БАЛҚАШТАҒЫ «ТОҚЫМҚАҒАР» ЖИЫН

12.11.2018 416

Бір сұхбатында жыл сайын өткізілетін «Жібек жолы бойындағы сұхбаттар» жобасын оның авторы, жазушы, мәдениеттанушы, қоғам қайраткері М. Әуезов «Зиялы қауымға арналған семинар» деп сипаттапты.

Жобаның жұртшылықты елеңдетіп, бұқаралық ақпарат құралдарының назарынан тыс қалмайтын себептерінің бірі де сол – қазіргі у-шу, даурыққан, дабыралы заманда, толғауы тоқсан түрлі мәселені алдыға тартып, байсалды, зиялы әңгіменің арқауы ететіндігінен де болар...

Қазіргі кезде дәстүрге айналған, Орталық Азия өңірі елдері мен халықтарының арасындағы жан-жақты байланыстардың жаңғыруына және нығаюына ықпал етуді көздейтін мәдениеттанушылық жоба жиындарының өткізілу форматы да ерекше. Олар негізгі проблемаларға талдау жасап және оларды шешу жолдарын іздестіре отырып, ашық, жаймашуақ сұхбаттасулар нысанында өткізіледі. 

Әу баста Орта Азия өңіріндегі зиялы қауымның Қазақстанның оңтүстік өлкесіндегі шығармашылық кездесуі ретінде ойластырылған іс-шара бірте-бірте қанатын кеңге жайып, халықаралық форум деңгейіне дейін жетті. Құрылтай жиынына тарих ғылымының докторы Марат Сембі, филология ғылымдарының докторы, Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері Сафар Абдулло, ресейлік өнертанушы Шариф Шукуров, ресей Федерациясының ЮНЕСКО істері жөніндегі мемлекеттік комиссиясының мүшесі Евгений Сидоров, Мәскеу университетінің профессоры Николай Афанасьев, қырғыз көсемсөзшісі Мусуркула Қабылбеков қатысқан болса, қазір оның жұмысына қатысуды Орталық Азия елдерінің көрнекті ғалымдары мен қоғам қайраткерлері өздеріне мәртебе санайды.

Аясында айтылатын әңгіменің, көтерілетін тақырыбының үндестігі жобаны 2007 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы қанатының астына алып келіп, содан бері бұл Халықаралық мәденитанушылық жоба Орталық Азия мемлекеттері мен Қазақстан үшін өзекті тақырыптарды талқыға салып келеді. Ал, оған Орталық Азия елдерінің ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияларының Бас хатшылары қатысуынан семинар тақырыптарына арқау болатын өңірлік мәдениет пен тарихқа байланысты мәселелердің маңыздылығы көрінсе керек. 

Зерделей қарап отырған адамға семинарлардың тақырыбы сол кезеңде қоғамда қандай мәселенің өзекті болғаны, кейбір күрмеуі қиын мәселелердің жігін жатқызуға зиялы түрде үлес қосу талпыныстары айқын аңғарылады.

Айталық, «Жібек жолы бойындағы сұхбаттар» жобасының алғашқы I, II, III семинарлары Қазақстандағы этносаралық қатынастарды үйлестіру мәселелеріне арналған. Республиканы мекендеген этностардың көрнекті өкілдерінің қатысуымен өткізілген сол жиындарда ел бірлігі, бір шаңырақ астындағы ынтымақтастық, қоғамдық келісім мәселелері талқыланып, кейіннен іргелі құжаттарға негіз боларлық тұжырымдар жасалды.

Жоба елішілік мәселелермен шектелмей, тұтастай Орталық Азия өңіріндегі мәдени даму тарихына бойлап, бағзы замандардан келе жатқан байланыстарды ұтымды жалғастыру жолдарын іздестіреді. Бұған IV семинар Қазақстан мен көршілес Қырғызстан арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға арналуы, V және VI семинарлардың әңгіме арқауы тарихы мен рухани дүниеміздің жақындығы негізінде Орталық Азия халықтарының өз-өзінің өңірлік ерекшеліктерін танып, айқындау мәселелерін зерделеуге арналуы дәлел бола алады.

Бұдан кейінгі семинарларда бітімгершілік, Орталық Азия өңіріндегі интеграциялық процестер, Қазақ хандығының 550 жылдығы және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Орталық Азия елдері халықтарының ынтымақтастығы мен келісімі, Ұлы Жібек жолы халықтары мен бітімгершілік дәстүрлерін ескере отырып, дағдарысты және жанжалды ахуалдардың алдын алу жолдары мен жою алгоритмі сияқты сол уақыттың өзекті тақырыптары ортаға салынды.   

Таңдалған тақырыпқа сәйкес, сол жылғы семинарға өз елімізбен қатар, Ресейдің, Қырғызстанның, Өзбекстанның, Тәжікстанның, Түрікменстанның белгілі ғылым қайраткерлері қатысады.  

Бұл семинардың өзі тақылеттес іс-шаралардан айырмашылығы сол – әсіресе, соңғы жылдары, атауына байланысты Ұлы Жібек жолы өтетін жерлерде көшпелі жиын өткізілетіні. Сәйкесінше, семинарды әр жылдары Алматы, Ош, Тараз, Астана, Бурабай, Талдықорған қарсы алды. Ал биылғы жылы 26-27 қыркүйекте «Жібек жолындағы сұхбаттар» Қарағанды облысының Балқаш қаласында жалғасты. 

Семинар аясындағы іс-шаралар Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Л. Прокопенко бастаған қатысушылардың Бектау-ата шатқалына көтеріліп, Қазақстанның халық ақыны және композитор Шашубай Қошқарбаевтың кесенесіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Одан кейін «Ұлы дала өркениеті» этноауылында «Ұлы дала елінің қасиетті мұрасы» республикалық тарихи-экологиялық акциясы шеңберінде ұлттық салт-дәстүрлер дәріптелетін қойылымдар көрсетілді.

Шындығында да, қазақ тұрмысы мен мәдениетіне негізделіп, жергілікті көркемөнерпаздар ұйымдастырған бұл қойылымдар семинарға елдің түкпір-түкпірінен келген түрлі этнос жастары үшін де, көршілес елдерден келген қонақтар үшін де нағыз «қазақтану» сабақтары еді.

Таза ауа, тарихи ортада танымдық қуат алған жастар, әсіресе жергілікті қыз-жігіттер үшін, Балқаш қаласының көрікті ғимараттарының бірі – Мағауия Хамзин атындағы Мәдениет сарайында жастарға арналған мәдени-танымдық «Рухани жаңғыру» коворкинг-орталығының салтанатты ашылуы зор қуаныш еді. Осындай, жиналғандарды оң жаңалықпен қуаттандырған рәсім кешке шығармашыл жастардың «Балқаш күзі» I фестиваліне жалғасты. 

Ертеңіне негізгі іс-шара – «Жібек жолы бойындағы сұхбаттар-2018: Ұлы Жібек жолы – тарих және қазіргі заман» халықаралық кездесуінің жұмысын Ассамблея Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Леонид Прокопенко құттықтау сөз сөйлеп, ғасырлар бойы қатар қоныстанған елдер тарихын танып, зерделеуде жобаның атқарып отырған рөліне кеңінен тоқталды. Бұдан кейін жазушы, мәдениеттанушы, қоғам қайраткері Мұрат Әуезов жүргізіп, Орта Азия мен Ресейдің сарапшылары, философтары, саясаттанушылары, ғылым мен мәдениет қайраткерлері, ҚХА-ның «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелері қатысқан семинарда қашанғыдай танымдық мәні мол әңгіме айтылды. 

Өзбекстаннан келген қонақ, мәдениеттанушы А.Б. Джумаев Орталық Азия халықтарының үйлесімді тіршілік ету, өзара көмек көрсетуінің қажеттігі туралы айта келіп, сакральдық объектілер мен Ұлы Жібек жолында «жаһандық желіні» құрайтын ұғымдар мен идеялар кешені бұл процесте үлкен рөл атқаратынына тоқталды. Қонақ ғалымның пікірінше, олар өңірдің ортақ мәдени мұрасы мен дәстүрлі мәдениетінің ажырағысыз бөлігі ретінде қарастырылуы керек.

Тәжікстан Республикасы Ғылым академиясының Азия және Еуропа елдері проблемаларын зерттеу институтының директоры Ниёзи Ёрмахмад Жібек жолын Орталық Азиядағы интеграциялық процестерді кеңейту факторы ретінде қарайтынын атап көрсетті. Екі ел арасындағы қатынастар туралы айта келіп: «Тәжік халқы азаматтық соғыс жылдарында қазақ бауырлар көрсеткен ізгі көмекті ешқашан ұмытпақ емес. Күні бүгінге дейін Қазақстан биыл қанша астық жинайды екен деп күтіп отыратынымыз сол кезден жалғасып келеді» деп, екі ел арасындағы экономикалық байланысты нығайту қажеттігіне тоқталды.

Сондай-ақ ғалым тәжікстандық сарапшылар Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың «Нұрлы жол» бастамасына қызығушылық танытып, елдің өзі арқылы жаңа идеяларды, инновациялар мен технологияларды өткізетін Батыс пен Шығыс арасындағы транзиттік аумаққа айналуын жоғары бағалайтынын білдірді.

Бішкектен келген ақын қыз Перизат Алмазова Ұлы Жібек жолына арнаған жырын оқыса, Қырғыз Республикасы Ғылым академиясының аспиранты Элеонора Турдубекова археологиялық, бейнелеу және жазба дереккөздерді пайдалана отырып, белгілі бір тарихи дәуір мен өңірдің материалдық және рухани мәдениетін қайта жасау, тарихи қайта өңдеу мәселесі туралы ойын ортаға салды.

Түрікменстандық  Аманмұхамед Сапаргелдыев Ұлы Жібек жолының шығыс және батыс мәдениеттерін өзара байыту жолы ретіндегі рөліне тоқталса, Ташкенттен келген халықаралық қатынастар магистрі Гунеш Ходжакулиева өткен заманның рухани құндылықтарын қазіргі заман қоғамына жеткізудегі жаңашыл театрлар жасаған батыл қадамдармен таныстырды. Ақтөбелік жас философ Дмитрий Мацюк Ұлы Жібек жолының жалпыға ортақ мәдени құндылықтарды қалыптастыруға жасаған ықпалы туралы ойлы баяндамасын жиналғандар назарына ұсынды.

Іс-шараны ұйымдастырушылар бағдарламаны жасағанда да қазақы қонақжайлық дәстүрін ұстанғаны көрініп тұрды – сырттан келген қонақтарға алдымен сөз беріліп, өз еліміздің түкпір-түкпірінен келген қатысушыларға кезек жиынның екінші жартысында келді. Бұрынғы кездесулердің қалай өткізілгенінен хабарымыз бар болғандықтан, Балқаш кездесуінің тағы бір жақсы ерекшелігін байқадық: биылғы семинарға жас ғалымдар көбірек шақырылыпты. Бұны семинарды бастаған кезде жоба авторы Мұрат Әуезов: «Тіршіліктің барлық саласында ұрпақтар сабақтастығы болуы керек. Айтқан ой, бастаған ісіңнің құндылығы оны алға апарар ізбасарлардың болуымен өлшенеді. Сондықтан біз Жібек жолы дәстүрлерінің жалпыға ортақ мәдени құндылықтарды, этносаралық және конфессияаралық толеранттылықты қалыптастырудағы рөліне байланысты жастардың өз ойларымен бөлісуіне мүмкіндік беруді ойластырдық» деп түсіндірді.

Аға ғалымның бұл сөзін қуана қоштаған қазақстандық жас ғалымдар: атыраулық Ә. Ығылова, талдықорғандық Ө. Қуанған, қарағандылық Н. Смағұлов, астаналық А. Жүнісханов, тағы басқалардың ортақ ойы А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері Т. Тимурдың: «Қазақ салтында бала атқа тұңғыш мінгенде «тоқым қағар» деген ырым жасайды. Бүгінгі семинарды біз жас ғалымдар үшін сондай мәні бар жиын деп қабылдап отырмыз» деген сөзімен айшықталып берілгендей.

Қатысушылардың барлығы дерлік өз сөздерінде жобаның әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртуға, «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға ықпал ететініне сенім білдірді. Балқаш кездесуі қорытындысында қабылданған қарарда «Жібек жолы бойындағы сұхбаттар» жобасының бірегей форматын сақтай отырып, Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің әдеби-көркем байланыстары саласындағы ынтымақтастықты жандандыру қажет екендігіне мән берілді.

Жастарға толеранттылық, Қазақстан этностары мен Орталық Азия халықтарының сан алуан мәдениетін құрметтеу рухында тәрбие беру мақсатында «Ұлы Жібек жолындағы жастар кездесуін» өткізудің орынды екендігі де атап көрсетілді. Бұған биылғы кездесуге жаңа леп әкелген жас ғалымдардың терең ойлары мен аға буын ғалымдардың қызығушылығын тудырған  пікірлері себепші болғаны анық. 

Камал ӘЛПЕЙІСОВА,

жазушы, филология ғылымдарының кандидаты