Озық білімге деген ұмтылыс

17.08.2018 505

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы еліміздегі мәдени-рухани дүниеге тың серпін әкелді. Соның ішінде «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бастамасын көзі қарақты жандардың қуана қабылдағаны рас. Тіпті, жобаға мемлекеттің өзі ерекше қамқорлық танытып, әлемде ең озық саналатын оқулықтардың аудармасын жарыққа шығаруға мүмкіндік жасауда. Нәтижесінде жастар таңдаулы үлгідегі кітаптар арқылы білім алмақ.

Жарық көргеніне бір жылдан асқан мақала нәтижелі істерімен көрінуде. Елбасының тапсырмасынан кейін құрылған Ұлттық аударма бюросы сапалы оқулықтар әзірлеу жұмысына кірісті. Әрине, әлемнің беделді, айтулы оқу орындарының шәкірттері оқитын озық кітаптарды аудару ісі оңай емес. Аударма — сауатты болуы керек. Оған жүрдім-бардым қарауға болмайтыны түсінікті. Сондықтан, «Аударма — кілемнің арғы беті» деп баға бергендей, кез келген кітапты аударғанда мазмұн мен мағына жымдасып, жұп-жұмыр, ұғынықты тілде болса, құба-құп. Бір айта кетерлігі, Ұлттық аударма бюросы өзіне жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарап, алғашқыда 90-ға жуық аудармашы мамандарды жинады. Көпшілігі — жоғары оқу орны оқытушылары. Әрине, кез келген саланың кітабын аудару барысында сол пәннің оқытушысы да жұмылдырылғаны абзал. Себебі, ол оқу орнының өзіндік білім беру жүйесін, стандарты мен бүгінгі жастарға ненің қажет екенін жақсы біледі.

Бұл жоба қолға алынған сәттен бастап жаратылыстану, атап айтқанда, тарих, саясаттану, психология, мәдениеттану және филология, әлеуметтану ғылымдарына қатысты тұңғыш 18 оқулықтың тұсауы кесілді. Бұл іске жауапты Ұлттық аударма бюросы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының 1 жылдығына байланысты дайын болған бұл кітаптарды оқырман қауымға таныстырды. Айта кетерлігі сол, қолымызға тиген бұл кітаптың дені ресми тіл — орыс тіліне де аударылмаған. Мәселен, бұрын-соңды Грегори Мэнкьюдің «Экономикс», Джордж Ритцердің «Қазіргі әлеуметтану теориясы», Эллиот Аронсонның «Әлеуметтік психологияға кіріспе», Реми Хестің философиялық кітаптарын тек түпнұсқада оқимыз деп кім ойлаған?! Енді, міне, жастар оның қазақша аудармасымен қауышуға таптырмас мүмкіндік алды.

 «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Кенжехан Матыжанов қазіргі кезде әр мемлекет, ұлттың өзі қоғамнан бөлек жеке-дара тіршілік кеше алмайтынын айтады. «Яғни, күн сайын жаңалығы көп жаңа технология, дүниежүзін бір ойдың төңірегіне топтастыратын интернет адамзат баласын ізденіссіз отырғызбайды. Сондықтан да, әлемдік озық білімді қазіргі жастардың алдына тосу — үлкен бақыт» дейді ол. Шын мәнінде, дәл осындай бағдарлама қабылдап, рухани жаңғыруға күш салып жатқан елдер некен-саяқ. Тіпті, кейбір мемлекетте бұл іспен тек бақуатты, қалталы адамдар ғана айналысатын көрінеді. Сондай-ақ, әр жоғары оқу орны қажет деп тапқан оқулықтарды ғана іріктеп, аударып, білім жүйесіне пайдаланады. Сол себептен мұндай берер нәтижесі мол жобаға мемлекет тарапынан қаражат бөлу сирек. Әрине, Елбасы рухани жаңғыруды басқа емес, білімнен бастау керектігін бекер алға тартқан жоқ. Маңдайалды жоғары білім беру ордаларының жетік тәжірибесін елімізге әкелуге күш салған Президент қамқорлықты білімнен аямады.  

 «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы  нәтижесінде жарық көрген алғашқы 18 кітаппен танысқан басшылар, зиялы орта, қауым өкілдері, жоғары оқу орны басшылары мен оқытушылар оң бағасын берді. Осы іске жауапты Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жобаның аясында атқарылған шаруаларға тоқтала келе, «100 жаңа оқулық» аясында аударылған 18 кітаптың келешек ұрпақ үшін мол білім қорына айналатынын жеткізді. 

  Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы бірқатар шетелдік ғалымдардың еңбектерін аударуға кіріскенін жеткізді. Олардың қатарында  «Философияның қысқаша тарихы: Сократтан Дерридаға дейін» кітабы бар. Авторы — Дерек Джонстон. Сондай-ақ, «Батыс философиясының жаңа тарихы, Антика философиясы» (авторы — Энтони Джон мен Патрик Кенни) және «Батыс философиясының жаңа тарихы, Орта ғасыр» (4 томдық, ІІ том), «Философияның таңдаулы 25 кітабы» (авторы — Реми Хесс), «Әлеуметтану негіздері» (авторы — Дэвид Бринкерхоф), «Әлеуметтану теориясы» (авторы — Джорди Ритцер), «Көпке ұмтылған жалғыз: әлеуметтік психологияға кіріспе» (авторы — Элиот Аронсон), Шульцтердің «Қазіргі психология тарихы», «Әлеуметтік психология» (Дэвид Майерс), «Экономикс» (Грегори Мэнкью және Марк П.Тейлор), Ф.Куратконың «Кәсіпкерлік: теория, процесс, практика», «Менеджмент» (авторы — Рикки В. Гриффин), «Иудаизм, Христиандық пен Исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны» (Карен Армстронг), Виктория Фромкин, Роберт Родман, Нина Хаймстің «Тіл біліміне кіріспе», Светлана Тер-Минасова: «Тіл және мәдениетаралық коммуникация», Алан Барнардтің «Антропология тарихы мен теориясы», «Төртінші индустриялық революция» (Клаус Шваб) атты оқулықтары қазақ тілінде сөйледі. Біле білсек, бұл бестселлерге баланған рхани құнды дүниелер дүниежүзінің 42 елінде 34 тілге аударылған. Және ең бастысы, әрқайсысы 50 миллионға жуық данамен жарық көргенін айта кеткен жөн.  

Демек, түпнұсқадан мағыналы, мәнді тілмен аударылған оқулықтар жақын арада қазақ оқырманына да азық болады деген сөз. Елбасы Н.Назарбаевтың өзі ең таңдаулы, айтулы еңбектердің түпнұсқадан аударылып отырғанына екпін түсірді. «Бұл аударма еңбектен аударылған дүние емес. Бұрын-соңды шет тілінен қазақ тіліне озық туындылар аударылды ма? Әрине, жоқ. Алғаш рет ағылшын, т.б. тілден қазақ тіліне тікелей аударуға көштік. Бұған дейін сол әлемдік кітаптардың орысшаға аударылған нұсқасын қазақшалап келдік. Сол арқылы көкжиегімізді кеңейттік. Бірақ, бұл дүние орыс тіліне, сосын ғана қазақ тілінде аударылды. Еленбей, көзге ілінбей қалатын дүниелер болады. Енді міне, тікелей аударуға көшкеніміз қуантады. Біз бұл арқылы жастарға әлемдік білімге деген терезені ашып бердік. Оны болашақта кез келген маман өз саласында пайдаланып, нәтижелі көрсеткішке қол жеткізетініне сенімім мол», деді Президент.

Айта кету керек, ғылыми стандартқа негізделген білім жүйесіне бұл оқулықтар сөзсіз енгізілуі керек. Соған орай, қазір 800 кітаптан тұратын ең   озық оқулықтар белгіленді. Демек, бұл салада ауқымды жұмыстар легі басталды. Сонау АҚШ, Франция, Швейцария, Ұлыбритания, Ресей сынды дамыған елдердің студенттері білім алатын оқулықтардан қазақстандық жастар да сусындайтын күн алыс емес. Әрине, жаңа технологияның берер мүмкіндігі көп. Соның бірі — оқулықтардың электронды нұсқасын шығару. Бұл тұрғыда Қазақстан Президенті Н.Назарбаев оқулықтарды кітап күйінде шығарумен шектелмеуді ұсынды. Яғни, кітап көпшілікке қолжетімді болуы керек. Оқығысы келген адам қолындағы смартфонның көмегімен интернетке кіріп, электронды нұсқасын оқи алады. Болашақта бұл кітаптар латын қарпіне басылса, шетелде тұратын қандастар да еш кедергісіз оқып, білім нәрімен сусындай алады. 

Бұл қолға алынып, істеліп жатқан игі шаруаның бәрі — келешек ұрпақ үшін. Тіпті, сонау америкалық студенттер 280 доллар, ал, ұлыбритандық жастар 70 фунт стерлингін қиып, сатып алатын айтулы кітаптарға біздің жастар тегін қол жеткізіп отыр. Кез келген білім мен ғылымды серік еткен, тіпті, кәсіпкерлік саланың қыр-сырына терең бойлаған мамандар таптырмас кітаптармен таныса алады.

Қазіргі таңда жыл соңына дейін 30 кітапты шығару жоспарға іліккен. Аудармашылар мен редакторлар бұл іске білек сыбана кірісіп кетті. Келер жылы тағы да аударылуы тиіс оқулықтар іріктеуден өтіп, таңдалуы керек. Сол сияқты жарық көрген кітаптарды жоғары оқу орнының білім жүйесіне енгізу қарастылуы тиіс. Мұнымен қоса, ғылым саласындағы терминдерді біріздендіру мәселесі де күн тәртібінде. Яғни, гуманитарлық және экономика саласының терминдері жинақталған түсіндірме сөздік құрастыру міндеттелді.  Ең негізгісі, бүгінде онлайн түрде білім беретін оқу орындары көбейді. Дәрістер бейне және аудио, сондай-ақ, онлайн түрде оқытылады. Демек, осы тұрғыда «Қазақстанның ашық университеті» жобасының ісін жандандыру керек.

Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы айтуынша, арнайы сараптамадан өткен оқулықтарды жоғары білім ордаларының оқытушылары ұсынған. «Бізге 800-ден астам кітаптың атауы жазылған тізім келді. Бәрі де әлемдік оқу орнының бағдарламасында бекітілген кітап. Сонымен қатар, бұл оқулықтар ең беделді университеттер баспасынан үш рет жарық көрген әрі таралымы көп болуы ескеріледі» дегенді айтты. Бір айта кетерлігі, кітаптың дені тікелей қазақшаға ағылшын тілінен аударылды. 18 оқулықтың 16-сы ағылшын тіліндегі түпнұсқа кітап. Ал, тізімге ілінген оқулықтың 40 пайызға жуығы орыс тілінде. 

Демек, Ұлттық аударма бюросы 100 оқулықты аударғаннан бөлек, оның электронды нұсқасы мен бейнедәріс түрін жариялауды қолға алады. Таяуда жарыққа шыққан кітаптардың PDF нұсқасы жарық көреді. Бұған дейін  аударма бюросының kitap.kz жəне openU.kz атты екі сәтті жобасы жұмыс істеп келді. Енді екі жоба кітаптардың электронды нұсқасын жариялауға таптырмайтын тұғырнама болмақшы.

Айтпақшы, осы тұрғыда айта кету керек, Елбасы терминологиялық жəне түсіндірме сөздіктерді қайта өңдеп, жариялау жөнінде міндет жүктеді. Осыған орай Ұлттық аударма бюросы аударылып жатқан кітаптардың мәтінін өңдеу кезінде термин мәселесін де ескеруде. 

Жаңа 100 оқулық жобасының атқарылу барысына орай ұйымдастырылған жиында философия, саясаттану жəне дінтану институтының саясаттану бөлімінің меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы Мұхтарбек Шайкемелевтің пікірінше, ғылым көкжиегінде тың жоба тұсауын кесті. «Бұрын мұндай жоба арман болды. Қазақ елі талай қиын кезеңнен өтті. Экономикалық жағдай оңалып, әлеуметтік тұрмыс жақсара бастағанда мемлекет білім саласына айрықша көңіл бөле бастады. Сол игі бастаманың бірегейі — «100 жаңа оқулық» жобасы. Нәтижесінде қазақ жастары әлемдік білімге терең бойлап, нақты ғылым жолына түсе алады» деді.

Жыл соңына дейін 30 кітап жарық көруі тиіс. Олардың сапалы, мағыналы тілде аударылуы басты міндет. Ал, келешекте бұл кітаптарды білім жүйесіне енгізу — кезек күттірмейтін талап. Аударма — жауапты іс. Бұл жұмыстың сөздік жасау, терминология саласына да оң ықпалы бар. Мұның нәтижесінде терминдерді жүйелендіріп, гуманитарлық жəне экономикалық түсіндірме сөздік құрастыру тапсырылды. Иә, бұған дейін жоғары оқу орындары көрші Ресейдің ғалымдары жазған еңбектерді оқып келді. Яғни, орыс тіліндегі кітаптарды әр студент шамасы жеткенше аударып, конспект жасап қанағат тұтты. Ал, мемлекеттік тілге аударылғаны сапасыз еді. Енді бұл олқылықтың да орны толмақ. 100 жаңа оқулықты қолына алған оқытушылар мен студенттер әлемдік білімнің теңізіне бірге еркін жүзеді. Демек, алдағы 2018-2019 оқу жылынан бастап студенттер жаңадан жарық көрген 18 оқулықты қолға алып, білімді және білікті маман дайындау ісіне кіріседі.  

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.