Қалдыбек ҚҰРМАНӘЛI: «Қалдыбектiң кедiр-бұдыр мiнезiне кешiрiммен қараймын адалдығы үшiн» дейдi Шаханов!

12.08.2014 3361
Қалдыбек ҚҰРМАНӘЛI, «Жас қазақ» журналының Бас редакторы, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, композитор:

Қалдыбек ҚҰРМАНӘЛI, «Жас қазақ» журналының Бас редакторы, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, композитор:

ҚАЗАҚСТАНДА ПРОДЮСЕРЛЕР ЖОҚ

Сiз он жылдан астам уақыттан берi қазақтың белгiлi өнер адамдарының шығармашылық кештерiн өткiзуге мұрындық болып келесiз. Сондықтан осы саланың қыр-сыры өзiңiзге жақсы мəлiм. Ал ендi бiздiң елде продюсерлердiң еңбегi жанбай келедi. Оның себеп-салдарын неден iздеуге болады?

– Негiзi, мен шындықты шыңғыртып айтқанды жақсы көремiн. Сондықтан сөздiң ақиқатын айтар болсам, Қазақстанда əлi продюсерлер жоқ.

Қалай жоқ? Қазiр əрбiр əншiнiң продюсерi бар емес пе?

– Олар продюсерлер емес. Керек десеңiз, менiң өзiм де продюсер емеспiн. Алдымен продюсер деген кiм? Соны түсiнiп алайықшы. Ол өз қаржысымен елге белгiсiз бұла талантты алып шығуы керек. Оның əнiн, сөзiн жазуға мұрындық болып, имиджiн қалыптастыруы тиiс. Қысқасы, жас дарынды айдай əлемге танытуға бар күш-жiгерi мен қаржысын жұмсайды. Содан кейiн барып, жұмсалған қаржыны еселеп қайтарады. Мiне, осындай адамдарды продюсер деуге болады. Ал бiздiң жасап жүргенiмiз мұндай еңбекке үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Бiз есiмi елге белгiлi өнер тарландарының ұмытылып бара жатқан əндерiн əрлеп, өңдеп, қайта жаңғыртып, халыққа жеткiземiз. Бұл да сауапты iс. Мұның ұлттық мəдениетiмiздiң өсiп-өркендеуi-не һəм жаңарып, жаңғырып отыруына қосар өз үлесi бар.

Сонда «продюсермiз» деп жүргендердiң бəрi мəдени шараларды ұйымдастырушы ғана ма?

– Иə, оларды тек «ұйымдастырушы» деп атауымыз қажет. Əйтпесе, ол продюсерлердiң қалтасында көк тиын ақшасы жоқ. Қашан көрсең, қалталы азаматтарға алақан жайып жүредi.

Ендеше, «Қазiргi продюсерлер сол əншiлердiң арқасында күн көрiп жүр» деуге негiз бар ғой.

– Əбден бар. Ал ендi əншiнiң өзi продюсер болса, тiптi жақсы. Ол өз бағын өзi ашар едi.

Бiзде сондай əншi-продюсерлер бар ма?

– Бар. Оның қатарына əншi Алтынай Жорабаеваның күйеуi Сəбиттi қосуға болады. Ол Алтынайды насихаттай отырып, оның ел алдындағы абыройын көтерiп жүр. Бiрақ бiр қалтасынан шыққан қаржы екiншi қалтасына келiп құйылады. Оның үстiне, Алтынайдың тойға бару құны да өсе түседi.

Сiз «Жас қазақ» баспа үйi мен осы аттас журнал ашқаныңызды жақсы бiлемiз. Сондағы көздеген мақсатыңыз не? Қазiргi атқарып жүрген жұмысыңыз да аз емес сықылды.

– О баста «Жас қазақ» продюсерлiк орталығын ашқым келдi. Бiрақ ол кезде ондай орталық ашуға рұқсат берiлмейтiн. Сосын ондай орталықтың концерт өткiзуге құқы болмайтын. Оның үстiне, төлейтiн салығы да өте жоғары едi. Сонан соң «Жас қазақ» баспа үйiн ашып, оның жанынан продюсерлiк орталық құрдық. Бұл орталықтың мақсаты – халқымыздың қай-таланбас тұлғаларының шығармашылық кешiн өткiзу болды. Бiз осы бағытта Шəмшi Қалдаяқов, Əсет Бейсеуов, Əбiлахат Еспаев, Бекзат Саттарханов, Мұстафа Өзтүрiк, тағы басқа марқасқа азаматтардың еске алу кештерiн ұйымдастырдық. Бiз мұндай кештердi өткiзiп қана қоя салмаймыз. Олардың өнерi мен өмiрiн кешендi түрде насихаттаймыз. Мысалы, олардың шығармаларын нотаға түсiремiз, дыбыс жəне бейнетаспаларға жазамыз, естелiк кiтаптар шығарамыз. Биыл белгiлi композитор Əбiлахат Еспаевтiң мерейтойына байланысты еске алу кешiн өткiздiк. Құдай қаласа деп айтайын, биылдан бастап Əбiл-ахат Еспаевтың дəуiрi басталды. Əн əлемiнде қайталанбайтын осындай тұлғаны ел ұмытып қала жаздады. Оның əндерi халық арасында жиi айтылады. Бiрақ кiмнiң əнi екенiн бiлмейдi. Бұл – насихаттың жоқтығының салдары. Əйтпесе арамызда күмiс көмей, жезтаңдай əншiлер – Роза Бағланова, Бибiгүл Төлегенова, Сара Тыныштығұлова, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнiсова, Сембек Жұмағалиевтер жүрген жоқ па?!

 

ӨНЕРДI ПЕНДЕШIЛIКТЕН ЖОҒАРЫ ҚОЯР ЕДIМ

Егер осы мəдениет саласының құлағын өзiңiз ұстар болсаңыз, жұмысты неден бастар едiңiз?

– Егер ғайыптан ондай бақ қонар болса, онда өнердi пен-дешiлiктен жоғары қояр едiм. Ұлттық салт-дəстүрiмiз бен мəдениет саласына байланысты үлкен бағдарлама қабылдаған болар едiм. Ол бағдарламаға кезiнде бiздiң Мəдениет минис-трлiгiн басқарып, ұлтымыздың мəдени мұрасын мəңгiлiкке қалдыруға бар күш-қуатын сарқа жұмсаған Темiрбек Жүргенов, Iлияс Омаров, Өзбекəлi Жəнiбеков секiлдi ағаларымыз қай iстi бастап, қай iстi аяқтай алмай кеттi, солардың бəрiн енгiзер едiм. Оның бəрiн мұрағаттардан iздеп табуға болады. Мəселен, бiр Өзбекəлi Жəнiбековтiң өзi ұлттық өнерiмiздiң дамуына сүбелi де қомақты үлес қосып кетпеп пе едi?!

Жоғарыдағы продюсерлiк орталық туралы əңгiмемiз аяқсыз қалды. Сонда түсiнгенiмiз, «Жас қазақ» баспа үйiн продюсерлiк орталық асырап отыр ғой. Солай ма?

– Солай десек те болады. Одан бөлек, биыл қаңтар айынан бастап осы аттас журнал шығарған болатынмын. Оның бүгiнгi күнге дейiн 12 саны жарық көрдi. Сол басылымды жəне одан бөлек бiз атқарып жатқан мəдени шаралардың барлық шығынын осы орталық өтейдi. Мəселен, күнi кеше Əбiлахат Еспаевтың тұрған үйiне ескерткiш тақта орнаттық. Оны орнатуға əкiмшiлiк шешiм шығарып бергенiмен, оның қаржысын бiз төледiк.

Сонда, баспа үйi қандай iс атқарады?

– Бiз баспа үйiн ашқан кезде үлкен жоспарларымыз болған. Сол шақта министрлiктi бiлiмдi де бiлiктi баспагер, ғалым, өнер жанашыры Мұхтар Құл-Мұхаммед ағамыз басқаратын. Баспа iсiнде нағыз əдiлеттi заман сол кезде болды. Ол мемлекеттiк тапсырысты баспалардың бəрiне бiрдей етiп бөлiп бердi. «Сен мем лекеттiк, ал сен жеке меншiк баспасың» деп алалаған жоқ. Қазiргi «Баспалар үйi» ғимаратының 40 пайызын жекешелендiрiп берген де Мұхтар Абрарұлы едi. «Бойына сенiп, түйе жылсыз қалыпты» дегендей, «Өнер» баспасын басқарып отырған Əшiрбек Көпiшев ағамыз өзi келген бақты керi тептi. Ол ғима-ратқа қазiр де əлдебiреулер көз тiгiп отыр. Сол үйдi паналап отырған бiрнеше газет-журналдардың басшылары бiрiгiп, сол өзiмiз отырған бөлмелердi жекешелендiрiп беру туралы Президентке хат жолдадық. Құдай қаласа, ол iс оң шешiмiн табады деген үкiлi үмiтiмiз бар.

Əрбiр жаңа жылдан жақсылық күтетiн халықтың бi-рiмiз. Сондықтан да «Жаңа жыл жарылқа, ескi жыл есiрке» деп тiлек айтамыз. Ескi жыл Сiзге жəне отбасыңызға не бердi, жаңа жылдан не күтесiз?

– Өткен жылға өкпем жоқ. Биыл өз қаржыма жастарға арналған республикалық қоғамдық-саяси, танымдық жур-нал аштым. Алматы қаласының əкiмi Иманғали Нұрғалиұлы азаматтық танытып, «Құлагер» ықшамауданынан үш бөлмелi пəтер бердi. Бұл пəтердi алуға Парламент Мəжiлiсiнiң депутаты, көрнектi ақын, рухани ағам Мұхтар Шаханов, «Алматы ақшамы» газетiнiң Бас редакторы Қали Сəрсенбаев, Алматы қаласы əкiмдiгiнiң Энергетика, шаруашылық департаментiнiң дирек-торы Əдiл Несiпбаев пен Тұрғын үй басқармасының бастығы Нұғман Асқаровтар мұрындық болды. Сосын 17 қыркүйек күнi Республика сарайында «Əн-аға немесе Шəмшiмен сырласу» атты шығармашылық кешiмдi өткiздiм. Оған қаншама өнер тарландары қатысты. Кереметтей кеш болды. Биыл Жанасыл жəне Бекзатсаттархан деген ұлдарымды мұсылман етiп, сүндет-ке отырғыздым, қоныс тойын жасадым. Осының бəрi бiр адам үшiн аз қуаныш емес. Ал келер жылдан күтер жақсылығым одан да мол. Жыл басында, дəлiрек айтсам, қаңтар айының аяғында «Жас қазақ» журналының бiр жылдығы өтедi. Осы басылымның түрлi аталымға арналған жетi сыйлығы болатын. Осы мереке қарсаңында арнайы комиссия құрылып, сол жүлделердi табыс ететiн боламыз. Келесi жылы 40 жасқа толады екенмiн. Осыған орай облыс орталықтарында əн кешiмдi өткiзсем деймiн. Со-сын өнерде жүрген менiң құрдастарымның бəрi 40-қа толады. Соларға ерекше сый жасап, «Менiң құрдастарым» деген кеш ұйымдастыру жоспарда бар. Келесi жылы өмiрден ерте кет-кен жан əкем 80 жасқа толар едi... Ол кiсiнiң құрметiне облыс көлемiнде əлi күнге дейiн өте қоймаған керемет мəдени iс-шара өткiзiп, ақсарбас сойып, үлкен ас беремiн. Қазақта «Отызыңда орда бұзбасаң, қырықта қамал ала алмайсың» деген сөз бар. Сол айтқандай, отыз жасымда Қазақстан Жастар одағының лауреа-ты болып едiм. Қырыққа келер шағымда да өзiм туып-өскен Оңтүстiк Қазақстан облысы, Бəйдiбек ауданының «Құрметтi азаматы» атағын алып, аз олжалы болып отырғаным жоқ.

Жарасқан Əбдiраш ағамыздың Ғафу Қайырбековке арнаған атақты эпиграммасы бар. Оны жұрттың бəрi бiледi. Сол эпиграммада айтылғандай, БАҚ-тың бəрiнде өзiңiз жүресiз. Оның үстiне, атқарып жатқан шаруаларыңыз да аз емес. Бұл не деген белсендiлiк? Оған уақыт пен күш-жiгердi қайдан табасыз?

– Сөздiң шыны керек, қазiр тəулiгiне 4 сағат ұйықтауға уақыт тапсам, қуанамын. Бiр кездерi Лениндi бəрiмiз құрметтедiк. Мен оны əлi күнге дейiн жақсы көремiн. Өйткенi ол – үлкен тұлға. Қоғамға төңкерiс жасау – əркiмнiң қолынан келе бермейдi. Сол кiсi тəулiгiне 4 сағат ұйықтаған екен. Сонда: «Ойбай, 4 сағат ұйықтаса, тəулiгiне 20 сағат жұмыс iстеген бе?» деп таң қала-тынмын. Студент кезiмде де белсендiлiгiм өте жоғары болатын. Бiрақ кейiн 10 жылға жуық «ұйықтадым» десем, өтiрiк емес. Ол кезде тек шығармашылықпен айналыстым. Бала-шағама нəпақа табу үшiн той басқарып, асаба да болдым. Сол тойларда жүрiп, атпал азаматтармен табақтас болдым, сыйластым. Сөйтiп, өмiрге қайта келгендей əсерге бөлендiм. Қазiр кей достарым: «Қалдыбек, қайда асығасың? Уақтылы ұйықтап, уақтылы тұр. Денсаулығыңды құртасың ғой» дейдi. Мен оларға: «Кезiнде он жыл ұйықтадым. Ендi сол ұйықтаған жылдарымның өтеуiн қайтаруым керек» деймiн.

Жұрт концерт өткiзудi «бизнес» деп жүр. Шын мəнiнде солай ма?

– «Осы жiгiт Шəмшiнiң кештерiн өткiзiп, байып жүр» деген сөздердi өзiм де талай естiгенмiн. Тiптi де олай емес, ең алғаш Шəмшiнiң кешiн астымдағы көлiгiмдi кепiлдiкке қойып өткiзген болатынмын. Бұл кеш бес жылдан берi дəстүрлi түрде өтiп келедi. Мұндай шараларды ұйымдастырудың жұрт бiле бермейтiн мың түрлi кедергi, қиыншылықтары бар. Соған төтеп берiп келе жатырмын. Биылдан бастап Шəмшiнiң кештерiн жылына екi рет өткiзетiн боламыз. Қазiр бұл кешке халықтың өзi келiп, билетке таласатындай дəрежеге жеткiздiк. Мұның бəрi үлкен күш-қайратты қажет еттi. Егер қаржы, пайда түссе, ендi түсетiн шығар. Сонда бизнес деп атауға да болар.

Сiзде музыкалық бiлiм жоқ. Нота бiлмейсiз. Сонда əндi қалай жазасыз? Ыңылдап отырып шығарасыз ба?

– Мысалы, Құрманғазыда да бiлiм болмаған.

Бiрақ ол домбыра тартты ғой.

– Домбыраны мен де тартамын. Бiрақ көбiне əндi ыңылдап отырып шығарамын. Əр əннiң шығуына бiр нəрсе түрткi болады. Бейнелеп айтсақ, бiз бəрiмiз сұлулыққа ынтықпыз. Шығармашылық адамымыз. Көшеде бiр сұлу қыз көрсек, сұқтана қараймыз. Оның бойынан əдемiлiк iздеймiз. Егер iздегенiмiздi тапсақ, соны екi-үш күнге дейiн ұмыта алмай жүремiз. Ол ертең əн болып қалықтауы əбден мүмкiн. Оның өмiршең болғанын қалайсың. Осы уақытқа дейiн 35-ке жуық əн жазыппын. Соның сəттi жазылған жиырма шақтысын алып қалып, қалғанын өз қолыммен жойып жiбердiм. Кез келген шығарма санмен емес, сапамен есептелуi керек. Жұрт бiлмейтiн 400 əн жазғанша, ел айтып жүретiн 4 əн жазғанның өзi жақсы. Өткен ғасыр Қалдаяқовтың ғасыры болса, осы ғасыр менiң ғасырым болады. Соған өзiмдi де, өзiмнiң əндерiмдi де дайындап жүрмiн. Сондықтан да шығармаларыма сын көзбен қараймын.

Сiз қызуқанды, тiк мiнездi адамсыз. Кез келген адамға «бетiң бар, жүзiң бар» демей, айтып саласыз. Осы мiнезiңiзге қарап кей адамдар Сiздiң əлi күнге дейiн жер басып жүрге-нiңiзге таң қалады. Бұл мiнезiңiзден таяқ та жеген боларсыз?

– Жұрт менiң осы мiнезiме «кешiрiммен қарағанша» таяқ жегенiм рас. Менiң ең алғашқы əндерiмдi Майра Iлиясова мен Мəдина Ералиева орындады. Солар арқылы мен де халық-қа танылдым. Соған дейiн менiң шығармашылығыма, тiптi денсаулығыма күмəнмен қараған адамдар көп болды. Қазiр солардың көбiсi менiң осы мiнезiме көндiктi. Олардың ара-сында əйелiм, бала-шағам да бар. Бауыржан Омаров деген досымның маған жазған эпиграммасы бар. Оны шығармашылық кешiмде «Терiсқақпай» комедия театры орындады. Сол 4 шумақ өлең менiң мiнезiмдi толық ашып бередi. Менiң бұған алып-қосарым жоқ. Сол тойда менiң рухани ағам Мұхтар Шаханов: «Қалдыбектiң кедiр-бұдыр мiнезiне кешiрiммен қараймын адал-дығы үшiн. Кейде ол маған еркелейдi ағасы болғаннан кейiн. Кейде мен оған еркелеймiн iнiм болғаннан кейiн» дедi. Сол сияқты қазақтың бас келiнi Зейнеп Ахметова, батыр атамыздың баласы Бақытжан Момышұлы, күнi кеше өмiрден озған Заманбек Нұрқадiловтер менiң тойыма келдi. Олар маған түсiнiстiкпен қарайды.

 

БЕКЗАТСАТТАРХАН МЕН МҰХТАРШАХАН БIРГЕ ӨСIП КЕЛЕДI

Сiздiң балашағаңыздың аты да ешкiмге ұқсамайтындай ерекше екен.

– Жаңа айтып өттiм, менiң қуанышыма ортақтасып келген қонақтардың əрқайсысы бiр-бiр тұлға. Сол сияқты ұлдарымның аты да қайталанбайтындай ерекше. Мысалы, үлкен ұлымның аты – Жанасыл. Одан кейiнгi ортаншы ұлымның аты – Бекзат-саттархан. Оның кiндiк шешесi – Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзаттың анасы – Сырлыкүл. Ол – өзiмнiң əпкем. Одан кейiнгi ұлымның аты – Мұхтаршахан. Оның өкiл əкесi – Мұхтар Шахановтың өзi. Сөйтiп, бiздiң үйде Бекзатсаттархан мен Мұхтаршахан бiрге өсiп келедi.

Сiз бен Мұхтар Шаханов екеуiңiз қоғамдық iстерге белсене кiрiсiп кетесiздер. Сiздердi жақындастырып жүрген осы қасиеттерiңiз емес пе?

– Бiз Мұхтар Шаханов деген ақынның барын 1978 жылы ғана бiлдiк. Бiз деп отырғаным – бiздiң отбасы. Сол жылы Кəрiмбек деген ағам үйге «Сенiм патшалығы» атты кiтап алып келдi. Бiрiншi бетiнде ақынның суретi басылыпты. Əкем поэзияны жақсы көретiн. Əлгi ақын əкеме қатты ұнады. Сосын ол бiзге жаңағы кiтаптағы өлеңдердi жаттауға бөлiп бердi.

Негiзi, өмiрде Абай, Мағжан, Махамбет, Сəкен деген ақын-дардың барын бiз əкемiзден бiлдiк. Сондағы айтайын дегенiм, Мұхтар Шаханов сол кезде 35 – 36 жастағы жас жiгiт екен. Сол жас ақын өзiнiң құдiреттi поэзиясымен бiзге рухани байлық сыйлап, Отан мен елдi, əдебиет пен өнердi сүюге үйреттi. Ата-анам 12 перзент көрдi. Соның сегiзi дiн аманбыз. Екi ағам, бiр қарындасым – ғылым докторлары. Бiрi – Бiлiм жəне ғылым министрлiгi департамент директорының орынбасары болса, екiншiсi – Шымкент қаласындағы «Қайнар» университетiнiң ректоры. Ал, өзiмнен кейiнгi Алтыншаш қарындасым болса, Түркия мемлекетiндегi Улудак университетiнiң профессоры. Мiне, бiздiң бiлiм мен ғылымға, өнерге жақын жүруiмiзге Мұхтар Шаханов ағамыз осылай ықпал еттi.

Осы жұрт: «Қалдыбектiң үш бүйрегi бар екен. Аяғында «Алла» деген жазу бар екен» деп аңызға бергiсiз əңгiме айтып жүр. Бұған не дейсiз?

– Кей адамның бойында Құдайдың өзi берген ерекше қасиеттер болады. Ондай ерекшелiктер жария емес, құпия болып қалғаны жақсы. Осыған тоқтайық.

Əңгiмеңiзге рақмет.

 

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, «Ағынан жарылсақ», 2005 жыл