Жаңалықтар

Қазақ тіліне қажеттілік артсын десек

Қазақ тіліне қажеттілік артсын десек
14.08.2018 06:33 5730

Еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары тіліміздің тағдыры қиындау болғаны рас. Сондықтан, сол кездің өзінде-ақ ұзақ жылдарға созылған кешенді бағдарламаның арқасында қазақ тілінің қоғамымыздағы дәрежесі мен мәртебесін айқындау қажеттілігі туындаған болатын. Осыған орай Қазақстан Республикасында тiлдердi дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама іске қосылған кезден бастап бүгінгі күнге дейін қоғамымызда қазақ тілінің мәселесін шешуге арналған қыруар істер атқарылып, нәтижесінде ана тіліміз — қазақ тілінің мәртебесі биіктей түсті. Қазақ тілінің қоғамымызда қолданыс аясы кеңейіп, мемлекеттік тіл ретінде өзін мойындатып, нағыз қажет тілге айналды.

Халқымызда «тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деген сөз бар. Сондықтан, тілдің мәселесіне үңілу, тіліміздің мәртебесін биіктету уақыт күттірмейтін мәселе екенін Елбасымыз дер кезінде аңғарды. ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың 2011 жылғы 29 маусымдағы Жарлығымен бекітілген тiлдердi дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасында нақтыланған міндеттердің арқасында, тілдерді дамыту құр қызыл сөз күйінде қалмай, нақты іс жүзінде де өзінің тиімді бағдарлама екенін дәлелдеп келеді. Биылғы жылдың басында Үкімет отырысында аталмыш бағдарламаның орындалу барысына орай өткізілген жиында оған көзіміз жете түсті. Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы туралы баяндаған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлы деректермен, нақтылы сандармен тіл бағдарламасының тиімді жүргізіліп жатқанын айтып, қуантып өтті. Министрдің айтуынша, Қазақстанда мемлекеттік тіл қазақ тілін меңгерген тұрғындардың үлесі бүгінгі күні 85 пайызға жуықтаған көрінеді. Бұл тіл саясатының елімізде дұрыс жүргізіліп келе жатқанын, халықтың тілге деген ықыласын, тіліміздің қолданыс аясының көкжиегі жайылып келе жатқанын аңғартады. Шын мәнінде қуантатын дерек. Жалпы жыл сайын жүргізілетін зерттеу нәтижелеріне сенсек, халықтың мемлекеттік тілді меңгеруі жыл өткен сайын артқан үстіне артып келеді. 2016 жылы қазақ тілінде сөйлейтін тұрғындардың үлесі 82,3 % пайызды құраса, салыстырмалы түрде алғанда 2014 жылы 72,1%, ал, 2015 жылы 76,3% болған екен. 2016 жылдан бері бұл статистиканың жақсы жағына өсе түскені ақиқат.

Бүгінде «өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» саясатын ұстанған еліміз үштілділікке де жете көңіл бөліп отыр. Осы орайда елімізде қазіргі таңда үш тілде қатар сөйлейтіндердің қатары 20,5 пайызға жеткен көрінеді. Алдағы уақытта тiлдердi дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасының аясында бұл статистика тіпті жақсара түседі деген үміт зор. Жалпы, тіл мәселесіне келгенде еліміз байыпты түрде, халық арасында қазақ тілін насихаттай отырып, қолданыс аясын кеңейтіп, оның тұрғындар арасында қажеттілігін арттыруға көңіл бөлгені байқалады. Елбасының осынау сарабдал саясатының арқасында мемлекеттік тіліміздің де мәртебесі биіктеп келеді. Елімізде мемлекеттік қызметшілердің де мемлекеттік тілді меңгеруге деген ынта-ықыласы жоғарылау үстінде. Жалпы, біз тіл мәселесіне келгенде жан-жақты мәселені зерттеп, асықпай-аптықпай, ешкімге мемлекеттік тілді тықпаламай, ақырын жүріп, анық басып келе жатқан елміз. Бұл дұрыс бағыт екенін, межеге жетудің дұрыс жолы екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. 

Сондықтан, соңғы жылдары мемлекеттік деңгейде жүргізілетін құжат айналымы, атап айтқанда, кеңсе құжаттары, ведомствоаралық құжат айналымы, статистикалық-есептік және қаржылық құжаттамалардың мемлекеттік тілге көшуінде ілгерілеушілік байқалады. Мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу тiлдердi дамыту мен қолдануға қатысты мемлекеттік бағдарламаның бір тармағы десек те болады. Бүгінде мемлекеттік тілдегі іс қағаздарын жүргізу орталық атқарушы органдарда 90 пайызға жақындаса, жергілікті атқарушы органдарда 93% пайыз екен. Аталмыш бағдарламаның тиімді орындалуына орай 2014-2016 жылдар аралығында барлығы 88 баспа жобасы жарық көрген. Олар оқу-әдістемелік құралдардан, әлем әдебиеті классиктерінің шығармаларынан, танымдық, ғылыми-публицистикалық, балаларға арналған кітаптардан тұрады. Қазақ тіліндегі мұндай құнды кітаптардың көбеюі үлкен жетістік. Олар тілді үйренуде көмекші құрал болмақ. Тілді үйренгісі келетіндер үшін таптырмас көмекші, тиімді құралдар болып саналатын мұндай баспаларға сұраныс та жоғары болып отыр.

Сондай-ақ, соңғы жылдары тілдер бағдарламасын жүзеге асыруға 16,7 млрд теңге бағытталған, оның 14,9 млрд теңгесі тиімді пайдаланылып, игерілген. Алдағы уақытта мұндай жұмыстар жүргізіле бермек. Қазақ тілін нағыз қажетті тілге айналдыру үшін бүгінде тілді үйренуге қатысты арнайы бағдарламалар ашылған. Басылып шығып жатқан баспа құралдарымен қатар, телеарналардағы тілді үйренуге арналған хабарлар тілді үйренушілерге тиімді көмекші құрал болып отыр. Тағы бір айта кетер жайт, елімізде соңғы жылдары қазақ тілді балабақшалар мен мектептер көбейіп келе жатыр. Тіпті, балалар үйіндегі ғана емес, мектептер мен балабақшалардағы талай өзге ұлттың балалары қазақ тілінде сайрап жүр. Қазақ тілін үйрететін тегін курстарда оқитын балалар саны артып келеді. Бұл болашағымыз қазақ тілімен тығыз байланыста екенін, Қазақстанның ертеңі қазақ тілді мамандар екенін мойындағандықтан жасалып жатқан әрекеттер екені даусыз.

Жыл басында өткен мемлекеттік тілді дамыту мен қолдануға арналған жиында мемлекет басшысы тіл үйрететін тегін курстардың санын арттырып, курсқа қатысушылардың санын еселеп көбейтуді жалғастыра беру керек екенін атап өтті. Қазіргі таңда елімізде тіліміздің егемендігі орнап, мәртебесі артып, сұраныстың да көбейе түскені байқалады. Қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдарының саны да көбейе түскен. Бұрын елімізде қазақ тілді сайттар қолмен санарлық деңгейде болса, қазір ғаламторда қазақ тілді сайттардың да, мәліметтердің де күрт артқаны байқалады.

Елбасымыз да ана тілінің ертеңіне сенгендіктен «Үштұғырлы тіл саясатын» ұстанып отыр. Осы орайда «мемлекеттік тілдің дамуына нұқсан келеді» деп, «үш тілге бірдей, қатар мән беру қажет емес» дегендер қоғамымызда болғанымен, Нұрсұлтан Әбішұлының өзі «қазақ тілінің көп тілдің бірі болмай, үш тілдің ішіндегі негізгісі, бастысы, маңыздысы» болатынын қадап айтты. Сондықтан, тіліміздің тағдыры қашан да мемлекеттің назарында екенін байқаймыз. Жалпы елімізде тілге деген құрмет жоғары. Елімізде тілдер мерекесі ретінде 22-қыркүйек күнінің белгіленуі, елімізде тұрып жатқан барша ұлт өкілдерінің өз тілдерінде сөйлеп, өз тілдерін үйренуіне барлық жағдай жасауы секілді мәселелердің алдыңғы орында тұруы осының айғағы. Еліміздегі барлық ұлттан қазақ тілін білуді талап етпей-ақ, қазақ тілін қажетті тілге айналдыра білу елімізде тілге деген құрметтің жоғары екенін аңғартады.

Қазақ тілін еркін меңгеру, оны қоғамның барлық салаларында қолдану, тілге деген құрмет отбасыдан бастау алу керек екенін байқатады. Мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың жыл санап көбеюі, елімізде жүргізілген дұрыс тіл саясатының, тілге қатысты кешенді бағдарламаның жемісі екені даусыз. Бүгінде қоғамымыздың барлық саласында қазақ тіліне деген сұраныстың артып келе жатқанын байқаймыз. Соңғы жылдары қазақ тілінде өтетін сот істерінің үлестік салмағы арта түскен. Яғни, сотқа арыз қай тілде келіп түссе, сот отырыстарында сол тілдің қолданылатынын ескерсек, мемлекеттік тілде арыз жазып, сот тілінің де қазақылануын қалайтындардың қатары артып отырғанын байқаймыз. Мемлекеттік іс қағаздарын қазақыландыруда сот отырыстарының қазақ тілінде өтуінің маңызы зор. Құқық қорғау саласының тілі қазақыланса, басқа салалардың да мемлекеттік тілге бет бұратыны айқын.

Негізі әрбір мемлекеттің дамуы жолында тілдің маңызы зор. Тіл адамдардың өзара қатынас құралы ғана емес, тіл адамның дамуына жағдай жасап, ақпарат алмасуға, тұтас ұлттың дамуына жағдай жасайды. Тілді дамытуда халыққа қойылар талап жоғары. Сондықтан, тұрғындар қазақ тілін оқытудың әдіснамасын жетілдіріп, мемлекеттік тілге сұранысты арттыруға қызмет етіп, қазақ тілін одан әрі жетілдіруге мән беруі керек.

Осы орайда тоқтала кетсек, «тіліміздің тынысын ашады» деп күтіліп отырған бағдарламаны жүзеге асыру үш кезеңге бөлінген. Атап айтсақ, жоспарға сәйкес мемлекеттік бағдарламаның алғашқы кезеңінде, яғни, 2011-2013 жылдар аралығында іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу, қазақ тілі кабинеттерін ашып, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілін үйренгісі келетін ынталы қызметкерлерге жағдай жасау көзделген. Бағдарламаның жүзеге асуын көздейтін екінші кезеңінде, яғни, 2014-2016 жылдар аралығында еліміздегі барлық мекемелер тек қазақ тілінде қызмет көрсетуге көшіп, олардың мемлекеттік тілде қызмет көрсетуін, тілді дамытуын қамтамасыз ету бекітілген. Бағдарламаның үшінші кезеңінде, 2017-2020 жылдарда мемлекетіміздің барлық саласында мемлекеттік тілді қолдануға қажеттілік тудырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға ықпал ету, мемлекеттік тілдің меңгерілу деңгейіне жүйелі түрде зерттеу жұмыстарын жүргізіп отыру бекітілген. Осы бағытта бүгінде жұмыстар атқарылу үстінде. Шын мәнінде, әрбір қазақстандық «мемлекеттік тіл менің тілім» дейтіндей дәрежеде тілге деген құрметі мен жанашырлық сезім қалыптастыра алған жағдайда тіліміздің тынысы ашылып, қолданыс аясы арта түсетіні ақиқат. Сөзімізді статистикамен нақтылай кетсек, қазіргі таңда еліміз бойынша барлығы 350-ден астам тілдерді оқыту орталығы бар. Оның ішінде 90-нан астамы мемлекеттік, яғни, республикалық және жергілікті бюджеттен қаржыландырылып құрылған орталықтар. Ал, қалғаны жеке кәсіпкерлерлердің үлесінде. 2011-2012 жылы мемлекеттік оқыту орталықтарының саны бар болғаны 60-қа жуық болса, 2013 жылы 90-ға жуықтаған. Ал, тіл бағдарламасының бел ортасына жеткен 2015 жылы мұндай орталықтардың саны тағы екі есеге көбейген. Яғни, тіл үйрететін мұндай орталықтар қазақ тілін дамытуға айрықша әсер етті дей аламыз. Олардың санының жыл сайын артуы қоғамда тіл үйрету орталықтарына сұраныс бар екенін аңғартады.

Тілге деген құрметті арттыру мақсатында елімізде түрлі форматтағы тіл сайыстары да өткізіліп келе жатыр. Қазақ тілді мамандар арасында ғана емес, өзге ұлт өкілдерінің арасында да мұндай байқаулар жиі ұйымдастырылады. Осы орайда елімізде тіл үйренемін деушілерге мүмкіндік мол екенін байқаймыз. Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қорының бастамасымен ашылған онлайн курстары мен қазақ тілді сайттар үлкенге де, кішіге де мемлекеттік тілді меңгеруде үлкен көмекші құрал бола алып отыр.

Қазақ тілінің өткеніне және бүгінгі күні дамуына қарап, тілге қатысты жүргізіліп отырған тиімді саясатына қарап, мемлекеттік тілдің болашағына сеніммен көз тастауға болатынын байқаймыз. Бүгінде Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда «барлық саламыз қазақша сайрап тұр» дейтіндей дәрежеге жеткен. Тіпті, тілді үйренгісі келетін өзге ұлт өкілдері көбеюде. Бұл тіліміздің үлкен жетістігі деп мақтанышпен айта аламыз. Бір кездері «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігін құрған, ғалым, тіл жанашыры  Асылы Осман «тіл бағдарламасы тілді дамытуда үлкен көмекші құрал болды» дейді. Сондықтан, «қазақ тілінің бүгінгі күнгі негізгі мәселесі қайсы?» деп, осы саланың мамандарына сұрақ қойып көрген едік.

Асылы ОСМАН, тіл жанашыры:

«Бүгінде қазақ тілінің мәртебесі арта түскені анық байқалады. Дегенмен, ұсақ-түйек олқылықтар әлі де болса бар. Мәселен, кейбір өнімдердің сыртында, жарнама тақтайшаларында көзге бадырайып көрініп тұратын дәрежеде қазақ тілінде қате аудармалар кездеседі. Бұл тіліміздің абыройы үшін жақсы көрсеткіш емес. Сондай-ақ, терминология саласында да мемлекеттік тілге қатысты мәселелер кездесіп жатады. Алдағы уақытта солармен күрес жүргізуіміз керек. Жалпы, қазақ тілді тұрғындардың құқығының бұзылмауы үшін жұмыстар жүргізуіміз тиіс. Көп жағдайда қазақ тілді қызметтер қолжетімсіз болғандықтан да, қоғамдық орындардағы қолданыс тілі қазақ тілі бола алмай отыр. Сондықтан, көшеде — кондуктор, мейрамханада — даяшы, тіпті, банкомат тілі де қазақ тілінде кіршіксіз қызмет көрсетіп тұрса, қазақ тілінің мәртебесі артып, қолданыс аясы кеңейе бермек».

Бүгінде еліміз цифрландыруға көңіл бөлгелі, ғаламторда да қазақ тілді аудитория саны еселеп көтеріліп келеді. Осы орайда қазақ тілді аудитория ғаламтордан керегін таба алып отыр ма?

Серікқазы КӘКІБАЛАНОВ, «Қазақ Интернеті» қоғамдық бірлестігінің Бас директоры:

«Қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту үшін, қазақ тілін ғаламторға ендіру үшін оны бірінші кезекте компьютерлік бағдарламаларға жедел енгізуіміз қажет. Қазір елімізде электронды үкімет жүйесі іске қосыла бастады. Қазақ тілін интернет жүйесінде еркін жүретін тілге айналдыру керек. Ол үшін барлық мемлекеттік мекемелердің, БАҚ-тың жəне міндетті түрде қазақша басылымдардың интернетте қазақша сайты болуы тиіс. Ол сайттарда қазақ тілді беті бірінші ашылатын етіп және ол жерде қазақ тілді ақпарат мол болуын қадағалауымыз керек. Неғұрлым қазақша сайттар көп болса, тіл өрісі кеңейе бермек. Қазақ тілді аудиторияның да бұл құқығының қорғалғанын білдіреді. Тіл кенже қалмас үшін заман ағымына сай технологияларға ілесіп отырғаны абзал. Мəселен, қазір барлық ауылдардың мектептері біртіндеп интернетке қосылып жатыр, қазақша сайттар неғұрлым көп болса, ол əрбір қазақша ақпарат алғысы келетін оқушыға кең дерек көзі болатын еді. Бұған қоса, бізде қазақ жазушыларының шығармалары жинақталатын интернет кітапханалар жоқтың қасы. Осыдан кейін қалайша қазақ тілді оқырманды жоғалтпаймыз. Тиісті орындар арнайы сайт ашып, жаңа кітаптар мен зерттеулерді оқырман қауымға таныстырып, интернет арқылы пікірталастар ұйымдастырып отыруы керек. Мұндай ұйымдар заман ағымына жедел ілесіп, қаламгерлердің жаңа шығармаларын жариялаудың озық үлгілерін пайдалана білуі керек. Сонда сын жанры да қайта тірілетін еді. Тағы бір өкінішті жағдай, ана тіліміз бен əдебиетімізді, тарихымызды, өнерімізді зерттейтін институттардың да интернет сайттары мүлдем жоқтың қасы».

Мамандар осылай дейді. Расында да, бүгінгі күні кітапхана емес, ғаламтордан мәлімет іздеген адамдардың көп екенін ескеріп, ғаламтордағы қазақ тілінде сұранысты қолжетімді еткеніміз жөн болар еді деп ойлайсың. Қазақ тілі заман сұранысына сай болуы керек. Сондай-ақ, бүгінде тек қана қазақ тілінде хабар тарататын телеарналардың ашылуы да қазақ тілінің қоғамымыздағы рөлін арттыра түсті. Сондықтан, алдағы уақытта тілді дамытуға арналған кешенді бағдарламалардың арқасында тіліміз өзінің қанатын әлі де кең жая түсетініне сенеміз.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға