Жаңалықтар

Ерзат Омашев: Қасиетті жерлер Заңмен қорғалуы тиіс

Ерзат Омашев: Қасиетті жерлер Заңмен қорғалуы тиіс
18.10.2018 05:45 8047

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақтың әрбір киелі жерлерінің тарихын бүгінгі ұрпақ білуі керектігін, жалпы, қазақтың жері туралы мағлұмат кең болуы қажеттігін атап айтқан-ды.

Мемлекет басышы бұл ретте «Біртұтас ұлт болу үшін қоғамдық сананы жаңғырту керек. Ол үшін халық санасына жалпыұлттық құндылықтардың қасиетін сіңіру қажет. Қазақстанның киелі жерлерінің картасы жасалынып, бүгінгі ұрпақтың санасына еліміздің, жеріміздің қасиеті, тектілігі, мықтап сіңірілуі тиіс. Сонда ғана біз Отанын сүйетін, ұлтына жаны ашитын жастар легін қалыптастыра аламыз» деген болатын.

Міне, Мемлекет басшысының осы ұсынысын жүзеге асыру мақсатында қазірде елімізде «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы құрылды. Орталықтың басшысы болып саясаттанушы Берік Әбдіғалиев тағайындалды. Қазірде орталық өздігінше жұмыс атқарып, бірқатар істерді тындырып та үлгерді.

Әулиелі жерлердің тізімі жасалды

«Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиевтің айтуынша, қазіргі таңда жоба бойынша бірқатар жұмыстардың басы қайырылды. Бірінші кезекте еліміздегі әулиелі жерлердің тізімі жасалған. Бұл ретте орталық басшысы «ата-бабалардың басына түнеу, әулиелерді аралау қазақтың дәстүрінде бар. Бұл — ежелден келе жатқан дүние. Сондықтан, біз осыны ескеріп, әулиелі жерлердің картасын жасадық. Ол үшін бүкіл аймақтарды араладық. Әр жердің өз киесі, діни-ғұрпы бар екенін ескердік. Ұлт азаттық көтерілісіне қатысты жерлерге, батырлар тарихына байланысты жерлерге де назар аудардық. Қазір Орбұлақ шайқасы, Аңырақай шайқасы, Қалмаққырылған жерлері арнайы картаға енгізілді. Сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан облысында «Таңбалы тас» атты киелі жер бар. Ол жерлерде бүкіл қазақтың таңбалары белгіленген. Осы жерлерді де картаға енгізіп отырмыз. Жалпы, әулие-әмбелер жатқан жерлердің де тізімдері жасалды. Алдағы уақытта осындай карталар арқылы жастар Қазақстанның киелі жерлері туралы тереңірек ақпарат алып, мәнді мағлұматтарға қанық болады», деді.

Жалпы, Берік Әбдіғалиевтің айтуынша, бұл жоба бойынша атқарылып отырған көптеген шаруалар баршылық. Оның айтуынша, елдегі тарихи нысандардың сыртқы сәулеті, биіктігі, әсемдігі аса маңызды емес, ең маңыздысы — ол жерлердің аңызы. Сондықтан, болашақта «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы маңызды жерлердің аңызы туралы кеңінен ақпараттар жинауға күш салатын болады.

Киелі жерлер біздің қалқанымыз

Негізінен, Елбасы ұсынып отырған «Қасиетті Қазақстан» жобасын ғалымдарымыздың көпшілігі қуаттап отыр. Бұл ретте этнограф ғалым Ажар Күмісханованың айтуынша, мұндай қасиетті жерлер — біздің қалқанымыз. Себебі, қазір Жапония, Түркия, Германия, Қытай, Корея, Сауд Арабия елдерінің тарихы әлемге танымал. Еуропа елдерінің тарихын әлем біледі. Осыған байланысты этнограф ғалым «Қазақстанның да тарихын әлем елдері білуі тиіс. Біздің қасиетті жерлеріміздің көп екенін шетелдіктер көруі керек» деді.

«Қазір рухани жаңғыру арқылы мемлекеттер бір-бірінен асып түсуі керек. Сондықтан, озық білім, тереңдетілген рухани қасиеттер арқылы мемлекеттер бір-бірімен бәсекеге түседі. Ақпараттық даму ғасырының негізгі сұранысы осы. Сондықтан, мұндай киелі жерлер біздің қалқанымыз. Бізге сыртқы әсерлерден сақтану үшін мұндай бастамалар керек. Киелі жерлер — ұлттың иммунитеті», деді этнограф-ғалым Ажар Күмісханова.

Киелі жерлер заңмен қорғалуы тиіс

Еліміздегі киелі жерлерге қатысты сөз еткенде, заңдық тұрғы жайы да айтылмай қалмады. Заңгер мамандарымыздың айтуынша, біз киелі жерлерге қатысты нақты заң қабылдағанымыз жөн. Бұл ретте заң ғылымының докторы, Ерзат Омашев: «Бізде қасиетті жерлерде орналасқан ескерткіштер заңмен қорғалады. Бірақ, оған кірмейтін жерлер де бар. Мысалы, киелі жерлерде орналасқан тау-тастар, бұлақтар заңмен қорғалмаған. Қазір қасиетті жерлерді аралап жүрсеңіз, тұрғындардың тауларға аты-жөнін жазып кеткенін, әп-әдемі тау-тастарының беті шимайланып қалғанын көруге болады. Мұндай көріністер жиі кездеседі. Сондай-ақ, киелі жерлердің бұлағын суатқа айналдырып, оған барып табын-табын малын суарып, бұлақ басын былғап тастайтындар да бар. Меніңше, осы мәселелерді ескере отырып, жаңа заң жобасы жасалса деген ұсынысым бар. Алдағы уақытта еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі осы ұсынысты ескерсе жөн болар еді. «Тарихи ескетркіштерді қорғау» заңына «Қасиетті жерлерді қорғау» деген бапты енгізсек жақсы болар еді», деді заңгер Ерзат Омашев.

Қара суымыздың өзі тұнып тұрған байлық

Жалпы, мамандардың пайымдауынша, қазақтың киелі жерлері өте көп. Біз соның қасиетін нақты көрсетуге міндеттіміз. Болашақ ұрпақ санасына киелі жерлеріміздің тарихын, мағынасын, мәнін ұғындыра білсек бұл бізді шоқтығы биік ел екенімізді көрсететінін алға тартады мамандар. Тіпті, бұл ретте «қазақтың қара суының өзі ерекше қасиетке ие» деген мамандар да табылды.

Мәселен, гидрогеолог Қорлан Шаяхметованың айтуынша, бізде Іле Алатауынан, Шымкент өңірінен ыстық судың шығуы жиі кездеседі. Мысалы, ғылыми зерттеулерге жүгінсек, елде Іле Алатауының маңынан, Шымкент қаласынан жер астынан ыстық сулардың шығу көрінісі бар.

«Олардың жоғары қысымы 80-100, 40-45 градусты көрсетіп отыр. Павлодар облысында жер астында 20-25 градустық жоғары қысымда ыстық сулардың бары белгілі болып отыр. Маңғыстаудың маңында ыстық сулар бар. Бірақ, әзірге бұл ыстық сулардың қасиеті, құрылымы толық зерттеліп болған жоқ. Осы жерде бір айта кетерлігі, біздің еліміздегі жер асты суларында сирек кездесетін металдар, химиялық элементтер көп. Еліміздегі жер астынан шығатын минералды сулардың құрамы тіптен ерекше. Қазір біз тек «Сарыағаш» минералды суын ғана пайдаланып жүрміз. Ал, елде қаншама минералды сулардың қасиеті зерттелмей жатыр», дейді гидрогеолог маман Қорлан Шаяхметова.

Сондай-ақ, осы мәселеге қатысты техника ғылымының докторы Қайыркелді Аязбаев: «Бізде Батыс Қазақстан облысы бойынша жер асты суларының ішінде кездесетін сирек металдар тіптен құнды. Мұндай сирек кездесетін металдарды әлемдік тұрғыда «судан алынатын рудалар» дейді. Әлемдік нарықта олардың бағасы мұнай мен алтыннан да қымбат. Болашақта біз осы мүмкіндікті пайдаланып қалуға күш салуымыз керек.

Табиғи байлық дегенде тағы бір басымдық беріп айта кетер жайт, қазір елімізде йод тапшылығы мықтап орын алып тұр. Ал, сол йод тапшылығын біздегі табиғи байлық көзі арқылы жоюға әбден болады. Ғалымдардың дәлелдеуінше, Аралдың суының құрамында йод ресурсы тұнып тұр. «Негізі, жерден шығатын ыстық суға халық бекерден-бекер сеніп, емдік қасиетіне бас ұрып барып жатқан жоқ. Денсаулыққа пайдасы болған соң халық ыстық суға қарай беттеп жатыр. Есебін тауып зерттесе, ол судан да қаншама сирек кездесетін металдар табылатын еді. Сондықтан, болашақта қазақтың киелі жерлерінің қатарына осындай жайттарды зерттеуді де енгізгеніміз жөн» дейді Қайыркелді Аязбаев.

Күрескерлер жатқан жерлер де киелі

Мамандар алға тартып отырғандай, «Қасиетті Қазақстан» жобасы қазіргі кезеңде керекті құндылық. Біздің бұған дейін тарихымызды біле алмай, дәріптей алмай келгенімізді алға тартқан мамандар, ендігі кезекте осы жобаны пайдаланып, барлық құндылықтарымызды түгендеп алуымыз қажеттігін алға тартып отыр. Бұған қатысты тарих ғылымының кандидаты Елдос Сүлейменұлы «Біз кезінде КСРО-ның қабағына жалтақтап, тарихымызды толық зерттей алмадық. Тіпті, бұрмаланған тұстары да болды. Енді біз үшін осы жобаны пайдалану қажет. Үлкен мүмкіндік туып отыр.

Мысалы, Кенесары ханның әскері туралы біз толық біле бермейміз. Көптеген батырларымыздың толыққанды қайда жерленгенін де біле бермейтін тұстар көп. Мәселен, Астананың түбінде Беспақыр деген бейіт бар. «Қасиетті Қазақстан» жобасын ұстана отырып, зерттей келе, әлгі бейітте Кенесары ханның әскерінде болған бес батырдың жерленгені анықталды. Сол тәрізді Кенесарының қарындасы Бопай ханшаның жерленген жері Ақтөбе жақта болуы мүмкін екендігі де айтылып отыр. Міне, осындай тың деректердің әлі де көп екендігіне өз басым күманданбаймын. Сондықтан, «Қасиетті Қазақстан» жобасы арқылы толыққанды зерттеу жұмыстары жүргізілгені дұрыс деп есептейміз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға