Жаңалықтар

Мәңгілік өркендеу мен өрлеудің нышаны

Мәңгілік өркендеу мен өрлеудің нышаны
02.07.2018 02:40 2719

Тарих көшіне көз жүгіртсек, талайлы тағдырды өткерген қазақ жұртының шежіресі мән мен мағынаға тұнып тұр. Көне түркі даласын мекендеп, Көк түріктің жалауын желбіреткен дәуірден бері уақыт көшімен ғасырларды жылжытып, бүгінгі тәуелсіздікке қол жеткізгенге дейін қазақ жұрты күллі әлемге өзінің асқақтығын айғақтаумен болды. Еркіндік пен азаттықты ту еткен халық қай заманда болмасын, ұлтарақтай жерін жаудан қызғыштай қорып, ұрпағын құлдықтың құрдымынан қорғап келді.

Тәуелсіздік — ұлы елдің әманнан аңсаған асқақ арманы еді. Әрі осы ұлы арманның жолында қасқайып қарсы тұрған қазақ сонау сақ, ғұн дәуірлерінен бастап, бүгінгі күнге дейін қасиетті жерден табан аудармай, тамырын тереңге бойлата білді.

Бүгінде тәуелсіздіктің көк туын желбіретіп, келбетімен көз сүріндірген Ел ордасы — Астана жер-жаһанға жетістігін паш етіп тұр. Тәубе, жаратқанға шүкіршілік.

Әйтсе де, Астананың Арқа төсінен ойып орын алып, жұмыр жердің қақ ортасында менмұндалап тұруы оңайлықпен келген жоқ. Шұрайлы шалғыны мен айдынды шалқарына, асқаралы тауы мен сылдыраған бұлағына көз сүзгендер аз болмады.

Өжеттігін желеу етіп, өміршеңдігін дәлелдеген қазақ жұрты әр заманның өз ахуалына қарай елордасын әр қаладан тігуге мәжбүр болды. Әуелде Ұлы даланың астанасы мәртебесін Сығанақ, Сауран, Сарайшық, Отырар, Түркістан, Тараз қалалары иеленсе, бертін келе Орынбор, Ақмешіт, Алматы жалғастырды. 17-19 ғасырлардағы патша үкіметі кезінде Орынбор қаласы ел ордасы атанып, Ресей мен Орта Азияның ірі сауда орталығына айналды. Кейіннен қазіргі Қызылордадағы Ақмешіт қаласы астана ретінде бой көтерді. Кеңес заманы тұсында Алматы шаһарына ауысты. Осылайша, Елорда тізбегін тарих көшімен Астанаға да тірейтін уақыт туды.

Әлбетте, бұл шешім де Елбасының көреген саясатының негізінде жүзеге асты.

Содан бері көзді ашып-жұмғанша, 20 жыл да зулапты. Тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, ел өркендеуінің ғажайып қарқынының көрінісі.

Елу жылда бір жаңаратын қазақ елі бұл жолы жиырма жылда бірнеше еселеп жаңарып үлгерді. Әлбетте, санаулы уақытта ел ордасының алып мегаполиске айналарын ешкім болжап білген де, нанып-сенген де емес.

Әйтсе де, көрегендік келешектің келбетін көрсетті. Осылайша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл да тегеурінді ұсынысымен Қазақстан Республикасының Парламенті 1994 жылы 6 шілдеде ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылдады.

Бұл шешімнің сан қырын тілге тиек еткен Елбасы Ақмола қаласының Астана ретінде таңдалуының 32 түрлі себебін тарқатқан болатын. Олар: әлеуметтік-экономикалық, геосаяси, көлік инфрақұрылымы, инженерлік-коммуникациялық, құрылыс, еңбек ресурстары және басқа да қолайлы мүмкіндіктер еді. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылған осы 32 артықшылықтың нақты өмір ақиқаты екендігін енді бүгін уақыт өзі дәлелдеп берді. Ұлы идея ақиқатқа айналды. Көз алдымызда тәуелсіз Қазақстанның тарихы салтанат құрды.

Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді.

Айтпақшы, елорданы Астана деп атаудың да өзіндік сыры бар.

Бас қаланың бұлай аталуының сыры туралы Елбасы өзінің «Қазақстан жолы» кітабында былай дейді:

«Бұл қала, Қазақстанның жаңа астанасы менің мақтанышым еді, сондықтан, оның атауын сан құбылтуға жол бере алмайтын едім. Онда Ақмоланы қалай атаған, дәл айтқанда, қалай қайта атаған жөн? Ол атау қазақстандықтардың, еліміздің барша ұлты мен ұлысының ғана емес, кірпияз шетелдіктердің де көңілінен шығуы керек.

…Бір жолы түнде, дәлірек айтсам, сағат түнгі екіде Астана деген атау ойыма сап етіп, көкейіме қона кеткені. Астана дегеніміз — Астана! Қазақша әдемі естіледі. Қомақты, ауыз толады, қысқа да нұсқа, әуезді. Орысша да, ағылшынша да солай естіледі. Бұл атауда батылдық, мығымдық және айқындық реңк бар».

Елбасының бұл шешімі батыл қадам еді.

Әрі қазақ жұртының көкейінен шыққан тамаша шешім болатын. Елорданың қазақ даласының төсіне жайғасуын тіпті, сонау Қазақ автономиясы тұсында, дәлірек айтқанда, 20-30-жылдары алаш зиялылары да аңсаған екен.

Атап айтқанда, алаш көсемі Әлихан Бөкейханов сондай бір жүректің түбіндегі жасырын сырын, ізгі арман-мақсатын 1913 жылы «Қазақ» газетінде айтыпты. Әйгілі этнограф ғалым әрі сыйлас жақын досы Г.Н. Потанин туралы мақаласында: «Григорий Николаевич, Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел Алаштың ортасы, сонда университет салып қазақтың ұлын, қызын оқытсақ, «Қозы-Көрпеш – Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Европа сонда білер еді-ау дейтін», — деп жазады.

Жалпы, 1920 жылдардағы республика астанасын Орынбордан қалың қазақ елі ішіне көшіруге қатысты қызу айтыс-тартыстарда Алаш зиялылары арасында Ә. Бөкейханов, С. Сәдуақасов, Ә. Байділдин және тағы басқалар бұрынғы Ақмола, қазіргі Астана қаласын елдің елордасы болса екен деп ұсыныстар жасаған еді. Бірақ та, ол уақытта Елорданы таңдау мәселесі қазақтың еркінде емес, Мәскеудің еншісіндегі қиын іс еді.

Қаймана қазақтың өз астанасын ерікті түрде таңдауы тек тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары ғана барып мүмкін болды.

1997 жылдың қараша айында еліміздің Мемлекеттік рәміздерін Алматыдан Астанаға әкелу, Президент Әкімшілігінің, Парламенттің, Үкіметтің жаңа астанада жұмысын бастау тарихи рәсімдері өткізілді. Әнұран асқақтап, Арқа төсіндегі Президент Әкімшілігінің жаңа ғимаратының төбесіне егемен елдің Көк байрағы көтерілді.

Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті.

Ал, 1999 жылы Астана ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы» атағын алды.

Әлем қаласы — Астана.

Қазақстанның бас қаласы 2000 жылдан бастап Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі.

Арқа төсіндегі сәні мен салтанаты жарасқан елорда бүгінде озық идеяларды, жаңа ғылыми шешімдер мен сәулет өнерінің озық үлгілерін өмірге әкелетін жерұйық іспеттес. Дәл қазір Астанада заманауи құрылыс саласының барлық құрылымын қамтитын еліміздің жаңа құрылыс кластері қалыптасты. «Ақорда», «Астана триумфы», «Пирамида», «Бәйтерек», «Хан Шатыр» XXI ғасырдағы сәулет өнерінің озық үлгілері болып табылады. Бұл ахитектуралық ансамбльдерге «Қазақ елі» монументі, «Мәңгілік ел» аркасы қосылды. 91 метрлік зәулім тұғырдың ұшар басынан заңғар аспанға ұмтылған самұрық құс азаттық аңсаған әрбір қазақ баласының жүрегіне мақтаныш сезімін ұялатты. Батыс пен Шығыс өркениетін жалғастыратын алтын көпір атанған ару Астананың бүгінде төрткүл дүниенің толғақты түйіндерін талқылайтын жаһандық орталыққа айналғаны да ақиқат. Оған елордамызда ЕҚЫҰ саммиті, VII Қысқы Азия ойындары, ИКҰ форумы, Астана экономикалық форумы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері өткізілетіндігі толық дәлел бола алады. Халықаралық айтулы оқиғалардың дүбірлі ордасына айналған елорданың бұл дәстүрлі эстафетасын өткен жылы «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі жалғастырды.

Қазіргі уақытта Астананың аумағы 722 шаршы шақырымнан асады, тұрғындар саны 1 миллионнан өтіп жығылды.

Ел астанасын ауыстыру Астананың экономикалық дамуына қуатты серпін берді. Қала экономикасының қарқынды дамуы көптеген инвесторлар үшін тартымды болып отыр. Астананың елге тартылған инвестициялардың республикалық көлеміндегі үлесі 10 пайызға, ал, республика экономикасындағы өңірлік жалпы өнімінің үлесі 10,2 пайызға тең.

Қала экономикасының негізі — сауда, өнеркәсіп өндірісі, көлік, байланыс және құрылыс салалары.

Шаһардың өнеркәсіп өндірісі негізінен құрылыс заттарын, азық-түлік өнімдерін шығару мен машина жасау ісі төңірегіне шоғырландырылған. Астана Қазақстанда құрылыс металл бұйымдарын, пайдалануға дайын бетон және бетоннан жасалған құрылыс заттарын шығару жөнінен алдыңғы орынды иеленеді.

Қаланың ірі кәсіпорындары қатарында Целиноград вагон жөндеу зауытын, «Цесна-Астық» концернін, «Тұлпар-Тальго» ЖШС жолаушылар вагонын құрастыру зауытын, «Еврокоптер Казахстан инжиниринг» ЖШС тікұшақ құрастыру зауытын айтуға болады.

Қала Қазақстандағы ірі бизнес орталығының біріне айналды. Кәсіпкерлік мәдениеті қарыштап дамып келеді — Астанада 128 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысандары жұмыс істейді.

Мұның барлығы қысқа ғана мерзімде бой көтерген ел Ордасының мәртебесі. Мәңгілік өркендеу мен өрлеудің нышаны.

Сонау 13 ғасырда Мәңгі тасқа Тоныкөк жазба қалдырған екен. Онда: «Түркі елінің көксегені – Мәңгілік ел» делінген. Бабалардан жалғасқан ұлы мұратқа қол жеткіздік. Ендігі ел болашағы баянды болғай. Жиырма жылда еңсені тіктеп, дамыған елдермен терезесін теңеген Елорданың ғұмыры ұзақ болсын.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында: «2018 жыл – елордамыз Астананың 20 жылдығын атап өтетін мерейтойлы жыл. Бас қаламыздың қалыптасуы және Еуразияның маңызды даму орталықтарының қатарына қосылуы — баршамыздың ортақ мақтанышымыз», — деді.

Ел кіндігі, жерұйығы, шамшырағы Астананың мерейтойы құтты болсын.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға