Қазақстандағы туризм: мәдениетіміз бен салт-дәстүріміздің негізінде дамуға үлкен мүмкіндікке ие

31.05.2019 844

Қазақстан Еуразияның жүрегінде орналасқан жері байтақ мемлекет. Еліміздің көне ғасырдағы айшықтары заманауи айшықтармен астасып, шығыс дәстүрі батыстың нақыштарымен ұштасады. Қазақстанның көне мәдениеті мен бірегей табиғаты келушінің таңданысын тудыратыны сөзсіз. Өйткені Қазақстан – сұлу да сымбатты, көрікті мекен.

Соңғы уақытта туристік бағыт ретінде Қазақстанға деген қызығушылық бүкіл әлемде айтарлықтай өсті және тиісінше, жылдан жылға саяхатшылардың көп санын тарту үшін жергілікті туроператорлар ұсынатын туристік қызмет көрсету аясы ұлғаюда.

Қазақстанға келуші туристердің басым көпшілігі Германия, Англия, Жапония, Корея, Қытай туристері екен. Немістер мен ағылшындар Қазақстанның туристік бағыттарын зерттеп те үлгеріпті.

Бүгінгі күні Қазақстан іс жүзінде барлық туризм түрлерін ұсына алады – танымдық, ойын-сауық, этникалық, экологиялық және басқа да түрлер. Туристер үшін Қазақстанның барлық аумағы бойынша көптеген саяхат бағыттары ұсынылады. Мысалы, Түркістан облысын алайық. Оңтүстік даланың берекелі жазирасында, көшпенді және отырықшы өркениеттердің тоғысында әлемнің ежелгі қалалары болған. Осы жерде Қытайдан Таяу Шығыс және Еуропа елдеріне апаратын ежелгі керуен жолдарының жүйесі ғасырлар бойы өткен.

Жібек жолы сауда магистралы ретінде б. з. б. III ғасырда пайда болды. Бұл жол бөлігі қалаларды жоспарлау мен салу тәжірибесін қоса алғанда, тарихи, археологиялық және сәулет ескерткіштерінің бірегей кешені болып табылады. Мысалы, Отырар, Сайрам, Сығанақ, Сауран, Созақ, Түркістан сияқты қалалар сауда орталықтары ғана емес, сондай-ақ ғылыми және мәдени орталықтарына айналған.

Әмір Темірдің бұйрығы бойынша тұрғызылған «Қожа Ахмет Яссауи» кесенесі XIV ғасырдың соңы мен XV ғасырдың басындағы сәулет өнерінің бірегей жауһары болып табылады. «Айша бибі» және «Бабажы-қатын» (X-XII ғғ.) кесенелері, Тараз қаласындағы «Қарахан» және «Дауытбек» кесенелері, мешіттер және басқа да көптеген қасиетті орындар саяхатшыларға өткен ғасырлардың атмосферасын сезінуге мүмкіндік береді.

Оңтүстік Қазақстан аумағында бүкіл әлемге әйгілі Байқоңыр ғарыш айлағы орналасқан. Алдағы уақыттарда тек қазақстандықтар ғана емес, басқа мемлекеттердің тұрғындары да ғарышқа жақындауға және оның фантастикалық тынысын сезінуге мүмкіндік алатын болады. Бірақ жұлдызды аспанға ұшып кету мүмкіндігі емес, басқалардың қалай ұшатынын жақын көре алады.

Байқоңырда американдық Канавералл мүйісіндегідей заманауи қонақ үйі мен индустрия нысандары бар ойын-сауық кешенін тұрғызу жоспарланып отыр. Бұл ғарышқа ұшуды басқаруға саятын шағын орталық, планетарий, ғарышты игеру тарихы жөніндегі мұражай, дүкендер мен супермаркеттер, мейрамханалар желісі, сондай-ақ жастардың ғарыш кафелері болмақ.

Алматы қаласынан шығысқа қарай 193 шақырым жерде, Карбониферлік кезеңдегі қабаттар мен жартастар арқылы Шарын өзені ағып өтеді. Шарын шатқалы Аризонадағы (АҚШ) атақты Гранд-каньонға ұқсас, бірақ шын мәнінде оның қайталанбас өзіне тән көрінісі бар. Бұл ерекше көркем аудан саналуан бедерге ие. Шатқалдың дала беткейлері, бағаналары мен аркалары 150-300 метрге дейін жетеді. Жер беті көптеген жыралар мен шатқалдармен айғыздалған.

Шарын өзені әртүрлі ағымдардан тұрады. Өзен ылғалды аудандармен ағатын жерде оның жағалары тал мен теректің ұлпасымен жабылған. Орман және терек тоғайлары ерекше қызығушылық тудырады. Табиғатты сүйетіндер үшін «Алтын Емел» ұлттық паркі табиғи жұмақ тәрізді көрінетін болады, ол Іле өзені мен Ақ тау тізбегінің арасында 90 ш.км тең аумақта орналасқан. Мұнда сіз жартастағы суреттермен, бай жабайы табиғатпен және табиғаттың бірегей құбылысы – «әнші құм төбесімен» таныса аласыз. Бұл өзен кемелерінің үні тәрізді дыбысқа ұқсайтын үлкен құм төбелер. Олар 300 метрге тең биіктікте үш шақырымға созылады. Көрген жанға әнші құмдар керемет әсер береді. Құм көшкен кезде ызын мен дірілдің дыбысын шығарады. Яғни құрғақ құмның құрғақ ауамен бірге қозғалуы нәтижесінде пайда болған үйкеліс дірілді туғызады. Бұл дыбысты бірнеше километр қашықтықта естуге болады. Ылғалды ауа райында құм төбелер «ән салмайды».

Алматы қаласынан 160 шақырым жерде «Тамғалы» шатқалы жатыр. Мұнда мыңдаған белгісіз жартастағы суреттер табылды. Бұл шатқал нағыз ежелгі өнер туындысының орны. Шатқалдың қабырғалары жануарлардың бейнелерімен және сол уақыттың өмірлік көріністерімен көмкерілген.

Сонымен қатар өңір демалыс, емдеу, аң аулау, альпинизм, тау шаңғысы және коньки спорты үшін бірегей климаттық мүмкіндіктерге ие. Ал Батыс Қазақстанның Еуропалық және Азия континенттерінің тоғысындағы Каспий теңізі, Еділ, Орал бассейнінде орналасуы бірегей және оларға ешнәрсе тең келмейді. Мұнда планетаның екінші терең нүктесі – теңіз деңгейінен 132 м төмен жатқан Қарақия ойпаты, сондай-ақ атақты бор ағыстары орналасқан. Онда бай аң аулау алқаптары бар, сондай-ақ балық аулаушы әуесқойлар үшін барлық жағдай қарастырылған, су спорт түрлері дамыған.

Ежелгі Маңғышлақтың, Үстірттің қорық ескерткіштері және қазақ эпосымен байланысты ескерткіш орындар үлкен ғылыми қызығушылық тудырады. Бұл өңірдегі негізгі демалыс орындарының бірі – Ақтау болып табылады. Сіздің назарыңызға тек Қарақия ойпаты ғана емес, сонымен қатар жартасты төбелер, бұлақ суы бар көркем шатқалдар да түседі. Тас шеберлерінің қолынан шыққан қорымдар мен жерасты мешіттерді тамашалуға болады. Каспий теңізінің жағалауында жағажайлар жетерлік. Жартасты, құмды жағалаудың түбі тасты... Экстрим әуесқойлары үшін жартастар мен желкенді басқаруға мүмкіндік бар.

Егер сіз автомобиль, велосипед, су демалысын қалайтын болсаңыз – Солтүстік Қазақстанның барлық әсемдігін, оның ландшафты мен климаттық жағдайларын лайықты бағалайтын боласыз. «Көкшетау» ұлттық паркі көптеген курорттық аумақтарды қамтиды және көптеген жылдар бойы демалуға жақсы орын ретінде танылып келеді.

Ол жерде 20 ғасырдың басында бірінші емдеу шипажайы ашылды. 1920-1930 жылдары елде ең танымал шипайжай – Бурабай шипажайы болып саналды. 1938 жылы Нью-Йорк көрмесінде Бурабай шипажайының алғашқы суреттері көрсетілген еді.

Осы бірегей жердің дала арасында орналасқан ландшафты мен табиғаты, туристер үшін таптырмас орын. Көптеген көлдер осы жерге ерекше сұлулық береді. Бұл орынның «кішкентай Швейцария» деп аталып кетуі содан. Жыл сайын мұнда мыңдаған туристер белсенді демалу, балық аулау, экотуризм, аң аулау, тауға шығу және танымдық туризм мақсатында ағылып келеді.

Қазақстан спорттық туризм және альпинизм, тау шаңғысы спорты (Солтүстік және Батыс Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы, Кенді Алтай) үшін елеулі ресурстарға ие. Алматы қаласынан 25 км қашықтықта Іле Алатауының шатқалында 2200 метр биіктікте «Шымбұлақ» тау шаңғысы шипайжайы орналасқан. Бұл орын өзінің жұмсақ климатымен өте тартымды. Тығыз қар жамылғысы қараша айынан мамыр айына дейін сақталады, сондай-ақ тау шыңдары мен жоталарымен әдемі қоршалған көрінісі көз тартады. Қазақстанның Алматы және шығыс аймақтары альпинизм, тауға өрмелеу, тау шаңғысы спорты және шанада сырғанау үшін өте қолайлы.

Орталық Қазақстанда әлемнің ең ірі көлдерінің бірі – Балқаш көлі мен бірегей Қарқаралы тау-орман алқабы орналасқан. Өлкеде археологиялық және этнографиялық нысандар сақталған ескерткіштер көп.

Сонымен қатар Шығыс Қазақстан – бұл Алтай және оның тау бөктеріндегі орман аудандары, Ертіс өзені, Зайсан, Марқакөл, Алакөл, Сасықкөл көлдері.

Егер экстремалды және экологиялық туризм туралы айтатын болсақ, ауқымды тақырып жетерлік. Қазіргі уақытта Қазақстан туроператорлары ұлттық парктер аумағында өтетін 904 маршрутты әзірлеген: «Алтын Емел», «Іле-Алатау», Қатон-Қарағай», «Бурабай», «Қарқаралы», «Ақсу-Жабағылы» және басқалар. Қонақ үй қызметі мен жайлылықтан жалыққан экзотика мен шытырман оқиғалардың жанкүйерлері киіз үйлерде тұрып, жергілікті салт-дәстүрлерді, тұрмысты, әдет-ғұрыпты зерттей алады. Бұл нарықтағы қызметтер тізімі үнемі жаңа ұсыныстармен толықтырылып отырады. Енді тауға дәстүрлі жорықтарға және қорықтарға баруға экологиялық туризмнің тағы бір түрі – жыртқыш құстармен аң аулау қосылды. Азияда жыртқыш құстармен аң аулаудың ежелгі түрі бүгін қайтадан танымал болып келеді.

Қазақстан әлемдік саяси сахнадағы аса көрнекті әрі ықпалды мемлекетке айналып келеді, сондықтан Нұр-Сұлтан мен Алматыда барлық өңірлік және халықаралық симпозиумдар мен саммиттер жиі өткізіліп тұрады. Осының барлығы елге шетелдік бизнес-туристердің келу санын арттырады.

Қазақстан Республикасында туризм саласын 2020 жылдарға дейін дамыту тұжырымдамасында Қазақстанның қазіргі туризмінің жағдайына сараптама жасалып, 2020 жылдарға дейін оның даму жолдары қаралған. Туризм индустриясын дамытудағы жалпы негізгі қағидаттарында жоғары халықаралық бәсекелестік дәуірінде туристік сұраныс айтарлықтай серпінді өзгерістерге ұшырағанын басты назарға ала отырып, туристік кластер әзірлеу қарастырылған.

Туристік кластер – бұл туристік өнімді әзірлеумен, өндірумен, жылжытумен және сатумен, сондай-ақ туризм индустриясымен және рекреациялық қызметтермен шектес қызметпен айналысатын өзара байланысты кәсіпорындар мен ұйымдардың бір шектеулі аумағы шеңберінде шоғырлану.

Туристік кластерді құрудың мақсаты – синергетикалық әсер есебінен туристік нарықта аумақтың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, оның ішінде:

1) кластерге кіретін кәсіпорындар мен ұйымдар жұмысының тиімділігін арттыру;

2) инновацияларды ынталандыру және жаңа туристік бағыттарды дамыту. Туристік кластерді құру іс жүзінде аумақтың позициялануын айқындайды және өңірдің оң имиджін қалыптастыруға әсер етеді, бұл тұтастай алғанда жоғары интеграцияланған туристік ұсыныстар мен бәсекеге қабілетті туристік өнімдер жасайды. Қазақстанда бес туристік кластер құрылуы мүмкін: Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан.

Жалпы Қазақстанның көрнекті жерлерін танымал етіп, туристер легін үдету үшін қызмет көрсету сапасын арттырып, қолжетімді ету қажет. Өйткені кез келген саяхат өзінің мақсатын көздейді. Туристердің көңілінен шыққан саяхаттың оң пікірге ие болары айдан анық.

Қазақстандық туризм мәдениетіміз бен салт-дәстүріміздің негізінде дамуға үлкен мүмкіндікке ие.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Ұқсас материалдар