Алтынай Нөгербек бас жүлдені жеңіп алды

05.10.2016 6881
«Анаға апарар жол»

«Еуразиялық көпір» фестивалінде әйелдер арасындағы үздік рөл сыйлығы басты рөлді сомдаған Алтынай Нөгербекке бұйырды. Ал, «Анаға апарар жол» фильмі фестивальдің бас жүлдесін жеңіп алды.

«Фестивальге қонақ және қатысушы ретінде Ресей, Украина, Беларусь, Италия, Германия, Сербия, Қазақстан, Қытай, Оңтүстік Корея, Бельгия, Үндістан, Армения киногерлері барды. Кинофестивальді өткізу туралы идея белгілі режиссер Никита Михалковқа тиесілі. Әйелдер арасындағы үздік рөл сыйлығы «Анаға апарар жол» фильмінде басты рөлде ойнаған Алтынай Нөгербекке бұйырды», - деп хабарлады фильм авторлары. 

Фестивальдің жабылу салтанаты сейсенбі күні  Ялтада өтті.  Байқауға қатысушылардың өнерін Талакаду Сринивасаях Нагабхарана (Үндістан) бастаған халықаралық қазылар алқасы бағалады.  

Бас жүлдені жеңіп алған Алтынай Нөгербек - белгілі кинотанушы Бауыржан Нөгербектің қызы. Ол Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының театр факультетін бітірген. Еңбек жолын театрда бастаған актриса 2005 жылы алғаш рет «Нұршаһар» деректі фильмінде ананың рөлін ойнайды. Одан соң 2012 жылы жарыққа шыққан  «Жаужүрек мың бала» фильмінде Сартай батырдың анасының рөлін сәтті алып шығады. Осыдан соң, режиссер Ақан Сатаев Алтынайдың ойынын ұнатып, оны  «Анаға апарар жол» фильміндегі ананың рөлі - Мәриямды ойнауға шақырады. Актриса өз кейіпкерінің жас күнінен бастап, қартайған шағына дейінгі бет-бейнесін, ішкі қайғысын барынша сәтті көрсете білді. Актрисаның театрда жинаған тәжірибесі мол. Ол М.Әуезовтың «Қарагөз» спектаклінде Қарагөздің, режиссер Б. Ұзақовтың «Мұқағали» поэтикалық драмасында Музаның рөлін, режиссер Н. Жұманиязовтың «Скапеннің айласы» қойылымында Геацинттың рөлін ойнаған. Сонымен қатар, әр жылдары «Жерұйық», «Жаужүрек мың бала», «Жүрегім менің – Астана», «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмдеріне және «Судағы із» сериалына түскен. 

Ал, режиссер Ақан Сатаев түсірген картинаның негізгі тақырыбы – ана махаббаты. Басты кейіпкер Ілияс (актер Әділ Ахметов) пен анасының (актриса Алтынай Нөгербек) арасындағы ұлы сезім олардың басына туған барлық қиын күндерді артқа тастап, қайта қауышуына себепші болады. 

Фильм 1930 жылдан бастап қазірге дейін аралықты қамтиды. Мұнда халықтың басынан өткен қиын-қыстау кезеңдер (ұжымдастыру, жұт, соғыс жылдары) басты кейіпкерлердің тұрмыс-тіршілігі арқылы беріліп отырады. Картинаға жалпы саны 2 мыңнан астам адам қатысқан. Ал, басты рөлдерді Әділ Ахметов, Алтынай Нөгербек пен Аружан Жазылбекова алып шықты. Басқа да салмақты рөлдер Болат Әбділманов, Берік Айтжанов, Азамат Сатыбалды, Еркебұлан Дайыров, Асылбек Боранбайларға тиесілі.

«Анаға апарар жолдың» сценарийін бұдан бұрын да Сатаевпен бірге бірнеше картинада жұмыс істеген Тимур Жақсылықов жазған. Туындыны әуенмен әрлеген – Әлім Зайыров. Ақан Сатаев «драмада кейіпкерлердің 45 жылға жуық өмірін қамтыдық. ХХ ғасырда ел өмірінде болған ең күрделі жағдайларды сол уақыт аралығына сыйғызуға тырыстық» дейді.

Тарихи драма Қазақстан, Әзербайжан және Беларусь елдерінде түсірілген. Ал, соңғы кадрлары былтыр маусым айында Алматы облысындағы Шамалған бекетінде түсірілді. Дәл сол түсірілімге бас продюсер Әлия Назарбаева арнайы келіп, шығармашылық топтың жұмысымен танысқан болатын.


Әзірлеген - Жансая Төлеген

Суреттер tengrinews.kz және dorogakmateri.kz сайттарынан алынды

Ұқсас материалдар