Жаңалықтар

Бүгінгі өзекті мәселелер Елбасы Жолдауының негізінде шешімін тауып жатыр

«Қазақстандықтардың әл-ауқаты, ең алдымен, табыстарының тұрақты өсімі мен тұрмыс сапасына байланысты»
Бүгінгі өзекті мәселелер Елбасы Жолдауының негізінде шешімін тауып жатыр
30.06.2020 15:34 3018

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2018 жылы 5 қазанда «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын жариялаған еді. Онда Елбасы бірқатар министрлік пен жергілікті әкімдіктерге арнайы «Жол картасын» әзірлеуді тапсыра отырып, «Адам еңбекқор болып, өз кәсібін жақсы меңгергенде және лайықты жалақы алуға немесе жеке кәсіп ашып, оны дамытуға мүмкіндік болған кезде табыс артады. Мемлекет пен адамдардың күш біріктіруінің арқасында ғана Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құра аламыз», - деген болатын.

9d7078e8-9221-4ecf-ae24-cd9c9eb71f2d.jpg

Қазіргі таңда Халықаралық еңбек ұйымының болжауы бойынша, пандемияға байланысты дүниежүзінде жұмыссыздардың саны әлі де көбейеді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, жұмыссыздық деңгейі 25%-дан 40%-ға дейін артқан. Сондықтан әлем мемлекеттері осы тығырықтан шығу үшін әртүрлі тиімді жолдарды қарастыруда. Біздің елімізде бұған қатысты бірнеше жылдан бері іс-шаралар атқарылып келе жатыр. Оны нақты айтатын болсақ, «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы дайындалды. Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жолдауында халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатына орай нақты бағыттар көрсетілген болатын. Дәл бүгінгідей қысыл-таяң шақта осы мәселелер басты назар аудартып отыр. Еліміздегі жұмыс орындарының талаптары да өзгеріп жатқаны белгілі. Аталған Жолдауға сәйкес, бұл жағдайда жұмысынан айырылған азаматтарға, табысы аз әлеуметтік топтарға арнайы курс оқыту, жұмыспен қамтамасыз ету бағдарламаларын қосымша ұйымдастырғанымыз жөн. Әсіресе, қашықтан жұмыс істеуге қолайлы онлайн форматқа бейімдеу, компьютер мен интернетті пайдалануды меңгертуге көңіл бөлген өте тиімді болмақ.

Бүгінгі дүрбелең тудырған пандемияның кесірінен көптеген жұмыс орындары жабылып, кәсіпкерлер табысынан айырылып, қиыншылық көруде. Мұндай жағдайда тек қана ірі бизнестерді дағдарыстан құтқаруды ойламай, шағын бизнестерге де үлкен қолдау қажет.

Жоғарыда аталған барлық мәселелер Елбасымыздың Жолдауында толық шешімін тапқан десек қателеспейміз. Нұрсұлтан Әбішұлы сол уақыттың өзінде алда келе жатқан қиындықтарды дәл болжай келе, «Бүгінде жаһандық және жергілікті проблемалар тоғыса түсуде. Мұндай жағдайда сын-қатерлерге төтеп берудің және мемлекеттің табысқа жетуінің кепілі елдің басты байлығы – адамның даму мәселесі болып отыр.

Үкімет, әрбір мемлекеттік органның, мемлекеттік компанияның басшысы жұмыс тәсілдерін өзгертуі қажет. Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі басты басымдыққа айналуға тиіс», - деп атап өткен еді.

Содан бері Елордамыздың өзінде 30-дан астам бос орындар жәрмеңкесі өтті. Өзін-өзі жұмыспен қамтушы, жұмыссыз халықты және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды мемлекеттік қолдау үшін Жол картасы даярланды, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы 2025 жылға дейін ұзартылды, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша ең төменгі пайыздағы несимен баспана берілді. Сонымен қатар, былтырғы жастар жылына орай жас кәсіпкерлерге арналған қайтымсыз гранттар берілді. Одан бөлек, еліміздегі үш мегаполисте жұмыс істейтін жастар 5 жылға ең төменгі айлық төлеммен пәтерлерге орналастырылды. Биылғы наурыз айында жарияланған екі айлық Төтенше жағдай уақытында табысынан айырылған азаматтарға 42500 теңгеден жәрдемақы тағайындалды. Осы мәселелердің бәрі Нұрсұлтан Әбішұлының алдын ала жоспарлап, бағыт-бағдар берген бағдарламаларының негізінде шешімін тауып жатыр. Елбасымыз айтқандай, расымен де «қазақстандықтардың әл-ауқаты, ең алдымен, табыстарының тұрақты өсімі мен тұрмыс сапасына байланысты».

Шерзод Пулатов

ҚХА Төрағасының орынбасары

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға