ҚАШАҒАН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ: ТАРИХИЛЫҚ. ДЕРЕКТІЛІК. КӨРКЕМДІК - 2

03.03.2014 3035
Қашаған ақынның жыр-толғауларында адамның тіршілігіне, іс-әрекеттеріне, рухани болмысының кәміл жетілуіне қатысты тағдыр анықтағыштық ой-тұжырымдар жеткілікті.

Қашаған ақынның жыр-толғауларында адамның тіршілігіне, іс-әрекеттеріне, рухани болмысының кәміл жетілуіне қатысты тағдыр анықтағыштық ой-тұжырымдар жеткілікті. «Бұл өмірдің мысалы» деген лебізінде «әділдіктің белгісі – расын сөйлеу», «пітне көңіл белгісі – құпия сөйлеп ыржию» екендігінен бастап:

Өпірем болу не керек,

Бақ-базарың ауған соң.

Бәсеке ету не керек,

Бастан билік кеткен соң.

Бұлаң-сұлаң не керек,

Ақ бетіңнен нұр тайып,

Жер ортадан асқан соң.

Елең-селең не керек,

Жас елуден кеткен соң.

Жалтаң-жұлтаң не керек,

Жігіттік бастан өткен соң,-

дейді. Адам баласы өзінің жас ерекшелігіне орай жүріс-тұрысын, қимыл-әрекетін, киім киісін, ойлау, сөйлеу дағды-машықтарын лайықты табиғи дәрежеде ұстау, көрсету – салиқалылықтың, ішкі мәдениетінің, әдептіліктің белгісі деген ойды поэзиялық қасиеттермен сөйлетеді.

Отаршылдықтың қамытын киген ноқталы қазақ – нешеме асылдарынан, ардақты жөн-жосықтарынан, үлгі-өнегелерінен амалсыздан ажырап қалғаны мәлім. Бұл ретте миы толық сезімтал Қашаған «қаңбақтай қара жер зыңырап, ауып» кетпегей деп тілейді. Ақынның қайғылы ой сарындары былайша өріледі:

...Тілінде бар жақсының

Діні кеткенге ұқсайды.

Өтірік сөздер көбейіп,

Шыны кеткенге ұқсайды.

Әкімнен кетіп әділдік,

Бай қайырсыз секілді,

Бай бермеске бекінді.

Қатындардың ұятын,

Қыз, жігіттің ибасын

Шайтан алған секілді. («Замана халі», 1912 жыл).

            Албастылардың, көргенсіздердің, «күзен тісті, қисық көз сотанақтардың» теріс қылықтарына көкірегі қарс айрылатын «ағыны тасты аударған» Қашаған алмас тілімен түйрейді.

Өлең сөздің қас жүйрігі, майталман білгір шебері Қашаған жыраудың шығармашылық өмірбаянында әсем жүйелі кесек-кесек, түйдек-түйдек мағыналы ой-толғаныстар мейлінше мол. Оның «Ұзатылып бара жатқан қызға берген батасында» оюлы да ойлы орамдар көңіл сарайын тағылымдық, тәлімдік дәрістермен байытып сұлуландырады. Мәселен:

Ұзартып жүрме тіліңді,

Ұстатып жүрме мініңді.

Ақыл ойлап пікір ет,

Құдайыңа шүкір ет.

Бәйбіше болсаң балқыған,

Қас-қабағың шалқыған.

Келін менен баланың

Билігіне таласпа,

Ақылыңнан адаспа.

Қашаған жырау поэзиясының көркемдік әлеміндегі лағыл ойлар, айшықты теңемелер сана-зердеге сәуле шашады, жаныңды, рухыңды, сезіміңді сергітеді. Айталық, «Қонақкәде жырына» үңілсек, қыз сұлулығын сипаттағанда «алтыннан құйған асықтай», «күмістен құйған қасықтай», «құбылған беті мақпалдай», «солқылдаған жас талдай», «тауға ойнаған бұлбұлдай», «қастары қама құндыздай», «көздері шолпан жұлдыздай» дейтін жіпке тізген меруерттей сөз асылдарын қисынды қолданған.

...басы

жалғасы...

Ұқсас материалдар