ҚАШАҒАН КҮРЖІМАНҰЛЫНЫҢ ӘДЕБИЕТТЕГІ БЕЙНЕСІ - 1

03.03.2014 12261
Бақтыбай ЖАЙЛАУ, Ш.Есенов атындағы КМТжИУ магистранты

Бақтыбай ЖАЙЛАУ, Ш.Есенов атындағы КМТжИУ магистранты

ҚАШАҒАН КҮРЖІМАНҰЛЫНЫҢ ӘДЕБИЕТТЕГІ БЕЙНЕСІ

Тумысынан табиғаты бөлек талантты тағдыр иесі Қашаған Күржіманұлының тарихи тұлғасымен қоса әдебиеттегі бейнесі де дараланып тұрады. Оның бөлек болмысын, ақындық тұлғасын танытуда түрлі дәйек-деректерге сүйене аламыз. Ең алдымен Қашағанның өз шығармалары – жыр-термелері, дастандары мен айтыстарындағы ақындық «мені» арқылы таныссақ; екіншіден, ол туралы жазылған көсемсөздер, естеліктер мен зерттеулер, арнау өлеңдер арқылы ақын тұлғасына үңілеміз.

Алғашқы мысал. «Бастапқы сөз» жырындағы Қашағанның бала, бозбала бейнесі қаншалықты талантты болса, соншалықты талапты, тағдыры қаншалықты азапты болса, мінезі соншалықты өжет, армандары қаншалықты биік болса, рухы да соншалықты асқақ қалпында көрінеді. «Өнерден дәулет жинадым» деп аяқталатын сол алғашқы аяқалысынан-ақ қалыптасқан дер шағы «Мен қайыртпай кеткен жүйрікпін» дейтін кезеңге дейінгі ақындық қуаты қай-қай жағынан да тек қана артып отыруымен кім-кімді де таңқалдырмай қоймайды [1, 27].

Қашекеңнің «Ол күндегі о да саз, бұл күндегі бұ да саз» деген «сазын» «сөзбен» ауыстырсақ, кешегі және бүгінгі, тіпті ертеңгі сөз өнеріміздегі қазақтың бағына туған перзенті Әбіш Кекілбайұлы ақпа-төкпе ақынды «Жырдария» атап, «Маңғыстау жыр мектебінің орман иесіндей ата бәйтерегі» дейді: «Қашаған жырын тыңдасаң, оқысаң, әр ғасырда әрқилы аталғанмен, ықылым заманнан жер үсті ғаламаттарының бәріне қатысып келе жатқан халқымыздың көп ғасырлық көне тарихының көк айдын мұхитына жүзгендей, сол көп ғасыр бойғы қордаланған рухани ырзығының бәрі төкпей-шашпай жиылып, қаймағы алынбай туырылып тыныш тұрған қасиетті қара қазанының қақпағын ашып, нәр татқандай, халық парасатының көп замандардан бері тұяқ кешті болмай тұнып тұрған кәусар көліне күмп бергендей боласың. Мейірің әбден қанып, мерейің әбден тасады. Өйткені, Қашағанның бойында тек халықтық табиғаттан туындайтын алыптық қасиеттердің бәрі бар. Оның ең бастысы – Қашаған шығармашылығының тек бір адамның жеке басының рухани тәжірибесімен шектелмей, бүкіл бір халық, бір ұлттың көп ғасырлық рухани тәжірибесін қапысыз қамтитын тарихи ауқымдылығы» [9, 313].

Енді әр алуан мысалдар келтіре отырып, ондағы ақын тұлғасын аңдап қарайық. Қашаған мен Нұрымның сұрақ-жауап айтысында әп дегеннен «Тілің шешен, ернің еп, Айтқыш деп жүр ғой сені көп» деп бастаған аға ақын інісін сынақ пен сұрақтың астына алады. «Нұрым жұмбақтарының Қашаған бәрін де шешеді. Айтыс соңында Нұрым Қашағанға риза болып:

– О, шырағым, жұрт айтқыш дейтін еді, рас екен, тірлікте шылбырыңнан ешкім ұстай алмас, мына тойды сен баста, сен тұрғанда ағаң дем алғандай екен, – деп батасын береді [5,383]. Нұрымның бір сөзінде: «Сен бір – қойма дүкенсің, ұрулы тұрған құлыбың» деуі де Қашағанның көкірегіндегі қазына құнының бәсін білгендік.

«Қашағанды Жамбыл Сүйінбаймен тең ұстап, қадірлеген. Ол:

Сүйінбай мен Қашаған

Қара өлеңді матаған.

Атын жаттап балалар

Әлі күнге атаған,-

деп өлеңге қосты» [6, 693].

Маңғыстау жыр мектебінің атақты өкілі жыршы Әлқуат Қожабергенұлы талабын енді ұштап, қадамын жаңа бастап келе жатқан жас кезінде Қашағанның қауым алдында жырлаған сәтінен соншалықты әсерленгенін айтады: «Жырды жасымнан жаттап, әулекі боп өскен маған күшті әсер қалдырған Қашаған ақын болды. Он бес жаста едім. Бекі жайлауында Есжан дегеннің асын берді. 400 үй тігілді, 160 ат қосылды. Жыршы, күйшілер жиналды. Басында қара бөрік, үстінде мәндала шапаны, аяғында кебісті мәсі, жалпақ бет, үлкен көз, салбыр мұрын, бұғақты ірі қара кісі жыршыларды бастап келді. Қолында шашақты қара домбыра. Қасында Сүгір жырау мен Шамғұл күйші. Мен солар түскен үй маңында болдым. Қашекең қара домбырасын шертіп қойып, жырды табан аузында ағылта беретін, мойнын шағын орамалмен байлап алған. Қыза келе жырды түйдек-түйдек ағытқанда жуан даусы ауыл-аймаққа түгел естілетін» [5, 338].

Ақындықпен қоса әу баста Құдай бойға дарытқан қасиеттері оның кез келген жырында өз «мені» арқылы көз алдымызға келе қалады. Ең алдымен оны айташы бейнесінде көреміз. «Адай тегі» дастанында:

Тілім түзу бағытты,

Көңілім зерек қалыпты,

Аңдаған жақын, алысты,

Болжаған қисық, шалысты,-

деген [5, 338]. «Адай деген ел едік» толғауында:

Сұрасаңыз, бозбала,

Бұл ақиқат сөз ғана.

Шежіренің сүрлеуін,

Кәріден естіп-білгенін

Осылайша әр жерде

Қашаған айтып береді,-

деп ділмар шешен, шежіреші шайыр ретінде танылады [1,114]. Тіпті «Атамекен» дастанында: «Адай деген ел едік – абайсыз өскен алшаңым, тәксіз өскен тарпаңым»,- деп ру атынан сөйлейді. Оған толық хақысы да бар еді. Елдің сөзін ұстаған ерен тұлға бара-бара «елдің тіліне» айналды. Бұл туралы кеңірек сөз етеміз. «Тойбастарда» ше?

Жиналған топтың құралы –

Жыршыдан өнер сұрадың.

Сұрағандарың сөз болса,

Қалағандарың біз болса,

Қандырайын көптің құмарын.

Шын шабытым келгенде,

Ағыным тасты аударған

Мен қайнарлы өзен, бұлағың...

 

Риза бол, жарқыным,

Жырым еді сақтаған,

Арқасы құрғыр қозғанда

Жауар бұлттай қаптаған.

Ойқастап барып тоқтайын,

Қатты кетсем, қайырылмас

Мен – басы қатты ақтабан... [1, 48].

Мұндай «ағыны тасты аударған қайнарлы өзен, бұлақтай» ақынның қуатты жыры, сол шалқар ойдан нәр алған суатты сыры бата тілек болып ақтарылғанда, ата өнегесі қыз бала көңілінде тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге болып жатталып қалары сөзсіз. Қазір де өлкемізде қыз ұзату кезінде күн өткен сайын осы бір мазмұнды жыр-толғау орындалмай қалатын тойлар өте сирек.

Енді Қашаған ақынның поэтикалық әдеби бейнесін сомдауда оған арналған әр кезеңдегі лирикалық өлеңдердің бірқатарына тоқталайық. Құлагер ақын Ілияс Жансүгіров «Көбік шашқан» атты поэмасында:

Атырау – алыс бізге жердің түбі,

Қашаған – жүйрік жырау, елдің тілі,

Шашқанда күйден көбік Құрманғазы,

Қашаған жырдан төккен маржан дүр-ді.

 

Сарындап саз бен күйді алуан түрге,

Айрылмай осы екеуі жүрген бірге.

Қашаған, Құрманғазы қосылғанда

Адайлар төңкерілген жыр мен күйге,-

деп, ақындығына соншалықты шынайы бағасын берген [7, 342]. «Қашаған домбыраға тіл болады, білсеңіз мынау бір күй не сөйлейді?» деп күй мазмұнын ақынның «Топан» дастанымен түсіндіреді. Бірақ, өкінішке орай, автордың бұл тамаша туындысы аяқталмай қалған. Есесіне Хамит Ерғалиев «Құрманғазы» атты көлемді дастанының «Көбік шашқан» бөлімінде Қашаған туралы барынша жырлаған:

Осы жұрт біле ме екен Қашағанды?

«Өлеңі – темір тікен, ошағанды».

Біреуге жәбір-жапа біреу қылса,

Ол қашан жанып түспей, өше қалды?!

 

Осы жұрт біле ме екен Қашағанды?

«Құрықтан құтқармаған босағанды».

Көрмекке ел қонысын тағы шыққан

Тап қылды Құрманғазы осы ағаңды,-

деп келіп, әрі қарай Қашағанның «Топан» дастаны негізінде Құрманғазының «Көбік шашқан» атты күйі туғанын баяндайды [8, 146].

жалғасы...

Ұқсас материалдар