Астанада «Recommended by EXPO-2017» бағдарламасы енгізіледі

26.01.2016 3427
Елордалық экскурсоводтарға қала серіктесі мәртебесі берілмек

Астанада гид-экскурсоводтарды «Recommended by EXPO-2017» серіктестік бағдарламасына енгізу жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті.

Елордалық экскурсоводтарға қала серіктесі мәртебесін беру бағдарламасының негізгі мақсаты шынайы ақпаратты ұсыну қызметінің сапасын арттыру болып табылады. Бағдарламаны іске асыру шетелдік қонақтарға Астана мен Қазақстан туралы барлық қажетті ақпаратты халықаралық стандарттар талаптарына сай экскурсоводтардан алуға мүмкіндік береді.

 

– Серіктестік мәртебесі Астана қаласының кепілі және гидтің барынша сапалы қызмет көрсетуінің белгісі. Біз бағдарлама аясында барлық қойылған талаптарға сай келетін гид-экскурсоводтардың бірыңғай тізілімін жасаймыз. Олар дұрыс әрі шынайы ақпарат ұсынатын болады, шет тілдерін жақсы меңгереді, – дейді «Астана Конвенш Бюро» өкілі Айнұр Жанабілова.

 

Талқылаудың қорытындысы бойынша жұмыс тобына қатысушылар – «Recommended by EXPO-2017» бағдарламасын ұйымдастырушылар, туризм саласының, елорданың білім және мәдениет мекемелерінің өкілдері – гид-экскурсоводтарды бағалау бойынша тиісті талаптар әзірледі. Бұл ұсыныстар «Recommended by EXPO-2017» бағдарламасының комиссиясымен қаралады. Гид-экскурсоводтар бағдарламаға қатысуға өтінімді жеке және ұйымның атынан ұсына алады.

expo2017astana.com сайты таратқан ресми дерекке сүйенсек, қазіргі уақытта 70 мемлекет ресми түрде «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысатындығын растаған. Жақында ғана Сыртқы істер Министрінің Бірінші орынбасары, «ЭКСПО-2017» көрмесінің Комиссары Рәпіл Жошыбаев Латвия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Юрийс Погребнякс мырзамен кездесті. Тараптар «жасыл энергетика» саласында одан әрі ынтымақтасудың келешегі жөнінде пікірлерімен алмасып, Латвияның астаналық көрмеге қатысуының мәселелерін талқылаған болатын.

Латвия 2020 жылға дейін ең «жасыл» мемлекет болуға ұмтылыс жасап отырған елдердің бірі және кездесу барысында Қазақстанмен «жасыл энергетика» саласында ынтымақтасуға дайын екеніне ниет білдірді. Латвия ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жасыл көпір» бағдарламасы даярлау бастамасын қолдаған алғашқы мемлекеттердің бірі және осы бағдарлама бойынша Хартияға қол қойды. Латвияның жаңартылатың энергия көздері бойынша тұтыну үлесі бойынша соңғы көрсеткіш 37,1% құрап, Еуро Одақ шеңберінде Швециядан (52,1) кейінгі ең жоғары көрсеткіш көрсетті.

Латвия 70-ші мемлекет болып ресми түрде «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысатындығын растады.


Әзірлеген Тұмар АСЫЛ

 

 

Ұқсас материалдар