7 мамыр – Отан қорғаушылар күні

19.05.2016 22127
Қазақ әскері құрылған күн

Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күні – бұл еліміздің қорғаныс қабілетінің кемелденгенін білдіретін мереке. 1991 жылы 25 қазанда Қазақстан Президентінің Жарлығымен Қазақ КСР-ң мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылды. Кейін республиканың қорғаныс мәселелерін толық түрде жеке шешуіне байланысты қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды.

1992 жылдың 7 мамырында тәуелсіз елдің заңдық құқықтарының негіздеріне және тәуелсіз мемлекеттер достығына қатысушы мемлекеттер арасындағы қол жеткен келісімдерге байланысты ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығы шықты. Бұл Жарлық бойынша, Қазақстан аумағына орналасқан Қарулы күштер өздерінің мүліктерімен қоса, республиканың қарауына өтті. Жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде Қарулы күштерді басқаруды Президент өз мойнына алды. Елбасынан басқа қорғаныс ісімен тікелей шұғылданатын алғашқы Қорғаныс министрі болып генерал-полковник С.Нұрмағанбетов тағайындалды. Бұл күн Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылған күні болғандықтан «7 мамыр – Отан қорғаушылар күні» деп жарияланды. Осы жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен үш жүйелі штаб - жаяу әскерлер, әуе қорғанысы күштері мен әскери-теңіз күштерінің бас штабтары бекітілді. Аэроұтқыр күштерге Жоғарғы Бас қолбасшының резерві құзыры берілді. 2001 жылдан Қазақстан 4 әскери – Орталық, Оңтүстік, Батыс және Шығыс өңірліктерге бөлінді.

Бүгінде Қазақстан өз азаматтарының әскери қызмет атқаруының жағдайы мен тәртібін дербес анықтайды, өз аумағында әскерлердің, қару–жарақтың және техниканың орналасу мәселесін шешеді. ҚР Қарулы Күштері түрлі бөлімдерден және әр түрлі құрамалар мен арнайы әскерлерден тұрады. 24 жылдық қалыптасу кезеңінде ұлттық әскер күштері азаматтардың еңсесін тіктеп, еркіндігін кеңейтіп, аянбай еңбек етуде. Әскеріміз жаңарып, оның күш-қуаты жылдан жылға нығаюда. Бұл күн - қайсар мінезді ата-бабамыздың жауынгерлік дәстүрінің заңды жалғасын тапқан күні. 2012 жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі 7 мамыр – Отан қорғаушы күнін Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекесі деп белгілеген болатын. Мерекеге байланысты 2013 жылы Қазақстан тарихында тұңғыш рет жауынгерлік парад өтті. Салтанатты шеруге барлығы 7 мыңнан астам әскери қызметшілер, 400 бірліктен аса әскери техникалар, 86 ұшақ пен тікұшақ тартылды.

Ал, өткен жылы Астанада «Қазақ Елі» монументі алаңында президент – Жоғарғы Бас Қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Отан қорғаушылар күніне және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған әскери шеру өтті. Бұл Қазақстан тарихындағы ең ауқымды парад болды. Оған 5000-нан астам әскери қатысты. Қорғаныс министрлігінің мәліметіне сүйенсек,  парадқа 5 000-ға жуық әскери қызметші, 200 дана шамасында қару жарақ пен әскери техника, әскери авиацияның 70 ұшағы мен тікұшағы тартылған. Сонымен қатар, ҚР Қарулы күштерінің техникасынан тыс, Ұлы Отан соғысы уақытындағы армия мен қару-жарақ түрлері де көрсетілді.


Әзірлеген Тұмар АСЫЛ

(Материалға пайдаланылған деректер Sarbaz.kz алынды)

 

Ұқсас материалдар