламентте өз депутаттарының болуы және олардың фракцияларын қолдау.

Президенттік лоббизмді әкімшілік-басқару аппаратына жататын үкіметтік лоббизм деп атауға да болады.

Егер ағайындық, туысқандық топтар, мүддесі бір адамдардың топтары (кландар) арасындағы қатынастар туысқандық байланыста негізгі рөл атқарса, қаржы-өнеркәсіптік немесе халыққа қызмет көрсету орталарына туысқандарды ендіру – көп жағдайда олардың қажетті тиісті біліктілігі мен дайындықтың жоқтығы салдарынан аталған салалардағы қызмет сапасының әлсіреуіне әкеп соқтырады.

Аймақтық лоббизмді кландықпен батыл салыстыруға болады. Аймақтық лоббизм шешімдер қабылдаудың барлық деңгейінде аймақтық элитамен қарастырылады. Ал корпоративтік (салалық) лоббистердің болуы жағымды тұрғыдан қолдау тауып жатады. Өйткені мұндағы басты мүдде – қаржы түсімділігі үшін күресу болып табылады.

Мемлекеттік тұрғыда Парламенттің құрылу принципі аймақтық лоббизмге тиімді  әсер  етуіне  жағдай  жасайды.  Себебі  аймақтық  эканомиканың  дамуы біркелкі  еместігі,  мемлекеттік  және  жергілікті  бюджетті  қалыптастыру  және бөлуде шын мәнінде күрес жүргізуге әкеп соқтырады.

Шетелдік лоббизмнің президенттік, кландық және аймақтық лоббизммен тікелей байланысы болмауы да мүмкін. Лоббизмнің бұл түрі шетелдік олигархиядан көрінеді. Шетелдік лоббизмнің Қазақстандағы позициясы мықты деуге болады, соның салдарынан отандық бизнес өз шегінде жеңіліске ұшырап жатады.

Үкіметтік емес ұйымдардың лоббизмі немесе үшінші сектордың лоббизмі әртүрлі қоғамдық және коммерциялық емес ұйымдардың қызметінде көрінеді. Мемлекет қоғамдық бірлестіктердің қызметіне араласа алмайды. Сол себепті үкіметтік емес ұйымдар қызмет көрсететін әртүрлі әлеуметтік топтардың көптүрлілігі өздері    мүддесін    қорғап    отырған    сол    топтардың    барлық экономикалық әлеуметтік және азаматтық мүдделеріне жағдай жасайды.

Бүгінгі таңдағы лоббизмнің типологиясы сан қырлы және оны белгілі бip ауқымға сыйғызып айту да мүмкін емес. Лоббизмнің даму үдерісін зерттей келе лоббитанушылар мынадай екі тармақты: англо-саксондық және корпоративтік (континенталдық) тармақты бөліп қарастырады.

Англо-саксондық лоббизм мәселеге демократиялық, сөз бостандығы тұрғысынан келіп, лоббизм қызметін үйлестіріп отыратын арнайы заң қабылдап, сол  заңның  шеңберінде жұмыс  жүргізеді  және  қоғам  тарапынан  да,  билік тарапынан лоббистерге деген оң көзқарас қалыптасқан.

Бұл тармақ бойынша мүдделі жақ, яғни, талап етуші топ билік пен бұқараның арасындағы делдал ретінде танылады. Ал саяси билік түрлі салалардың - өндірісшілердің, кәсіподақтардың, экологтардың, денсаулық саласының, білім берушілердің және т.б. мүдделі топтардың мәселе көтepiп топтасатын алаңы ретінде танылады.

Корпоративтік моделді ұстанатын мемлекеттерде лоббизм туралы арнайы заң жоқ. Лоббистер мен билік арасында қарым-қатынас әкімшілік-техникалық сипатта болады да, шешім қабылдау саясиланбай, өзара келісім негізінде жүзеге асырылады.

Англо-саксондық  моделде  мәселені  шешу  үдерісі  «төменнен  жоғары» қарай жүретін болса, корпоративтік моделде «жоғарыдан төмен» қарай жүреді. Зерттеушілердің айтуынша корпоратизмнің ең озық үлгісі деп Австрия үлгісін атауға болады. Мұнда экономикалық та, әлеуметтік те шешімдердің барлығы «экономикалық және әлеуметтік  серіктестік»  шеңберінде  қабылданады.  Бұл елде заңмен бекітілген сауда, еңбек, ауыл шаруашылығы және т.б. палаталар құрылған, әpбip жұмыскер сол палаталарға қарайды. Сондай-ақ қарапайым халықтың мүддесін білдіретін epіктi бірлестіктер де жұмыс істейді. Соның арқасында еңбек пен капиталды ұйымдастырудың және үйлестірудің жоғары деңгейі қалыптасқан. Тараптардың қай-қайсысы да қандай да бip мәселені шешуде тек қана келіссөздер мен ашық пікip моделін қатты ұстанады. Өйткені Австрия екінші дүниежүзілік соғыста қатты зардап шеккен ел. Сондықтан да бейбіт келісім, мәселені дау-дамайға дейін жеткізбей шешугe бәpi де ынталы. Жалпы бұл модель еуропалық елдердің көпшілігіне тән. Зерттеушілердің айтуы бойышша лоббизмнің осы корпоративтік немесе континенталдық моделі ғаламдық  сипатқа  ие.  Ғаламдық  сипатқа  ие болуының  ең  басты  ceбeбi  - лоббистік топтардың қызметіне мемлекеттік биліктің өзі де мұқтаж болатындығында. Мұқтаж болатын ceбeбi - лоббистік топтар қоғам ішіндегі ақпараттар мен деректерді уақытылы жеткізіп тұрушы күш. Ал қандай билік те қалың бұқараның  көңіл  күйі  мен  әлеуметтік  жағдайы,  сұраныс-талаптары туралы нақты ақпараттарды күн сайын біліп отыруға ынталы. Бұл өз кезегінде қоғамдық   дамуды өрістетудің   түрлі   механизмдерін   жасақтауға   мүмкіндік береді.

Әлемнің көптеген елдерінде ашық айтылатын және заңдық-құқықтық тұрғыдан бекітілген лоббизм мәселесі Қазақстанда да бар екенін билік басында жүрген мемлекеттік қызметшілер де мойындап отырғанын атап өткіміз келеді.

Бұқаралық ақпарат құралдарының бірі кезінде бұрынғы Білім және ғылым министрі Б. Жұмағұлов кейбір жоғары оқу орындарының жабылуына кедергі келтіріп жүрген лоббистердің көп екенін ашық айтқанын хабарлаған болатын.

Атап айтсақ, осыдан бір-екі жыл бұрын КТК телеарнасы мынадай ақпарат таратты:

«Жоғарғы оқу орындарын жаппай қысқартудың соңы Есілдің сол жағалауындағы шенеуніктерді өзара қырылыстырып қоятын түрі бар. Білім министрі Бақытжан Жұмағұлов Үкімет отырысында жеке меншік университеттердің жабылуына Астанадағы құрығы ұзын дөкейлер мен Мәжіліс депутаттары  кедергі  келтіріп  отырғанын  мәлімдеді.  Министр  тіпті  оларды лоббистер деп айыптап отыр.

Білім және ғылым министрі жоғарғы оқу орындарының жабылуына кедергі келтіріп жүрген шенеуніктердің көп екенін ашық айтты. Әсіресе, жеке меншік университеттердің сойылын соғушылардың арасында Үкіметте қызмет істейтін атқамінерлерден бастап, Мәжіліс депутаттарына дейін бар көрінеді. Құрығы ұзын дөкейлер студенттерді министрлікке қарсы қойып, шу шығарып, дегеніне жетуді мақсат еткен. Бірақ еліміздің бас мұғалімі лобби жасаушылардың атын атап түсін түстеген жоқ».

Министр ашып айтпаса да лобби жасаумен айналысып жүр деп «Ақжол» партиясының төрағасын меңзегені анық. Себебі Азат Перуашев Мәжіліс отырысында жеке меншік университеттерді жабуға қарсылық танытқан еді. Депутаттың пікірінше, жекенің иелігіндегі оқу орындары сапалы білім береді. Ал өзін жанама түрде лоббист деп  атаған Жұмағұловтың  сөзіне таңырқаған

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев журналист сұрағына:

«Министр мырза лоббист дегенді байқамай айтқан шығар. Лоббизм деген ақылы түрде көрсететін қызметі. Яғни коммерцияның бір түрі. Бұл лоббистік жұмыстар емес. Себебі мен ресми түрде жариялаған позициям үшін бір көк тиын ешкімнің қолынан алған жоқпын», - деп жауап берген.

Жоғарыда     айтылған      мәселелер      сараптала      келіп,       Қазақстан Республикасында    да    лоббизм    жүйесін    заңдастыру    мақсатында    біраз талпыныстар жасалды. Атап айтсақ, 2009 жылдың 4 наурызында Астанада «Лоббилау туралы» заң жобасы таныстырылған дөңгелек үстел өтті.

Еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, сол күні Астанада «Лоббилау: перспективасы, проблемалары және даму жолдары» тақырыбында «дөңгелек үстел» өткізіліп, оның барысында «Лоббилау туралы» заң жобасының таныстырылымы болды

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Заңнама институты басқармасының бастығы Сұлтан Әлімжановтың айтуынша, «Лоббилау туралы»

заң жобасын әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибені, оның ішінде негізінен АҚШ, Германия және Франция елдерінің заңнамаларын зерттеуге баса мән берілген.  Нәтижесінде Қазақстанды  лоббилауды  тек  Парламент  деңгейінде, яғни биліктің заңнамалық тармағында жүргізу қажет деген тоқтам жасалған.

Қазақстандық қоғамның қазіргі келбеті биліктің атқарушы органдарында лоббилауды жүргізуге   әзір   еместігін   көрсеткен.   «Неге   біз   биліктің   заң шығарушы  тармағында лоббилауды  регламенттеу  мүмкіндігіне  және  рұқсат етуге   тоқтадық?   Себебі,   биліктің заң   шығарушы   тармағы   жемқорлыққа мейлінше аз бейімделген болып саналады», - деді С. Әлімжанов. С. Әлімжанов заң  жобасы  бойынша  заңды  тұлғалар  да,  жеке  тұлғалар  да лоббистер  бола алатынын айтты.

«Біз осылайша лоббизмнің кәсібиленуіне және кәсіби лоббистердің нақты ұйымға бірігуіне мүмкіндік береміз. Олар қандай да бір заң жобаларын Парламент Мәжілісіне шығарып, оны кәсіби негізде талқылауға ұсынатын болады. Себебі, бір ғана лоббистің заң жобасының мазмұны қандай, мақсаты не деген  сұрақтарды  депутаттардың  назарына  ылғи  да  сауатты  жеткізе  алуы қиын», - дейді ол.

Бұдан бөлек С. Әлімжанов заң жобасында лоббилауға қатысты үш негізгі шектеу барын атап өтті. «Оның біріншісі – лоббилік қызметті лицензиялау. Лоббизм  айтарлықтай  дамымаған, лоббизмді  кәсібилендіру  үшін алғышарттарды құру қажет қазіргі кезеңде біз белгілі бір кезеңге дейін лицензиялау болуы тиіс деп санаймыз», - деді ол. «Лоббилық қызметке қатысты екінші шектеу нормасы бұл – уәкілетті органға есептілігі. Біздің көзқарасымызша, Әділет министрлігі уәкілетті орган болады. Бұл қандай да бір әкімшілік кедергі емес. АҚШ-тың тәжірибесі бойынша лоббистер алты айда бір мәрте тұрақты түрде уәкілетті органға есеп беріп тұрады», - деп қосты С. Әлімжанов.

Оның айтуынша, соңғы шектеу нормасы лоббистерді Парламентте аккредитациялауға қатысты.  Бұл  бойынша  лоббист  депутаттармен  кездесу құқығын алып, оларға заң жобасының ережелерін түсіндіру үшін Парламенттен аккредитациядан өтуі тиіс. «Бұл қосымша әкімшілік кедергі болып табылмайды. Өйткені аккредитацияға қатысты лоббистке қойылатын талап айтарлықтай жеңіл», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, заң жобасының тағы бір ерекшелігі мынада: жобада лоббистің қандай да бір заң жобасын әзірлеу арқылы жылжыта алатын мәселелерінің шеңбері бірден шектелген. Заң жобасының 5-ші бабында бірқатар шектеулер  қарастырылған.  Ол  бойынша лоббистердің  заңнамалық  актілерді лоббилауға құқықтары жоқ. «Мәселен, мемлекеттік органдардың қызметін ұйымдастырудағы қоғамдық қарым-қатынастарды реттеумен, мемлекеттің қорғанысы  мен  қауіпсіздігін қамтамасыз  етумен,  сот  құрылысы  және  сот өндірісімен, республикалық бюджетпен, әкімшілік-аумақтық құрылыммен байланысты жобаларды лоббилеуге тыйым салынады», - деді С. Әлімжанов.

Оның айтуынша, келесі шектеу шетелдік лоббистерге Қазақстан аумағында қызмет жасауға тыйым салуды қарастырады. Яғни, тек Қазақстан Республикасының азаматтары   ғана   лоббистер   бола   алады.   С.   Әлімжанов сонымен қатар, заң жобасында лоббистердің міндеттеріне қатысты да ережелер қамтылғанын айтты. «Біздің ойымызша, бұл заң жобасының қабылдануы іс- шаралар жоспарын қарастыруды қажет етеді. Оның барысында лоббилік қызметтің мәні мен маңызы түсіндіріледі. Лоббилау жемқорлықтың синонимі емес. Заңнамалық деңгейде лоббилаудың регламенттелуі жемқорлыққа қарсы тұратын қадамдардың бірі болып табылады», - деді С. Әлімжанов.

Сонымен бірге 2010 жылдың 23 ақпанында Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде «Мүдделілік қолдау туралы» заң жобасының таныстырлымы болып өтті

Аталған заң жобасы Мемлекет басшысының 2008 жылғы қарашаның 6-сында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы форумда жүктеген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген.  Қазіргі  уақытта  қоғамның  мемлекетке  әсер  етуінің кеңеюі демократияландыру үдерісінің қажетті элементі болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда азаматтардың сайлау үдерісіне қатысуымен қатар әсер ету нысандарының бірі заң жобаларын мүдделілік қолдау (лоббизм) болып табылады.

Тоқтала   кететін   жайт,   шет   мемлекеттердің   тәжірибесінде   мүдделілік қолдау институты бұрыннан әрекет етіп, бұл мемлекеттік билікке қоғамдық ықпал етудің жалпыға танылған және қажетті бөлігі деп есептеледі.

Мамандардың пайымдауынша, заңдарды мүдделілік қолдау институты халықтың кең тобының бастамасы мен мүдделерін ескеруге мүмкіндік береді. Азаматтарды, түрлі әлеуметтік топтарды, қоғамдық бірлестіктерді қоғамға қажетті  заңдарды  әзірлеу  үдерісіне тарта  түседі.  Осыған  орай,  мүдделілік қолдау     туралы      заңнаманы      қалыптастыру   Қазақстан      Республикасы

Конституциясының  азаматтардың  мемлекет  ісін  басқаруға  қатысу  құқығы туралы ережесін дамыта түседі.

Жалпы құжатты қабылдау қоғам мен биліктің өзара іс-қимыл үдерісіне демократиялық және құқықтық сипат беруге септігін тигізеді деп болжанған болатын.

Дегенмен, Қазақстанда лоббизмді заңдастыру туралы ұсыныстарды қоғамымыз әртүрлі қабылдады. Бұқаралық ақпарат құралдарында «Мүддені күйттеушілер  заңы  керек  пе?»  деген  сұрақ  қойған  пікірлер  жарияланды.

Баспасөз бен Интернет желілерінде жарық көрген мақалалардың бірінде былай белінген:

«Әділет министрлігі лоббилауды (lobby – дәліз), яғни белгілі бір мүддені күйттеу қызметін Парламентте заңдастыруды ұсынады. Әртүрлі топтардың өз мүдделерін елдің ең жоғарғы заң шығарушы органы арқылы ашық қорғауына жол ашатын заң қажет пе? Он жыл бойы талқыланып келген тақырып неліктен әлі күнге дейін мәресіне жете алмай отыр?

Әділет министрлігі әзірлеген «Лоббирлау туралы» заң жобасы қазір Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінде қаралуда. Бұл құжаттың әзірленуі барысында АҚШ, Германия және Франция елдерінің заңнамалары есепке алынған. Ақыры жаңа заң жобасында лоббилауды үкіметте жүзеге асыру тәртібі түсіп қалып, оны тек биліктің заңнамалық тармағында қалдыруға ұйғарым жасалған. Себебі заң жасаушылардың ойынша парламент жемқорлыққа мейлінше аз бейімделген болып саналса керек. Әрі осы арқылы бұл қызметтің «жағымсыз салдарын» кеміту мақсаты көзделген. Алайда кейбір сарапшылар лоббилау ауқымын тарылтуға, оның заңдастырылмауына белгілі бір күштер мүдделі деп есептейді.

Досым Сәтпаев, халықаралық тәуекелді бағалау тобының директоры:

- Осыдан бірнеше жыл бұрын Мемлекет басшысы жемқорлықпен күрес аясында лоббилауды реттейтін арнайы заң қажеттігін айтқан. Бірақ Президент оны тезірек қабылдауға шақырса да, құзырлы мемлекеттік құрылымдар, парламент те оған асықпайды. Бәлкім, үкіметте, саяси элитада заң жобасының қабылданбауына   мүдделі топтар   бар   шығар?!   Өйткені,   оларға   құқықтық жағынан шектелмей, көлеңкеде жұмыс істеген тиімді. Заң қабылданса, олардың қазіргі кейбір қызметтері қылмыстық заңнама тұрғысынан қаралатын болады. Ал мұндай топтар ешкімге қарамай, алаңсыз жұмыс істеуге үйренген.

Бүгінгі күнге дейін лоббилау туралы бес заң жобасы әзірленді. Заң қабылдануы тиіс. Өйткені бізде ресми емес лоббишылар онсыз да бар. Жаңа заң оны   жартылай   болса   да   заң шеңберіне   енгізіп,   әртүрлі   құрылымдардың мемлекеттік  органдармен  заңды  түрде қарым-қатынас  жасауына  ықпал жасайды.

Қазір Әділет министрлігі лоббилауды парламентте ғана жүзеге асыруды ұсынады. Ал шын мәнісінде мүдделер жайы атқарушы билік дәлізінде сөз болатыны  жасырын  емес.  Өйткені  ресурс  –  соларда,  шешімді  өздері қабылдайды, бюджетке де үкімет жауапты. Сондықтан болашақта үкіметке де лоббилауды енгізу қажет.

Рамазан Сарпеков, Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық комитетінің мүшесі:

- «Мүдделік қолдау туралы» заң жобасы ресми түрде Парламентке 2000 жылы енгізілген. Одан кейін үкімет «қайта толықтырамыз» деп қайтарып алған.

Мына жаңа жоба қаңтар айында келіп түсті.

Заң жобасы бойынша мүддені күйттеушілер жұмысшы топтардың талқылауына  қатысып, сараптамалық  қорытынды  жасайтын  болады.  Яғни

Парламентте әртүрлі топтар: өндірістік, банк жүйесінің, ауылшаруашылық топтарының мүддесін көздеушілер Әділет министрлігінде тіркеліп, заң дайындауға  қатыса  алады.  Мысалы,  зейнеткерлерге  қатысты  заң  жобасы

талқыланса, солардың мүддесін қорғайтын бірлестік осыған ат салысады. Бұл заң өркениетті, құқықтық жүйесі жақсы қалыптасқан мемлекеттерде бар.

Дегенмен кейбір елдерде бұл заң «парламент депутаттары арасында дұрыс көзқарас туғызбайды, оларға мүдделі топтар әсер етіп, депутаттар солардың жағдайын күйттеп, басқа әрекеттерге баруы мүмкін» деген қауіппен қабылданбаған. Бірақ заң жобасы талқылануы кезінде барлық мәселе кеңінен зерттеледі деп ойлаймын.

Қазір онсыз да кәсіпкерлер мүддесін қорғайтын «Атамекен», Қаржыгерлер қауымдастығы сияқты бірлестіктер парламенттегі заң талқылау процесіне қатысып жүр.

Ғалымдарды  да  осында  шақырамыз.  Өйткені  олар  өз  салаларын  жетік біледі. Енді осы мәселені тек заңдастыру керек.

Заң жобасының мақсаты – азаматтардың заң шығару процесіне араласуы, соған ықпал етуіне жол ашу. Бұл мәселенің қараша айына дейін бір шешімі табылуы тиіс.

Берік Бекжанов, Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық комитетінің мүшесі:

- Лоббирлау керек пе, әлде жоқ па? Ол талқылау кезінде белгілі болады. Қазірдің  өзінде  әр  түрлі  пікірлер  бар.  Меніңше,  ондай  заң  қажет.  Бірақ лоббилаушылардың  мемлекет  органдарында  тіркелуін  жетілдіру  керек. Мысалы, осы заң жобасы бойынша олар Әділет министрлігінде тіркеледі. Ал Әділет министрлігі – әкімшілік ресурстары бар, атқарушы билік органы ғой. Сондықтан, бұл қандай да бір өзінің теріс әсерін тигізуі мүмкін.

Лоббирлау – парламентте атқарылатын жұмыс. Ал оның әділ, ашық әрі негізді   болуы   үшін   лоббилауға   қатысатын   заңды   тұлғалар   парламентте тіркелгені жөн.

Осы  мәселеге  байланысты  Қазақстан  Республикасы  Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы фракциясының басшысы А. Перуашев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті Жұмыс тобының жетекшісі, депутат Ж.Қ. Асановқа мынадай мазмұндағы өзінің хатын жолдаған;

«Құрметті Жақып Қажманұлы!

Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы «Мүдделік қолдау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын (бұдан әрі – Заң жобасы) қарап, мыналарды хабарлайды.

Қазақстан Республикасы заңнамасының тұрақты түрде серпінді дамуы жағдайында «Мүдделік қолдау туралы» Заңды қабылдау идеясы дер кезінде көтерілген және өзекті мәселе болып табылады.

Мүдделік қолдау қызметі, дербес институт ретінде, билік органдарында дүние жүзінің көптеген елдеріндегі азаматтық қоғамның өзара әрекеттестік механизмінің құрылымдық элементтерінің бірі болып табылады. Мүдделік қолдау  институтын  халықаралық  тәжірибе призмасынан  қарай  отырып, мүдделік қолдау саласындағы қатынастарды қалыптастырудың негізгі үш моделін бөліп көрсеткен жөн.

Бірінші модель мүдделік қолдау қызметі туралы арнайы заңы бар елдерге тән.

Екінші модель, мүдделік қолдау қызметі туралы арнайы заңы жоқ, бірақ мүдделік қолдау саяси үдерістің ажырамас бөлігі деп танылған және ол басқа заңнамалық актілермен реттелетін елдерге тән.

Үшінші  модель  мүдделік  қолдау  қызметі  саяси  ақиқаттың  фактісі  деп танылмаса да, заңнамалық шешімдер қабылдау үдерісіне мүдделер тобы әсер етуінің   қуатты   және   тиімді   тетігі,   яғни   функционалдық  өкілдік   жүйесі қалыптастырылған елдерде қолданылады, оның шеңберінде мүдделер тобы заңнамалық шешімдерді әзірлеуге тұрақты негізде қатысуға құқығы бар қауымдастықтар және басқа заңды тұлғалар бірлестіктері түрінде көрінеді.

Қазақстан Республикасында заңнамалық үдеріс дамуының бүгінгі ақиқатын ескере отырып, Қазақстанның мүдделік қолдау институты жүйесінің онша дамымаған үшінші моделінен – неғұрлым ілгерілеген модельге көшуі барынша қисынды әрі дұрыс болып көрінеді.

Мәселен, қарауға ұсынылған Заң жобасы мүдделік қолдау институтының негізгі принциптеріне қайшы келмейді, дегенмен бірқатар кемшіліктері бар, оларды Заң жобасын қарау сатысында жою қажет.

Заң     жобасында     мүдделік     қолдау     қызметі     түсінігі      Қазақстан Республикасының уәкілетті органда мемлекеттік тіркеуден өткен, кемінде он заңды тұлғаны біріктіретін, заңды тұлғалардың мемлекеттік емес бірлестіктері (одақтар, қауымдастықтар) ретінде айқындалады.

Сонымен қатар бұл тұжырымдаманың пысықталмағаны анық көрініп тұр. Мүдделік қолдау институты дамыған көптеген елдерде мүдделік қолдау қызметімен заңды тұлғалар бірлестіктері ғана емес, белгілі бір талаптарға сай келетін жекелеген жеке және заңды тұлғалар да (кәсіпқой мүдделік қолдаушылар) айналысуға құқылы.

Осыған байланысты мүдделік қолдау қызметі субъекті ұғымының мынадай редакциясын ұсынамыз: «мүдделік  қолдау  субъектілері  –  заңды  тұлғалар  не құрамына кемінде он заңды тұлға кіретін солардың бірлестігі, сондай-ақ осы заңға сәйкес мүдделік қолдау қызметін жүзеге асыратын жеке тұлғалар бірлестігі;».

Мүдделік қолдаушы ұғымын енгізу де қисынды болады деп ойлаймыз, өйткені мүдделік қолдау қызметінің субъекті өзінің қызметін өздерінің нақты өкілдері арқылы жүзеге асырады, «мүдделік қолдаушы – осы заңда көзделген нысандарда мүдделік  қолдау  қызметін  тікелей жүзеге  асыратын  мүдделік қолдау қызметі субъектінің уәкілетті өкілі;».

Мүдделік қолдау қызметі субъектілерін есептен өткізу мүдделік қолдау қызметіндегі елеулі элемент болып табылады. Алайда, Заң жобасында мүдделік қолдау қызметі субъектілерін әділет органдарында тіркеуді жүзеге асыру ұсынылады, бұл биліктің заң шығарушы, атқарушы   және   сот   билігі тармақтарына бөлінуінің конституциялық принципін негізге алған жағдайда дұрыс болмай шығады.

Осыған байланысты мүдделік қолдау қызметі субъектілерін уәкілетті органда тіркеу рәсімін алып тастауды және оны мүдделік қолдау қызметі субъектілерін  Қазақстан  Республикасы  Парламенті  Палаталары Аппараттарында есептен өткізу рәсімімен ауыстыруды ұсынамыз. Мұндай өзгерістердің қажеттігін АҚШ, ГФР, Ұлыбритания, Швеция, Литва сияқты елдердің және басқа да бірқатар еуропалық елдердің мүдделік қолдау институттарының шетелдік тәжірибесі айғақтайды.

Мысалы, Германияның заңнамсында мүдделік қолдау қызметі Бундестаг жанындағы Одақтарды және олардың өкілдерін тіркеу туралы ережеде егжей- тегжейлі регламенттелген. Бұл орайда мұндай одақтарды тіркеудің өзі жоғары заң  шығару  органында  –  Бундестагта тікелей  жүзеге  асырылады.  АҚШ-та мүдделік қолдаушыларды тіркеу міндеті Сенаттың хатшысына және Өкілдер Палатасы клеркіне бекітілген. Заң жобасының мәтінінен алып тастау талап етілетін келесі едәуір маңызды жәйіт мүдделік қолдау қызметін мемлекеттік органдарда жүзеге асыруға тыйым салу туралы ереженің Заң жобасында көрінуі болып табылады. Бұл  ережені  алып  тастау  қажет  деп  есептейміз, өйткені  ол  Қазақстан Республикасының жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі қолданыстағы заңнамасының нормаларына қайшы келеді. Заң жобасында маңызды қоғамдық қатынастар тізбесі көзделген, заң жобаларына қатысты оларға мүдделік қолдау қызметін жүзеге асыру тыйым салынады.

Өзгелерден  басқа,  осындай  жәйіттер  ретінде  мемлекеттік  органдардың және мемлекеттік қызметтің ұйымдастырылуы мен қызметінің конституциялық негіздері бекітілген, бұл өзінің мәні жөнінен барынша ақылға қонымды және дұрыс болып көрінеді, алайда нақтылауды талап етеді. «Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының ережелеріне сәйкес аталған заңмен қызметтің жекелеген түрлерін лицензиялауға байланысты қатынастар реттеледі.

Бұл  орайда  «Лицензиялау  туралы»  Қазақстан  Республикасы  Заңының ережелеріне сәйкес лицензиялауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар лицензиар ретінде әрекет етеді.

Сөйтіп, мемлекеттік органның лицензиялар және өзге де рұқсатнама құжаттарын беруге байланысты қызметі жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделеріне тікелей қатысты болады.

Осыған  орай  Заң  жобасының  3-бабы  2-тармағының  1)   тармақшасын «(рұқсат  беру  рәсімдерін  қоспағанда)»  деген  сөздермен  толықтыруды ұсынамыз, сөйтіп Заң жобасындағы осы олқылықты жоямыз.

Бұдан  басқа,  Заң  жобасында  азаматтар  мен  заңды  тұлғалардың  салым міндеттемелерін қамтамасыз ету саласындағы мүдделік қолдау қызметін жүзеге аыруға тыйым салынады. Сонымен бірге, қоғамдық қатынастардың бұл саласы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделеріне тікелей қатысты.  Осыған  байланысты қоғамдық  қатынастардың  салық  салу  сияқты маңызды саласында мүдделік қолдау қызметін жүзеге асыру мүмкіндігін заңнамалық тұрғыдан орнықтыру қажет. Жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, берілген ұсыныстар негізінде Заң жобасын пысықтау қажет деп есептейміз».

Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының арасындағы осындай және басқа да пікірлерді басшылыққа ала отырып, «Мүдделік қолдау туралы» және  «Қазақстан Республикасының  кейбір  заңнамалық    актілеріне  мүдделік қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңдарының жобаларын Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінен кері қайтарып алу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 30 маусымдағы № 898 Қаулысы қабылданды.

Қазақстан Республикасының Үкіметінің Қаулысында: «Қазақстан  Республикасы  Үкіметінің   2009  жылғы  30   желтоқсандағы № 2246 және № 2247 қаулыларымен енгізілген «Мүдделік қолдау туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүдделік қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңдарының жобалары Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінен кері қайтарып алынсын», - делінген.

Бұл  тарауда  Қазақстанның  мемлекеттік  басқару  және  бизнес салаларындағы  лоббизмін түсіндіріп  өттім.  Түрлі  саясаткерлердің  «Лоббизм туралы заңы» жайлы берген пікірлеріне талдау жұмыстарын жүргіздім. Осыған орай, біздің елде лоббизм, өз мүддесін көздеу мәселесін жетілдірілген, өркениетті жағдайда деп атауға болмайды. Кәсіпкерлер өз мүддесін қорғауда кез келген амалдарды қолданады. Қазақстанда лоббизм бұрынғы кеңестік кеңес дәстүрі бойынша атқарушы билік кабинеттерінде және коридорда жүргізіледі. Сондай-ақ, Қазақстандағы  лоббизмді  бірнеше  деңгейге  -  аймақтық  лоббизм, қаржы-өнеркәсіптік лоббизм, шетелдік лоббизм, үкіметтік емес ұйымдар лоббизмі деп бөлуге болатынын анықтадым.


Ақбөпе Әбдрасул

Ұқсас материалдар