Қазақстандықтар - соғыс батырлары

03.02.2015 179708
Ұлы Отан соғысының

Келесі жылы Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 70 жыл толады. Бұл ұлы жеңіс ұлтымыздың жадында мәңгі қалмақ. Соғысқа қатысушылар ерлігі еш ұмытылмас. Батыс шекарада алғашқы соққыны күтіп алған сарбаздар ішінде отандастарымыз да болған. Жауды жеңу үшін барын аямай, жеңісті жақындату жолында қаза болды. Соғыстың соңғы күндерінде де Қазақстаннан шыққан жауынгерлер алдыңғы шепте болған. Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев та бәрінің есінде қалды.

Брест қамалын қорғаушылар арасында шекарашылар – Қ.Абдрахманов, В.Лобанов, атқыш Қ.Иманқұлов, пулеметші Е.Качанов, минометші В.Фурсов, зеңбірекші Ғ.Жұматов болған. Қазақстандықтар Лиепая, Перемышль, Сааремаа аралы, Мурманск, Одесса және Севастополь қалалары үшін болған шайқастарға қатысқан.

Сондай-ақ Қазақстаннан майданға аттанғандардың ішінде партизандық күреске белсенді араласқандары да бар. Тек Ленинград облысындағы партизандық қозғалыстың өзінде 220 қазақстандық болған. Смоленск облысында – 270, Украина мен Белорусияда – 3000-нан астам жауынгер партизан болып жауға қарсы шайқасқан. Олардың ішінде И.С.Арыскин, А.Жұмағалиев, К.Ғ.Омаров, З.У.Хұсанов, Г.Акмолинский, Т.Жангелдин, Ж.Саин, У.Оразбаев және т.б. болған. Партизандық топтардың Ғ.Ахмедияров, Қ.Қайсенов, Н.Морогов, А.Олексенко, С.Төлешов, В.Шаруда секілді басшылары болса, А.Егеров, Н.Зебницкий және Ф.Озмительге Кеңес Одағының батыры атағы берілген.

Ұлы Отан соғысының 11600 жауынгері Кеңес Одағының батыры алса, оның 497-і қазақстандық болған. Қазақстандықтар ішінен Кеңес Одағы батыры атағын ең бірінші болып 19-шы танк дивизиясының генерал-майоры К.А.Семенченко алды. Батыр атағын екі мәрте алған 4 қазақстандық бар. Олар: Т.Бигелдинов, Л.Беда, И.Павлов, С.Луганский. Кеңес Одағы батырын алғандар арасында пулеметші М.Мәметова, мерген Ә.Молдағұлова, атқыштар С.Баймағамбетов, И.Новиков, қалқан бұзушы П.Миллер, минометші Қ.Спатаев, кавалерист М.Қатаев, сапер П.Гончар, торпедалы кеменің командирі Б.Ущев, атқыштар дивизиясының басшысы Ғ.Сафиуллин, Бауыржан Момышұлылар бар. Лейтенант Р.Қошқарбаев, Б. Чупрета, взвод командирі К.Метов, минометші А.Бақтыгереев, пулеметші П.Вицько, К.Волочев және т.б. КСРО ордендері мен медальдарының кавалерлері атағын алған.

Соғыстың шарпыған жалынын тоқтату жолында көптеген азаматтар қаза болды. Бірақ олардың алып берген жеңісін кейінгі ұрпақ бағалауда. Аспан әрдайым ашық болу үшін барлық күштерін сарп еткен азаматтарға мың да бір алғыс. Ұлы жеңіс кейінгі ұрпаққа аманат! 

Ұқсас материалдар