Әйел ерге қарағанда, ер жерге қарамауы керек!

Әйелдің қоғамдағы рөлін қайталап айтудың өзі артық болар. Десек те, біз көзімізді жұма қарауға дәтіміз шыдамақ тұрмақ, моральды-азаматтық құқығымыз жоқ мәселені бүгінгі тақырыптың тұздығы еттік.

Өкінішті әрине, алайда, қазаққа ғана емес, адамзатқа жат жабайылық етек алып барады. Не істеуіміз керек, жетімдікті түп тамырымен жоя алмайтынымыз анық, ал тасбауырлық пен тастандылықтан қалай ада боламыз?

Қит етсе, бесігін отқа жағуға бел шешіп отырған аналарды шын тұрмыс қажытты ма, әкелер ұрпағы алдындағы жауапкершіліктен не үшін жалтарды?

Бұл мәселенің түюлі түйінін тарқатуда мемлекет пен халыққа болсыншы деген қоғамдық-азаматтық институттардың қарап қалмасы анық. Осы тұрғыда Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан құрылған Аналар кеңесі қандай қам қылуда?

Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мекемесінің бас сарапшысы, жазушы Әлпейісова Камал Әбілқасымқызы, Қазақстан Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының кеңесшісі, Аналар кеңесінің мүшесі Шанаи Нәзипа Ыдырысқызы ой өрбітті.

Тілші: Аналар кеңесінің жұмысының бір бағыты ұрпақ тәрбиесінің маңыздылығына мән арту екені сөзсіз. Бүгінгі мәселенің де тамыры тәрбие деген тереңде жатыр. Қазақта ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің деген сөз бар. Ұрпақ тәрбиелеуде қай жерде мүлт кетуіміз мүмкін еді?


Н. Шанаи: Тәуелсіздік алған жылдар ішінде құрылған қоғамдық ұйымдардың барлығының жұмысын сараптап шықтық. Шүкір, мұндай ұйымдар өте көп екен және бұл әйел адамдардың белсенділігін білдіреді деп ойлаймын. Олардың барлығы түрлі бағыттар бойынша жұмыс жасайды. Бірақ сол ұйымдардың ішінен ұрпақ тәрбиесімен тікелей айналысатын мекеме таппадық. Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан Аналар кеңесін құру арқылы біз бұл олқылықтың орнын толтыруға тырыстық. Қоғам тәрбиесі - ол қашан да Ананың мойнында болып келді. Әке үлгі көрсетеді, ал ұлтты тәрбиелейтін Ана. Барлық ұлтта, барлық дінде бір ғана мақсат қойылады. Ана - адамзаттың ұрпағын жалғастырушы және тәрбиелеуші. Сондықтан, басқа ұйым емес, барлық ұлт пен ұлыстың басын біріктіріп отырған Ассамблеяның ұлт тәрбиесін көтеруінің, осы бағыттағы жұмыстарды бірінші болып қолға алуының себебі де осында еді. 

Қажеттілік неде? Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көтеріңкі көңіл-күймен жүрдік, одан кейін күйреген экономиканы қалпына келтіреміз деп жанталастық. Сөйтіп, әйел-аналар жұмыссыз қалған әкелердің орнына базарға шығып, отбасын бағу тауқыметін өз мойындарына алды. Бұл жалпы біздің ата тарихымызда болмаған жағдай еді. Және ол ұлттың мінез-құлқына әсер етпей қоймады. Сол тоқсаныншы жылдардағы өтпелі кезеңнен біздің тапқан жақсылығымыз да, жамандығымыз да болды. Соның ішінде, әйел адамдар ақша табуды үйренді. Ал ақша табудың жолына түскеннен кейін, әйелдің, жалпы адамзаттың алдындағы ең үлкен борышы – ұлттың ұл-қызын тәрбиелеу мәселесі артта қалып кетті. Мүлт кеткен жеріміз де осы сияқты.


К.Әлпейісова: Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан Аналар кеңесін құру туралы мәселе көтерілген кезде ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында осы Нәзипа Шанаи болған еді. Біз қоғамға қажетті мәселелерді әбден зерделеп, көңілге ой түйгеннен кейін ғана осындай республикалық деңгейдегі ұйым құрылды. Биыл Қостанай қаласында Аналар кеңесінің алтыншы республикалық отырысы өтеді деп жоспарланып отыр. Бұл көңілде жүрген көптеген түйткілдің бірлесіп отырып, шешімін табуға мүмкіндік береді деп сенеміз. Шындығында, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары біздің аналарымыз ақша табу жолына көшті. Тәрбиенің ақсауына себеп болған сол кездегі тағы бір мәселе, көптеген тәжірибелі ұстаздар қауымы да отбасын асырау үшін базарға шығуға мәжбүр болды. Соның салдарынан бос қалған мектептерге шала білімді адамдар келді. Мінекей, не үйде, не мектепте дұрыс тәрбие болмады. Педагогика саласындағы кемшіліктің соңы осы келеңсіздікке соқтырды.

Тілші: Түсінікті. Мәселе бар. Енді бір заңды сұрақ туады. Не істеу керек деген. Осы тұрғыда аналар кеңесінің атқарып жатқан қызметі не? Қандай мәселеге білек сыбанып кірісіп жатырсыздар?

Н.Шанаи: Қоғам тәрбиесіне байланысты мектепті, сол қоғамның өзін, тіпті, бұқаралық ақпарат құралдарын да кінәлауға болады. Бірақ тәрбие деген тал бесіктің негізі от басында қаланады. Сондықтан, Аналар кеңесін құрғандағы мақсатымыз да ішкі саясаттың немесе басқа да ведомстваның жұмысына қосымша болу емес. Еліміздің әр аймағында түрлі мәселе бар. Мысалы, оңтүстік өңірлерде ерте жүктілік және қыздарды мәжбүрлеп алып қашу мәселесі әлі де жойылар емес. Ал солтүстік аймаққа біз қазақ болудың және қазақы тәрбиенің негізі неде екенін түсіндіруіміз қажет. Қызылорда облысында мұндай мәселелер болмаса да, бүгінгі таңда жұмыссыздық алға шығып тұр. 

Сондықтан ел бойынша әйел-аналармен бір ғана бағытта ортақ жұмыс жүргіземіз деген тәртіп жоқ. Әр аймақта өз ерекшелігіне байланысты жұмыс жолға қойылады. Біз олардан бастысы, тиянақтылықты ғана талап еттік. Болып жатқан қоғамдағы мәселені бірінші кезекте зерделеу керек. Содан кейін ғана оны шешудің жолдарын қолға алған дұрыс. Аналар кеңесі бүгін ауылда да құрылған. Мысалы, Түркістан облысының Қазығұрт ауданында аналар кеңесі енелер мектебін қалыптастыруға көңіл бөлуде. Себебі, мұнда тұрмысқа ерте шығу, жаңағы айтқанымыздай, қыз алып қашу деректері өте көп. Өзбек, тәжік этномәдени бірлестіктерінің белсенділері ата дәстүрлерінде бар ағайын арасындағы үйлену мәселесіне қарсы шығып, оның салдарын түсіндіруге ден қоюда. Қызылорда облысында жұмыссыз әйелдерге қосымша кәсіп үйрету ісі қолға алынуда. Ал Павлодар облысының Аналар кеңесі ұлттық кодымызды жаңғыртып, жастар санасына сіңіруде. Ақмола облысында жоғары оқу орындары, колледждер, мектептердің жанынан «Әйгерім», «Қыз Жібек» секілді қыздардың сырласу клубтары құрылуда. Қыз баланың өз анасына да айтуға именетін сырлары болады. Бұл клубтар жұмысына психолог, дәрігер мамандар тартылған. Тәрбие мәселесіне сауатты қарауымыз керек.

К.Әлпейісова: Біз әр тоқсан сайын Аналар кеңесінің жұмысы туралы ақпарат алып отырамыз. Оларды талдай келе, өңірлік ерекшеліктердің шын мәнінде бар екенін байқадық. Павлодарда өте жақсы бастама болды. Мұнда республикалық деңгейде «Бесік жыры» фестивалі өтті. Оған сол облыстағы он үш этномәдени бірлестіктің өкілдері қатысып, өз ана тілдерінде бесік жырын айтқан. Әр елдің, ұлттың өз анасының айтатын әлдиі бар. Осы бастаманы республика бойынша таратса жөн болар еді деп ойлаймын. Бабамыз қазақ ана әлдиін, бесік жырын естімеген ұрпақ сапалы болмайды деп айтқан. 

Өңірлерде жасалып жатқан жұмыстарды сараптай келе, Батыс Қазақстан облысында аудандық деңгейдегі аналар кеңесінің белсенділігіне өте жоғары деген баға бердік. Мәселен, Шыңғырлау ауданында «Сен өткен өткелден өткем жоқ» деген акция өтті. Шынымды айтсам, мені тақырыбының өзі елең еткізді. Сөйтсем, ол есірткіге тәуелді болғандарды қоғамға қайтару бағытындағы жұмыс екен. Баласы басқа жолға түссе, ең қатты қиналатын да ана ғой. Сондықтан, бұл мәселеде де аналардың белсенділік танытқаны түсінікті. Әр өңірде осындай басқаларға үлгі ететін іс-шаралар бар. Ең бастысы, тәрбие. 

Тағы сол, келіп түскен есептерді қарап отырсам, барлық жерде аудитория қыз балалар. Ал сонда ұл қайда қалады деп ойлаймын. Осы қоғамда болып жатқан келеңсіздіктерге қыз ғана жауапты болуы керек пе?! Сондықтан, ер баланы тәрбиелеуді қолға алу керек. Үйдегі ұлыңыздың кішкентай кезінен қарындасты, әпкені, ананы, отбасы құндылықтарын құрметтеуді құлағына сіңіріп өсіру керек. Ер адам отбасын құрғанда, күллі ел алдында өзіне жауапкершілік алады. Сол отбасының ұйытқысы болар жары үшін де, өмірге келетін сәбилерінің тағдыры үшін де өзінің жауапты екенін ұғынуы керек. Жоғарыда атап өткенімдей, бұл мәселе Аналар кеңесінің алдағы республикалық отырысының басты тақырыбына айналуы тиіс деп ойлаймын. Өйткені біз әйелі ерге қарайтын елміз. Ал ер жерге қараса, не болмақшы?! Ер адам жол бастау керек. Ал қазір ер адамдардың сапасы менің ойымша, бұл деңгейден көп жағдайда төмендеп кетті.

Тілші: Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы ұлттық код, ұлттық мәдениетті сақтау керек деді. Ұлттық код – ең алдымен, тілде, сосын дәстүріміз бен салтымызды, мінезімізді айқындайтын ділде, ұлттық мәдениетте. Бұл - ізгілік, адалдық, перзенттік инабаттылық, адамгершілік, парыз, этикет, ақыл-парасат. Мұндай тұлғалық қасиет отбасында қалыптасады. Не істемек керек, ұрпақты тәрбиелейтін ана бесігін сүйреп алаңда жүрсе, мұны көрген бала қандай болып өседі?

Н.Шанаи: Қазақтың тарихында ананың ақ жаулығын желбіретіп көптің ортасына шығуы тек соғыс кезінде ғана болған. Ақ жаулық қасиетті болып саналады, сондықтан одан жауынгерлер де аттамаған. Ал бүгінгі келеңсіздік жағдай ешбір ұлттық кодымызға сыймайтын сияқты. Ия, қиыншылық жоқ деп айтпаймын. Біз қоғамның жаңа бір формациясына бет бұрдық. Тіпті жаңа үй салғанның өзінде адам бірнеше күйзелістен, қиыншылықтан өтеді. Олай болса, қоғам мәселесін алаңға шықпай-ақ, басқа жолдармен де шешуге болатын еді. Ал соның ішінде алаңға балаларын алып шыққан аналарды түсінбеймін. Бәрінен де менің төбе шашымның тік тұрғаны - Шымкент қаласында әкімдікке төрт баласын ертіп келіп, кезексіз үй сұраған ананың балалаларын жылатып әкімдікке тастап кеткені туралы оқиға. 

Тағдырдың талқысымен жетім қалып жатқандар бар, ал айдың-күннің аманында анасы өзегінен итеріп, бөтен ортаға тастап кеткен балалардың басынан өткерген күйзелістен кейін, олардың бойын жайлаған үрейді қайтіп сейілтіп, психикасын қалпына қалай келтірді екен?! Ана балаларын сатып кеткен жоқ па?! Егер біз баласын ана саудалайтын жағдайға жеткен болсақ, ендеше ұлт болудан қалдық деген сөз емес пе, бұл?.. Шыңғырған шындық осы. Ал сананың мұндай деңгейге жетуі рухани азғындық деп білемін. 

Рухани жаңғыру бағдарламасы жарияланғанда, енді бүкіл қазақ өзгереді деп ойлағам. Сөйтсем, оқымағандар да бар екен. Оңтүстік жарысып, қарызға той жасауын доғарар, солтүстік қазақылыққа бет түзер деп ойлағанымыздың бәрі де бекер болды. Бұл біздің рухани азғындаудың терең кезеңіне түсіп кеткеніміздің белгісі болар, бәлкім. Мұны қалпына келтіру үшін, аналар мектебін қайта жаңғыртып, қалпына келтіру керек сияқты. Тарихқа қайта көз салар болсақ, жоңғар шапқыншылығында, одан кейінгі соғыс жылдарында қолына құрал ұстай алатын бүкіл есті еркектер соғысқа кетіп, ауылда есіргені қалғанда да содан туған балаларды қазақ қылып тәрбиелеп шыққан біздің аналарымыз емес пе еді?! Ұрпаққа ұлттық тәрбие беруге тиіс ана санасының бүлінуіне кім кінәлі?! Үкіметтен шыққан қай құжатта өз тіліңді, ұлтыңды, дәстүріңді қадірлемеу туралы жазылған? Басқаны былай қойғанда, өзге ұлттың өзіне де өзін танып, бізді сыйласын деп бар мүмкіндікті жасап отырған мемлекетпіз. Онда қазақ кімге өкпелейді?!

К.Әлпейісова: Есіңізде болар, министрліктер үйінің алдында бір әйел көпірге шығып «үй бермесеңдер, секіремін» деп қоқан-лоқы жасады. Ал жазатайым оның аяғы тайып, төменге құлап кетсе, балалары қайда қалады? Білесіз бе, сол алаңда жүрген әйелдердің көбі біздің балаларымыздың жасында. Сондықтан, сіздер үшін ертегі секілді көрінетін болар. Бірақ, тоқсаныншы жылдары біз мұнан да сорақы жағдайды көзімізбен көріп, басымыздан кешірдік. Жарықсыз, жылусыз отырған күндеріміз болды, дүкен сөрелері бос қалды, жалақы алмақ түгілі, екі қолға ұстайтын бір күрек таппай қиналдық. Ал сол уақытта алаңға шығу біздің ойымызда да болмапты. Құдайға шүкір, ешкімнен үй де, жұмыс та сұрамадық. Қазір қарасам, ас та төк. Еңбекпен қамту орталықтары жұмыс жасаймын дегендерді құр қайтарып жатқан жоқ. Еңбек нарығында жұмысшы қолына сұраныс бар. Бірақ сол жұмысты жасағысы келмейді. Алаңға шыққандардың статистикасын жүргізген кезде, солардың ішінде жұмыс сұрағандар аз екенін көрдік. Олар балаларын алдына салып, кезексіз үй берілуін талап етеді. Алайда, бала туу да үй салу, машина сатып алу секілді әр отбасының жеке мәселесі емес пе?! 

Перзентханада балаңды қолына алған кезде, ұл тудым, қыз тудым деп сүйсініп, елжірейсің, солай ма?! «Мен демографиялық саясатқа үлес қостым» деп қуанбайтының рас қой. Ал енді келіп, біз қазақтың санын көбейтіп жатырмыз, біздің жағдайымызды жаса деп жұлқынған кезде, мен осыны ойладым. Әр адам қанша баланы оқытып, дұрыс тәрбиелеуге мүмкіндігі бар, сонша баланы дүниеге әкелуі керек. Оларды үкімет асырайды деген есеппен туу әу бастан қате. Ал есеппен туған баладан ертең есепшіл азамат шығады. Екіншіден, әйелдердің бұлайша алаңға ағылып шығуына ер азаматтардың әлсіздігі себеп болды деп ойлаймын. Ер азамат осыдан 550 жыл бұрынғы біздің ата бабаларымыздың деңгейінде қорғаушы, асыраушы болуы керек. Сондықтан да ұл баланың тәрбиесін қолға алуымыз керек. Әр отбасында нағыз еркек, азамат тәрбиеленсін.

Тілші: Ер азаматтардың беделін көтеру керек дейсіздер. Алаңға шыққан әйелдердің көбі қармақ емес балық сұрады. Мемлекет бұл әйелдерді кәсіпкерлікке баулуға, жұмысқа орналастыруға қам қылуда. Жалпы, әйелдердің белсенділігін арттыру еркектің беделіне деген кереғарлықты тудыруы мүмкін бе?

Н.Шанаи: Бұл мәселеге дұрыс қарауымыз керек. Мемлекет тарапынан асыраушысы жоқ, жалғызбасты аналарға шын мәнінде әлеуметтік қолдау көрсетілуін жөн деп санаймын. Өкінішке орай, үйде диванда жатып, әйелінің табысымен немесе баланың әлеуметтік көмегімен өмір сүріп жатқан мың сан қазақ бар. Қойшы, тағы біреуін туа саламыз дейді. Егер бүгін әлеуметтік көмекті көтере беретін болсақ, онда масылдық ары қарай дами береді деген қауіп бар. Қоғамда бай қазақ та, кедей қазақ та бар. Бай қазақтарға кедей қазақтың бәріне үй алып беріңдер деп міндеттесек не болады? Адам өзі қол жеткізген нәрсенің ғана бағасын, қадірін біледі. 

Жұмыс барысында бірнеше жыл бұрын Қарқаралы ауданында болдым. Ауданның активімен таныспай жатып бірінші кезекте оны аралап шықтым. Он тоғыз бұлақ ағып жатыр, керемет табиғи су. Қарақат төгіліп жатыр. Қойбүлдіргеннен аяқ басатын жер жоқ. Ал ауылдың адамдары ұйықтап жатыр. Есік алдында мал да жоқ, себебі, малға шөп ору керек қой. Төгіліп жатқан бүлдірген мен қарақатты теріп, тоңазытқышқа мұздатып әкеліп сатса, болмаса анау ағып жатқан он тоғыз бұлақтың суын көзін тауып, кәсіп ашып нарыққа шығарса болады ғой. Кәсіп жасаймын деген адамға табиғаттың өзі беріп тұр. Жердің бәрі босқа жатыр, ауыл тұрғындарының ешқайсысы мал бақпайды. Еңбектенбесең табыс қайдан келеді. Әр ауылда тек қана әкім, дәрігер, полиция және мектеп мұғалімдері ғана тұрақты жұмыс жасайды. Бағдарламаны жоғарыдан жазып беріп, түсіріп жатыр. 

Ауыл шаруашылығына арналған түрлі мемлекеттік қолдау бар. Кейін активпен кездескенде айттым, ауылдағы ағайынды қалың ұйқысынан ояту үшін 20-ғасырдың басында жазылған «Оян қазақты» күнде таңертең репродуктормен қосып қою керек сияқты дедім... Маған қарсы шығатын мың сан адам бар. Өз басыңда болмаған соң түсінбейді деп. Мен де екі баланы өзім өсірген анамын. Және бүгін байып кетті деген адамдардың да күні-түні жұмыс істегесін ғана табысы бар екенін білемін. Олай болса, біз де жұмыс істеп көрейік.

Ал кеше, бүгін көшеге шыққан аналарының жетегінде жүрген балалар патриот болады деп ойламаймын. Себебі, ол үкіметке, басқаруда отырған азаматтарға қатысты қаншама жаман сөздер естіді. Оның анасын «жылатқан» мемлекетті сүюі мүмкін емес енді. Себебі, санасы уланды. Бұл баладан ертеңгі күні қазақты қорғайтын патриот шығады деп ойламаймын. Сондағы баласының санасын улаған ұрпақтың анасының діттегені не еді? Бір күнгі нанымыз үшін болашағымыздың бәрін сатып жатқан жоқпыз ба?! Мен ешкімді де жақтамаймын. Тіпті билікті де. Бірақ қандай қателік болса да, оны қазақ үшін бірлесіп шешуіміз керек.

Сауд Арабиясында үйіңде бала тәрбиесімен айналысатын қыздарының өзі бірнеше дипломның иесі. Мен бұл елде болған кезімде осыған таң қалып сұрақ қойдым. Олар «Аналары білімсіз болса, ол дүниеге әкелетін ұрпақ қандай болмақ?!» дейді.

Тілші: Үкімет келтірген деректе Қазақстанда 31 0000 көпбалалы ана бар екен. Мемлекет алдағы үш жылда оларды тұрғын үймен қамту туралы мәселе шешімін табуы тиіс деген жоспар қойып отыр. Алайда, бізді алаңдатқан және бір мәселе бар. Ереуілдеткен әйелдердің арасында жұмыс сұраушылардың саны өте аз болыпты. Демек, оларға қармақ емес, балық керек… Осыған байланысты айтарыңыз бар ма?

К.Әлпейісова: Қазір қызық бір ойға қалып жүрмін. Меніңше, мұндай әлеуметтік қолдау ешқашан болған емес. Теңдессіз әлеуметтік қолдау ретінде көп адамның қарызын жабу туралы шешім қабылданды. Адамдардың баспана мәселесін жақсарту жөніндегі де бағдарлама шықты. Таң қалатыным, әлеуметтің тұрмысын жеңілдеткен мұндай бағдарламалар қабылданған сайын, адамдардың да қулығына құрық бойламай бара жатыр. Олардың кейбіреулері шын мәнінде әлеуметтік жағдайларын жасырып, жалған ақпарат беруде. Мен бұрын әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияда жұмыс істеген уақытта қырғыз делегациясымен кездесу болды. Сонда өз елдеріндегі жағдайға байланысты налыған олар «Надоели эти бесконечные митинги» деген еді. Себебі, жұрт ереуілге шығып көшеде жүреді, талап етуді біледі, бірақ сол мемлекет үшін қызмет еткісі келмейді. Сөйтсек, оларға дамушы мемлекет ретінде шетелдерден донорлық қаржы беріледі екен. Халық осы қаражатты талан-таражға салуды көздейді. Міне, осылайша оңай олжаға кенеліп, жұмыс істегісі келмейді. Бізде де алаңға шығып жүргендерге осындай бір саясаттың ықпалы бар шығар деп ойлаймын. Әрине, мен де мемлекет халықтың әлсіз бөлігін әлеуметтік қамтамасыз етуі керек деген пікірдемін. Бірақ, қаншама алаңға шыға алмайтын мүгедектер, қарттар, жетім балалар бар. Неге біз солардың есебінен үй беруіміз керек. Әрбір адамның құқығы сақталуы керек. Бұрыннан кезекте тұрған адамдарды айтып отырмын. Оларды ысырып тастап, айқайлап шықты екен деп, кезексіз үй беруге қарсымын.

Тілші: Сонымен, тоқсан ауыз әңгімеміздің тобықтай түйіні болсын. Сөзіңіз аузыңызда, әлгінде айтып өткен Аналар мектебі нақты немен айналысуы керек?

Н.Шанаи: Зейнеткерлікке шыққан, өткен мен бүгінгіні жалғап отырған қаншама білімді адамдарымыз бар. Олар әлі ұлттық тәрбиеден қол үзе қоймаған және бүгінгі заман талабын да білетін нағыз ұрпақ сабақтастығының сақтаушылары. Сондықтан, олардың тәжірибесін, білімін қолдану мүмкіндігін қарастыру керек деп ойлаймын. Мұндай жандармен балабақшада, мектептерде жұмыс ұйымдастыру әрбір жергілікті әкімдіктің жауапкершілігіне байланысты. Мұның механизмінің негізін Қазақстан халқы Ассамблеясы салып берді. Білімді адамның зейнеткерлікке шыққан күнде де, көзі қырағы. Ол сол ауылдың қай баласы оң, қай баласы сол жолға түсіп бара жатқанын біліп отырады. Қазақшалап айтқанда, бұл кәдімгі ақсақалдар институтын жандандыру. Олай болса, бүгінгі жұмысбасты болып, тәрбие жұмысына мән бере алмай жатқан класс жетекшілерінің жанына осындай аналарды тәрбиеші ретінде тартуға болады ғой. Зейнетке шығып, үйде отырып қалғаннан, қоғамға пайдасын тигізгісі келетіндер өте көп. 

Арнайы мектеп ашып, семинар өткізіп, жиналып алып дөңгелек үстелдің басында бір-бірімізге ақылды екенімізді дәледдеуден шаршадық. Аналар мектебі мейлі, асқа, мейлі тойға барған жерінде өзінің әңгімесімен, ісімен және тәрбиелеген балаларымен үлгі болуы керек. Міне, ауылда әрбір қыз бала қарап, бой түзейтін осындай орта қалыптастыруымыз керек.

К.Әлпейісова: Аналар мектебінің негізі бар, ендігі мәселе соны дамыту. Бұл мектеп тәжірибе жүзінде өміршеңдігін дәлелдеді. Онымен бүгінде жергілікті билік те есептесіп, айтқан ұсыныстарына құлақ түреді. Енді қазіргі кезде соны жаңғыртып, халыққа тәрбие беретіндей құрылым етуіміз керек. Оның қатарына үкіметтен шығып жатқан құжаттарды дұрыс түсіндіре алатын білімді адамдарды тарту керек. Мен ойлаймын, қазір бәріміз көшеге шыққан аналарды кінәлап отырмыз. Бірақ, шын мәнінде бәлкім, олармен өз құқығы мен міндетін түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілмеген болар. Біз әйелдерге өзінің құқығымен қатар, қоғам алдындағы міндетін, мемлекеттен тиесілі жеңілдіктерін де байыбына жеткізе түсіндіруіміз керек.

P.S. Мақаланы ана туралы аңызбен аяқтағым келеді. Қалай десек те, кінә артайық мейлі, ақтауға тырысайық мейлі, әлемге өмір сыйлаған, ол – Ана. Өмірге келерінен бірнеше күн бұрын періште-сәби Құдайдан «мені Жерге жібермеші, онда не күтіп тұр?» деп сұрайды-мыс. Құдай: «Мен сені қорғайтын періште жіберемін. Ол сені жақсы көреді, қорған болады, сен оның жанында бақытты боласың, ол сені сақтау үшін өзінің де өмірін құрбан етуге дайын болады» дейді. «Менің періштемнің аты кім?» дейді сәби. «Оның есімінің қандай болары маңызды емес, сен оны Ана деп атайтын боласың» деп жауап береді оған Алла.

 

Сұқбаттасқан Нұргүл Қалиева

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.

Ұқсас материалдар