Жаңалықтар

Қазақстан – ұлттық мемлекетке айнала ма?

Қазақстан – ұлттық мемлекетке айнала ма?
05.07.2018 02:54 3129

Қазақстандағы этностар мен диаспоралар тарихын зерттеу қазіргі таңда белгілі бір деңгейде жүйеленді. Тәуелсіздік жылдары жарық көрген ғылыми, публицистикалық және көркем әдебиеттерде бұл жан-жақты көрініс тапты.  Бүгінде көзі ашық, көгірегі ояу адамның бәрі Қазақстан халқының негізін бір ғана — қазақ ұлты құрайтынын, ал басқа этнос пен диаспора өкілдерінің патшалық Ресей мен Кеңес Одағы дәуірінде түрлі жағдаймен бас сауғалап келіп, қоныстанып қалғандардың ұрпағы екенін біледі және мойындайды. Оған Қазақстан халқы ассамблеясы мүшелерінің 2017 жылы 27 сәуірде өткен «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт» атты ХХIV сессиясы дәлел бола алады.         

Онда «Біз, байырғы қазақ жерінде бір тағдыр және тарихи жады арқылы байланысқан, Ұлы Дала Елінің даңқты тарихы мен дәстүрлерін жалғастырған Қазақстан азаматтары, көптеген ұрпақтың Тәуелсіздік туралы арманын іске асырып, болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті парызымызды, бейбітшілік пен келісімнің, бірлік пен тұтастықтың маңыздылығын сезініп, қоғам мен мемлекеттің жоғары мүдделерін негізге ала отырып, Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейлі жылында осы «Мәңгілік ел — патриоттық актісін» қабылдаймыз деген еді. Қазіргі таңда бүкіл Қазақстан жұртшылығы ғана емес  күллі әлем ғалымдары елімізде 2019 жылы өтетін халық санағын ерекше қызығушылықпен күтіп отыр. Өйткені, оның қорытындысы Қазақстандағы алдағы 10 жылдағы ұлттық саясаттың бағыт-бағдарын  айқындап береді. 

Статистикалық деректерге жүгінсек, 2009 жылы өткен соңғы халық санағы кезінде Қазақстан тұрғындарының жалпы саны – 14,9 млн адамды құрады. Оның 63,1 пайызын қазақ ұлты, қалғанын өзге этностар мен диаспора өкілдері құраған болатын. Мәселен, еліміздегі ең үлкен диаспоралар - орыстар (23,7%), өзбектер (2,8%), украиндар (2,1%) болса, ең көп этностар тізімін ұйғырлар (1,4%) мен дүнгендер (0,3%) бастап тұр. Яғни, 1999-2009 жылдар аралығында қазақ ұлтының саны 26% немесе 2,1 млн адамға, ал диаспоралардан орыстар 15% ( 683 мың адамға), өзбектер 23% (87 мың адамға), украиндар  39 % (214  мың адамға), ал, ұйғырлар 6 % (13 мың адамға) ұлғайған.

Бүгінгі таңда халқының саны жағынан әлемде 64 орында тұрған Қазақстанда сарапшылардың болжамы бойынша, қазақ ұлтының саны 2050 жылдары 80-90 пайызға дейін жетуі мүмкін. Өйткені, әлемдегі бүкіл қазақтың үштен бірі әлі күнге дейін бір кездері шекара бөлінісі кезінде сыртта қалып қойған Қытай, Өзбекстан және Ресейде тұрып жатыр. Сондықтан да, өткен ғасырдың басында Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханов «... біздің қазақтай бір жерде тізе қосып, қалың отырған іргелі ел жоқ» дегенді  жайдан жай айтқан жоқ болатын. Осыған қарамастан, Қазақстан өткен ғасырдың алғашқы ширегінде Алаш қайраткерлері ұстанған жолды, саясатты Тәуелсіз Қазақстан  тарихының жаңа кезеңінде ары қарай жалғастырып,  демократиялық,  зайырлы  мемлекет құру ұстанымынан еш айнымақ емес. Бұл ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанған саясаты мен стратегиялық даму бағдарламаларында айқын көрсетілген. 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға