1 мамыр - Қазақстан халықтарының бірлігі күні (фото)

04.05.2015 25724
Қазақстан халықтарының бірлігі күні республиканың әр аймағында ерекше сән-салтанатпен тойланды.

Республиканың түпкір-түпкірінде ерекше сән-салтанатпен аталып өтетін көктемгі мейрамдардың бірі - 1 мамыр - Қазақстан халықтарының бірлігі күні. Биылғы мейрамның өзге жылдардан ерекшелігі - биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 20 жыл, яғни Қазақстан территориясында өмір сүріп жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өз тілі мен мәдениетін дамытып, елдің ішкі саясатының тұрақты дамуына үлес қосып келе жатқанына 20 жыл. Сол себепті де, биылғы 1 мамыр күні Қазақстан Республикасының әр аймағында айрықша тойланды.

Елордасы Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды Қазақстан халқының бiрлiгi күнi мерекесiмен құттықтады.

«Мен сiздердi Қазақстан халқы бiрлiгi күнiмен құттықтағым келедi. Сайлауда бiз барша әлемге бiрлiгiмiздi және қуатымызды көрсеттiк. Осы бiрлiктiң, көпэтникалық татулық пен тұрақтылықтың арқасында бiз елдегi  жетiстiктерге қол жеткiздiк. Мен бiздiң алдымызда тұрған үлкен мiндеттердi атаған болатынмын. Оларды атқару үшiн бiзге бiрлiк қажет. Бүгiн - мемлекеттiк мереке - Қазақстан халқының бiрлiгi күнi. Менi қолдаған барлық қазақстандықтарға тағы бiр алғыс айтуға мүмкiндiгiм бар. Мен бүгiнде ауылдардан, зауыттардан, фабрикалардан, мұғалiмдерден, жастардан, құқық қорғау органдарынан көптеген құттықтау хаттар алудамын. Барлықтарына рақметiмдi айтқым келедi. Осындай халқыма қызмет ету - мен үшiн үлкен абырой", - дедi Мемлекет басшысы.

Астаналықтар Қазақстан халықтарының бірлігі күні "Қазақ Елi" алаңына жиналып, мерекеге орай ұйымдастырылған театрландырылған концертті тамашалады.

Солтүстік Қазақстан облысы

Облыс орталығында Қазақстан халқы бiрлiгi күнiне арналған мерекелiк шаралар атап өтiлдi. Қазақстан Конституциясы көшесiне жиналған қауым бiр-бiрiмен қол ұстасып, «Достық гүлiн» құрып барлығының бiр атаның баласындай тату-тәттi тұрып жатқандықтарын көрсеттi.

Солтүстiказақстандықтарды мерекемен құттықтаған облыс әкiмi Ерiк Сұлтанов Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойы жылғы мерекенiң ерекшелiгi арта түсетiндiгiн атап өттi. «Бұл 130-ға тарта ұлт өкiлi тұратын егемен елiмiз үшiн аса маңызды мейрам. Үстiмiздегi жылы сәуiрдiң 26 күнi Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысымен елiмiзде кезектен тыс Президент сайлауы өттi. Саяси науқан Қазақстан халқы достығы мен бiрлiгiнiң шынайы Отанына айналған мемлекет екендiгiн тағы бiр дәлелдедi. Ел сенiмiне ие болған Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев Қазақстан халқына шексiз ризашылығын бiлдiрдi. Президенттiң қоғамдық келiсiм мен ел бiрлiгiне бағытталған салмақты саясаты — кемел келешектiң кепiлi», — дедi өңiр басшысы құттықтауында.

Бұдан кейiн облыс әкiмi 36 солтүстiкқазақстандыққа Қазақстан Республикасының атынан «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» мерейтойлық медальдарын табыс еттi. Олардың барлығы осыдан 20 жыл бұрын құрылған әлемде теңдесi жоқ «достық институтын» құрып, осының осы уақытта жұмыс iстеуiне аянбай еңбек еткен адамдар.

Мерекеге арналған концертке облыстың негiзгi өнер ұжымдары үлестерiн қосқан. Сондай-ақ әрбiр этно-мәдени бiрлестiктер өздерiнiң салт-дәстүрлерiмен, өнерлерiмен таныстыру мақсатында көрме ұйымдастырып, келген қонақтарды әр тiлдегi әндерiмен, билерiмен қарсы алды.

Мерекелiк шараға орай «Достық дастарханы» алаңқайы, сурет көрмесi, түрлi галереялар ұйымдастырылды.

Қостанай облысы

1 мамыр күні Қостанай қаласының орталық алаңында облыстағы барлық этностар ұлттық аспаптарында ойнап, қала тұрғындары мен қонақтарын естен кеспес әсерге бөледі.

Облыс әкімі Нұралы Садуақасов жиналған қауымды 1 мамыр - Қазақстан халықтарының бірлігі күнімен құттықтады:

Құрметті қостанайлықтар!

Сіздерді Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл мереке дәстүрге айналды және біздің көп ұлтты халқымыздың жанына жақындай түсті.
Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстанда тұрып жатқан барлық этностардың әділетті қағидаттары - өз мәдениетін дамыту, туған тілін, салт-дәстүрлерін сақтау құқықтары нығайды. Біріктіретін бастау, сондай-ақ оның бастылары барлық азаматтарының тәуелсіздігі, есендігі және өркендеуі болып отырған қазақстандықтар құндылықтарының ортақтығы болып табылады.
Біздің еліміз – көптеген мемлекеттер үшін бейбітшілік пен тұрақтылықтың үлгісі. Республиканың барлық жетістіктерінде бірегей қоғамдық институт – Қазақстан халқы Ассамблеясының қомақты үлесі бар.
Біздің Мемлекетіміздің басшысы салмақты міндеттерді - «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын, «Мәңгілік Ел» жалпы ұлттық идеясын іске асыруды алға қойып отыр – Қазақстанның болашағы олардың орындалуына байланысты. Осынау қайта құрулардың мықты іргетасы біздің қоғамдағы бірлік пен келісім болып табылады.
Әрбір қостанайлық отбасына бақыт және құт-береке, бейбітшілік пен ізгілік, молшылық пен өркендеу тілеймін.

Оңтүстік Қазақстан облысы

Шымкенттегі мерекелік шараға мыңдаған тұрғын жиналды. Алаңға аймақтағы әр ұлт өкілдерінің мәдени бірлестіктері шығып, жүріп өтті. Олардың жұмысын жүргізушілер таныстырып отырды. Көшті «Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестігі бастап, славян этномәдени бірлестігі мен басқа ұлт өкілдері қоштады. 

«Көне тарихтың қай парағын ашсаңыз да халықтың, елдің ұлы армандарының алдыңда елдің бірлігі, татулығы тұрғандығын көреміз. Ал енді осы құндылықтар Қазақстанның Тәуелсіздігі алынғаннан бері ерекше мән, маңызға ие болып отыр. Оны біз тек қана соңғы жылдары емес, Тәуелсіздіктің бірінші күнінен бастап атқарылып отырған саясаттан көріп отырмыз», - дейді Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов

Қызылорда облысы

1 мамыр күні Қызылордада «Бірлігі жарасқан Қазақстан!» атты Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне арналған шара өтті. Татулығы тұғырлы, бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі Сыр елінің халқын облыс әкімі Қырымбек Көшербаев құттықтады:

Біз бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолына жұмылған қуатты елміз. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең жоғары байлығымыз. Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету – әрбір Қазақстан азаматының міндеті. Туған жердің төсінде, бейбіт елдің ішінде ел бірлігін сақтауға атсалысайық! Бейбіт өмірдің берекесі, халқымыздың ынтымақ, бірлігі арта берсін, - деді аймақ басшысы.

Қарағанды облысы

1 мамыр күні Қарағанды қаласында Қазақстан халықтарының бірлігі күніне арналған мерекелік шеруге 18 мың қарағандылық қатысты. Қала тұрғындары, этномәдени бірлестіктер өкілдері, студенттер, жұмысшылар Қарағанды политехникалық колледжінен Тәуелсіздік алаңына дейін салтанатпен жүріп өтті.

Облыс әкімі Нұрмұхамед Әбдібеков Қазақстан халқының бірлігі күні достықтың символына айналғанын атап өтті. 

«Елімізде өмір сүріп жатқан барлық этностардың татулығына осы мереке куә. 26 сәуірде Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың кезектен тыс Президент сайлауында жеңіске жетуі де осының айғағы. Елбасыға дауыс бере отырып, қазақстандықтар Президент ұстанған даму бағдарламасын қолдады. Қазақ халқы өзінің көп ғасырлық тарихында барлық этностардың мәдениеті мен дәстүрін құрметтей отырып, мемлекетіміздің тұтастығын сақтап қалуға тырысты. Бүгінде ел Президенті саясатының арқасында Қазақстанда көптеген ұлт өкілдері тату-тәтті, тыныштықта өмір сүруде. Еліміздегі тыныштық пен келісімді бекітуге сіздер де үлес қосып жатырсыздар, құрметті қарағандылықтар. 100-ден аса ұлт өкілі тұратын Қарағанды жері халықтар достығының бесігі саналуы тегін емес. Ұлттар мен ұлыстардың мәдениеті мен тілінің, дәстүрінің сақталуына және дамуына Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалы, аймақтағы этномәдени бірлестіктер де еңбек сіңіруде. Олардың қызметі ұлттар арасындағы түсіністік пен ынтымақтастықты дамытуға бағытталған»,-деді аймақ басшысы. 

1 Мамыр мейрамы елімізде ұлттар мен ұлыстардың достығы мен татулығының, азаматтық келісімнің, еліміздегі 130-ға тарта халықтардың ауызбірлігінің жарқын көрінісіне айналды.

Ұқсас материалдар