Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі: терроризм мен экстремизмге жол жоқ

27.10.2014 14454
Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі: терроризм мен экстремизмге жол жоқ

Президентіміз Н.Ә.Назарбаев биылғы жылдың басында жолдаған «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауында Егеменді дамудың 22 жылында барша қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтарды атай отырып: «Жетіншіден, бұл – еліміздің ұлттық қауіпсіздігі және бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы» - дейді. Яғни, президентіміз тәуелсіздікті сақтауда ұлттық қауіпсіздіктің өте маңызды орынға ие екенін осы жолдауында ерекше бір астарлайды. Сонымен қатар, өз сөзінде президентіміз: «Тұрақтылық пен ұлттық қауіпсіздік – жаңа саяси бағытты іске асырудың негізгі шарты. Оның басымдылығын тексеріп жату артық. Бүгін біз үшін құқық қорғау жүйесінің кешенді реформаларының аралық қорытындыларын шығару маңызды. Жетістіктерге сыни тұрғыдан баға беріп, проблемаларды айқындап, құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғырту жолдарын белгілеу қажет», - деп, үкіметке ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға тапсырма берген болатын.

ҚР азаматтарының, қоғамының және  тұтастай бір мемлекеттілігінің өмірлік мәнді мүдделерінің, ұлттық құндылықтарының, өмір салтының әртүрлі (саяси,  экономикалық, әскери,  экологиялық, психологиялық  және т.б.) ішкі және сыртқы қауіп-қатерлерден қорғау – біздің мемлекетіміздің ұлттық қауіпсіздігінің негізгі міндеті екені анық. Еліміздің ұлттық қауіпсіздігі өзара байланысты үш деңгейден тұрады: жеке адамның қауіпсіздігі, қоғамның қауіпсіздігі және мемлекеттің  қауіпсіздігі. Олардың өзара байланысы қозғалмалы және қоғамдық  қатынастардың сипатымен, саяси және экономикалық құрылымдармен, құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамның даму деңгейімен анықталып жатады. Ұлттық қауіпсіздіктің мемлекет пен қоғам қауіпсіздігі өзіндік мақсат емес, жеке адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметіне айналған жағдайда толық жүзеге асырылады. Сыртқы ұлттық қауіпсіздік - ұлттық мүдделердің, ұлттық құндылықтардың, байлықтың және өмір салтының сырттан келетін қауіп-қатерден қорғалуы. Ұлттық қауіпсіздік әскери жолмен де, басқа да әдістермен бұзылуы мүмкін, мыс., шекара арқылы заңсыз шикізат, ресурстар, валюта, көркем және өзге құндылықтарды енгізу, алып өту, өнеркәсіптік немесе өзге де тыңшылық, рухани басакөктеу, іріткілік ақпарат тарату және т.б. Міне, мұндай радикалды, мемлекеттің тәуелсіздігінің қауіпсіздігіне зардабын тигізетін іс-әрекеттермен еліміз үнемі күрес үстінде. 

Қазақстанның сыртқы қауіпсіздігі халықаралық құқықтың негізгі қағидаттарын мойындап, қорғауға негізделеді және белсенді сыртқы саяси және өзге де әрекеттермен жүзеге асырылады. Ішкі ұлттық қауіпсіздік жеке тұлғаның, қоғамның, мемлекеттің тұрақты қызмет етіп, дамуына эсер ететін қауіп-қатерден қорғануы. Ұлттық қауіпсіздігіміздің қорғалуындағы Конституцияның рөлі мен маңызы қазіргі кездегі Қазақстанның амбициялы ұмтылысына сәйкес жаңа мақсаттар мен міндеттерді жүктейді және қажетті құқықтық негіздерді бекіте отырып, заманауи нарықтық экономиканың тиімді моделін қалыптастырды, саяси тұрақтылық пен ұлтаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, қоғамдағы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесінің негізі қаланып, қазақстандық патриотизм мен ұлттық бірліктің идеологиялық құндылықтары бүгінде айқындалып келеді.

Қазіргі уақытта дүниенің түкпір-түкпірінде халықаралық лаңкестік пен радикалдық экстремизмге бой алдырған топтардың өңірлік тұрақтылықтың шырқын бұзуға бағытталған іс-əрекеттері жиі бой көрсетіп жүргені көптеген мемлекеттерді алаңдатады және мұндай радикалды топтармен қатаң күресіп жүрген мемлекеттердің бірі - Қазақстан. Жалпы, сонау 2001 жылы 11 қыркүйекте АҚШ-та орын алған қанқұйлы лаңкестік әрекеттен кейін әлем халқы террористер мен экстремистерден, жалпы радикалды топтардан үрейлене бастады. Әр ел өзінің ұлттық қауіпсіздігін сақтауға айрықша көңіл бөлсе, бұл мәселе ықпалды халықаралық ЕҚЫҰ ұйымның мойнына аса зор жауапкершілік жүгін артты. Жалпы, ЕҚЫҰ қызметі, негізінен, үш салаға негізделген: олар — әскери-саяси, экологиялық-экономикалық және адами құндылықтар. Бәрімізге белгілі, бүкіл әлемге беделді бұл ұйымды Қазақстан Республикасын атынан Н.Назарбаев төраға болып, ЕҚЫҰ-ны басқарған болатын. Содан да болар, халықаралық ықпалды ұйымға төрағалық жасаған Қазақстан осы бағыттардың барлығы бойынша айтарлықтай шараларды жүзеге асыруда әлі күнге дейін белсенділік танытып келеді.

Елордамыз Астана қаласында өткен ЕҚЫҰ-ның саммитінде әлемдік қауымдастық елдері арасындағы әскери саяси ынтымақтастықты бұрынғыдан да күштірек нығайту мақсаты қойылып, сол мақсатта президентіміз әлемнің тыныштығы мен бейбітшілігі үшін көптеген іс-шаралар атқарған болатын. Елбасымыз сол уақытта: «ЕҚЫҰ төрағалығына кірісе отырып, біз бұл Ұйымның жаңа қауіп-қатерлерге, ең бірінші кезекте, терроризм мен есірткі тасымалына қарсы тұрудағы рөлін нығайту жөніндегі ниетімізді мәлімдеген болатынбыз. Осыған байланысты біз Ауғанстандағы жағдайды бейбіт жолмен реттеу жөніндегі күш-жігердің белсенділігін арттыруды қазақстандық негізгі басымдықтардың бірі ретінде ұсындық»,— деген еді. Шындығына келсек, Қазақстанның Ауғанстан мәселесіне қатысты нақты қолға алған шаралары мен жасаған қадамдары жетерлік. Себебі, осы елмен Орталық Азия аймағында тұратын үш мемлекеттің территориясы шекаралас. Бұл ішкі саяси ахуалы аумалы-төкпелі, коалициялық әскери күштермен тәлібтер арасында күнде қырғын соғыс жүріп жатқан, дүрбелеңге толы Ауғанстанмен қоңсы қонған осы елдерге өздерінің ұлттық қауіпсіздігін сақтауға айрықша көңіл бөліп, әр қадамын аңдап басып, әр шешімін безбенге салып өлшеу жауапкершілігін жүктеген еді. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етпей тұрып-ақ Ауған мемлекетіне көмек көрсету ауқымын кеңейтіп, оны барынша күшейту мүмкіндігін қарастыруға кірісіп кеткен-ді. Елбасы тағы бір сөзінде: «Біз ЕҚЫҰ бойынша әріптестеріміздің назарын Орталық Азия аймағындағы қауіпсіздік мәселелеріне аударуға ұмтылған кезде, ешкім де Қырғызстанда қалыптасқан терең саяси дағдарысқа болжау жасай алған жоқ. Осы елде орын алған қайғылы оқиғалар кең ауқымды өңірдің тұрақтылығы үшін нағыз ескерту белгісіне айналды. Ол ЕҚЫҰ, басқа да халықаралық ұйымдар мен күллі әлем жұртшылығы тарапынан тиімді шаралар қабылдауды талап етті»,— деген еді. Қазақстанның қырғыз еліне белсенді түрде көмек көрсетуі көрші ретіндегі де, ЕҚЫҰ төрағасы ретіндегі де парызы болғаны анық. Осы елдің экс-президенті Қ.Бақиевтің Қырғызстаннан сытылып қашып шығуына көмек қолын созу арқылы Қазақстан осы елде орын алуы мүмкін азаматтық соғыстың алдын ала білді.

Баспасөз мәслихаттарының бірінде Астанадағы ЕҚЫҰ орталығы елшісі Наталия Зарудна Қазақстан елде қанша адамның экстремизмді насихаттайтын сайттарға кіретінін, жалпы, бұл тақырыптың қанша азаматты қызықтыратынын білу үшін арнайы статистика жүргізуі қажет деген болатын. Жалпы, тиісті құрылымдар статистикамен айналысып қана қоймай, мұндай сайттарды сараптап отыруы керек. Діни экстремизмді насихаттайтын көптеген сайттарды жабу мәселесі бүгінде елімізде қолға алынған. Жуырда Қазақ бас сәулет және құрылыс академиясында «Интернет кеңістігіндегі терроризм мен экстремизмге қарсы күрес» тақырыбында өткен «дөңгелек үстелде» мұндай сайттарды прокуратура қызметкерлерінің өздері мониторингтен өткізіп отыратыны белгілі болды.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрестің 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекітті. Бағдарламада лаңкестіктің алдын алуға жұртшылықты жұмылдыруға және мақсатты топтар арасында ақпараттық үгіт-насихат жұмыстарын жетілдіруге жете мән берілген. Экстремизм мен терроризмге қарсы бағытталған бес жылдық бағдарламаға 200 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылғаны белгілі. Бүгінгі таңда барлық кәсіпорындар, мекемелер мен компаниялар өз қызметкерлерінің терроризм мен экстремизмге қарсы сауатын арттырып жатыр. Әрбір министрлік аталған тақырыпқа қатысты жоспар құрады. Мұсылмандар діни басқармасы да мешіттерде діни экстремизмнің алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Терроризм мен экстремизм – адамзаттың қас жауы! Жұртшылық осыны ұғынуы керек және ұлттық қауіпсіздікті сақтауда қоғам, мемлекет болып ат салысуымыз қажет!..

 

 

Дінмұхамед Аязбеков

 

Ұқсас материалдар