Рухани ренессанс: Астана – дінаралық, конфессияаралық және ұлтаралық диалог орнатудың бірегей алаңы

18.10.2018 387

Қазан айының екінші жұмыс аптасында елордамыз Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 6-шы съезі өтті. Үш жылда бір рет өткізілетін осы ауқымды шара дінаралық, конфессияаралық және ұлтаралық диалог құрып орнатудың бірегей алаңына айналды.

Алғашқы съез 2003-ші жылы Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен шақырылған еді. Тіпті, Астанадағы Бейбітшілік және Келісім сарайы дәл осы шараны өткізу үшін арнайы салынған деседі.

Жаңа мыңжылдықтың басында дүниежүзін дүр сілкіндірген террорлық әрекеттерден кейін әлемде бірқатар саясаткерлердің де үнсіз қолдауымен ислам дінін жаппай айыптап жатқан кезде ислам мен терроризмнің ешуақытта қабыспайтынын, бұл екі ұғымның бір-біріне мүлдем кереғар екенін ашық айтып, әлемдегі барлық діндердің адамзатты тек ізгілікке шақыратынын жария еткен Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, католиктер әлемінде көп таныла қоймаған, тіпті, халықаралық аренада үлкен табыстарға жете қоймаған Қазақстанға әлемдегі католиктердің дінбасысы Папа ІІ Иоан Павелді шақырды.

Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің басын бір емес, бірнеше мәрте қосты. Бүгінде дәстүрлі, тұрақты алаңға айналған съездер еліміздің даңқын әлемге паш етіп, асқақтата түсті. Еуразия құрлығында ұлтаралық татулық пен түсіністіктің, рухани келісім мен өзара үйлесімнің өзіндік ордасына айналып отырған Қазақстанның бастамасы бойынша ұйымдастырылған бұл басқосулардың мақсаты – дін өкілдерінің бүкіл әлемде болып жатқан қантөгістерге тоқтау айтып, жаһанда тұрақтылық пен тыныштық орнатуға, осылайша, адамзат баласының түсіністік пен бейбітшілік жағдайында өмір сүруіне ықпал жасау болатын.

Бұл бастама Елбасымыздың үлкен көрегенділігін айғақтайды. Неге десеңіз, бүгінгі заманда түрлі конфессиялар, дінбасылар келісімге келу жолдарын іздестіріп келеді. Сондықтан бүкіл дүниежүзінің рухани өмірінде  Астана съезінің орны ерекше. Мұны құр цифрлармен дәлелдеуге болады.

Мәселен, 2003-ші жылы өткізілген алғашқы форумға ең үлкен деген конфессиялардың өкілдерінен құралған 17 делегация келсе, биыл шақырылған съезге жаһанның 46 мемлекетінен 82 делегация келді. Демек, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне деген қызығушылық 15 жылдың көлемінде шамамен бес есеге артып отыр. Мұндай көрсеткіштер ең алдымен Астана съезінің жаһандық масштабта үлкен дәрежеге жетуімен қатар, діни келісім мәселесінің өзектілігі арта түскенін де білдіреді. Яғни, бүгінде бүкіл дүниежүзінде рухани ренессанс орын алып жатыр деуге негіз бар. Демек, діннің ролі арта түсіп, дінбасылардың ықпалы күшейді. Алайда, сол дінбасылардың өзі дүниежүзін жаулаған тартыстарды реттеуге, ортақ мәмілеге келуге мұршасы жеткіліксіздеу болып шықты.   

Сонымен қатар діни радикализм де ушығып барады. Әлемнің түпкір-түпкірінде діни араздық өршіп, қарулы қақтығыстарға да әкеліп соғуда. Үлкен қантөгіс те ұсақ-түйек қақтығыстардан басталатыны хақ. Сондықтан дінаралық, конфессияаралық келісімге ерекше мән берген жөн. Бұл орайда Астанада өткізілетін съездің маңыздылығы мен өзектілігіне баға берудің өзі қиын. Себебі күрмеуі қиын мәселелер дәл осында көтеріліп, шешімін тауып жатады. Сондықтан болар, форумның ұйымдастыру комитеті оған дайындық барысында Съезді «Діни көшбасшылар қауіпсіз әлем үшін» тақырыбында өткізуге бірауыздан келісті. Сөйтіп, алқалы жиында жаһандану, терроризм мен экстремизмге қарсы тұру, әлемнің діни картасын дамыту тенденциясы сөз етілетін болып бекітілді. 

Әлемнің алпауыт елдері 2001–2018 жылдың аралығында соғысқа 1 жарым триллион доллардан астам қаржы жұмсаған. Мысалмен айтсақ, бұл Германияның 5 жылдық бюджетіне тең қаражат. Жаға ұстатарлық статистика. Білім мен технология дамыған заманда адамдардың бір-біріне қарсы шығуы көп жағдайда қарапайым түсініспеушіліктен туындайды. Ал, ол түсініспеушілік діни ұғымдарға негізделсе, ушығып кетуі әбден мүмкін. Көзі ашық, көкірегі ояу, білімді азаматтар үшін мұндай жәйттер қисынсыз көрінуі мүмкін. Алайда, жер бетінде діни араздыққа негізделген қантөгіс жиырма бірінші ғасырда да орын алып жатады.

Соған дәлел, Мьянма мемлекетінде былтыр ғана орын алған қайғылы жағдай. Тұтастай бір халық, рохинджа, қаншама зардап шекті. Ел билігі болса, жанжалдың себептерін басқаша айналдырғысы келді. Алайда, биыл Біріккен Ұлттар Ұйымында рохинджа халқы діні үшін зәбір көргенін мойындады. Демек, ушыққан мәселенің шешу жолдарын іздестіру қажет. Ол үшін, алдымен мұндай проблеманың пайда болу себебін анықтап алған жөн сияқты.

Мәселенің түп-тамырын Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 6-шы съезінде айтып берді. Съездің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде көпшіліктің көкейінде жүрген түйткілдерді дөп басты.

«Ғылыми-технологиялық прогрестің дамуы барысында өркениетаралық қақтығыстардың жөнсіздігі айқын көрінеді. Дәл қазір болашақ адамзаттың бет-бейнесі қалыптасуда. Келер ұрпаққа ортақ планетамызды қандай күйде тапсыра аламыз – өркениетіміздің басты проблемасы осы. Біздің үшінші мыңжылдықта өмір сүріп жатқанымызға 18 жыл болды, алайда бейбітшілік, бақ-береке мен молшылық адамзат дамуының негізгі үрдісіне айнала алмады. Әлемдік қоғамдастық өзара сенімсіздіктің, жек көрушілік пен қақтығыстың иірімінен шыға алмай келеді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде.

 Қазақстан Президенті геосаяси шиеленістің және санкциялық текетірестің өршіп келе жатқанына арнайы тоқталды.

«Елдердің, геосаяси блоктардың арасында жаңа дуалдар мен «темір перделі» кедергілер бой көтеруде. Бірақ, ең қауіптісі, адамдардың ой-санасы мен жүректерінде бір-бірімен араздық сезімі күшейіп келеді. Көп күш-жігер ынтымақтастықтың негізін қалауға, бәсеке үшін сылтау іздеуге, халықтың өсіп-өркендеуіне жол ашатын бірлескен жобаларға емес, бірін-бірі қырып-жоятын құрал жасауға бағытталып отыр», – деді Президент.

 Елбасының атап өтуінше, бүгінде әлем елдерінің негізгі күш-жігері ынтымақтастыққа емес бәсекелестікке бағытталып отыр. «Турасын айтсақ, бұл мүлдем қате, тұйыққа тірелетін жол. Сондықтан біздің ортақ парызымыз - прогресс магистраліне оралуға жәрдем көрсету. Бұл жерде баяулауға жол жоқ. Жүздеген мың, милллиондаған адам туған жерлерін тастап кетуге мәжбүр, сан жетпес көпшілігі із-түссіз жоғалады. Ғаламшардағы босқындар саны 65 миллионнан асып жығылды»,- деді Елбасы. Мемлекет басшысы жыл сайын табиғи апаттардың салдарынан 4 миллион адам кедейшіліктің кебін кисе, миллиондаған адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болатындығын баса айтты. Технологиялық даму қарқынды жүріп, жалпы әлемдік байлық арта түскенімен әлеуметтік ауыртпалық ауқымы да ұлғая түскенін атап өтті.

Мемлекет басшысының баяндамасында келтірілген статистика  көңіл көншітпейді. Нұрсұлтан Әбішұлы атап өткеніндей, қазір әлем халқының 14 пайызы ашқұрсақ жүрсе, 65 миллион адам босып кеткен. Барлығына қолжетімді білімнің болмауы да қазіргі заманның жаһандық проблемаларының бірі болып қалуда. 750 млн адамның сауаты жоқ. Яғни өздігінше жазбақ түгілі, әріп танымайды екен. Оларды білім мен ғылымға тартпай кедейшілік пен жоқшылықты еңсеруге болмайды. Ал жұмыссыз жүргендер саны әлемдегі барлық адамдардың 14 пайызына жеткен. Президент бұл келеңсіздіктерді шешудің бірақ жолы бар екенін айтты. Ол – әлем елдерінің өзара түсіністік пен бейбітшілікке келуі. Тек білім мен дін ғана осы дертке қарсы иммунитет бола алады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Себебі, білімсіздік, әсіресе, діни білімсіздік фанатизмге әкеліп соғады. Фанатизм болса, өте күрделі, әрі қауіпті нәрсе. Сондықтан, әлемдік діндердің көшбасшылары діни білімсіздікті жоюға бар күш-жігерін жұмсаулары керек.

Бұл ретте Елбасы әлемдік қауіпсіздікке БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің күш-жігерімен ғана қол жеткізуге болмайтындығын баса атап өтті. «Бүгінде барлығымыз, оның ішінде осы залда отырған діни және қоғам қайраткерлері, саясаткерлер сенімнің жаһандық дағдарысын еңсеруге өз үлесін қосулары тиіс», - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев білім мен ағартушылықты насихаттаудың маңызды екенін, сондай-ақ білім алудың қол жетімді болуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

«Білім мен ғылымға жаппай ұмтылмай, кедейшілік пен қайыршылықты жеңу мүмкін емес. Тек білім ғана радикализм идеяларының бүкіл көріністеріне қарсы орнықты иммунитет қалыптастырудың негізі болып саналады. Бұл тұрғыда діни білімнің де маңызы орасан зор. Қазір оның платформасын әртүрлі жалған діни ұйымдар белсенді пайдалануда. Сондықтан, әлемдік және дәстүрлі діндер діни құндылықтарды саяси идеологемалардан  ажырату жөніндегі жұмыстарды атқара алар еді», – деді Мемлекет басшысы.

Бір айта кетерлігі, осы үлкен басқосуда талқыланған басты мәселелердің бірі - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесі болды. Естеріңізге сала кетейік, онда барлық жаппай қырып-жою қаруынан бас тартуға үндеу жарияланады. Құжатта жаһандық ауқымда тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау стратегиясы да бар. Қуатты әлемдік державалардан келген қонақтар осы бастамаға ерекше назар аударып, құптайтындарын жеткізді. Мәселен, съезге Үндістаннан келген Индология мен дінаралық үнқатысу жөніндегі институтының төрағасы Самир Сомайя: «Қазақстан - бейбітшілік пен келісімнің жарқын үлгісі. Мемлекет ядролық қарудан бас тартып отыр. Бұл аса маңызды қадам болды, - дейді.

Шынымен де, дүниежүзіндегі ең үлкен ядролық арсеналдардың біріне иелік ете отырып, одан бас тарту - бұл үлкен батылдық, тіпті, ерлік десек артық айтқанымыз емес. Қазірдің өзінде, жаппай қырып-жою қаруының қауіптілігін бәрі жақсы түсінсе де, одан саналы түрде баст тартып жатқан ешкім жоқ. Демек, қантөгіске баруға дайын саясаткерлер әлі де баршылық. Бұл ретте тек саяси диалог қана емес, ұлтаралық, дінаралық, тіпті, мәдениетаралық келісімнің берік болғаны қажет-ақ. Осы ретте Қазақстан билігі діни келісімді нығайту жолында атқарып жатқан шаралар мен істерге көңілдері толғанын жеткізді Съезд қонақтары.

Сауд Арабиясынан келген Абдалла бен Абдель-Азиз король атындағы халықаралық діни және мәдени диалог орталығыныңы бас хатшысы Фейсал бен абдурахман бен Муаммар: - «Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстан - өте ерекше ел. Өйткені, дін мәселесіне келгенде, мемлекет басшылығы тарапынан мықты қолдау сезіледі. Бұл аса маңызды жәйт», - дейді.    

 Расында да, осымен алтыншы рет ұйымдастырылып жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер съезіне келгендер, түрі мен тілі, діні мен ділі бөлек жандар. Тіпті киім киістері де бір-біріне мүлде ұқсамайды. Өздері әр түрлі болғанымен бастарын бір сарайға біріктіргендегі мақсат жалғыз. Олар әлемде бейбітшілік болғанын қалайды.  Маңызды басқосу басталмас бұрын қонақтар бір-бірінің киімдерін түзеп, тіпті галстуктарын да байлап беріп жатты.

Небары 15 жыл бұрын мұсылман имамдары, еврейлердің раввині, христиандардың дінбасылары бір стол басында отырмақ түгілі, бір ғимараттың ішінде бір уақытта кездестірудің өзі ерсі көрінетін. Бұрын кездестірмейтінсіз де. Кездейсоқтық болмаса, түрлі дін өкілдері әдейі бір жерге жинала қоймайтын. Ал, Қазақстанда қазір православ шіркеуі мен мешіт қатар тұрғызылып қояды. Поптар мен имамдар бірге жүріп, адасқан жандарға уағыз айтады. Билік өкілдеріне көптеген әлеуметтік проблемаларды еш жанжалсыз шешуге қол ұшып беріп келеді.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлем жұртшылығына ғасырлар тоғысында өркениеттер арасында қақтығыс емес, керісінше, мәдениеттер арасында келісімнің, әлемдік ізгіліктің алтын кілтін ұсынды. Осылайша, Қазақстан әлемде өркениеттер арасы қақтығыс пікіріне қарсы тұруды, мәдениеттер мен дін өкілдері арасындағы диалогты жан-жақты қолдауды мемлекеттік саясатқа айналдырған алғашқы мемлекет атанды. 

Демек, адамзат өркениетін жаңа белеске бастаған Ренессанс қазақ топырағынан нәр алды деуге толық негіз бар. Тарих үшін тым қысқа мерзім аралығында береке-бірлігі жарасқан, экономикалық әлеуеті асқан, шығыс пен батысты жалғаған, руханият ордасына айналған, халқы жан-жақты сауаттанған, ұлтының интеллектуалды өресі биік, дәстүрі берік, тарихы терең іргелі мемлекет ретінде қалыптасқан Қазақстанның дүние дағдарысқа түскен осындай алмағайып заманда жаңа рухани ренессансқа жол салуы әбден мүмкін. Яғни, қазақстандық модель өзінің тиімділігін дәлелдеді. Енді осы модельді бүкіл дүниежүзіне "экпорттайтын" уақыт келді десек те болады.  

«Қазақстанда 18 түрлі конфессияның 3,5 мыңнан астам діни субъектілері тіркелген. Осыншама алуан түрлілікке қарамастан, біз ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және дін бостандығын қорғаудың тепе-теңдігін сақтай білдік. Біз елімізде конфессияаралық бейбітшілік пен келісімнің көпшілік мойындаған ерекше қазақстандық моделін қалыптастыра алдық. Қазақстан тәжірибесін әлемдік ауқымда да толық қолдануға болады деп сенемін», – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Съездің ашылу салтанатында.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу арқылы Қазақстан бүкіл әлемдік қоғамдастыққа жалпыұлттық консенсус пен қоғамның топтасуының үлгісін көрсетіп келеді. Біздің еліміз этносаралық және конфессияаралық келісімді қолдау саласында бай тәжірибеге ие және осы тараптағы кең ауқымды әрі тиімді ынтымақтастыққа қашанда әзір.

Астанада өткен әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 6-шы съезінің басты түйіні де осы шығар. Қатысушылар қорытынды декларацияны қабылдады. Құжатта бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі саяси және діни көшбасшылардың рөлі айқындалған. Съез делегаттары жаһандық қауымдастықты диалог орнатып, белсенді байланыс жасауға шақырып отыр.

Тек күш біріктірудің арқасында ғана заманның сын-қатерлеріне төтеп беріп, діни жанжалдардың алдын алуға болады. Бұған әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының көзі жетіп отырғаны хақ. Сонық айқын айғағы - осы әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінің Декларациясы.

Асан Қалиахмет

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.