«Алтын глобус» жүлдегерлері анықталды

12.01.2016 2980
Американың беделді сыйлығы – «Алтын глобус» жүлдесінің иегерлері марапатталды.

Лос-Анджелестің «Беверли Хилтон» отельінде кино саласының майталмандарына арналған Американың беделді сыйлығы – «Алтын глобус» жүлдесінің иегерлері марапатталды.

Голливудта 90 адамның басын құрайтын Шетел журналистерінің бірлестігі үздіктерді анықтап, АҚШ кинематографиясының ең атақты сыйлығы «Оскардан» кейінгі маңызды жүлдені жылдың ең үздік актерлері мен кино саңлақтарына табыстады.

«Алтын глобус» жүлдесі  осымен 73-ші мәрте өтті. Марапат салтанатын Эн-би-си телекомпаниясы тікелей трансляциямен көрсетті.

Киногерлерге жалпы саны 25 номинация бойынша сыйлық табысталды. Айта кетерлігі, «Үздік актер», «Үздік актриса», «Үздік фильм» аталымдары драма, комедия және музыка жанрларына бөлініп берілді. Бұл ерекше дәстүр 1944 жылдан бері сақталып келеді.

Ең үздік драмалық әртіс ретінде Леонардо Ди Каприо «Алтын глобус» жүлдесінің «Драмалық фильмдердің ең үздік актері» аталымын жеңіп алды. Актер бұл жүлдені жақында ғана көрерменге жол тартқан «Итжанды» («Выживший» The Revenant) фильмінде сомдаған рөлі үшін алды. Бұл – Ди Каприоның «Алтын глобус» байқауында қол жеткізген үшінші жүлдесі.

 Леонардо Ди Каприо

Нәзік жандылар арасында «Алтын глобус» марапатының «Драмалық фильмдердегі ең үздік әйел рөлі» номинациясын «Бөлме» («Комната» The Room) фильмінде ойнаған Бри Ларсон жеңіп алды.

Бри Ларсон

Сондай-ақ «Алтын глобус» марапатын тағайындаған кино сыншылардың шешімі бойынша «Ең үздік драмалық фильм» аталымын «Итжанды» («Выживший» The Revenant) кинокартинасы қанжығалады. Аталмыш номинация бойынша «Бөлме» («Комната» The Room), «Басты назарда» («В центре внимания» Spotlight), «Кэрол» (Carol) және «Ессіз Макс: Қаһар жолы» («Безумный Макс: Дорога ярости» Mad Max: Fury Road) сынды фильмдер бақ сынасқан еді.

 

«Алтын глобус» марапатының «Комедия және мюзикль» категориясы бойынша Мэтт Дэймон «Ең үздік комедия және мюзикл актері» номинациясын жеңіп алды. Актер «Марсианин» (The Martian) кинокартинасында Марк Уотнидің рөлін сомдағаны үшін марапатқа лайық деп табылды.

 Мэтт Дэймон

Дженнифер Лоуренс «Ең үздік комедия актрисасы» аталымын жеңіп алды. Режиссер Дэвид О. Расселлдің «Джой» (Joy) фильмінде ойнаған рөлі үшін аталмыш номинацияны қанжығасынап байлады. Бұл – Дженнифер Лоуренстің «Алтын глобус» марапаты бойынша үшінші жүлдесі. Ол бұған дейін «Афера америкалық» («Афера по-американски» American Hustle, 2013) және «Менің жігітім – жынды» («Мой парень – псих» (Silver Linings Playbook, 2012) кинокартинасында сомдаған рөлі үшін алған болатын.

 Дженнифер Лоуренс

Британ актрисасы Кейт Уинслет «Алтын глобус-2016» марапатының «Екінші пландағы үздік актриса» аталымын жеңіп алды. Актриса бұл жетістікке «Стив Джобс» (Steve Jobs) фильмінде сомдаған рөлі үшін жетті. Кейт Уинслет осы жүлдеге Дженнифер Джейсон Ли «Жексұрын сегіздік» («Омерзительная восьмерка», The Hateful Eight), Хелен Миррен ("Трамбо", Trumbo), Алисия Викандер «Машинадан» («Из машины», Ex Machina)  сондай-ақ Джейн Фонда «Жастық» («Молодость», Youth) фильмдерінде ойнаған актрисалармен таласты.

Кейт Уинслет 

Ал, Сильвестр Сталлоне «Крид: Роккидің мұрасы» атты фильмде сомдаған рөлі үшін «Ең үздік екінші пландағы актер» номинациясын қанжығалады.     

Сильвестр Сталлоне 

Әнші Леди Гага «Америкалық қорқыныш тарихы» («Американской истории ужасов" (American Horror Story) шағын телехикаясында ойнаған рөлі үшін «Ең үздік шағын сериал әртісі» номинациясы бойынша марапатталды. Бұл әншінің кино саласындағы алғашқы еңбегі екенін айта кеткен жөн.

Леди Гага 

Ал, шағын телехикаяда ойнаған рөлі үшін «Ең үздік шағын сериал актері» номинациясында Оскар Айзек жеңіске жетті. Ол «Маған батырды көрсет» («Покажи мне героя» (Show Me a Hero) атты телехикаяда рөл сомдаған болатын.

«Үздік режиссер» аталымын мексикалық Алехандро Гонсалес «Итжанды» («Выживший» The Revenant) кинокартинасын түсіргені үшін жеңіп алды. Былтыр «Бёрдмэн» (Birdman) фильмі үшін «Оскар» жүлдесін қанжығалаған режиссер биыл Тод Хейнстің «Кэрол», Carol, Том Маккартидің «Басты назарда» ("В центре внимания", Spotlight) және британдық Ридли Скоттың «Марсианин»  (The Martian) сондай-ақ австралиялық режиссер Джордж Миллердің «Ессіз Макс: Қаһар жолы» («Безумный Макс: Дорога ярости», Mad Max: Fury Road) сынды фильмдерін басып озды.

 Алехандро Гонсалес

Америкалық танымал сценарист Аарон Соркин «Стив Джобс» (Steve Jobs) фильмі үшін «Алтын глобус» марапатының «Үздік сценарист» номинациясында үздік деп танылды.  

«Мистер Робот» (Mr. Robot) телехикаясы «Үздік драмалық телехикая» аталымы бойынша марапатталды.

«Драмалық сериалдың ең үздік актері» номинациясы бойынша Джон Хэмм үздік атанды. Бұл – Хэммнің екінші жүлдесі.

Ал, «Комедиялық сериалдың үздік актрисасы» номинациясын  Рэйчел Блум жеңіп алды.

Рэйчел Блум

Танымал италиялық композитор Эннио Морриконе «Үздік музыка» аталымы бойынша «Жексұрын сегіздік» («Омерзительная восьмерка» The Hateful Eight) фильміндегі композиторлық жұмысы үшін жеңіске жетті.

Эннио Морриконе 

Британдық комик Рики Джервэйс америкалық  Pixar  студиясында жасаған «Головоломка» (Inside Out) мультипликациялық лентасы үшін «Үздік анимациялық фильм» номинациясы бойынша жеңіс тұғырынан көрінді.  

Рики Джервэйс 

Сесил Блаунт Демилль атындағы құрметті марапатты Дензел Вашингтон иеленді.

Венгерлік режиссер Ласло Немештің «Саулдың ұлы» («Сын Саула» (Saul Fia) атты кинокартинасы «Шет тіліндегі үздік фильм» аталымы бойынша марапатталды. Аталмыш номинация бойынша «Жаңаша өсиет» («Новейший завет» Le tout nouveau testament) атты бельгиялық фильм мен «Клуб» (El Club)  чилиялық кинокартинасы сондай-ақ фин фильмі «Семсерші» («Фехтовальщик» Miekkailija) және «Мустанг» (Mustang) атты түрік кинокартинасы таласқа түскен еді. Биыл «Шет тіліндегі үздік фильм» аталымы бойынша әлемнің 48 елінен 72 кинолента өзара бәсекеге түскен болатын.


Әзірлеген Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

Суреттер www.buro247.ru және popcornnews.ru сайттарынан алынды   

 

 

 

Ұқсас материалдар