Қазақстан халқының бірлігі күнін тойлауға шет елдерден қонақтар келді

19.05.2016 1550
Қазақстан халқының бірлігі күні

Астанаға Қазақстан халқының бірлігі күнін тойлауға алыс-жақын шет елдерден қонақтар келді. Шартараптан елордаға жиналған шетелдік меймандар 1 мамыр мейрамына қатысты пікірлерімен бөлісті, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.

Мереке күні «Бәйтерек» монументі жанынан тек елорда тұрғындарын ғана емес, шетелдік қонақтарды да көп кездестірдік. Үндістан, АҚШ, Австриядан Астанаға ат терлетіп келген қонақтар Қазақстан және бірлік күніне қатысты ойларымен бөлісті.

Австриядан келген магистранттар Лиза Хаинчик пен Томас Ерингер Қазақстанда түрлі ұлт пен ұлыстың бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқанын жоғары бағалады. Олар бұл мерекенің өздері үшін де маңызды екенін баса айтты.

«Біз осыдан екі күн бұрын Австриядан ұшып келдік. Қазақстан халқының бірлігі күні екендігін бүгін таңертең ғана білдік. Сондықтан біз үшін де бұл үлкен мереке. Қымыз бен айран ішіп, дастарқаннан дәм таттық. Екеумізге де қазақтың ұлттық асханасы қатты ұнады. Алдағы уақытта басқа да ұлттық тағамдардан дәм татуды жоспарлап отырмыз», - деді олар.

Австриялық қонақтарды қазақ еліне Назарбаев университетінің қызметкері Салтанат Доспанова шақырыпты. Шетелдік қонақтарды елге шақырудағы мақсаты – оларды қазақтың мәдениетімен жақынырақ таныстыру.

«Мен Австрияда оқыдым. Бүгін олар маған қонаққа келіп отыр. Оларға ет асып, қазы-қартадан дәм татқызсам деймін. Олар да қазақтың ұлттық асханасымен танысқысы келеді. Себебі, мен студент кезімде оларға ұлттық асханамыз жайында көп айтқан болатынмын. Олар біздің жылқы етін жейтінімізді естігенде кезде таңғалған жоқ. Бірақ өздері де осы тағам түрінен ауыз тигісі келетіндерін жасырмады», - дейді Салтанат Доспанова.

Сондай-ақ саяхатшылар Денис Мишин мен америкалық Александр Ласалла да еліміздегі татулық пен бірлікті жоғары бағалап, Астана сәулетіне тәнті болды. Айтуларынша, мереке қарсаңындағы халықтың көтеріңкі қөңіл-күйі оларға да әсер еткен.

«Менің досым Александр Ласалла Техастан Қазақстанды көру үшін арнайы  келді. Ал мен Сочи қаласында тұрамын. Біз Азия өңірін аралап жүрміз. Саяхатымыз Қазақстанда аяқталды. Бұл күн үлкен мерекемен тұспа-тұс келіп отыр. Сарыарқаның сайын даласынан осындай заманауи қаланы көріп таңғалып отырмыз. Адамдардың барлығы қуанышты. Оларға қарап, біздің де көңіліміз көтеріліп қалды», - деді Ресейден келген Денис Мишин.


Алмас САУДАНБАЙ

Дереккөз bnews.kz

Ұқсас материалдар