Ұлт бірлігі идеологиясының басты тірегі

08.08.2018 1142

Еліміз енді тәуелсіздік алған тұста, мемлекетіміз үшін ең жауапты кезеңде құрылып, бүгінде тұрақтылықтың тұтқасына, бірлігіміздің бастауына, ұлттар арасындағы достықтың «алтын көпіріне» айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының еліміз үшін маңызы зор. Заманның аласапыран кезінде тағдырдың жазуымен ұлан-байтақ жерімізге  көптеген ұлт өкілдері жер аударылып келіп, қоныстанды. Бүгінде олар қаны бөлек болғанымен, қазақ халқымен жаны бір, ұлты басқа болғанымен, халқымызбен арманы ортақ біртұтас елге айналып отыр. Әрине, бір шаңырақтың астында 100-ден астам ұлт пен ұлысты татулық пен бірлікте ұстап отыру оңай емес. Осыны сезген Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы жылында-ақ Ассамблея құру идеясын ортаға тастаған еді. Нәтижесінде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылып, ол бүгінде сәтті жұмыс істеп, өзге елдердің де жоғары бағасына ие болып отыр.

Тіпті олардың елімізбен арман-мақсатының ортақтығының айғағы ұлттың бірлігі мен татулығына мұрындық болуымен қатар, қайырымдылық, медиация, әлеуметтік көмек, жолдауды — қолдау, ұлттық мерекелерді насихаттау секілді бағыттарда жұмыс істеп, Елбасы саясатын ел ішінде кеңінен насихаттап, мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдаулары мен Үндеулерінің өз дәрежесінде орындалуына қызмет етуде. Шын мәнінде, бұл үлкен жетістік.

Ел бірлігі бірінші орында

Жалпы елімізде халықтың тынышын алып, іріткі салуға қатысты барлық әрекетке тыйым салынған. Бұл туралы тіпті еліміздің Ата Заңында да анық көрсетілген. Онда «Ұлтаралық және конфессияаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады», — делінген. Сондықтан, еліміздің бірлігі мен татулығы, ұлттар арасындағы достық әрқашан алдыңғы орында. Ал, бұл ауызбіршілікті сақтауда, ел бірлігін нығайтуда консультативті-кеңесші орган — Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметінің жоғары екені айтпаса да түсінікті.

Ел бірлігін ойлаудағы Елбасымыздың көрегенділігін еліміз ғана емес, қазір шет мемлекеттер де мойындап отырғанын байқаймыз. Шын мәнінде Қазақстан халқы Ассамблеясы секілді бірегей инстутут басқа ешқандай елде жоқ. Елдегі барлық ұлт өкілдерін бір ортақ шаңырақтың астында жинап, татулықта өмір сүруге мүмкіндік беріп қана қоймай, ел мүддесі үшін тиімді жұмыс істете білу үлкен жетістік. Сондықтан, мұқият ойластырылған стратегиялық идеяның арқасында бүгінде бұл қоғамдық институт елдегі тұрақтылық пен тұтастықты сақтаудың бірегей моделіне айналып отыр. Осы аталмыш ұйымның арқасында елімізде ұлтына немесе діни сеніміне қарамастан әрбір этнос өкілінің конституциялық және азаматтық құқықтары мен еркіндігін толығымен паш ете алатын этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасты.

Ассамблеяның сан түрлі қызметі бар

Осы орайда айта кетер жайт, қазір Ассамблея еліміздегі бірлік пен достықтың ұйытқысы ғана емес, түрлі басқа да қызметтердің үйлестірушісі бола алып отыр. Мәселен, былтыр, яғни, 2017 жылы еліміздегі Ассамблея орталықтары 60 мыңнан астам әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға көмек қолын созып және 8 мыңға жуық әлеуметтік ұйымға қолдау білдірген. Яғни, Ассамблея қайырымдылық бағытындағы өзінің жұмысын кіршіксіз орындап, қоғамның дамуына өз үлесін қосып келеді. Бірліктің бастауына айналып қана қоймай, түрлі әлеуметтік жобаларға мұрындық болып отырған ұйымның бұдан басқа да ел білмейтін қызметтері  жетерлік. Мәселен, соңғы жылдары қолға алынып, ел ішінде кеңінен насихаттала бастаған медиацияны дамыту да осы ұйымның бір жұмыс бағыты десек болады. Бүгінде Достық үйлерінің жанынан ашылған медиациялық кабинеттер өз қызметтерін мүлтіксіз орындауда. Қазақ халқының ата дәстүрінде бұрыннан бар бітімгершілік дәстүрі бүгінде Ассамблея арқылы кеңінен насихатталып, барша этнос өкілдеріне кеңінен тарауда. Медиаторлар арқылы талай іс өз шешімін табуда. Бұл да болса Ассамблея арқылы елімізде сәтті жүзеге асырылып жатқан бір жоба деуге болады. Сондай-ақ, Алғыс айту күнінің туындауына, «Қазақтану» жобасының қолға алынуына да Ассамблея себеп болды деп айта аламыз. Бүгінде 1-наурыз Алғыс айту күні арқылы еліміздегі өзге ұлт өкілдері бір кездегі қазақ халқының дархан мінезі мен кең пейілін паш ете түссе, «Қазақтану» жобасы ұлттың қадір-қасиетін, құндылықтарын, абыройын одан әрі арттыра түсеріне сенім мол. Осылайша, қазақ халқы өзінің ұлттық болмысының арқасында еліміздегі барлық этностардың басын қосып, мемлекет құраушы ұлт, Тәуелсіз ел бола алатынын көрсетіп отыр.

 ҚХА о баста ұлттар достығын сақтау мақсатында құрылғанымен, уақыт өте құрылымның мәртебесі өсіп, абыройы артқанын, жаңа міндеттер жүктелгенін байқаймыз. Сондықтан, Ассамблеяға деген сенім де артып, 2007 жылы арнайы Ата Заңға өзгеріс енгізіліп, аталмыш ұйымға конституциялық мәртебе берілді. Осылайша, ендігі жерде Ассамблеяның тоғыз мүшесі Мәжілісте халық қалаулысы болу құқығына ие болды. Шын мәнінде бұл да Ассамблеяға деген үлкен сенімнің, артқан үміттің арқасы болса керек.

Жалпы, елімізде қоныстанған өзге ұлт өкілдерінің ұлттық тілдерін, салт-дәстүрлері мен ұлттық мәдениетін өркендетуге толықтай мүмкіндік беріліп, жағдай жасалған. Осы мақсатта түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, әр ұлттың ұлттық мерекелері де ұмыт қалмай, еліміздегі барлық ұлт өкілінің бір-бірімен мәдени қарым-қатынас жасауы сөзіміздің дәлелі бола алады. Әр өңірдегі этномәдени орталықтардың ұйымдастыратын іс-шаралары сол өңірдегі Достық үйлерін жыл он екі ай бос қоймайтыны байқалады. Сондай-ақ елімізде неміс, корей, өзбек, әзірбайжан, ұйғыр, поляк және шешен секілді этномәдени орталықтардың жексенбілік мектептері тұрақты жұмыс жасайды. Олардың барлығы Достық үйлерінің жанынан ашылған.

Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің түкпір-түкпірінде құрылған өз этномәдени орталықтары арқылы әр этностың өз тілін, өз мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрлерін сақтауға көңіл бөліп отыр. Яғни, этностардың өздерінің ұлттық құндылықтарын сақтауға Ассамблеяның қолдауы мен көмегі толыққанды мүмкіндік туғызып отыр. Мәселен, тікелей Ассамблеяның қолдауымен құрылған еліміздің әр аймағынан ашылған 300-дей тіл үйрететін жексенбілік мектептердің жастар үшін маңызы зор болып отыр. Бүгінде бұл жексенбілік мектептер өздерінің ұлттары үшін ғана емес, еліміздегі барлық ұлттың балаларына қызмет етуде. Яғни, жексенбілік мектептердің есігін тіл үйренем деген кез келген ұлттың баласы еркін ашып кіре алады. Сонымен қатар, тіл үйреніп, мүмкіндігін арттырам деген қазақ ұлтының балалары да корей, неміс орталықтарындағы жексенбілік мектептердің табалдырығынан жиі аттайды екен. Демек, жексенбілік мектептер еліміздегі талай адам үшін беріліп отырған үлкен мүмкіндік деуге болады. Ассамблея ашу арқылы қол жеткізген мұндай мүмкіндіктерді еліміздегі барша этнос өкілдері өз мақсатына тиімді пайдаланып отыр. Сондай-ақ, бүгінде ҚХА-ның жанынан құрылған, тұрақты түрде жұмыс істейтін, атқаратын қызметі әр алуан түрлі ұйымдар да бар. Ғылыми-талдамалық кеңесте түрлі ғалымдар қызметі жұмылдырылса, Қоғамдық келісім кеңестері мен Аналар кеңесі түрлі іс-шаралардың ұйытқысы. Осынау санқызметті ұйымдардың іс-шараларының барлығы Достық үйлерінде ұйымдастырылады. Бұл құрылымдардың әрқайсысының өзіндік атқаратын рөлі зор. Ұйымдастыратын іс-шаралары да әр алуан. Еліміздің барлық өңірінде ашылған Достық үйлері негізінен Елбасының «еліміздегі барлық ұлттар ұлттық мәдениетін сақтап қалуы керек» деген пікірінен соң ашылғанын айта кету керек. Бүгінде еліміз бойынша 30 шақты Достық үйлері бар. Онда барлық ұлттың ұлттық мәдениеті мен ата дәстүрін дәріптеуге барлық жағдай жасалған. Және талай ұлтқа ұя болып отырған Достыұ үйлері еліміздің түкпір-түкпірінен әлі де ашылу үстінде. Жақында ғана Астана қаласының туған күніне Маңғыстау өңірінің Достық үйін сыйлауы бұл орталықтың қоғам үшін маңызды болуынан болса керек.

Ең бастысы қоғамымызда жасалып жатқан осынау қыруар шаралардың, атқарылған жұмыстардың арқасында елімізде саяси тұрақтылық пен ұлтаралық татулық берік сақталған. Ассамблея арқылы қол жеткізіп отырған бұл жетістігімізді әлемнің аса беделді халықаралық сарапшылары мен халықаралық дәрежедегі ұйымдары бірауыздан барша әлем жұртшылығына үлгі боларлық басты жетістігіміз деп мойындайды. Елбасының көреген салиқалы саясатының арқасында ешқандай елде жоқ, тек қана өз еліміздің ішкі ерекшеліктерінен туындаған, уақыт сынынан сүрінбей өткен, басқалар тарапынан үлгілі тәжірибе деп мойындалған, саяси, экономикалық, әлеуметтік және ұлттық дамудың қазақстандық моделін қалыптастыра алғанымыз ел ретінде зор абырой деуге болады. Бұл жетістігіміз еліміздің абырой-беделін көтеріп, бір шаңырақтың астында сыйластықта өмір сүріп жатқан ұлтымыздың дарқан мінезі мен парасатын, күллі әлемге паш етті.

 Ассамблеяға берілер баға жоғары

Мақтанышпен айта кетер жайт, бүгінде еліміздің Ассамблея құрудағы озық тәжірибесін кейбір мемлекеттер өз елдерінде қолданысқа енгізе бастаған. Олардың барлығы біздің елімізден үлгі алып, біздің тәжірибемізге сүйеніп, құрылып отырғанын айта кету керек. Олардың Ассамблеяға жоғары баға беруіне себеп болып отырған негізгі жайт — Ассамблеяның жергілікті негізгі ұлт қазақ халқының топтастырушылық рөлін сақтай отырып, қазақстандық тұтастықты сақтауға қызмет етіп, бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру жолында елдегі этносаралық келісімді қамтамасыз ете білуі болып отыр.

Дүниежүзінде біз секілді көп этносты мемлекеттер баршылық. Алайда олар осы ерекшеліктерін өз мүддесіне тиімді жұмыс істете алмай отырғаны жасырын емес. Айналамыздағы болып жатқан түрлі саяси қақтығыстар, бірлігіне сына қағылып, берекесі қашқан жұрттар соның айғағы. Осы орайда шетелдік сарапшылардың пікірін мысалға келтіре кетсек. Еуропалық одақтың Қазақстандағы елшісі Траян Христеа: «Ассамблея этносаралық тағаттылықтың бірегей моделі бола отырып, Қазақстанда тұратын этностық топтар арасындағы татулықтың, келісім мен достықтың берік іргетасы болып табылады» десе, Израильдің мемлекеттік қайраткері Меир Данино: «Қазақстан халқы Ассамблеясы — бұл бірегей институт… Сіздердің Президенттеріңіздің Ассамблеяны құру туралы шешімінің көрегендігіне таң қаламын» деп, өзінің жылы лебізін білдірген. Еліміздегі Ассамблея мүшелерінің де елімізде қалыптасқан қоғамдық келісімді дамытуға қатысты пікірлері жоғары. Осы орайда «Қазақстан-Корея» достық қоғамының президенті Клара Хан: «қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтаудағы Ассамблеяның қызметі өлшеусіз. Өз басым Ассамблея Елбасы күткендегіден де жоғары жетістікке жетті деп ойлаймын. Өйткені, бұл ұйым ұдайы өзін жетілдіру үстінде. Еліміздегі ел дамуының бел ортасында атсалысып, барлық ізгі қадамдардың ортасында жүрген бірегей институт ұлт бірлігі идеологиясының басты тірегіне айнала білді. Осы орайда Елбасы сенімінің ақталғанына қуанамыз» дейді.

Сондай-ақ, осы уақытқа дейін елімізде қалыптастып отырған қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін зерттеуге әлемнің 10 шақты елінен зерттеушілер қызығушылық танытқан. Және толеранттылықтың айырықша үлгісі ретінде таныған 70-ке жуық шетелдік сарапшылар мен ғалымдар, қоғамдық ұйымдар мен дипломаттар тереңірек зерттеп, танысуға өтініш білдірген. Басқалардың қызығушылығын тудырып отырған жетістігімізді бағалай білуіміз керек.

Еліміз қарқынды даму үстінде. Елімізде мекендеген барлық ұлттар арасында татулық пен бірлік сақталып, біртұтас ел ретінде күшімізді біріктіре отырып, бәсекеге қабілетті ұлт болуға күш салуымыз қажет. Елімізде өркениетті елдер қатарына қосуды мақсат еткен Елбасының да көздегені, арман-мақсаты осы. Сөзімізді түйіндей келе айтарымыз, бүгінде ауызбіршілігі қашқан елдердің экономикасы артқа кетіп, берекесі қашып отырғанын ұмытпай, этносаралық татулығымызды арттыра отырып, тек ұдайы дамуды мақсат етуіміз керек.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз. 

Ұқсас материалдар