«Астана» – екінші таймда «қанаттанатын» команда

01.10.2015 1462
УЕФА чемпиондар лигасының топтық кезеңі аясында «Астана» мен «Галатасарай» арасында өткен матч 2:2 есебімен тең аяқталды.

УЕФА чемпиондар лигасының топтық кезеңі аясында «Астана» мен «Галатасарай» арасында өткен матч 2:2 есебімен тең аяқталды.

«Астана» командасы екінші таймда қарқынына қарқын қосатын, үлкен нәтиже әкелетін командалардың бірі. Егер, «Астанының» соңғы матчтарын алып қарайтын болсаңыз (голдардың соғылуы, есепте алға шығуы немесе есепте теңестіруі) өнімділігі жағынан екінші таймда жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Доп ұстау, гол соғу, жиі-жиі шабуылға араласуы бойынша да «Астана» командасы «Галатасарайдан» екінші таймда анағұрлым басым болды. Матч соңында Станимир Стойлов айтып өткендей, команда гол соғатын бірнеше мүмкіндікті жіберіп алды. Ал, «Галатасарайдың» жаттықтырушысы Хамза Хамзаоғлы астаналық ұжымның команда ретінде «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруы» матчтың тең аяқталуына себепші болды дейді.

«Астана» өз алаңында «Мариборды» 3:1 есебімен жеңгенде, ХИК ұжымын 4:3 есебімен ұтқанда да, АПОЭЛ-мен Кипрде тең ойнағанда да соңғы минуттарда үлкен нәтижеге қол жеткізді. Бұл жерде ең біріншіден бас бапкердің ықпалы байқалады. Екіншіден, команданың ақтық демі қалғанша соңғы минуттарға дейін тайталасуы «жақсы әдетке» айналғаны көрініп тұр. Бұл «Астананың» Еурокубоктарда болсын, ішкі біріншілікте болсын ойындарынан көрініс тауып келеді.

Алғашқы таймда «Галатасарай» футболшылары есепті ашқанымен, ойынның екінші жартысын алаң қожайындары қарқынды шабуылдармен бастады. Осындай сәттердің бірінде ойынның 77-минутында «Астана» шабуылшысы Джуниор Кабананга қақпаға қарай тепкен доп қарсыластар қорғаушысы Хакан Балтаның аяғына тиіп, қақпадан бір-ақ шықты. Есеп теңесті – 1:1.

Алаң қожайындарының қуанышы ұзаққа созылмады. Ойынның 85-минутында Хосе Родригес астаналықтардың алаңында еркін көсіліп, екінші допты соғып кетті. Бұл жолы «Астана» қақпашысы Ненад Эричтің қолында тиген доп сусып шығып, қақпаның торына тиіп тоқтады. Астаналықтардың есепті теңестіруге бас-аяғы 5 минуттары қалды. Толассыз шабуылға көшкен қазақстандықтар дегеніне жетіп, есепті теңестірді. Ойынның соңғы минутында Роджер Каньяс қақпашының қолынан қайтқан допты баспен қайта қақпаға бағыттады. Есеп тағы да теңесті – 2:2.

Сонымен, «Астана» клубы Чемпиондар лигасының топтық кезеңі аясындағы екінші ойынын сәтті өткізді. Естеріңізге саламыз, Португалия жерінде алғашқы матчта астаналықтар азулы «Бенфика» командасына 2:0 есебімен жол берген болатын. Ал келесі ойынды қазақстандықтар 21 қазан күні Испанияның «Атлетико» клубына қарсы өткізеді.


Әзірлеген: Жандос Смайлов

Фото авторы: Нұрбек Әлманбетов

 

Ұқсас материалдар