Астанада Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі басталды (фото)

25.08.2015 3553
Тамыздың 22-сі күні Астана қаласында Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі басталды.

Тамыздың 22-сі күні Астана қаласында Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі басталды. Бір жағынан отандық ауыл шаруашылығын қолдауға, екінші жағынан халыққа нарықтан төмен бағамен сапалы өнім ұсынуға бағытталған жәрмеңкенің бірінші аптасына құны 24,5 млн. теңгені құрайтын 115 тонна ауылшаруашылық тауарлары ұсынылды. Олардың бағалары базардағы бағамен салыстырғанда 10-50 пайызға төмен, дейді ұйымдастырушылар.

Ерқанат Манжуов, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:

Елбасының бағаны өсірмеу, халыққа әлеуметтік көмек көрсету туралы тапсырмасын орындау мақсатында Жамбыл облысының әкімдігі Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін ұйымдастырып отыр. Жәрмеңкенің негізгі мақсаты халыққа арзан бағамен өнім ұсыну. Біз бұндай жәрмеңкені Тараз, Алматы қалаларында, Жамбыл облысының әр ауданында өткізіп тұрамыз. Бұл бір жағынан өңірдегі ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарына қолдау болып табылады. Өйткені олардың өнімдерін делдардар сатып алады да, үш есе бағамен сатады. Тағы бір айта кететін нәрсе, бұл өнімдердің сапасы жоғары, экологиялық таза. Мұқият қарасаңыз, дүкендердегі экспортталған ірімшіктер, негізі, таза ірімшек деп есептелмеуі керек. Олар ірімшік өнімдері (сырная продукция) деп аталады. Өйткені олардың құрамында, қоспалар көп. Ал, осы жәрмеңкеге әкелініп отырған Жамбыл облысындағы ірімшік зауытының өнімдері таза ірімшік болып табылады. Сондықтан, осы жәрмеңкеде халыққа тиімді бағадағы сапалы өнімдер ұсынылып отыр.

Нұржан Нұржігітов, Жамбыл облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы өнімдері туралы қысқаша айта кетейін. «Қазақстан-2050» стратегиясында Елбасымыз ауыл шаруашылығы саласына үлкен міндет қойған болатын, экспорт көлемін арттыру және су көп қажет етпейтін дәнді-дақылдарға көшу туралы айтқан болатын. Осы бағытта Жамбыл облысында бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Су үнемдеу технологиялары өткен жылы 4,9 мың гектарға енгізілсе, 2015 жылы 8,1 мың гектарға артты. Мал шаруашылығына келетін болсақ, облыс бойынша мүйізді ірі қараның саны үстіміздегі жылдың 7 айында былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 2,3 пайызға өсті. Одан әрі, бүгінгі таңда облыс көлемінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін 208 кәсіпорын, шағын зауыттан мен цехтар жұмыс істеуде.

Асет Құрманғалиев, Астана қаласы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

Күні кеше ғана Астана қаласының әкімі «жаңа экономикалық саясат» шеңберінде нарықтағы бағаларды бірқалыпты ұстау бойынша тиісті шаралар жүргізу туралы тапсырмалар берген болатын. Қазіргі уақытта осы тапсырма бойынша, базардағы азық-түлік өнімдерінің бағаларына тексеріс жүріп жатыр. Сондай-ақ, қала бойынша осындай жәрмеңкелерді жиі ұйымдастыру қолға алынды. Бұл өз кезегінде дүкендегімен салыстырғанда, әлдеқайда төмен бағадағы өнімдерді халыққа жеткізуді көздейтін шара.

Жәрмеңкедегі көкөністердің бағаларына келетін болсақ, пияз 40 теңге, картоп 55 тг, қызанақ, қияр 50 тг, болгар бұрышы 50 тг, баклажан 30 теңге тұрады. Шұжықтар 850-1000 теңге аралығында болса, тауық етінің келісі 700 теңгені құрайды.

Жәрмеңке қыркүйектің 22-сіне дейін, әр сенбі-жексенбі күндері Астана қаласындағы «Мега» ОСО алдында өтетін болады. 


Материалды әзірлеген - Қаламқас Нұрмақова

Суреттер - Нұрбек Әлманбетов

Ұқсас материалдар