25.el.kz сервисi арқылы 103 мыңнан астам пайдаланушы аватарын көркемдеді

11.03.2016 2343
Аватарды безендіру

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай 25.el.kz сервисi арқылы 103 мыңнан астам әлеуметтік желіні пайдаланушылар өз аватарларын ұлттық символикамен безендірді.  Бұл туралы бүгін  ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен  «25 жыл: БірЕл. БірТағдыр» патриоттық интернет-акциясы жөніндегі баспасөз-конференциясында айтылды.

18 ақпанда аталмыш патриоттық акцияны қолдау мақсатында ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында флешмоб ұйымдастырылып, бір сәтте 10 мыңнан астам адам әлеуметтік желілердегі аватарларын мерекелік символдармен безендірді. Осылайша қазақстандық жастар осы жылы тойланатын ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына белсенді қолдау көрсетті.

Бүгінгі таңда әлеуметтік желілердегі аватарларын ұлттық нақыштағы мерекелік символдармен көркемдеген қазақстандықтардың саны 100 мыңнан асып жығылды, – деді модератор Алуа Құсайынова. – Бастапқыда 16 желтоқсанға дейін аватарларын безендіргендердің саны 250 мыңға жуықтайды деген ойда болдық. Алайда, ақпан айы бітпей жатып-ақ акцияға қолдау білдіргендердің қатары 100 мыңнан асқандықтан, жыл аяғына дейін аватарларын көркемдеушілер 250 мыңға жетуі мүмкін деп болжам жасадық.

Бұл әрине үлкен көрсеткіш, дегенмен біз мақсатымызға жетеміз деген сенімдеміз.

Ұйымдастырушылар бүгінгі таңда көптеген қолданушылар өз қиялынан туған мерекелік символдарды ойлап тауып, сайтқа жібергендігін айтты. Ең үздік деп танылған кейбір безендіру үлгілері 25.el.kz. сайтына қосылған.

Айгүл Шерниязова, «El.kz» сайтының шығарушы редакторы:

Қазіргі таңда 25.el.kz сервисі арқылы 103 мыңнан астам аватар безендірілді. Акциямыздың географиялық ауқымы күн өткен сайын кеңейіп жатыр. Қатарымызға АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Нидерланды, Ресей, Қырғызстан елдеріндегі қандастарымыз да қосылды.

Қазақстан бойынша Астана және Алматы қалалары көш бастап келеді. Оларға безендірілген аватарлардың 38 пайызы тиесілі. Белсенділік бойынша келесі кезекте Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды және Алматы облыстары тұр. Үздік ондық қатарына Атырау, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Маңғыстау облыстары кірді.

Сайтымызда 16 түрлі патриоттық нақыштағы логотип ұсынылған. Кез келген адам солардың арасынан өзіне ұнағанын таңдап, суретін көркемдей алады. Интернет қолданушылары арасында кеңінен танымал логотиптерді біздің кестемізден көре аласыздар.

Ұйымдастырушылар берген мәліметке сенсек, акцияға 18 бен 35 жас арасындағы жастар белсене қатысып отыр. Сондай-ақ, аға буын өкілдері де жаңа трендті жақсы қабылдағаны байқалған. Аватарын безендірген қолданушылардың 17 пайызы – 35 жастан асқан азаматтар.  Ал, 18 бен 24 жас аралығындағы қолданушылардың үлесі  – 55,78 пайыз.   Бір қызығы, әйелдер қауымы ер-азаматтарға қарағанда, суреттерін екі есе көбірек безендірген екен. Мәлімет бойынша, акцияға қатысушылардың 68,09 пайызы – нәзік жандылар, 31,91 пайызы – ер адамдар. Тағы бір айта кетерлігі,  қолданушылардың көбісі суреттерін сайтқа ұялы телефон арқылы кіріп безендірген.

Брифингке «25 жыл: БірЕл. БірТағдыр» акциясына қолдау білдірген тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы қатысты.

Қайырлы күн, достар, – деді Ләйлә Сұлтанқызы. – Жалпы бүгінгі таңда әлеуметтік желілердегі аватарлар арқылы адамның көңіл-күйін аңғаруға болады. Бір байқағаным акция пайда болған күннен бастап осы шараға қолдау білдірген жұлдыздардың қатары артты. Бұл әрбір қолданушының еліне деген сүйіспеншілігін, құрметін көрсетеді деп ойлаймын. Өз басым Тәуелсіздіктің 25 жылдығына қолдау білдіруді парыз деп санадым. Елге, Отанға деген құрмет осындай патриоттық акциялар арқылы көрініс табуы керек. Біз өскелең ұрпаққа өзіміз үлгі көрсетерлік дүниелер жасап, оларға үреткеніміз абзал. Сол себепті, аватарды көркемдеу – тек бастамасы ғана деп қабылдаймын.   

Патриоттық акцияға Қалқаман Сарин, Жанар Байсемізова, Сырым Қашқабаев, Айгүл Қосанова, Жанат Бақыт, Индира Тұрсынбай сынды өнер және медиа саласының өкілдері қолдау білдіріп, аватарларын мерекелік нақышпен безендіріді.

Брифингті ұйымдастырушылар шара соңында барша қазақстандықтарды«25 жыл: БірЕл. БірТағдыр» патриоттық акциясын қолдауға шақырды. Акция 2016 жылдың 16 желтоқсанына дейін жалғасатынын еске сала кетейік. Әлеуметтік желілердегі суретіңізді Қазақстанда тұңғыш рет жасалған бірегей жоба 25.el.kz. әлеуметтік сервисі арқылы безендіре аласыз.


Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

 

 

 

 

Ұқсас материалдар