Бүгінгі медиация бұрынғы билер соты тәрізді әділ болуы керек

27.07.2018 817

Медиация — бұл екі тарапты татуластырудың ең төте жолы. Қазақылығымызға салсақ, медиацияның бітімгершілік екенін жақсы түсінеміз. Қоғамды жаңғыртуда медиацияның рөлі маңызды екенін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында ерекше атап көрсеткен болатын. Осыған орай, Елбасы елімізде медиацияны дамытуды Қазақстан Халқы Ассамблеясына тапсырған еді.

Нәтижесінде, Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанынан Медиация кеңесі құрылды. Өңірлердегі Достық үйлерінде 17-ден астам медиация кабинеттері ашылды. Ассамблея мен Жоғарғы сот арасында өзара ынтымақтастық түзілді. Бүгінде осы бағытты ұстанғанның барысында 13 мыңнан астам іс бітімгершілікпен шешілсе, 3207 іс сотқа жетпей шешімін тапқан. Бір ескеретін дүние, медиация арқылы азаматтық, еңбекке қатысты және отбасылық жанжалдарға қатысты дау-шарларды шешу жеңілдеп келеді. Бұл ретте біз тілдескен мамандардың басым бөлігі болашақта медиацияның қоғамға берер пайдасы мол екенін алға тартып отыр. Мәселен, заңгер Жасұлан Мақсұтов: «Медиацияның не екенін халық бүгінгі таңда  ұғынды. Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанынан құрылған Медиация ұйымдары екі тарапты татуластыруға барынша күш салып келеді. Мұның, әсіресе, ұлттар арасындағы бітімгершілікті дамытуда маңызы зор. Сондықтан, өз басым медиацияның болашағы бар екеніне сенемін. Болашақта медиация бағытын өңірлік жерлерде дамыту қажет деп есептеймін» деді.

Жалпы, медиация тарихына үңілер болсақ, бұл жобаны БҰҰ-нан бастап Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ауған халықтық ассамблеясы ерекше қолдап келеді. Қазақстанда «Медиация туралы» заң 2011 жылдың 5 тамызында күшіне енді. Халықаралық статистикаға жүгінсек, даулардың 40 пайызы медиация рәсімінде өтеді. Олардың 80 пайызы оң нәтиже береді. Медиаияның негізгі қағидаттары: сыпайылық, құпия сақтай білу, өзара сыйласушылық, тараптардың тең құқылығы, медиатордың әділдігі, рәсімнің ашықтығы екенін атап өткен жөн. Міне, осындай қағидаларды ұстанған кезде ғана бұл бітімгерлік жүйесі нәтижелі болмақ.

Бұл ретте медиатор Айдана Рахымқызы былай деді: «Жалпы, Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанынан құрылып отырған Медиация ұйымын дамыту керек. Ұйымның ісін насихаттау қажет. Әр нәрсенің насихаты келіссе, ол халыққа да ұғынықты, қоғамға да пайдалы болады. Медиация аясында банктік және сақтандыру даулары, отбасылық жағдайлар, жұмыстағы даулар, авторлық құқық мәселесіне қатысты даулар, корпорацияаралық және корпороцияішілік даулар қарастырылады. Өз тәжірибемде орын алған осы жайттардың 80 пайызы сотқа жетпей екі тарапты да қанағаттандыратындай етіп шешілді. Сондықтан, осы дүниені халықаралық талапқа сай жетілдіре білгеніміз абзал. Бұл бізге керек жүйе».

Медиатор мамандар алға тартып отырғандай, аталмыш мәселенің өзектілігі заман сұранысы екенін байқаймыз. Халықаралық стандартқа сай бүгінде медиаторлардың көмегіне жүгінетіндердің артып келе жатқаны анық. Осы ретте сарапшыларымыздың бірқатары «бүгінгі медиация бұрынғы билер сотындай әділ болса» деген ұсыныстарды да айтып қалды.

Бұл ретте экономика саласында жүрген сарапшы маман Қанағат Әбілқайыров:

«Медиация — бұл заман талабы. Сондықтан, бұған үрке қарамай, тәжірибемізге сіңіруге тырысу керек. «Еуропадан келген» деп, жатсынудың да қажеті жоқ. Білесіздер, қазақ халқы Әз Тәукенің «Жеті жарғысымен», Есім ханның «Ескі жолымен», Қасым ханның «Қасқа жолымен» үкім шығарып, әділ төрелігін айтқан. Қазақтың билер соты дала заңында өте әділ, бағалы сөз айта білген. Осыған қарата айтсақ, біздің қазіргі медиаторлар бұрынғы билер соты тәрізді әділ, шешімді төрелігін айта білетін болуы тиіс. Бұл қазіргі қоғамға қажетті дүние болғандықтан, Елбасының тапсырмасымен жүзеге асырылды. Болашақта осы салада сауатты мамандар легі қалыптасса, бұл істің тереңіне үңілсек, мұның ұтымды тұстары баршылық. Сондықтан, осыған назар аудару керек», — дейді.

Негізінен, біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Біз зайырлы құқықтық мемлекет құруымыз керек. Ол үшін еліміздегі әр азаматтың құқы қорғалып, заңдылықтар сақталуы керек» дегенді үнемі айтады. Осыған байланысты мамандар мұндай мәміле алаңдары біз үшін қажет дүние екенін баса айтып отыр. Жалпы, медиацияның маңызы:

Біріншіден, соттарға түскен істердің санын азайтады.

Екіншіден, қоғамды бірлестірудің маңызы артады. Екі тарапты да қанағаттандырып, бітім айту азаматтық қарым-қатынасты нығайтады.

Үшіншіден, ерікті медиаторлар өз білімдерін арттыру арқылы заңдық сауаттылығы тереңдей түседі. Осы арқылы олар қарапайым халыққа түсіндіру жұмыстарын қарапайым тілде жеткізе алатын болады. Бұдан шығатын қорытынды — заңның нормалары, талаптары халықтың арасында түсінікті бола бастайды.

Ал, заң ғылымдарының кандидаты Сырым Өмірзақов болса: «Қоғамда заңды түсінбеу, заңды білмеу — тәртіпсіздік тудырады. Содан барып құзырлы органдарға жүгінеміз. Кейде сол заң білмегендіктен құзырлы органдардың өзі құқықты ескермей, заң бұрмаланып жатады. Осындай сәтте халықтың арасынан шыққан қарапайым медиаторлар халыққа көмекке келеді. Сондықтан, өз басым болашақта халықтың арасынан шыққан медиаторлардың бітімгершілікпен айналысқанын қолдаймын. Елімізде қазір қаншама іс сотқа жетпей, бітімгершілікпен бітіп жатыр. Осының өзі біздің елімізде бұл жүйенің қалыптасып келе жатқанының белгісін көрсетеді. Ендеше, мұндайды тереңдету керек» деді.

Осылайша, мамандарымыздың алға тартып отырғанындай, медиация «әділ бітімгер» болуы тиіс.

Абзалында, қазақ халқы үшін бітімгершіліктің жаттығы жоқ екенін ескерсек, бұл жобаның да өміршең боларына сенеміз. Тоқсан рулы елдің дауын тоқсан ауыз сөздің түйінімен шешкен қазаққа медиатор ұғымы да сіңісіп кетері анық. Ендеше, медиаторларды осы тәжірибені іске асыруда барынша шынайы, әділ болуға шақырамыз. Медиаторлар мәміле алаңында әділ болса, ол да қоғам үшін пайдалы болары анық.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясыпорталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.