Ақындардың арасынан шыққан жалғыз әкім Әнуар Омаровпен сұхбат

14.01.2015 7575
Ел.кз жобасының бүгінгі кейіпкері Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Серікбайұлы Омаров.

Ел.кз жобасы тағы бір жаңа рубрика бастады және ол «эксклюзивті сұхбат» деп аталады. Бұл сұхбаттың өзгелерден ерекшелігі сол, мұнда жеке мәселелерден гөрі, қоғамдық тақырыптар көтеріледі, сұхбат берушінің сол тақырыптарға көзқрасына басымдық беріледі. «Шетелдегі қазақ балалары» жобасының авторы және жүргізушісі Жанар Байсемізовамен болған сұхбатты осы рубрикадағы алғашқы материал. Ел.кз редакциясы екінші эксклюзивті сұхбатын ұсынады. 

Әкіммен ел жағдайы тақырыбында сұхбат құру әрдайым өзекті екені белгілі. Ал егер, сол әкім табиғаты бойынша ақын, кәсіби мамандығы бойынша журналист болса сұхбаттың маңыздылығы еселене түседі.  Ел.кз жобасының бүгінгі кейіпкері Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Серікбайұлы Омаров.

- Мемлекеттік қызмет жолын неліктен таңдадыңыз?

- Өз еліңде болып жатқан оқиғаларға яғни мемлекет қалыптастыру ісіне не тілектес боласың, не жанкүйер боласың, не өз үлесіңді қосасың. Менің тікелей атсалысқым келді.  Мен азаматтық ұстанымым қалаптасқаннан бері, осыған дейін атқарған қызметтерімнің бәрінде мемлекетшіл болдым және менің мемлекетшіл болып өсуіме әкем қатты әсер етті. Ол кісі кеңшар партия комитетінің хатшысы, директоры болып қызмет атқарды және аса мемлекетшіл кісі еді. Мысалы әке мен бала болып көп сөйлесетінбіз, әжемнің бауырында өскен бала ретінде ебін тауып қалжыңмен қағытып та ала беретінмін. Мінезі аса салмақты жан еді. Дегенмен қай қалжыңыма болсын қабақ шытпайтын. Бірақ дәл осы мемлекет, мемлекетшілдік  тақырыбына келгенде әзіл-қалжыңды бірден тоқтатып, байыпты пішінге ауыса қоятын. Әзілмен болса да, түсінбегендіктен болса да айтқан сөзіңе дерек, дәйек келтіріп мемлекет, ел-жұрт, ұлт тақырыптарында қалай болса солай сөйлеуге болмайды дегенді санамызға сіңіріп-ақ тастағанын есейе келе түсіндік қой. Бұл жерде мемлекетке қызмет ету дегенде мемлекеттік басқару аппаратын елестетпеу керек, мемлекетке қызмет бұл – өз еліңе, халқыңа еңбек ету.  Мен мемлекеттік қызметке өз еркіммен жасым отыз екіге келгенде ақыл тоқтатып яғни саналы таңдауыммен келдім.

- Ақынға әкім болу қалай?

Өте қиын. Ақындық деген біріншіден ол шығармашылық және сезімталдық. Сондай-ақ, ақындықтың тағы бір серті бар: көріп тұрған дүниенің ақиқатын айту. Ал әкім осы тұрғыда ақынға қарама-қарсы адам. Алайда екеуінің тоғысатын жері бар, ол екеуі де елдің сөзін сөйлейді. Ақын өз көргенін айтатын болса, әкім айтып қана қоймай, сол айтқан нәрселерін, халықтың қажетін ашатын шаруаларды  жүзеге асыра да алады. Ақындық пен әкімдікті қатар алып жүрудің  қиындығы аз емес. Әсіресе көпшіліктің алдында, қоғамдық орындарда ақиқатты айтуға келгенде ақындық пен әкімдік қарама-қайшы кететінін сезінемін. Әкім болғанға дейін ақындық тұрғысынан көп нәрсені ашық, қажеттік туғанда сыни тұрғыда да айтатынмын, талап ететінмін, ал енді әкім болған соң ылғи олай жасай алмайсың. Себебі мемлекеттік қызметкер болған соң белгілі бір шектеулерді қабылдайсың.  Мемлекеттің  ұстанған саясатын сынамау, тек өз пікіріңнің ғана жетегінде кетпеу дегендей...

- Әкімдік қызметтің тауқыметі көп екені бәрімізге мәлім. Оның бәрін күнделікті өз басыңыздан өткеріп те жүрсіз. Дегенмен, сіз үшін әкім болудың ең қиын тұсы қандай?

Менің бір қиналатын тұсым алдыма келген, қиналып, кейде жылап жағдайын айтқан кісінің мәселесін шеше алмайтын кездер. Ылғи шешіп отырудың мүмкін емесін де білемін, дей тұра ұмыта алмай алаңдап жүремін. Мәселен, маған баспана сұрап келеді, көп баласы бар ана немесе мүгедек азамат. Олар сол ескілікке салынып, әкім бәрін шешеді деп ойлайды. Тіпті шын ниетіңмен баспана бергің де келеді. Оның бірақ еш қисыны жоқ. Себебі заң бойынша, ол кісі ең алдымен тұрғын үй кезегінде тұруы шарт. Тұрғын-үй кезегінде тұрғандары да бар, бірақ екі жүзінші немесе бес жүзінші дегендей. Мұны ол да біліп тұр, мен де біліп тұрмын. Ол кісінің кезегі 3 немесе 5 жылда келеді. «Оған дейін қарағым-ау кім бар кім жоқ, маған бірнәрсе қылып былай жылжытып берші» дейді ғой бар үмітін жанарымен ұқтырып. Шын мәнінде мен бере алмаймын, өйткені ол сыбайлас жемқорлық деген әңгімеге жол береді, оның үстіне кезекте тұрған басқа адамдарға қиянат жасауға болмайды. Сол кезде бар жасайтыным, отбасы мүшелерінің біреуін жұмысқа тұрғызу немесе басқа бір мәселесінің шешілуіне көмектесіп жатамыз. Осындай қиын сәттер бар. Кейде сол алдыма келген кісілердің жағдайын сұратып тұрамын, жұмысқа тұрған балалары қалай, істеп жүр ме екен дегендей. Кейде сол балалар тауып берген жұмысты тастап кетеді. Әке-шешесі кішірейіп келеді, ал олар оны түсінбейді. Қазіргі кезде жастардың санасы да өзгерген ғой, бәрі таза жүріп, папка ұстаған жұмыс істегісі келеді. Бірақ мұндай жұмысқа қол жеткізу үшін белгілі бір сатылардан өту керек екенін, тәжірибе жинау үшін кез-келген жұмыстан бас тартпау керек екенін түсінсе де мойындамайды.

Тағы бір дендеп кеткен пікір, жұрт ойлайды, әкім болған соң, бәріне сол жауап беруі тиіс деп. Біреудің баласы ішкілікке салынып, маскүнем болса да, әкім қайда қарап отыр, осылармен неге айналыспайды деп бізді сынап жатады. Отбасында кикілжің болса да әкімге келіп тіреледі. Үйінде құбыр жарылса да әкімге келіп, «мына мәселені неге шешпейсіздер» деп айқай салады. Бірақ осы мәселелердің бәрі әр адамның, отбасының жеке шаруасы екені көбі ұмыта береді.  Мысалы бес қабатты үйдің шатыры, заң бойынша жекеменшік нысан, мен қарсы да  емеспін көмектесуге, бірақ заң бойынша  көмектесе алмаймын. Халықтың мемлекетке деген масылдық психологиясы басымдау болып барады. Менің өзімнің екі мәрте бір жылдан жұмыссыз жүрген кезім болды, бірақ мен «мемлекет неге көмектеспейді» деп жарияға жар салмаппын. Тіпті әке шешемнен де көмек сұрауға ұялатынмын, олардың көмек беруге бар мүмкіндігі бола тұра. Ақыры талпынып жүріп, қолға іліккен жұмысты ауыр-жеңіл, қара-ақ демей атқара жүріп қатарға қосылып кеттік. Менің ойымша жас адамда осындай оптимистік психология басым болуы тиіс. Осыны жастар түсінуге тиіс деп ойлаймын.

- Бұл енді айналып келгенде құқықтық сауатсыздыққа келіп тіреледі ғой, осы мәселені қалай шешеміз?

- Енді бұл өзінен өзі шешіліп келе жатқан мәселе ғой. Осыдан 10-15 жыл бұрын халықтық құқықтық сауаттылығы бұдан әлдеқайда төмен еді. Мысалы, сол кезде бір адам екінші адамға қиянат жасап, сіз зардап шеккен адамға «Неге шыдап отырсыз, барып сотқа бермейсіз бе» десең ат тонын ала қашатын, «Ойбай сотың құрысын, бұл дүниеде сот деген бәлеге бармаспын» деп. Сот деген қорқатын жер емес, оның құқығын қорғайтын жер екенін де ескеріп жатпайтын. Бәрі сот дегенде тұра қашатын. Ал енді қазір көшеде кетіп бара жатып киімі бір шегеге ілініп қалса, сол шегенің иесін сотқа беруге дайын. Негізінен мен халықтың мұндай мінезін қоштаймын. Бірақ енді асыра сілтеп, бәлеқорлықпен, жалақорлықпен осы сот арқылы да бизнес жасағысы келетіндер бар, яғни біреуде арандату, содан кейін мені ұрып жіберді деп немесе соғып жіберді деп сотқа беретіндер. Бұл енді нағыз асыра сілтеушілік.

Мәселенің тағы бір ұшы бар. Біз шағын аудан, қалалардың тұрғындары көбіміз  кішкентайымыздан бірге өсіп, туыс болып кеткендіктен оның бір кемшілігін немесе мінін бетіне басып айтуға ұяламыз, көңіліне тиеді дейміз. Бұл әрине бір жағынан қазақы мінез, дегенмен көп жағдайда осы мәдениетіміздің зардабын тартып жатамыз. Мен өз қарамағымдағы қызметкерлерге осы жайында жиі айтып тұрамын. Біз бәріміз шын өмірде доспыз, сыйласпыз, бірақ жұмысқа келгенде кәсіби қарым-қатынас болуы тиіс, біреуге қаттырақ айтуға тура келген жерде қаттырақ айтсақ оған ренжудің қажеті жоқ. «Бәке», «Сәке» деп бір-бірімізді көңілімізге қарап жүз шайысудан қаша берсек, бәлкім достығымызға, татулығымызға нұқсан келмейтін болар, бірақ мемлекеттің мүддесі кетіп жатыр ғой. Мемлекет ұтылды деген сөз, бәріміздің ұтылғанымыз, себебі біз бәріміз осы мемлекетте өмір сүреміз.  Осыны жиналыста айтып жатқанды, көбісі іштей  келіспей отырады, мен мұны олардың эмоцияларынан байқаймын. Соған  кейде өкінем. Шын мәнінде бұл дұрыс емес.  Мысалы, екі боксшы достарды алайық. Олар өте мықты, жүйрік. Бір жарыста екеуі де финалға шығып, бір-бірімен жұдырықтасуы қажет болады. Сол кезде олар бір-бірін ұрмай қарап тұрмайды ғой. Жарыс бітеді, біреуі жеңімпаз, екіншісі жүлделі орын. Жарыстан соң олар жан достар болып қала береді ғой. Осындай түсінік жаппай санаға орнаса деймін.

- Елбасының Ұлытаудағы сұрағына келсек, енді өзіңіз Ұлытауға қатысыңыз көп. Біріншіден осы өңірдің азаматы ретінде, екіншіден сол ауданда әкім болдыңыз. Елбасының Ұлытауға келіп, сұхбатты осы жерден беруін қалай бағалайсыз? Осы сұхбат, осы оқиға Ұлытау өңіріне әсер етеді деп ойлайсыз ба?

- Мен Елбасының қарамағындағы мыңдаған мемлекеттік қызметкерлердің бірімін. Сол себепті мен мемлекеттік қызметкер тұрғысынан айтайын. Ол кісі өте тәжірибелі адам. Қарапайым жұмысшыдан бастап, партия қызметшісі, мемлекеттік және саяси қызмет сатыларының бәрінен өтіп, тұтас бір елді кез-келген көшбасшыға, Елбасына үлгі болғандай деңгейде басқарып отырған адамның тәжірибесін бәріміз мойындауымыз керек.  Нұрсұлтан Әбішұлы осы тәжірибе арқылы кез-келген сұрақта таразының басын тең ұстай алатын көреген  тұлғаға айналды.

Елбасының Ұлытауға келіп, арнайы сұхбат бергеніне ерекше әсерде болдым. Бұл ақындық та сөз емес, әкімдік те сөз емес. Қарапайым қазақстандықтардың қатарында шын таңғалдым. Бұл сұхбатты Астанадан да, Алматыдан беруге болар еді...

Менің ойымша, бұл жердегі мәселе Ұлытаудың терең тарихында жатыр. Бүгінде Ұлытауды тек қазақ халқының тарихымен байланыстырып жатады. Шын мәнісінде бұл түбі бір түркі әлемінің қастерлі жері ғой. Мысалы, Шыңғысханның ұлы Жошы осы жерден ұлыс құрды. Осы ұлыс өмір сүре келе, бүгін Қазақстан деген мемлекет атанып отырмыз. Ақ орда, Көк орда, Алтын орда, Қазақ АССР-і, Қазақ ССР-і, Қазақстан Республикасы болып Алаштың Қарашаңырағын ұстап отырмыз!

Жошы хан кесенісінің жанында Орда-базар қаласының орны жатыр. Орда-базар – қазақ мемлекетінің  бірінші астанасы. Сондай-ақ, Ұлытаудың жанында Хан ордасы деген жер бар. Хандарды ақ киізге көтеріп, алаштың ханы ретінде ұлықтайтын жер – осы Хан ордасы. Осының бәрі Ұлытаудың тарихы. Елбасының мемлекеттің бастау алған жеріне келіп, ел үшін маңызды, стратегиялық тақырыптар жөнінде сөз қозғауы, стратегиялық басым бағыттарды айқындап беруі Н.Назарбаевтың үлкен әлемдік деңгейдегі тұлға екендігінің айқын бір көрінісі.

Осы сұхбаттың Ұлытауға әсеріне тоқталайық. Әрине, халықтың назарын Ұлытауға бұру тұрғысында  керемет әсер берді, Ұлытауды насихаттау науқаны әлі де жүріп жатыр.  Алайда осы үлкен бастама нақты іске айналуы тиіс. Нақты істер дегеніміз не? Мысалы, Ұлытау деген тарихи орын және Ұлытау ауданы әкімшілік бірлігі бар. Аудан орталығы – Ұлытау селосында 2000-нан сәл аса халық тұрады. Инфрақұрылымы нашар дамыған. Ұлытауды көреміз деп келетіндер көп. Олардың түсінігінде Ұлытау деген ертегілер әлемі тәрізді. Ұлытауға келсең, асқақтаған батырлар, төбедей болып төрде отырған билер, батагөй абыздар алдынан шығатындай аптығып келеді ұлтын сүйген ұландар. Келгеннен соң  төрт бес көшесі мен екі-үш қана  көпқабатты үйі бар шағын елді-мекенді көреді. Қонақ үйі тым шағын, басқа да орталық қазандық, кәріз, су, жылу жүйесі тәрізді инфрақұрылымдары дамымаған деп көңілі қалады. Сосын  Ұлытауды неге мынадай жағдайда ұстап отырмыз, сендер қайда қарап отырсыңдар деп реніштерін де білдіріп жатады. Бір жағынан мұны мойындайсың, кей ретте қол аяғымыз байлаулы, әсіресе қаржы мәселесіндеоблыс не ауданның күші бұл мәселелерді шешуге жете қоймайды. Елбасының сұхбатты нақты Ұлытау жерінде беруінің, оған халықтың аса қуануының сыры осында деп білемін. Нұрсұлтан Әбішұлындай нар тұлғаның әрбір ишарат-қимылында алапат астар бар екенін әлем мойындады емес пе. Ендеше сұхбат беруде де Ұлытауға қараңдар деген тапсырма тайға басқан таңбадай көзге ұрып, көкіректі жылытып тұр ғой.  Ұлытаудың етегінде отырған халық  Қарашаңырақтың шырақшысы тәрізді. Енді осы шырақшы халыққа белгілі бір жағдай жасалуы тиіс деп ойлаймын. Осы жерде курорттық-туристік аймақ қалыптастыру қажет және оны қалыптастыруды бастапқы қадамдарында жеке инвесторға немесе кәсіпкерлерге салмай, мемлекет көмегімен жасау керек деп ойлаймын. Себебі мұнда үлкен кәсіпкерлер жоқ, оны Ұлытаудың өз тұрғындарының қолымен жасау мүмкін емес. Бір мысал айтайын, Жезқазған-Ұлытау аймағын дамытудың кешендік жоспарында «Ұлытау ел» тарихи-мемориалдық кешенін салу деген бөлімі бар, сол жерде қаржыландыру көзі деген жерде «инвестор арқылы» делінген. Міне осы инвесторды таппай 2012 жылдан бері келе жатырмыз, 2014 жыл бітейін деп жатыр, яғни осы жылы да оның салынбайтыны белгілі болды. Үкімет басшыларының бірі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев осы Жезқазғанға келген бір сапарында «Оны Ұлытауға келіп қай инвестор салып береді. Мұны біз мемлекеттік қаржы көзіне кірістірудің жолын іздеуіміз керек» деп ұсыныс жасаған. Бірақ қызметтер ауысу кезінде осы хаттама басшылыққа алынбай, әлі күнге дейін мәселе шешілмей келеді.

Енді қазірге дейін Елбасының сұхбаты арқасында науқандық пиар жұмыстары жақсы жүріп жатыр. Бірақ бұл нақты жұмыстарға, бекітілген құжаттарға айналып, жүзеге асатын уақыттары белгіленіп кемі Үкіметтік деңгейден бақыланатын, қаржыландырылатын болса, жалпы алаш жұртының рухын да,  Елбасының  беделін де әлдеқайда көтеріп, Ұлт тарихына, болашақ ұрпаққа  үлкен бір сыйлық болар еді деп ойлаймын.

- Мәңгілік ел идеясына тоқталайық. Бағдарлама ретінде мемлекеттің тарапынан не жасалатындығы толықтай жазылған. Дегенмен қоғам мүшесі ретінде, айтыңызшы, қазақ елі мәңгі ел болу үшін бізге не керек?

- Мәңгілік ел идеясын жүзеге асыруда қаржылық-экономикалық аспект бірінші тұрмауы керек. Бұл жерде оның идеологиялық құрамы басым болғаны жөн. Біз осы күнге дейін ұлттық идеология жоқ деп айтып келдік. Ол үшін мемлекетті де, өзімізді  де сынадық. Міне мәңгілік ел идеясы дәл осы ұлттық идеология емес пе?! Елбасы осы ұлттық идеяға жол салып берді. Бірақ мен бұл жерде мәңгілік ел идеясы тек құрылыстармен, ғимараттармен, ескерткіштермен, обелискілермен сипатталады деп ойламаймын. Бұл ұлттың және осы барша қазақстандықтардың санасына орнатылатын мәңгілік ел идеясы. Мұндағы басты нәрсе, осы халықтың мәңгілік ел болуға деген ынтасын ояту, рухын ояту, қажет болса амбициясын ояту.  

- Бүгінгі таңда идеологияны жүргізуге көңіл бөлінбейді деп айта алмаймыз, көңіл бөлінеді. Бірақ біздің идеологиямыз айналып келгенде конференция өткізіп, сол жерде Президенттің айтқан сөздерін қайталау, бір-екі кездесу ұйымдастыру, бір-екі жинақ шығарумен шектеледі. Бүгінгі идеологияны жүргізу тетіктеріне қалай қарайсыз? Идеологияны қалай жүргіземіз?

- Біріншіден, біз өкінішке орай, халықты қатты саясиландырып алдық. Саясаттың таралу аумағын шамадан тыс кеңейтіп алдық деп айтқым келеді. Әрбір мемлекеттің тұрғыны саясатпен айналысатын жағдайға жеттік. Менің ойымша бұл дұрыс емес. Себебі  саясат деген ол да бір ғылымдық құбылыс қой, оның нақты әрі өте терең тарихы, шарттары,  заңдылықтары бар. Саясатпен белгілі бір білімі мен тәжірибесі бар адамдар өмірлік ұстанып айналысады. Ал бізде ерінбеген адамның бәрі сұрақтары мен пікірлерін саясиландырып айтатын деңгейге жеттік. Бәлкім бұл халықтың санының аздығынан да шығар?!

Халықтың саясиланғанының тағы бір көрінісі, әрбір қадамнан, әрбір сөзден саяси астар іздейді. Мысалы, бір үлкен кісіден ақыл-кеңес сұрай барсаң саған ешнәрсе айтпайды, «Аға мына мәселе бойынша қалай ойлайсыз, ақыл-кеңесіңіз керек еді» - десең, «Енді қарағым өздерің білесіңдер ғой, сендердің замандарың ғой» - деп қашып, ақылын айтпайды. Мені бұл қатты қайран қалдырады. Сол қарапайым қарияларымыздым өзі тым саясиланып кеткен. Ол егер мен қазір бірнәрсе айтсам, мұны басқа біреуге анау осылай айтты деп айтады, сосын бұл менің басыма бәле болады деп ойлап отыр. Міне, осы саясиланып алғанымыздың үлкен көрінісі.

Сондай-ақ саяси максимализм белең алып барады. Мысалы бір, жұмыс іздеп жүрген адамның шамалы бірнәрсе көңілінен шықпаса бірден Президентке  шабады, Президент қайда қарап отыр, осы Парламент пен Үкімет қайда қарап отыр деген секілді әңгімені қардай боратады. Ал ол нақты бар жоғы Сәтбаев қаласындағы бір кәсіпорынның басшысы деңгейінде шешілетін мәселе. Яғни осы орынсыз, жөн-жосықсыз саясилану мәселесінен алыстауымыз керек деп ойлаймын.

 - Бүгінгі жас мамандарға көзқарасыңыз қандай?

– Енді шындығы керек, жұрттың айтқанын қайталасам да айтайын, көбіне өзінің алып келген дипломына, ондағы бағасына сай емес болып жатады. Ең қарапайым мәтіндерден, грамматикалық, стилистикалық  қателіктер жіберіп жатады. Бірақ негізгі мәселе бұл емес. Көбі әкім, әкімдік деген сөздерге қызығып мемлекеттік қызметке келеді, бірақ алдына қойған айқын  мақсаты жоқ. Не үшін мемлекеттік қызметте жүрсің деген сұраққа өз-өздеріне жауап бере алмайды. Әйтеуір, әке-шешесінің соңғы сиырын сатып болса да ата-аналық парызын өтегенінің арқасында дипломға қол жеткізіп,  және сол дипломның болуы олардың өмірінің сәтті басталып, қалыптасуының кепіліндей көретін психология басымдау тәрізді көрінеді. Қазіргі заманда бір емес 10 дипломың болып, білімің мен іскерлігің жоқ болса, ешкімге керек емессің. Осыны жастар әзір ұға қоймағандай. Олардың амбициясы шынайы жағдайдан тым жоғары. Әке-шешесі бір малға қарап отырса, олар шырт киініп, папка ұстап жүріп ақша тапқысы келеді. Егер білімі мен біліктілігі жетсе, ешкім қарсы емес қой. Қайта Елбасынан бастап жастарға зор сенім артып, үмітті үкілеп отырған жай бар емес пе. Бір қызығы сыр тартып әңгімелескенде байқайтыным жастардың көбісінің бірден бастық болғысы келеді, көп ақша тапқысы келеді. Осы ойымен  сәйкеспеген жұмыс орнынан ойланбастан бас тартып жұмыс жоқ деген желеумен бірінші әке-шешесіне, екінші мемлекетке масыл болады. Мәселен, мен өзім қызметтік карьерамды тракторист қызметінен бастадым. Одан соң әскерде, сосын құрылыста істедім. Осы қызметтің бәрі менің бүгінгі әкім ретінде қалыптасуыма зор үлес қосты, үлкен тәжірибе берді. Еңбек адамының, ауыр жұмыспен тапқан нанның қадірін ұқтырды.

- Әкімдік қызметті атқара жүріп, шығармашылықпен айналысуға уақыт тауып жүрсіз ба?

- Енді қазір әкімдік қызметті атқара жүріп, ешқандай шығармашылықпен айналысып жүрген жоқпын. Бір тақырыпта өлең жазу үшін, сол тақырыпқа тереңінен үңіліп, сол туралы ойланып, толғануың керек. Соған бірте-бірте еніп, тереңдеп барып, содан бір түйір гауһар табасың. Бұған тым көп уақыт керек. Оны жарты күнде жаза салмайсың. Мысалы, мен екі-үш күн шығармашылық ізденіске түсіп, жұмысқа келмей қалсам не болар еді...  Сондықтан да шығармашылықты қатар алып жүруге тырыспаймын. Бар шығармашылығым күнделікті «Түркістан», «Қазақ әдебиеті» , «Ана тілі» сияқты газеттерді оқимын, әдеби шығармаларды оқып тұрамын. Қазірше, әдебиет әлемнің тұтынушысы ғана болып жүрмін.

– Осыдан бір жыл бұрын журналистерге берген сұхбатыңызда айтыс жөнінен мектеп балаларына сабақ беруде жоспарлап отырмын деген едіңіз, осы жағы қалай болып жатыр?

- Енді бұл жерде, өкінішке орай, 100 пайыз орындалып тұрған жоқ. Осы жерден ұлттық өнер орталығын құрып, оған бірнеше штат бердік. Қазір дәстүрлі ән, терме, киіз басу, ши тоқу, зергерлік бұйым жасау  және т.б. үйірмелер табысты жұмыс істеуде. Ал енді айтыс үйірмесі айтыскер ақындардың табыла қоймауына  байланысты қиын болып тұр. Басында 5-6 жігіт жиналған, оларға барып сабақ беріп жүрдім. Бірақ олардың ішінде байқағаным, айтысқа табиғи қабілеттілері, қызығушылығы кемдеу болып шықты. Кейіннен ол балалар, ән және терме үйірмелеріне ауысып кетті. Енді қазір жаңа оқу жылы басталғаннан кейін, мұғалімдерге тапсырма бердім. Олар өлең оқуға, тақпақты тез жаттауға бейімі бар және осы айтысқа қызығатын балалардың тізімін жасап, жинайтын болды. Олардың бәрін бақылап, ішінен ең болмағанда 3-4 жас баланы іріктеп аламыз деген үмітіміз бар. 

- Айтыскер қоғамға не үшін керек?

- Айтыскер деген кім? Ол осы халықтың ортасынан шыққан белгілі бір өнер иесі. Өнер иесі болған соң, ол әрбір сөзін ерекше әсемділікпен, үйлесімділікпен жеткізеді. Қазақтың бір қасиеті, оған қара сөзбен бір сағат айтып берсең, ол оны жадында сақтамауы мүмкін, ал енді төрт жолға икемдеп, әдемі өлең шығарып берсең қағып алып айтып, таратып жүреді. Екіншіден, айтыскер көптеген адамның көкірегін кернеп айта алмай жүрген дүниесін айта алады. Осылайша қоғамдық пікір қалыптастыруға да өз септігін тигізеді. 

Ақындық бұл ерекше дарын және нағыз айтыскер болу үшін ақиқатты айту серт. Айтыскер ақынның айтары халықтың сөзі. Қазір қарап отырамын, 11 сыныпта оқитын айтыскер ақын халық атынан сөйлейді. Міне бұл біздің ұлтқа Аллаһтың берген ерекше сыйы.

- Жас айтыскерлерге көңіліңілім толады деп айттыңыз, сол жас айтыскерлер өздері көтеріп отырған тақырыпты қаншалықты сезініп, өз ой елегінен өткізіп айтады. Кейде мынадай дүниені байқаймын, олар онсыз да жұрт айтып жүрген нәрсені, газет-журналдарды қозғалып жүрген сөздерді сахнаға шығып өлеңдетіп қана қайталап айтып жатады. Тақырыпты өзінің сезініп тұрмағаны қатты байқалады. Бір айтыста айтқан нәрсесіне, екінші айтыста соған қарама қайшы нәрсені айтып қалады.  Мүмкін жас айтыскер  жастардың атынан сөйлеп, жастардың көзқарасымен сөйлесе дұрыс болар, олардың бүкіл халыққа үлкен рухани тақырыптарда ақыл айтқаны қаншалықты орынды?

- Ол оның жаратылысы ғой. Мысалы, Қазыбек бидің 13 жасында қалмақ қонтайшысына айтқан сөзі осы күнге дейін ұлтқа үлгі болып келе жатыр емес пе? Сол айтылған сөздердің мағынасына мән берсеңіз, өте таңқаласыз. Мысалы, Еуропа елдерінде пәлен кісі 13 жасында мынадай маңызды нәрсе айтыпты деген бар ма?! Мен өзім ондайды естіген жоқпын. Ал мына біздің қазақтың 13 жасында не 15 жасында жасаған ерліктері, айтқан сөздері бар ғой. Біз сен әлі жассың деп неге көкіректерінен итеруіміз керек?! Болатын бала он бесінде баспын дер, болмайтын бала отызында жаспын дер. Өзіміз ерте есейтіп жібердік, ұлтты да, оның ұландарын да.

Енді халықтың сөзін айтуға байланысты. Айтыскердің миссиясы да осы ғой. Мысалы адамдар ас бөлмесінде айтуға шебер, бірақ жарияға келгенде олар тоқтап қалады. Міне осы кезде айтыскерлер алға шығады.

 - Бүгінгі айтысқа көңіліңіз тола ма?

- Жалпы толады, бірақ кейбір тұстар бар ескеретін. Айтыста екі нәрсе болуы керек. Біріншісі айтыскерлер халықтың мұңын, мәселесін жеткізсе, екіншісі айтыстың өнер екенін ұмытпай, оның сахнада болып жатқанын ұмытпай айтыстың көркемділігіне, жанрлық жауапкершілігіне  мән берсе  деймін.

Жаңағы саясилану мәселесі осы айтыста да байқалады. Бір министрді не әкімді сынаса, тіпті президенттің өзіне де шауып жатса, мынау мықты ақын екен деген түсінік қалыптасты. Мен ойлаймын, бұл мәселені жете зерттемегендіктен. Халықтың санасы өсіп, көзқарасы өзгеріп, арзан шоуларға тойған кезде жаңағы айтыскерлердің қадірі кетеді.

- Кітап оқисыз ба, оқысаңыз қандай кітап оқисыз?

-   Мен кітап оқумен өстім. Жас кезімде махаббат туралы кітаптар, кейіннен соғыс жайлы, осылай жас ұлғайған сайын талғам өзгеріп отырды екен. Қазір ұлттың тарихына байланысты, тұлғаларына байланысты, алаш көсемдеріне байланысты кітаптарды жинап, оқып жүремін.

 - Бүгінгі жастар ақпарат алу құралының тым көп болуына байланысты кітапты аз оқитын болды. Бірақ бәрінің айтатыны кітап оқу керек. Осы орайда, сіздің пікіріңіз, жастар не үшін кітап оқу керек?

- Кітап оқу адамды парасаттылыққа, адамгершілікке әкеліп,  оның адамдық қасиеттері мен мәдениетін қалыптастыратын құрал. Екіншіден, оқырман белгілі бір кейіпкерге еліктейді, ал кітаптарда көбіне жақсы кейіпкерлер мадақталады. Яғни бұл тәрбиелік жағынан да керек. Үшіншіден кітап оқу төзімділікке үйретеді. Енді кітапты оқып отыру керек қой, кейде бір кітапты бітіру үшін бір апталап оқу керек болады.   Қазір сол төзім жетпей тұр.

Бірақ менің ойымша интернетті кінәләуға болмайды. Егер жастар сол интернетті дұрыс деп тапса, мазмұнды кітаптарды сол интернетке салып қою керек. Неге қағаздан оқымайсың деп кінәләу орынсыз.

- Ақындықтан, әкімдіктен бөлек журналист деген мамандығыңыз бар, журналистер одағының мүшесісіз. Журналист ретінде айтыңызшы, бүгінгі журналистикаға көзқарасыңыз қалай?

- Бүгінгі журналистика ізденіс үстінде. Журналистің тұтынушысы халық. Енді ол тұтынушы қандай деңгейде?! Ол тұтынушы ретінде не талап етіп жатыр деген проблема бар ғой. Содан соң бұқаралық ақпарат құралдарының саясаттың құралына айналуы деген мәселе бар. Бұдан бөлек, тағы бір маңызды мәселе бар. Ол  журналистердің белгілі бір тақырыпқа  маманданбауы.   Әрине мамандануға мүмкіндік болу үшін редакцияда кемі 30-40 журналист болуы керек. Бір-екеуі спорт тақырыбында жазу керек. Олар спорттың түрлерін, ережелерін, ондағы танымал спортшылардың бәрін, өміртарихын т.б.  білуі тиіс. Одан кейін, руханият әлемінде жазатын 3-4 журналист: поэзия, ән, айтыс  тақырыбында жазатын. Саясатқа, экономикаға, әлеуметтік тақырыпқа жазатын журналистер болу керек. Бүгінгі журналистердің көбі маманданбаған, оларды біржағынан кінәләй да алмайсың, себебі жаңағы 40 журналисті ұстауға көп қаражат керек, редакциялардың ондай мүмкіндігі жоқ, содан кейін олар бірнеше тақырыпта жаза алатын журналистті ұстайды. Ары кетсе 10 журналист ұстайды. Сөйтіп 10 журналист 40-50 журналистің жұмысын атқарады. Бұл мәселеде көп шешілмеген тұстар бар. Уақыт өте келе шешімін табар деп үміттенемін.

Сондай-ақ, қазіргі журналистер көбіне-көп кабинеттік журналистикамен әуестенетін болып кетті, өйткені қазір ақпарат көзі көп, мысалы жаңағы айтқан интернет. Сайттарға кіріп, солардан бірнәрсе құрастырып жазады ғой. Баяғыда, біз журналист болып жүргенде, мұндай мақала жазсақ «саусақтан сорып алған мақала» деп ұрысатын.   Бір материалды жасау үшін бір бір апта немесе жарты ай жүретін адам жоқ. Сартылдатып беріп жатыр ақпаратты. Осы арқылы журналистиканың сапасын түсіріп жібердік.

- Баспа БАҚ-тың болашағына сенесіз ба? Олар жойылмай ма?      

- Анық 100 пайыз сенемін, баспа БАҚ жойылмайды. Мысалы біз электроника жөнінен, Жапониядан немесе АҚШ-тан алда емес шығармыз.  Ол елдерде баспа БАҚ жойылып кеткен жоқ, оларға деген сұраныс әлі де бар. Адамдар оларды қашан шығады деп күтіп отыр, себебі тәжірибелі қоғам бәрін ажыратты. Қай ақпарат көзінің өсекші деңгейінде айтатынын, қай ақпарат көзінің толыққанды негізделген сараптамалық қорытындысы бар материал беретінін.

- Журналистің миссиясы қандай? Мен бірнеше нұсқаны шолып өтейін, қосарыңыз болса айтарсыз. Біріншісі, жай ғана ақпаратты таза күйінде объективті түрде беру. Мен өзім бұған күмәнмен қараймын. Екіншісі, болған оқиғаны халыққа түсіндіру. Үшінші, халықты дұрыс жолға бағыттау.

- Журналистің миссиясы, біріншісі, жоғары деңгейдегі маман болу. Маманданбайынша журналистен ешнәрсе күтуге болмайды. Екіншіден, халықты ақпаратты жоғары деңгейде тереңділікпен жеткізу. Үшіншісі, мемлекеттің мүддесін алға қою. Бұл жерде мемлекетті сынамау деп тұрғаным жоқ, қайтсем осы мемлекетіміз дамиды деген көзқарасты ұстануды айтамын.

- Еркіндік пен цензураның шекарасы қандай болу керек?

- Еркіндікті біз қалай пайдаланымыз жатырмыз? Цензураны не үшін қолданамыз? Осы сұрақтарға жауап берсек, бәрі орнына түседі. Еркіндікті мемлекетке, ұлтқа, қоғамға, жалпы әлемдік өркениетке қызмет жасау үшін, адамзат құндылықтары үшін пайдаланып жатыр ма, әлде сол құндылықтардың айдынына тас лақтыруға пайдаланып жатыр ма? Екіншісі, цензураны не үшін қолданып жатыр, белгілі бір әкімді немесе министрді сынағанын үшін өткізбей жатыр ма, әлде сенің айтып тұрғанын қоғамды бүлдіруі мүмкін деп өткізбей жатыр ма? Қоғамды бұзатын материалдарға қойылатын цензураны мен 100 пайыз қолдаймын. Жалпы журналистикада цензура жақсы мағынада қолданылуы керек.

- Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге көп рахмет.

Дархан Өмірбек

Астана-Сәтбаев-Астана

 

Ұқсас материалдар