«Қазақстанның 25 кереметі» акциясы мәресіне жетті

23.12.2016 3475
Ел Тәуелсіздігіне 25 жыл

El.kz  интернет-жобасы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында  «Қазақстанның 25 кереметі» атты акция ұйымдастырған еді.

Акция шарты бойынша, әлеуметтік желі қолданушылары өздерінің жеке парақшаларына еліміздің көрікті жерлері мен мәдени, археологиялық ескерткіштердің немесе Қазақстанда тұратын ұлттар мен ұлыстардың мәдениеті мен дәстүрінен сыр шертетін суреттерді жүктеуі тиіс болатын. Байқау барысында суреттер санына шектеу қойылмады. Қолданушылар фотоларды желіге #25keremetkz немесе #25chudeskz хэштегімен жүктеді. Барлық суреттерді редакция ұжымы іріктеді. Сонымен, редакция алқасының таңдауы бойынша төмендегі суреттер үздік деп танылды:

Дамир Әлиев, әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы:

– Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орайластырылып ұйымдастырылған «Қазақстанның 25 кереметі» акциясы патриоттық сезімді нығайта түседі. Қазақстанның табиғаты әсем, қойнауы қазынаға бай өңірлерімен ерекше. Еліміздің түкпір-түкпірін асықпай аралайтын болса, сұлулығына көз тоймайтын тамылжыған табиғаты жүректі баурай түседі. Кезекті сапарымда түскен суретімді жолдап, мен де аталмыш акцияға қолдау білдіргенді жөн санадым. Себебі, Қазақстан – киелі мекеніміз. Еліммен мақтанамын!    

Жанат Нұрхан‎, әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы:

 – «Қазақстанның 25 кереметі» деп аты айтып тұрғандай маған акцияның атауы, мақсаты ұнады. Кең байтақ еліміздің әр өңірін аралағанда әдейілеп жоғары сапалы фотоаппаратпен түсірмесек те, мобильді құрылғының көмегімен табан тіреген жер мен ондағы табиғаттың тынысын суретке түсіруге тырысамыз. Мыңдаған жылдардан бері баурайына тұнығын сақтаған,  шәрбат ауасы, сайраған құсы мен мекен еткен жан-жануарымен адамзатты өзіне баурай білген табиғат ананың керемет, қайталанбас сәттерін бейнелеген суреттерді әлеуметтік желілерден көптеп кездестіруге болады. Міне мүмкіндік! Байқаудың талабына сай Қазақстанды мекен еткен ұлттар мен ұлыстардың мәдениеті мен дәстүрінен сыр шертетін ерекше фотосуреттер бөлісуге болады делінген екен. Өзім үшін сәтті саналатын бір фотоны сіздермен бөлісуді жөн көрдім.

Сонымен қатар, жеңімпаздарымызға төмендегі суреттегі  5 түрлі таптырмас кітаптарды тарту етеміз! Олар: «Ақпараттық технологиялар негіздері», «Java»,  «Білімді жетілдіруге арналған бағдарламалар мен қосымшалар»,  «Microsoft Excel» және «Интернет ресурстарын құру» оқу-әдістемелік құралдары. Сыйлықтарды жеңімпаздармен хабарласып, жаңа жылға дейін жеткізуге уәде береміз. 

Бұл оқу құралдары қазақ тілді интернет қолданушылар үшін пайдалы кітаптар, сондықтан жеңімпаздарымыздың ақпараттық технология саласына қатысты теориялық білімдерін кеңейтуге көмектеседі деп сенеміз.  Жүлде құтты болсын! 


Ұқсас материалдар