ҚАШАҒАН КҮРЖІМАНҰЛЫ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ФОЛЬКЛОРЛЫҚ ҮЛГІЛЕР - 2

03.03.2014 7377
ашаған ақынның арнау өлеңінің ішінде дәстүрлі көңіл айту, жұбату түрінде келетін ерекше назар аударарлық шығармасы Аралбай ақынның жалғыз баласы Берекетке көңіл айтқан өлеңі – «Аралбайды жұбатуы».

Қашаған ақынның арнау өлеңінің ішінде дәстүрлі көңіл айту, жұбату түрінде  келетін ерекше назар аударарлық шығармасы Аралбай ақынның жалғыз баласы Берекетке көңіл айтқан өлеңі – «Аралбайды жұбатуы». Өлең Ойыл ауданында тұратын Төкешев Қазтайдың айтуымен жазылып алынған. Әдетте естірту, жұбату мәнді өлеңдер тұтас түрінде қайғыға душар болған жанға өзге адамның аузынан айтылатын болса, «Аралбайды жұбатуда» Аралбай басына түскен қайғысын өзі айтып, замандасы Қашаған ақынға мұңын шағады. Естіртудің тұспалдаумен, жұмбақпен, салыстыру, теңеумен басталып, айтушының тыңдаушысын суық хабарды естіртуге дайындап алатын сипаттары «Аралбайды жұбатуда» да бар. Аралбай ақын:

...Мен – ботасы өлген боз мая

Тұлыбына келіп аңыраған.

Мен бір жүрген ақ киік,

Лағын түзде алдырып,

Орнына келіп маңыраған,-

деп өз басына түскен ауыр жайтты, жүрек қайғысын мысалдай, ишаралай келіп, шерін ақтарар тұста:

...Қадірлі аға, Қашеке-ау,

Жалғызымнан айрылып,

Қанатымнан қайрылып,

Көңілім сөйтіп түңілген,-

деп естіртеді. Сонда  Қашаған Аралбайды жұбату жырын толғайды:

...Тұяғы бүтін тұлпар жоқ,

Қанаты бүтін сұңқар жоқ...

Болаттан бекем бол деген,

Болдырғанға болмасқа.

Уайым, ашу жарамас

Сендей бір жанға, жолдасқа.

Қашағанның жауабында  жұбату, Аралбайдың басындағы қайғысына ортақтасу сияқты адамгершілік, ізгілік сезімдері қабат келеді. Оның жұбатуы – жалғызынан айырылып көкірегі қарс айырылып отырған Аралбайды ғана емес, бар перзентін қара жердің қойнына тапсырып, ұрпақсыз өтіп бара жатқан өзін де жұбату. Аралбай басындағы қайғы Қашағанның да  қайғысы.

Қашағанның  суырыпсалма, табан астында шығарушылық талантын танытатын жырларының қатарына әзіл-қалжың араласып келетін «Қонақкәде» өлеңін жатқызамыз. Халқымызда үйіне келген қонақтың өнерін байқау, жақынырақ танысу мақсатында қонақкәде  деген әдеті бар. Көбінесе әркім ел арасына кеңінен тараған, көпшіліктің білетін  ән-жыр, күйлерін ортаға салып жатады. Алайда, ақындардың қонақкәдеге арнайы өлең арнап шығаруы көп кездеспейді. Қонақкәдеге табан астында күй шығару өнері Өскінбай күйшіде болған. Олай болса, қонақкәдеге өлең шығару Қашаған шығармашылығының өзіндік бір ерекшелігін танытары сөзсіз.

Кейбір қызға қарасам,

Алтыннан құйған асықтай,

Күмістен құйған қасықтай.

Кейбір қызға қарасам,

Құбылған беті мақпалдай…- деп басталатын әзілі аралас келетін ақжелең өлең жолдарында ақылына заты сай аруларды бейнелеуде эпитеттер мен ауыстыруларды орынды қолданады.

            Айтыс жанрындағы Қашағанның шығармалары оның  ақындық өнерін танытып қоймай, суырыпсалма ақпа жырау  болғандығына куә боларлық туындылар дейміз. Қашаған айтыстарында да елдікті, ерлікті, адамгершілікті жырлап өткен.

            Қашағанның жас кезіндегі айтыстарының бірі – Нұрым ақынмен кездесуі. Бұл дін тақырыбындағы сұрақ-жауап түрінде келген айтыстың бірі. Нұрымның өзіне қойған дүние мен адамның жаралуы, Ніл дария көпірі, пайғамбарлар қауымы туралы діни аңыздар, ата тек шежіресі туралы сауалдарына еш тосылмай жауап беріп, аға ақынды көп білетіндігімен тәнті етеді.

Қашағанның айтыстары ішінде оның Ізім шайырмен тілдесуінің әлеуметтік, көркемдігі мәні ерекше. «Қашаған мен Ізім шайыр» айтысы Кіші жүз жеріндегі Байұлы-Адайлар мен Жетіру-Тама, Табын елдерінің тарихымен байланысты біраз жайлардың бетін ашады. Тама, табын елдерінің аты шыққан ақыны Ізім адайлардың көшпелі тұрмысын, шаруашылықпен айналысқан ел өмірін келеке етіп, Қашағанға тиісе сөйлейді. Қалың бұқара атынан сөйлеген Қашаған орынсыз руға тиіскен Ізім шайырдың жеңіл ойлы сөздерін бас көтертпей жалынды сөз күшімен тежеп тастайды:

Еліңнің орысша рас тілі жатық,

Адайдың ішетіні сүт пен қатық.

Ләйліп арақ ішіп мас болғанда,

Шалыңды жасың таспен ұрады дейді,

Көргенсіз, бейқасиет, Құдай атып,-

деп әдепсіздікті сынап, қарсы дау айтады. Бұл айтыста өзге ақындар айтыстардың көбінде кездесетін ақындардың өздері туралы толғаныстары кездеспейді. Ел бірлігін ұстын қып ұстаған бұқарашыл ақын мал баққан шаруақор елдің құты болған киелі мекені Маңғыстауды жыр етеді. Хорезм хандығына қарсы күресте Хиуа бектері мен Әлке атқамінер өлтірткен Сүгір т.б. Адай батырларын бетке салық еткісі келген Ізімге  Табын ханы Әлкенің жастық тартып ауырып өлмей, оны өлтірген адай  ерлері екенін, талай жауды тойтарып, еліне қамқор болғанын айтады. Қашаған мен Ізім айтысының қорытындысында ел билеген озбыр әкімдер қатты сынға ұшырайды. Бұл айтыста Қашаған өзінің ақындық өнерін асырып, елдің арғы-бергі тарихын жетік білетін білімдарлығымен жеңіп кетеді. Оның айтыс жанрларына қатысын осы тұрғыда қарауға болады.

Қашағанның Ізбаспен айтысының да өзекті мәселесі менмендік, өзімшілдікті әшкерелеуге құрылған. Бір жиында сексеннен асқан Қашағанның перзентсіздігі мен кедейлігін бетіне басып мұқатпақ болған қырықтар шамасындағы  атаққұмар Ізбасты ел алдында өткір сөздерімен түйреп әбден масқарасын шығарады. Ақындар айтысының ежелгі дәстүрімен өзін көтермелей, қарсыласын кішірейте сөйлеу Қашаған мен Ізбас айтысының да бір тәсілі. Қашағанның «менінің» әні тереңде жатыр. Оған халықтық ең асыл қасиеттердің бәрі сыйып жатады. Оның айтыс жанрларына қатысын осы тұрғыда қарауға болады.  «Мен қайыртпай кеткен ақынмын», «Мен – мұхит жатқан тереңмін, шамшырақ жанған түбімде», «сен – бір жабы, мен – тұлпар», «сен – қарға да, мен – сұңқар», «мен – теңіздегі кемемін», «менің сөзім – сары алтын, сенің сөзің – қола, мыс» деп келетін көптеген троп, метафоралар ақын тіліндегі көркемдеу құралдардың сан алуан құбылып отыратынын аңғартады. Бұл жолдардан Қашағанның сөз зергері екендігімен қатар, Махамбет сияқты ақындар жырының өткірлік рухынан үйренген әсерін де байқаймыз. Қашаған поэзиясының көркемдік кестесінде мұндай терең мағыналы сөздер молынан кездеседі. Көркемдік – өнер шығармаларының өзіндік ерекшелігі, эстетикалық сұлулығы, дүниені, болмысты сипаттап сөйлетудегі суреттілік, бейнелілік,өрнектілік. Көркемдік – поэзиялық туындының сапалық  көрсеткіші. Ақын поэзиясының көптеген тұстары суреттегіш бейнелік құралдар жүйесінің іштей жарасым үйлесімінен, мазмұны мен пішінінің тұтастық бірлігінен көрінеді. Қашаған поэзиясының көркемдік жүйесінде теңеулердің эстетикалық мәні ерекше.

Айта кетуді керек ететін бір жайт, Қашаған шежіре-тарихқа жетік ақын. Әлеумет жайының ұдайы алға ұсталып айтылуы, оның  ақиқаттың алмас қылышындай өткір, айқын айтылуы ақын шығармаларының мейлінше дара өзгешелігі, асқан бұқарашылдығы. Сондықтан да Қашаған шығармалары өз кезіндегі тарихи маңызы зор, халқының мұңын көтере алған, тәлім-тәрбиелік қызмет атқарған туындылар.

 

ӘДЕБИЕТТЕР

 

1. Сыдиықұлы Қ. Ақберен. XYIII-XX ғасырлардағы қазақ ақын-жырауларының шығармалары. Алматы: «Нұрлы әлем», 2007. 576 б.

2. Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. Алматы, Санат, 1997. 928 б.

3. Қайыртпай кеткен Қашаған. Алматы, «Жазушы» 2011. 432 б.

4. Мағауин М. Ғасырлар бедері. Алматы, «Жазушы», 1991. 432 б.

...басы

Ұқсас материалдар