Ақпараттық қоғам және интернет

28.11.2016 44441
Ақпараттық қоғам және интернет

Бұқаралық коммуникация құралдары ғасырлар иірімінде қарыштап дамыды. ХV ғасырда − кітап, ХVІ − газет, ХVІІ ғасырда журнал жарыққа шықты. ХХ ғасырда радио мен телевизияның жасалуы ақпарат саласында орасан зор толқыныс тудырса, ал, ХХІ ғасырда аталмыш коммуникация құралдарын бір арнаға тоғыстырған интернет пайда болды.

Бұл жайт БАҚ-ның дамуына катализаторлық ықпал етіп, өнім­ділігін, пәрменділігін арттырды, жаңа медиаға жол ашты. Көне түркі жазулардан бастау алып, заман көшінен қалмай, өскелең дәуірге өзінше үн қосып келе жатқан қазақ журналистикасы да бұл жаңалыққа тосырқай қарамады. Қазақ интернет-журналистикасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, нақтырақ айтқанда, 1995 жылы қалыптасты. Сөйтіп ондаған жылдың ішінде отандық интернет же­лісі -Қазnet-тің үлкен бір саласына, бір сегментіне айналды. Қазnet-тің жандануы нәтижесінде жаңа медиа арналары дамыды: көптеген БАҚ дәстүрлі түрден заманауи мәтіндер мен құрылымдарға ауысты, қазақтілді контенттер мен ау­диовизуалды ақпарат көлемі артты, таралу ауқымы кеңейіп, қолжетімді бола түсті.Осының қарыштап дамуы  нәтижесінде және оның базасында интернеттің пайда болуына қарай журналистиканың өзіне тән жаңа формасы дүниеге келді. Ол – интернет журналистика. Академик Ғ.Есімнің: «...біздің өмір сүріп жатқан қоғамымыздың мазмұнын анықтайтын фактор - ақпарат. Оны біз ақпараттық қоғам деп жүрміз. Бүкіл әлем бір сәтте үйіңізге сыйып кетеді. Интернет, электрондық пошта жүйесі,  жетілген коммуникация әлемді тұтастырып барады. Бұрынғыдай әр елдің «сырын» сақтауы мүмкін емес. Ел ішіндегі оқиға күні ертең әлем тілдеріндегі басылым беттерінде жария етілмек. Мұның бәрі қазақстандықтардың ой-өрісіне, сезім-санасына, мінезіне, тұрмысына сапалы өзгерістер енгізуде» – деген пікірі интернеттің зор мүмкіндігін паш етеді. 

Орыс ғалымы,  журналист В.В. Ворошилов: «Жиырмасыншы ғасырдың аяғында бұқаралық ақпарат құралы ретінде глобальды жүйе «Интернет» ортамызға сіңісті» – деп интернеттегі ақпаратты журналистиканың түрі ретінде қабылдаса, И. Давыдов: «Интернет – ақпарат таратушы жаңа құрал», Я.Засурский интернетті «Масс-медиа второй республики» кітабында «Интернет – біртұтас жүйелі коммуникациялар каналы» ретінде деп мойындайды. Интернет – журналистика, дәстүрлі журналистика ағымына көп өзгеріс алып келді. Ол қойнауы шексіз, алмағайып көлемдегі ақпараттарымен ерекшеленеді. Заманауи ақпараттық технологиялардың даму нәтижесінде дәстүрлі масс- медианың  электрондық нұсқалары  бәскелестікке түсетін жағдайға жетті.

Қазіргі таңда қоғамның БАҚ-на қояр талабы зор. БАҚ өкілдерінің рухани адамгершілігі жоғары, азаматтық жауапкершілігі мол, белсенді, жасампаз, жан-жақты білімді, кәсіби құзыретті, өз ісінің маманы болуы шарт.  

Жаңа мыңжылдықтағы ақпараттық технологиялардың қарыштап дамуы нәтижесінде, ғаламтор әлемдік сипатқа ие болып, таралымы мен тағылымы зор құбылысқа айналды; заманымыздың бүкіл болмысын айқындайтын ортақ құндылық болып қалыптасты. Сөйтіп, ғаламтор қоғамдық өмірдің барлық саласына дендеп енді: саясат пен экономика, әлеумет, мәдениет пен өнер, тіпті, жұмырбасты пенденің күнделікті тұрмыс-тіршілігі де желімен тығыз бай­ланысып, біте қайнасып кеткендей. Әсіресе, бұқа­ра­лық ақпарат құралдарының дамуына ғаламат әсер етіп, соны сатыға кө­тер­­ді. Ғаламтор ақпарат ағымының тие­­гін ағытты, әлемдік ақпараттық ке­ңістікті қалыптастырып, шеңберін кеңейтті, журналистиканың тың саласы – жаңа медианы жасады. Бұл үдеріс Қазақстанның ақпараттық кеңістігін де айналып өтпеді. Әлі өзіндік бет-бейнесі дұрыс қалыптаспай тұрып, отандық БАҚ интернет-журналистика, яғни, жаңа медианың оң және теріс әсері­нен соңғы жылдары орасан зор өзгеріске ұшы­рауда. Алайда, әлемдік жаңалықты жақсы-жаманын сұрыптамастан сіңіріп алғанымыз жарамас-ты. Сондықтан, жаңа медианың отандық БАҚ, ақпа­раттық кеңістікке ықпалын сараптап алу керек.

Әлемді ақпарат билеген заманда дәстүрлі медиа­ның болашағы алаңдатпай қоймайды. Өйткені бүгінде қандай жаңалықты болмасын, оқырманға һәм көрерменге әп-сәтте жеткізуші электронды БАҚ-дың дәурені жүріп тұр. Әсіресе, интернеттің алдағы 20-30 жылда газет-журнал атаулыны ақпарат­ кеңістігінен ығыстырып тастауы мүмкін. Отандық БАҚ-тың дәстүрлі форматтан мультимедиалық форматқа көшу жолындағы жанталасы осыған саятын­дай. Сонымен қатар, 2006-2009 жылдарға есептелген Қазақстан Республикасының ақпарат нарығының бәсекеге қабілеттілігін дамыту жөніндегі тұжырымдамада отандық БАҚ-тардың бәсекеге қабілеттілігін дамытудың бірден-бір тетігі желідегі БАҚ сапасын арттыру деп көрсетілген. Сондықтан, отандық интернет–БАҚ-тың санымен қатар сапасын арттыру кезек күттірмейтін мәселе.

Ақпараттық қоғам және интернет

Адамзат өркениетінің даму сатысында бірнеше ақпараттық серпілістер болды. Олардың алғашқысы – жазу арқылы ақпараттың ұрпақтан-ұрпаққа жетуі. Екіншісі – баспалардың пайда болуы. Үшінші серпіліс – электрдің пайда болу нәтижесінде қалыптасқан телефон, теледидар, радио секілді т.б. ақпарат тарату құралдарының дамуымен ерекшеленеді.

Ал ХХ ғасырдың соңынан басталатын төртінші серпіліс – компьютерлік технологияның желілік технологиямен бірігуі нәтижесінде қалыптасып, ақпараттық – коммуникациялық технологиясы атанған жаңа ақпараттық серпіліс. Бүгінде осы ақпараттық  серпіліс дәуірді таңқаларлық өзгерістерге бастар басты күшке айналып келеді.

«Ақпараттық қоғам» туралы ұғымды өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында жапон ғалымдары ұсынған еді. Қазірде бұл озық идея адамзат өркениетінің, ғылым мен білімнің өрлеуіне, мемлекеттің қоғамдық – саяси құрылымының жетілуі мен оның тұрақты дамуына әсер ете отырып көптеген елдердің назарына ілікті. Идеяның негізгі тұғыры – желілік – ақпараттар технологиясы болып табылады. Және бүкіл әлемде ерекше қарқынмен дамып келеді. Себебі қазіргі таңда қоғам тұрмысындағы қажетті барша ресурстарды басқаруды ұйымдастыру мен азаматтардың рухани, мәдени қажеттіліктерін қамтамасыз етуде құрлықаралық жүйе құрушы құрал болып отыр. Ал бұл үрдісті әлем әлеуметтанушылары адамзат  қоғамы өзінің даму жолында «ақпараттық қоғам» деп аталатын жаңа сатыға қадам басуы деп бағалауда.

Бүгінде АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Франция, Германия, Дания, Финляндия, Оңтүстік Корея, Сингапур, Малайзия, Марокко, Маврикия, Эстония секілді т.б. көптеген елдер ақпараттық қоғамның негізін қалаудың көш басында келеді. «Мәселен, АҚШ  1993 жылы ұлттық – ақпараттық инфрақұрылым қалыптастырудың жоспарын қабылдады, 1994 жылы шілдеде  Еуропалық одақ комиссиясы «Ақпараттық қоғамға – Еуропалық жол» атты жоспарын бекітті, 1995 жылы Финляндия «Ақпараттық қоғамға – финдік жол» деп аталатын өз бағдарламасын әзірлесе,1996 жылы ГФР «Ақпараттық қоғамға – германдық жол» атты бағдарламасын қабылдады. Осылайша өткен ғасырдың 90 жылдары шенінде мұндай бағдарламалар барлық дамыған елдер мен дамушы елдерде қабылданды. Бұл бастамаларды мұнан ары кең ауқымда жалғастыру мақсатында «Үлкен сегіздік» елдері 2000 жылы әлемдік ақпараттық қоғам орнатудың «Окинава хартиясын» бекітті.»

Бағдарламалардың басты мақсаты интернет арқылы компьютермен халыққа білім беруді күшейту, мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін арттыру, электрондық құжатпен дүниежүзі елдерімен ақпарат алмасуды қалыптастыру. Сондай-ақ, мемлекеттік басқару органдарының құжаттары мен кітапханалардың, оқу орындарының және басқа да санаткерлік орталықтардың түрлі ақпараттық ресурстарына қол жеткізу. Бұл идеялар жыл өткен сайын маңызы арта түсуде. Соның нәтижесінде әрбір мемлекетте электрондық э – үкімет  (e – government) пайда болып жатыр. Біздің елде де бұл бағдарлама жүзеге асырылуда. Ол жөнінде тереңірек тоқталамыз. Ақпараттық қоғамда электронды үкімет пайда болғаннан кейін, әрине басқа салалар да тыс қалмауда. Яғни кәсіпкерлікті дамытып экономиканы арттыруға негізделген э – бизнес (e – business), азаматтардың тұрмыстық тіршіліктеріне қатысты э – азамат (е – citizen) іспетті т.б.   нысандары жан –жақты дамуда.

«Бүгінгі күні «ақпараттық қоғам» құру мәселесін әлемнің көптеген елдері мемлекеттік биліктің жүйе түзуші құрал деп,  оған сәйкесінше арнайы жұмыстар  жүргізіп келеді. Ал жетістіктерді тек  дамыған елдер ғана емес, дамушы елдер де сезіне бастады. Мәселен, Еуропаның дамыған елдерін былай қоя тұрып, әлемнің үшінші елдері санатындағы Солтүстік Африканың Марокко елінде ақпараттық технологиялар алғашында білікті мамандардың Еуропаға қоныс аударуын тоқтатып, ел экономикасын ырықтандырудың тетігі ретінде қарастырылған болатын. БҰҰ-ның тәуелсіз  сарапшыларының келтірген деректері бойынша 1996 жылы бұл елде 20 интернет-провайдер, 50-ге  жуық интернет – кафе,10 мыңдай интернет тұтынушылары, 50 –ге тарта ақпараттық web - сайттар, 1,4 млн. тіркелген телефон желілері болды. Интернетке енудің орташа құны ол уақытта айына 50 АҚШ долларын құрайтын. Мемлекеттің жоғарғы дәрежелі саяси басшылығының қолдауымен 1998 жылы наурызда елді ақпараттық технологиялар негізінде дамытудың ұлттық  жоспары бекітілді. Оның басты мақсаттары барлық сатыдағы билік құрылымдары қызметінің барынша ашық болуын қамтамасыз етуге, жаңа технологиялар негізінде мемлекеттік секторды басқарудың жаңа тәсілдері мен тетіктерін енгізуге бағытталған Үкімет бағдарламасын жүзеге асыруда ауыл – қыстақтарда оқшауланған халықтың тұрмысын көтеру үшін жаңа технологиялар арқылы оларға нақты көмек көрсететін шараларды жүзеге асыруды белгіледі. Үкімет осы стратегиялық бағыттарды табанды жүзеге асырудың нәтижесінде 2000 жылдың ортасына қарай  28 млн. халқы бар Мароккода 300 интернет-провайдер, 500 интернет-кафе, 6  млн. тіркелген және 700 мың  ұялы телефондар жұмыс істеді. Бұл кезең ішінде елдегі ақпараттық ресурстар қоғам өмірінің сан алуан салаларынан түрліше мағлұмат беретін  мыңдаған web-сайттармен толықты. Сонымен қатар, ең бір маңызды мәселе  интернетті пайдаланудың айлық құны елде  10 есеге (айына 6 долларға жуық) төмендеді. Осының нәтижесінде ақпараттық технологиялар мемлекеттің ашық саясатын жүргізудің негізгі құралына айналып, халық пен мемлекеттік билік арасындағы толық түсіністікпен кең ауқымда нығая бастады. Жалпы, ақпараттық қоғам құру тәжірибесінде жоғарыда аталған мемлекеттер тәжірибесіне ұқсас мысалдарды Африканың, Оңтүстік Америка мен Оңтүстік – Шығыс Азияның көптеген дамушы  елдерінен кездестіруге болады.» 

Аталмыш салада бұрынғы КСРО республикаларының тәжірибесі де өзіндік зерделейтін мәселе. Басқа елдермен салыстырғанда Эстония, Литва, Латвия ақпараттық технологияларды кешенді дамытуға көп көңіл бөлуде.

Барлық деңгейдегі басқару органдары интернетте өздерінің ақпараттық сайттарын ашып, өз салалары бойынша халықты ұдайы хабардар етіп отырады. Ел ішінде «электрондық сауатсыздықты» жою жөнінде үлкен жұмыстар жүргізілуде.

Ал, Ресей Федерациясында ақпараттық технологиялар аса үлкен қарқынмен дамуда. Елде ақпараттандыру саясаты жүргізіліп, барлық салалар компьютерлендірілуде. 1999 жылдан бастап интернетте Ресей билік органдарының ақпараттық порталында барлық мемлекеттік басқару органдары өздерінің ресми ақпараттық сайттарын ашты. Басшылық барлық министрліктер мен ведомстволар атқарылған жұмыстар жөнінде халықты күн сайын интернет арқылы хабардар етіп отыруды талап етуде.

Ақпараттық қоғам құру аясында ауқымды шаралар қолға алынып жатыр. Мәселен, «Ресей Федерациясының ақпараттық қауіпсіздік доктринасы», «Ақпараттық  технологиялардың ақ кітабы» деп аталатын тұжырымдамалық құжаттар,  сондай-ақ 2001 жылдың шілде айында Ресей Федерациясының Үкіметі бекіткен 2002-2010 жылдарға арналған «Электронды Ресей» федералдық бағдарламасын айтар едік. Аталған құжаттар Ресейдің әлемдік ақпараттық кеңістікке еркін енуін қамтамасыз етуге байланысты мәселелерді кешенді түрде шешуге бағытталған.

Украина ақпараттандыру мен ақпараттар технологиясы жөнінде арнайы Ұлттық агенттік құрып, күллі мемлекеттік саясатты жүзеге асыруды осы органға тапсырды.

Мұндай жұмыстар ТМД-ның Орта Азия мен Кавказдағы басқа республикаларында да жүргізіліп келеді. 

Қазақстанда ақпараттандыру процесі 90 жылдардан басталған. Бұл уақыт аралығында республикамызда компьютерлік техника саны артып, біршама мемлекеттік органдарда, қоғамдық ұйымдарда, кәсіпорындар мен ғылым, білім мекемелерінде жұмыс процесі автоматтандырыла бастады. 1996 жылдан бастап елімізде интeрнет жүйесі жұмыс жасап, оны тұтынушылар саны Actis System Asia компаниясының деректері бойынша 2000 жылдың күзінде 360 мыңға жеткен. Интернет провайдерлері жалпы республика бойынша 60-тан астамға өсіп, ақпараттық сайттар саны 2500-ден астамға таяған және олардың тақырыптық аясы мемлекеттік басқару органдарының, отандық кәсіпорындардың, қоғамдық ұйымдар мен оқу орындарының ақпараттарымен толығуда. Ол кезеңде әлі Қазақстанға әлемдік ақпараттық кеңістікке ену процесі басқа дамушы елдермен салыстырып қарағанда көп кешеуілдеді.

Қазіргі таңда еліміздегі ақпараттық қоғам құру мәселесі, дамыған елдердің тәжірибесінен еш кем емес. Елімізде ақпараттық  технологиясына негізделген біртұтас ақпараттық инфрақұрылым қалыптастырылды. Жоғарыда аталған елдерде қолданылып жатқан тұжырымды құжаттар біздің елде де қабылданды. Мәселен, 1997 жылы «Қазақстан Республикасында біртұтас ақпараттық-кеңістік қалыптастыру туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Тиісті құрылымдарға бағдарламалар әзірлеп, заң жобаларын дайындау тапсырылды. Үкімет Президенттің тапсырмаларын орындау үшін арнайы қаулы қабылдады. Аталған құжатта мәселенің мән-жайына сәйкес тұжырымдар терең сараланып жазылғанымен, онда белгіленген шаралар үш жыл бойы жүзеге асырусыз жатты. Үш жылдан кейін 2001 жылы наурызда «Қазақстан Республикасының ұлттық ақпараттық инфрақұрылымын қалыптастыру мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы туралы» Елбасының жаңа Жарлығы шықты. Бұл құжатта межеленген міндеттерді шешу мақсатында Үкімет «Қазақстан Республикасының ұлттық ақпараттық инфрақұрылымын қалыптастыру мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың 2001-2003 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекіту туралы» қаулы қабылдады. 2004 жылдың 8-маусымында электронды үкімет концепциясы қабылданып, сол жылы Президент Жарлығымен «Қазақстан Республикасында «электрондық үкімет» қалыптастырудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы», «Қазақстан Республикасында ақпараттық теңсіздікті төмендетудің 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасы» енгізілді. Ал қазіргі кезде Қазақстанның ақпараттандыру және байланыс жөніндегі мемлекеттік агенттігі (АБА) республикада интернет-технологияларды дамыту тұжырымдамасын ұсынған болатын. Бағдарлама миссиясы – инфрақұрылымды дамыту үшін анағұрлым оңтайлы және қолайлы жағдай, сондай-ақ байланыс қызметін көрсету мен электрондық қызметті көрсетудің бәсекелі нарығын жасау болса, қызмет саласының пайымдауы – ғаламдық ақпараттық қоғамдастыққа интеграцияланған және мемлекеттік басқару сапасы мен Қазақстан Республикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететін дамыған әрі қолжетімді ақпараттық, телекоммуникациялық және почта-жинақтау инфрақұрылымы.

«Біз интернет-технологияларды дамыту тұжырымдамасын әзірледік және қазіргі уақытта мемлекеттік органдармен келісудеміз, онда атап  айтқанда, интернетті реттеу саласындағы мемлекеттің ұстанымы, негізгі ережелері мазмұндалатын болады. Тұжырымдама біз үшін мемлекет өзін интернетте қалай ұстауы, оны қалай дамытуы, оны қалай реттеуі тиіс екенін дұрыс түсінуіміз үшін қажет», - деді ведомство басшысы Қуанышбек Есекеев[8].  2010-2014 жылдарға ұсынылған ақпараттандыру бағдарламасында мына жайттар көрсетілген.

Ақпараттық қоғамның айрықша белгілері:

  • қоғам өміріндегі ақпарат пен білімнің ролін өсіру;
  • жалпы ішкі өнімде ақпараттық коммуникациялар, өнімдер мен қызметтер бөлігін өсіру;

мыналарды қамтамасыз ететін ғаламдық ақпараттық кеңістік:

  •  адамдардың тиімді ақпараттық өзара іс-қимылы;
  •  әлемдік ақпараттық ресурстарға олардың қол жеткізуі;
  •  ақпараттық өнімдер мен қызметтерде олардың  тұтынушылығын қанағаттандыру болып табылады.

Бұл қызмет негізгі үш стратегиялық бағытта жүзеге асты. Олар:

· Халыққа және ұйымдарға мемлекеттік электронды қызметтер көрсету.

· Халықты және ұйымдарды қол жетімді және сапалы байланыс қызметтерімен қамтамасыз ету.

· Азаматтар мен ұйымдарды, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды күнделікті тұрмыста кеңінен пайдалануға көшіру.

Электронды БАҚ-тың халық өмірінде орын алуға септігін тигізген – үшінші стратегиялық бағыт. Мемлекеттік қызметтерге қолжетімділік нүктелерден халықтың негізгі бөлігінің қашықтығы олардың қысқа мерзімде алу мүмкіндігінің болмауы мен республикада ақпараттық инфрақұрылымдарды құру үшін білікті мамандардың жетіспеушілігі негізгі проблема болып көрсетілді. Оларды болдырмау үшін келесі шаралар жүргізілді:

1)желілік ақпараттық ресурстарды қалыптастыру мен дамытуды, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымдарды ұйымдастыру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 17 сәуірдегі № 358 қаулысымен Интернет желісі қазақстандық сегментінің (Қазнет) бірыңғай ақпараттық кеңістігін қалыптастыру мен дамытудың 2008 - 2012 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды;

2) халыққа арналған танымдық порталдар мен Қашықтықтан оқыту орталықтары құрылды (ақпараттық технологиялар мен менеджмент саласындағы Қашықтықтан және күндізгі оқытудың оқыту-консалтингтік орталығы);

3)  халықаралық ІТ-Университеті құрылды;

4)  ұлттық іздеу порталы және балалардың әлеуметтік желісі құрылуда;

5)  www.kaztube.kz бейне-порталдар құрылды.

Осы арқылы интернет желісіне жоғары қолжетімділік деңгейін қамтамасыз ету, азаматтар және ұйымдар күнделікті тұрмыста ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану үшін қазақстандық интернет желісі сегментін мемлекеттік қолдаудың шаралар жүйесін құруға қол жеткізді. Ал, бұның бәрі электронды БАҚ-ты жиірек қолдануға жол ашты [9].

Яғни, қарап отырғанымыздай, бағдарламаның негізгі идеясының өзі халықты ақпараттандыру, электронды сауаттылығын арттыру, интернет кеңістігінде ұлттық ақпараттық қоғам қалыптастыру. Аталған мәселелер алдағы уақытта оң шешімін тауып жатары сөзсіз. Себебі қазірде  Интернеттің белсенді тұтынушыларының саны ел тұрғындарының шамалы бөлігін ғана құрап отыр. Азаматтарымыздың басым бөлігі, ауыл тұрғындары. Ал олар, әрине интернеттің, электрондық ақпарат алмасу  құралдарының не екенін түсіне де бермейді. Қалалар мен ауылдарда бұқара қауымның жұмыс жасауына мүмкіндіктер ашатын қоғамдық интернет пайдалану орталықтары жоқтың қасы. Елімізде интернеттің баяу дамуы мен бұл саладағы бәсекелестіктің әлсіздігі провайдерлер қызметінің қымбаттығына себеп болып, халықтың басым бөлігі төлем қабілетінің төмендігінен өзінің рухани сұраныстарын қамтамасыз етуде интернетті пайдаланудан тыс қалып отыр. Интернетке тарифтер планы АҚШ пен Ресейге қарағанда бізде жоғары. Мысалы абоненттік төлемақы «Мегалайн Hit»тарифтік план бойынша айына 4104 теңге. Қосылу – 7182, модемді құру – 2098, оған қоса ADSL-модемінің құнын қосуға болады, ол 6000-нан жоғары. Сондықтан да әлеуметтік жағдайы орташа кез келген мемлекет тұрғыны, оның ішінде студенттің бұған қалтасы келе бермейді. Internetworldstats сайтында мына деректер көрсетілген: Қазақстанда интернет тұтынушылар 2,7% құрайды. Мысалы, Эстония - 51,8%, Латвия - 45,2%, Белоруссия - 35,1%, Ресей - 16,5%, Украина - 11,5%, Әзірбайжан - 8%, Армения - 5,5%, Қырғыстан - 5,2%, Өзбекстан - 3,3%, Түркменстан - 0,5%, Тәжікстан - 0,1%. Соңғы жылдары «Алтел», «IDnet» шығып, интернет қолданушылардың саны біршама артты. Мобильді интернетті қолдану да қолжетімді болды. Әртүрлі пакеттер мен мегабайттар сатып алу арқылы интернетті қолдану әлдеқайда жеңіл. Алайда, бәсекенің төмендігінен әлі де болса интернеттің құны қымбатқа түседі.

Күні бүгінге дейін ақпараттық коммуникациялық технологиясына қатысты субъектілердің іс-шараларын құқықтық реттеуге байланысты елімізде бірде–бір заң жоқ. Әлемдік аренада мемлекетаралық банк төлемдері мен басқа да іскерлік мақсаттарда кеңінен қолданыла бастаған электрондық құжат, электрондық қол қою туралы заңдардың болмауы көп ұзамай-ақ республикамыздың саяси-экономикалық өмірінде орны білінері сөзсіз.

Мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың халықты  интернет арқылы хабардар етіп отыруын қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық талаптар мен міндеттердің болмауы себебінен ақпараттық технологиялардың басқару органдары мен басқа да мемлекеттік мекемелердің жұмысына ену барысы өте баяу. Республика деңгейіндегі орталық басқару органдарының ақпараттық сайттарының сапасы да сын  көтере бермейді, олардың басым көпшілігі мемлекеттік тілде жұмыс істемейді. Ана тілімізде интернет жүйесі арқылы төл әліпбиімізбен ақпарат  алмасу проблемасы да әлі күнге дейін біржақты шешімін таппай келеді. Интернетте халқымыздың сауатын жетілдіріп отыратын қазақ тіліндегі ақпараттық сайттар тіпті жоқтың қасы. Жоғары білікті мамандар даярлау, компьютерлік техника жасау өнеркәсібін жолға қою, ана тіліміздегі компьютерлік бағдарламалар секілді проблемалар да мемлекет тарапынан  арнайы қолдау күтеді.

Бүгінде интернет жүйесі – ақпарат алмасу, әлемдік рынокқа шығу, инвестиция тарту, отандық экономиканың әлеуетін арттыру, кәсіпкерлікті, ғылым мен білімді, мәдениет саласын, азаматтардың белсенділігін арттыруда шешуші рөл атқаруда. Мәселен, қазірде интернет конференциялар өткізу дәстүрге айналып келеді. (бұл әдістер әлем мемлекеттерінде де қолданылуда). Тіпті бұл үрдіс қарым-қатынастың тиімді түрі болуда. Алғашқыда Елбасының қатысуымен электронды үкімет базасында интернет конференциялар өткізіліп отырса, бүгінде олардың қатарына телеарналар, ғылым, білім саласындағы мекемелер, т.б. қосылды. Мәселен, «Қазақстан ұлттық телеарнасында» аптасына бір рет интернет конференция өткізіліп отырады. Мұнда ел өмірінде саяси, әлеуметтік, экономикалық маңызы бар мәселелерді талқылап, осы салаға қатысты арнайы мамандар шақырылады. Кез келген азамат интернет арқылы сұрақ қойып, байланыса алады, айталық, сұрақтар тек интернет желісі арқылы ғана қойылады. Веб-сайттардың өзінде де интернет форумдар өтеді. Қарағандыдағы Жайық Бектұров атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасы интерактивті интернет конференциялар өткізуді дәстүрге айналдырған.

Қазақстан Республикасының Ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттігінің ұсынған бағдарламасы жоғарыда аталған мәселелердің шешімін табуға септігін тигізер. Себебі мұндай көрсеткіштерге жету қоғамның инфрақұрылымын дамытуға және Қазақстанды индустриалдық қоғамнан индустриалдан кейінгі - ақпараттық-қоғамға даярлауға жәрдемдеседі. Сондықтан бұл бастамалар ақпараттық қоғам мен отандық интернеттің дамуын арттыратын өзекті мәселелер болмақ.

Дәстүрлі масс-медианың  электронды форматқа көшу жолдары мен кезеңдері

Халықта «шамаң жетсе, уақыттан оза жүр, жетпесе қатар жүр, бірақ еш уақытта заманнан қалма» - деген сөз бар.  Жаһандасу жүйесіне тереңдеп енген сайын біздің елімізде де ғаламторды пайдаланушылардың саны артып келеді. Түрлі есеп бойынша, Қазақстанның қамтылуы 85-90% аралығында. Қазіргі қарқынмен өсетін болса, алдағы 10 жылдың ішінде жер беті интернетпен толық қамтылмақшы. Ендігі ретте, адамзаттың индустриалдық дәуірден ақпараттық дәуірге өту процесін байқауға болады. Ақпарат пен коммуникация жылдам дамып отырған қоғамда ақпаратты пайдалану және оның өндірісін дамыту маңызды болып саналмақ. Әсіресе, бұл әлем елдерінің басым бөлігінде ақпарат индустриясын дамыту үдерісінен байқалуда.

ICT-Marketing тәуелсіз зерттеу компаниясының жыл сайынғы интернет аудиториясын зерттеу қорытындысы бойынша 2009 жылы Қазақстандағы желі қолданушыларының саны 3,16 млн адамды, яғни, республика тұрғындарының 19,8 %  құрайды.

Халықаралық электробайланыс одағының 2014 жылдың мамыр айында жүргізген есептемелерінің көрсеткіші бойынша, 2014 жылдың соңында әлемдегі интернет қолданушылардың саны 3 млрд. жеткен. Осы жылдың аяғында Африка елдерінің 20% ғана интернет желісіне қосыла алса, Еуропаның 75%-ы үшін ғаламтор қолжетімді. Ал, тәуелсіз зерттеу компаниясының мәліметтеріне сенсек, 2010 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанда интернет қолданушыларының саны 4,3 млн адамды құраған, бұл дегеніңіз ел халқының 26,5 пайыз үлесі. Бұл көрсеткіш 2009 жылмен салыстырғанда елімізде интернет қолданушылар санының 30 пайызға артқанын көрсетеді. 2014 жылдың сәуір айында Алматы қаласында еліміздегі интернеттің дамуына арналған дөңгелек үстелде, сол кезде инвестициялар және даму вице-министрі болған Асқар Жұмағалиев елімізде интернет қолданушыларының санының өскенін мәлімдеді. Осы жылдың соңында Қазақстандағы интернет қолданушылар саны 12 млн.-ға дейін жеткен екен. Вице-министр: «Осыдан  жыл бұрын ғана интернет қолданушылардың саны халықтың 4% -ын да құрамайтын. Ал, қазір қарқынды дамуда. Барлық қалалар мен көптеген аудан орталықтарында жедел 3G ұстаса, облыс орталықтарында, тіпті 4G кедергісіз ұстайды» - деді өз сөзінде. Сонымен қатар, 2015 жыл толығымен ауылдардағы интернет жылдамдығын арттыруға арналатынын мәлімдеген. «Ал қалған мектептер e-learning жүйесіне телекоммуникациялық инфрақұрылымның дамуына, тиісті қаражаттардың бөлінуіне орай қосылады. Бүгінгі күні «Қазақтелеком» компаниясымен бірлесіп, үлкен жобалар жасалып жатыр. Ол бойынша талшықты-оптикалық байланыс желілері ауылға барады. Бұл жобаның бірінші кезеңі 55 миллиард теңгені құрайды. Жоба жүзеге аса бастады, яғни жақсы интернет пен талшықты-оптикалық байланыс желісі ауылда қолжетімді бола түседі», - деді вице-министр. Жобаның бірінші кезеңінде мыңға тарта ауыл осындай байланысқа қол жеткізсе, барлық санаттағы ауылды қамтуға 3 жыл кетпек. «Бізде қазір тек 880 елді мекенде ғана ескі технология қолданылады, ал біз осы жобаның аясында оларды спутниктік технологияларға ауыстырып, сәйкесінше жақсы Интернет ұсынатын боламыз. Жалпы, бізде интернет пайдаланушылар саны 70 пайызға жетті, мектептердің барлығы дерлік интернетке қосылды. Бұндай дәрежеге жете алмаған елдер де бар. Сондықтан да, біз телекоммуникациялық дайындық деңгейі бойынша әлемде 38 орында тұрмыз», - деді А. Жұмағалиев.  

Қазіргі таңда журналистиканың жекешеленуі кең етек жайып отыр. Әрбір тұлға еш шектеусіз, бақылаусыз ақпараттың шығарушысы мен таратушысы бола алады. Алайда, отандық интернет басылымдарымыз заңмен реттеліп отырады. Ғаламтордағы саясатты реттеп отырған бірден-бір құзырлы мекеме – Ақпараттандыру және байланыс агенттігі. 

Мәжіліс депутаттары мақұлдаған “Ақпараттық-коммуникациялық желілер” туралы Заң жобасы  қазақ блогшыларының наразылығын тудырды. Блогшылар заң жобасының Қазнеттің болашағына тигізер әсер-ықпалын сараптауға тырысты. Дегенмен, қазақ блогшыларының пікірі бір жерден шыға қоймады. Кейбіреулері бұл заң жобасына ашық қарсылығын білдірсе, енді біреулері шетелдік тәжірибеге сүйеніп, «бұған таңданудың қажеті жоқ» деген пікірлерін білдірді. 

Аталмыш заң жобасын жасауға атсалысқан  жұмысшы тобы мен журналистер қауымы бас қосқан жиында ЕҚЫҰ-ның өкілі де пікірін білдірген болатын. Сөз бостандығы мәселесі бойынша бюро эксперті Андрей Рихтердің айтуы бойынша, бұл заң жобасы интернетте ойды еркін білдіру мүмкіндігін шектейді және ең бастысы ЕҚЫҰ принципіне қайшы келеді екен.

Сарапшылардың пікірінше, интернет кеңістігін реттеу туралы заңға өзгерістердің еңгізілуі кезекті проблемалардың бірі болып табылады. Бұл отандық Қазнет секторындағы тұтынушылардың Рунет зонасына миграциялану процесін арттыра отырып, жалпы саяси коммуникативтік процестердің, виртуалдық саяси ақпарат кеңістігінің, интернет бизнестің, интернет-жарнаманың дамуына кедергі келтіреді деп санайды. Бұқаралық медиа және интернет секторындағы аталмыш проблемалар отандық ақпараттық ағындардың әлсіреуіне әкелмек. Бұл, өз кезегінде, қазақстандық азаматтардың ұлттық Қазнет аймағынан ресейлік, шетелдік Интернет секторына ауқымды түрде ауысуына ықпал етуде.

Заңға сәйкес барлық интернет-ресурстар БАҚ болып саналғанымен, Қазнет есептегіші тек атқаратын функциясына байланысты үндес порталдарды сол қатарға жатқызады. Мәселен, Resurs.kz каталогында көрсетілген 201 электронды БАҚ сайтының тек 123-інде ғана Countzero есептегіші қондырылған. Бір қызығы, бұл сайттарда алдыңғы жылы 155 электронды БАҚ беттері тіркелген болатын. 

Қазақстандық интернеттің «туған күні» қашан деген сұрақтың екі жауабы бар. Біріншісі – 1991 жылдың көкек айы. Сол жылы «Парасат» фирмасы базасында RELKOM жүйесінің Қазақстандағы алғашқы аймақтық торабы ашылған болатын. Бұл торап UUCP бойынша электрондық пошта қызметін көрсететін. Ал екінші туған күні – Қазнет дүниеге келген 1994 жылдың 19-қыркүйегі. Осы күні алғаш рет KZ домені тіркелген болатын. Сол жылдың аяғында қазақстандық сайттардың саны 15-ке жеткен. Олардың қандай сипатта болғаны туралы мәліметтер, адрестері қазіргі уақытта нақты сақталмаған.

Интернеттің ғаламдық желісіндегі «Интернет-Қазнет»–қазақстандық сегментінің бірыңғай дамыған ақпараттық кеңістігі. Қазнет — Интернет желісінің қазақ және орыс тілдеріндегі қазақстандық бөлігі. Біз ресейлік әлемтордың, яғни Рунеттің бөлігі болып табыламыз. Рунет – бүкіл орыстілді интернет. Қазнет ақпараттық ресурстар желісінің, ақпараттық-телекоммуникациялар жүйесі мен желісінің, ұйым мен азаматтардың ақпаратпен қарым-қатынасын қамтамасыз ететін бірыңғай қағидаттар мен жалпы ережелер негізінде жұмыс істейтін, оларды жүргізу және пайдалану технологияларының, сондай-ақ олардың ақпараттық қажеттілігін қанағаттандыру жиынтығынан тұрады. Осылайша, Қазнет бірыңғай ақпараттық кеңістігі мынадай басты құрамдас бөліктерден тұрады деуге болады. Мәселен:

1) Қазнеттегі ақпаратты, деректерді, мәліметтерді және білім беруді құрайтын ақпараттық желілік ресурстар;

2) Бірыңғай ақпараттық кеңістіктің (ақпаратты жинау, өңдеу, сақтау, тарату, іздеу және беру бөлігінде) жұмыс істеуі мен дамытуды қамтамасыз ететін ұйымдық құрылымдардан тұратын және тиісті технологиялар мен бағдарламалық-техникалық құралдарды пайдаланумен, олардың ақпараттық ресурстарға қол жеткізуін қамтамасыз ететін азаматтар мен ұйымдардың өзара ақпараттық іс-қимылының құралдарынан тұратын ақпараттық инфрақұрылым.    

Желілік ақпарат ресурстар - веб-сайттары Қазнеттің негізгі бөлігі болып табылады. Қазнеттің ресми тарихы 1994 жылғы 19 қыркүйектен басталады.  Ал 1995 жылы маусым айында бірінші қазақстандық веб-сайттардың - Kazakh Internet Yellow & White Pages (қазір жұмыс істемейтін) каталогы шықты. 1997 жылы желтоқсан айында қазіргі уақытта ең танымал қазақстандық веб-ресурстар рубрикаторы каталогының - "Весь WWW Казахстан" (Catalog.Site.KZ) жобасы жарық көрді. Қазнет тарихын дамытудың және сақтаудың жалғыз ақпараттық ағартушы портал Lyakhov.kz – Қазнеттің үлкен энциклопедиясы – Александр Ляховтың жеке жобасы болып отыр. Александр Егорович Ляхов — «Интернеттегі пиар-бұл шекарасы жоқ соғыс» деген пікір айтқан Қазақстанның танымал спорт журналисті, жеке блогының уеб баспагері. «Қазақстандағы интернет бірлестігінің» вице-президенті.

«Қазнет» термині мына негізгі ұғымдардан тұрады:

- kz аумағының доменді зонасының Интернет ресурстары;

- Қазақстандық провайдерлер көлемінде орналасқан басқа да аймақтық аумақ ресурстары;

- Қазақстандық тыңдаушыларға бағытталған шетелдік ресурстар;

- Қазақстандық ұйымдардың шетелдік өкілдер ресурстары;

Қазнет тарихына қысқаша тоқталсақ:

1996 жылдың 24 желтоқсанынан бері Александр Е. Ляхов «Lyakhov.KZ — Большая энциклопедия Казнета»  ақпаратты-ағартушы порталының негізін салды.

1997 жылы «қазақстандық Интернеттің биресми әкесі» саналатын Александр Ляхов «Весь WWW Казахстан» қазақстандық веб-ресурстар каталогының жобасын іске қосты.

1998 жылы Интернеттің қазақстандық бөлігінде алғашқы виртуаль дүкені мен Guide Park тауарлар каталогы пайда болды;

1998 жылдың маусымында Интернетте қазақ тілінде алғашқы сайт пайда болды — Физико-технический институт МН-АН РК

1998 жылдың қыркүйек айынан бері Қазақстанда Интернет арқылы тұрақты радиохабар жүзеге асырылады — Алматы қалалық радиохабар түйінін Алматытелеком  МОТ сервері арқылы RealAudio технологиясын қолдана отырып хабар тарату.

1998 жылдың қазан айынан бастап, тұңғыш рет Казнетте университет ресурстарына - «ҚазМУ электронды каталогы» (авторы Мамбеталиев Қ.) қол жеткізуге мүмкіндік беретін онлайн жүйесі іске қосылды. Аталған жүйе қазір lib.kazsu.kz сайтында қолданылады.

1999 жылы IANA халықаралық ұйымы «Желілік информацияның қазақ орталығын» жоғары деңгейлі .kz доменді атауын қолдау ісі бойынша менеджері ретінде тағайындалды. 

С. Дуванов өзінің «Веб-журналистика:опасные тенденции» атты мақаласында: «Қазақстандағы интернет-журналистиканың қалыптасуына басты себеп болған 1996 жылғы негативті саяси процестер» – деп атап көрсетеді. БАҚ-ты жаппай монополиялау науқаны қызған кезде «Караван», «Новое Поколение» газеттерінің, «РИК» радиосының, «КТК» телеарнасының басшылығы мәжбүрлі түрде ауыстырылған болатын. Ал, осы процестердің нәтижесінде науқаннан аластатылғандар өздерінің саяси (саясаткерлер үшін) және шығармашылық (журналистер үшін) мүдделерін дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарында жария ете алмайтындықтан, ол мүмкіндіктерін виртуалды кеңістікте іске асыруға кірісті. Дәл осы кезең интернетте үкімет басында отырғандарды өткір сынға алған оппозициялық сайттардың пайда болуымен сипатталады.

Алғашқы кезде интернетті пайдаланушылардың саны шамалы ғана болғандықтан сыналған шенеуніктер бұл үрдіске аса көп мән – маңыз бере қойған жоқ еді. Аз уақыттан соң жүйедегі жағымсыз ақпарат қағазға шығарылып, ел арасында таратыла бастады. Сөйтіп, интернеттің аудиториясы кеңейді.

Қазақстандық интернет – журналистиканың дамуын сипаттай келе, С. Дуванов сол оппозициялық сайттарға сипаттама берген.

Атышулы www.eurazia.org сайтының материалдары «тым батыл» болғандықтан, арнайы орындардың күшімен оның айналық нұсқасы жасалып, ондағы ең «провокациялаушы» деген материалдары алып тасталады. Сөйтіп, сенсацияға құмар оқырмандар аудиториясының шын «Евразияға» барар жолы бөгеліп, аз уақыттан соң мүлдем жабылады.

Сайттың танымалдығын жою үшін аталған арнайы орындар баламалық сайттарды ойлап табады. Сондай беттің бірі – www.turan.kz болатын. Сайттың ерекшілігі – үкіметке де, оппозияцияға да жатпайтын «үшінші жақтың» өкілі ретінде көріну болатын. Мұндай нәтижеге сайтта оппозиционерлердің мақалаларын үкіметті жақтаушылармен бірдей қатынаста жариялап отыру арқылы қол жеткізіледі.

Тұран.кz-ті оқырмандар тәуелсіз басылым деп қабылдады. Алайда онда әрбір материалдан соң жазылатын комментарийлердің мазмұны ондай ойдан аластайтын еді. Интернет-басылым қаншалықты тәуелсіз көрінгісі келіп тырысқанымен,

Ұқсас материалдар