Ойыншық отау

18.07.2018 410

Байырғы бабаларымыз елдің ертеңін баланың қалай ойнағанына қарап болжаған деседі. Бүгінгі қоғамда біз жиі қолданатын «бала – елдің болашағы» деген ұран осы бір оймен ұшта сып жатқандай көрінеді. Баланың ойлауы дұрыс ойнауынан басталатынын о бастан сезген халқымыз бұл мәселеге еш уақытта атүсті қарамаған. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салтдәстүрлерімізді өркендеудің берік діңі ету керек» деген жолдар бүгінгі жаһан дану заманында бүлдіршіндерді атадәстүрден ажыратпай, ұлттық болмысқа сай тәрбиелеудің маңызы зор екенін тағы да бір қуаттап тұрғандай. Өз кәсібін осы бағытқа бағдарлаған алматылық шебер Айдар Бексұлтановтың қолтаңбасынан шыққан балаларға арналған шағын ойыншық киіз үйлер жаңғырудың нағыз жарқын үлгісіндей болып көрінді.

Айдарды алғаш рет дарынды жастарды қолдау мақсатында Алматыда өткен республикалық «Жаңа толқын 100+» жастар FUTURE форумында кездес тірдік. Ұлттық мұраны ұлық таған өнертапқыштың бірегей жобасы форумға қатысушы көпшілікті өзіндік ерек шелігімен баурап алды. Шебердің «Қазақы үйдің ішіне кіріп ойнаған бала кеңістікті сезініп өседі» деген бір ауыз сөзі көптен бері көкейде жүрген ойымызды қайта маздатып, ойыншық киіз үйді өз көзімізбен көруге ынтықтыра түсті.

Ол құрастырған киіз үй біз білетін кəдімгі ұлттық нақыштағы қазақ үйдің кіші баламасы. Бірақ 5-6 жасқа дейінгі ойын балалары үшін кəдімгі ішіне кіріп еркін ойнауға болатын əдемі үйшік. Уығы, керегесі, шаңырағы, есігі, сықырлауығы, түңдігі жəне тағы басқа жабдықтары тұтастай қолмен құрастырылады. Яғни оны мен ойнап өскен бала киіз үйді қалай құрау керек екенін толық меңгеріп шығады.

«Біз кішкентайымыздан киіз үйде өстік. Қазақы ауылдың тіршілігімен тыныстадық. Алайда уақыт ағысы өзгерді. Мына заманда ешкімді тас үйден шығып, киіз туырлықты үйге тұр деп мəжбүрлей алмайсың. Ал мұны ата-аналар балаларына ойнау алаңы ретінде алып беретін болса, нағыз рухани жаңғыру осы болатын еді. Жас бала да бос құмыра секілді, ішіне не құйсаң сонымен толады. Өзінің түп тамырын, шыққан тегін, ұлттық ерекшелігін жадына берік тоқып өскен бүлдіршін зияткер азамат болып қалыптасады. Шағын киіз үйдің керегесі, босағасы, уығы, шаңырағы тұтастай таза ағаштан жасалса, киізі таза табиғи қойдың жүнінен басылған. Өнім экологиялық жағынан өте пайдалы. Осы арқылы кіш кентай балапандар ата-бабалары тұрған киіз үйдің рухын сезініп өседі», дейді А.Бексұлтанов.

Ұлттық танымға сай ойыншық өнімдерін шығаратын мекеме ашуды көптен армандап жүрген өнертапқыш мақсатын толық жүзеге асыру үшін қолдау керек екенін де жасырмайды. Мəселен, Қытайда тек ойыншық шығарумен айналысатын төрт мыңнан астам кəсіпорын болса, Ресейде бір жарым мыңнан астам мекеме осы жұмыспен айналысады. Франция, Біріккен Араб Əмірліктері сынды елдер аталған мемлекеттерге тапсырыс беріп, өздерінде көтерме бағамен сатады. Олар ойыншықтарды шетел компанияларында жасатқанымен, ұлттық ерекшеліктерінен сыр шертетін ойыншықтарды өздерінде ғана саудалауға рұқсат береді. Өйткені бұл құралдарды ұлттық брендке айналдыруды көздейді. Бізде де осы салаға көптеп көңіл бөлінсе, дейді шебер. Расында, киіз үй жабдықтары сияқты ұлттық мұраларды мектепке дейінгі мекемелерде көрнекілік құрал ретінде пайдалану бүлдіршіндердің таным көкжиегін кеңейтіп, ұлттық рухта тəрбиелеуде таптырмас əдістеме болар еді. Сан рет естігеннен гөрі, бір рет қолмен ұстап, көзбен көрген нəрсе бала көңіліне берік орнығатыны анық. Табысты ғана емес, ұлттық таным-тəрбиенің тағылымын танытуды көз деген талант иесі кез келген ісіміз ұлт қасиетімен, ұрпақ мұратымен сабақтасып жатса дейді.

– Бір күні үстел астында ойнап отырған балаларымды көрдім. Балалар ойынына арналған түрлі заманауи үйшіктерді көзім шалып жүрді. Кенет, неге осыны қазақы үй түрінде жасап көрмеске деген ойға келдім. Оның үстіне қазіргі техника дəуірінде өскелең ұрпақ өздерінің бабаларына баспана болған ғажайып конструкцияны меңгерсе, терең тарихымен тамырланып, салт-дəстүрін де ұмытпайды. Уық қалай байланады, кереге қалай керіледі, шаңырақ қалай көтеріледі. Байлаудың да түр-түрі бар. Шалып байлау, күрмеп байлау, қазықбау шалып байлау. Ою дегенде көбіне қошқармүйізді ғана айтамыз. Одан бөлек, шытыра, бесқиық, үшқиық тəрізді неше түрлі ою түрлерін үйренеді. Туырлық, түңлік, үзік сияқты қазақша атауларды құлағына құйып өседі. Қазақы үй – барлық конструкторлардың атасы. Оның аэродинамикасы жаңбырға да, желге де өлшеніп жасалған. Мұның барлығы өсіп келе жатқан баланың қимыл-əрекетінің моторикасын жақсы дамытады. Қол икемділіктерін арттырады. Ойлау қабілетін жетілдіреді, – дейді ол.

«Үйдегі бағаны, базардағы нарық бұзады» демекші, өз кəсібінің арнасын кеңей туді қалаған арманы биік азамат сұранысқа сай сапалы əрі қолжетімді өнім шығаруға қолдау керектігін айтады. Киіз үйдің ішіне қосымша тұскиіз, текемет, ши, тағы басқа тұрмыстық жабдықтар салып, идеясын одан əрі жетілдіру де ойында бар. Ұлт мұрасының қайнарынан қанып ішкен ұл-қыз танымы мен эстетикалық қабілеті жоғары азамат болып қалыптасатыны анық. Бұл тұрғыда Айдар Бексұлтанов ойлап тапқан экоқұрастырғыш ойын балаларының ақылойын өрістетіп, дүниетанымын дамытатыны даусыз.

Арман Октябрь

«Egemen Qazaqstan» газеті