Ауыл шаруашылығы саласында 2 млн 300 мың адам жұмыспен қамтылды

06.05.2016 1714
Өзекті мәселе

Елдің ауыл шаруашылығы саласында 2 миллион 300 мың адам жұмыспен қамтылған. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордадағы кеңес барысында айтты.

 

«Әлемде қазір инвестиция тапшылығы орын алып отыр, дамушы нарықтардан капиталдың кетуі байқалуда. Дамушы елдердегі инвестициялар ағынының қарқыны 20 жылда алғаш рет кері сипатқа ие болуда. Егер 2008-2014 жылдары Қазақстанға келетін тікелей инвестициялар көлемі жыл сайын орта есеппен 24 миллиард долларды құраса, былтыр ол 15 миллиард доллардан аз болды. Елдер арасында сыртқы инвестиция үшін бәсеке күшейіп, мемлекеттер инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай жасап жатыр», – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы елдің ауыл шаруашылығы саласында 2 миллион 300 мың адам жұмыспен қамтылғанын айтты.

«Сөйте тұра бұл салада еңбек өнімділігі төмен деңгейде қалып отыр. Отандық фермерлер бір гектар жерден орта есеппен 400 доллардың өнімін алады. Дәл осы көрсеткіш АҚШ-та 1,5 мың долларды, Германияда – 2800, Францияда 3200 долларды құрайды. Ауыл шаруашылығы жаңа техникаға, жаңа технологияларға, суғару жүйелеріне инвестиция салуға мұқтаж», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордадағы кеңес барысында барлық қазақстандықтарды қырағы болуға, тұрақтылығымыз бен бір-бірімізге деген сый-құрметімізге сызат түсуіне жол бермеуге шақырды.

«Одан зардап шегіп, жұмысынан немесе табысының біраз бөлігінен айрылған көптеген адамдардың бар екенін білеміз. Мұндай жандар кез келген қоғамда бар. Барлық қазақстандықтарға қырағы болу қажеттігін, тұрақтылығымыз бен бір-бірімізге деген сый-құрметімізге сызат түсуіне жол бермеу керектігін ескерткім келеді. Өз тарапымнан айтарым, біз ешкімнің ортақ шаңырағымыздағы татулық пен тұрақтылықты бұзу үшін дағдарысты пайдалануына жол бермейміз. Құқықтық тәртіпті бұзған әрбір адам заңның қатаң талабына сай жауап береді. Қоғамдағы тыныштықты нығайту – әрбір азаматтың, барлық қоғамдық ұйымның, барша қазақстандықтардың ісі», – деді Мемлекет басшысы.

Ақордада өткен кеңес барысында Мемлекет басшысы  барлық саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ Жер кодексінің даулы мәселелері бойынша кең көлемді түсіндіру жұмысын бірлесе жүргізу қажеттігін атап көрсетті.

 

 

«Түсінбейтін адамдарды шақырып, түсіндіру керек. «Нұр Отан» партиясы және Демократиялық күштердің бірлескен коалициясымен бірлесіп кең көлемді түсіндіру жұмыстарын (Жер кодексінің даулы мәселелері бойынша) жүргізу қажет. Бұл жұмысқа барлық партиялар мен қоғамдық ұйымдарды, бұқаралық ақпарат құралдарын жұмылдыру қажет. Ештеңені жасырудың қажеті жоқ.  Экономикамыз ел азаматтарының игілігіне жұмыс істеп жатқаны баршаға мәлім», – деп атап өтті Президент.

 

 

 

Ұқсас материалдар